Ерлан Қошанов шешімін тапқан өзекті мәселелерге қатысты пікір білдірді

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов кейінгі кезде шешімін тапқан күрделі мәселелерге түсінік берді.
– Өңірлерге сапарымыз кезінде ең жиі көтерілген мәселенің бірі – зиянды өндірісте жұмыс істейтін адамдардың жағдайы еді. Бұл жылдар бойы айтылып келді. Былтыр сол түйткіл шешімін тапты. Оларға қосымша әлеуметтік төлем төлеу мәселесін заңмен бекіттік. Бұл шахтада, карьерлерде, металлургиялық цехтарда зиянды әрі қауіпті жұмыс істеп жүрген жүз мыңдаған жұмысшыны қамтыды. Депутаттар ауыл-аймақты аралағанда балалардың құықығын қорғау мәселесі жиі көтерілді. Әсіресе, балабақшаларға талаптарды күшейту керек деген өтініштер айтылды. Соған байланысты депутаттар Үкіметпен бірге тығыз жұмыс істеп, балабақшаларға лицензия беру тәртібі қайтарылды. Таяу күндері ғана біз осы мәселе бойынша тиісті заңды қабылдадық, – деді Е. Қошанов Мәжілістің жалпы отырысында.
Оның айтуынша, өңірлерде дарынды балаларды және халықаралық ғылыми жарыстардың жеңімпаздарын қолдау мәселесін де сайлаушылар үнемі көтеріп жүр.
– Бұл да шешілді. Енді жетістікке жеткен жас жеткіншектер Қазақстанның кез келген оқу орнына ҰБТ тапсырмай-ақ түсе алады. Оған қоса, 6 млн теңгеге дейін бір реттік төлем беріледі. Оларды дайындаған тәлімгерлерді, мұғалімдерді де ынталадыру қарастырылып отыр. Жұртшылықты алаңдатқан тағы бір өзекті мәселе – ауылдардағы дәрігер тапшылығы болатын. «AMANAT» партиясы бұл мәселені Сайлауалды бағдарламасына енгізгенін білесіздер. Сөйтіп, арнайы заң қабылданды.
Сол заң бойынша ауылға жұмыс істеуге баратын медицина қызметкерлері үшін 9 млн теңгеге дейін төлем белгіленді. Қазір мыңдаған дәрігер ауылға барып, осының игілігін көріп отыр. Сондай-ақ тұрғындар онкологиялық ауруларға скринингтің қолжетімділігіне байланысты мәселе көтерді. Жалпы, ауруды ерте кезеңде анықтау – үлкен проблема. Осы мәселені де заңмен реттедік. Енді онкологиялық ауруларға тегін скрининг жүргізіледі. Ол 3,5 млн азаматты қамтып, онкологиялық ауруларды ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді. Бұл – мыңдаған адамның өмірін сақтап қалу деген сөз, – деді Мәжіліс төрағасы.
Аймақтарды аралау кезінде азаматтар әлеуметтік инфрақұрылымның жеткіліксіздігіне қатысты да мәселе көтерді. Бұл – әсіресе, үлкен қалаларға тән проблема. Көпқабатты үйлер жаппай салынып жатыр. Ал мектеп, аурухана тапшылығы сол күйі шешілмей отыр. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін депутаттар Үкіметпен бірлесіп, заңға өзгеріс енгізді. Осылайша, әлеуметтік инфрақұрылымы жоқ жерлерге көпқабатты үйлерді салуға тыйым салынды.
Бұдан бөлек, Парламент есту қабілеті нашар балаларды қолдау бойынша да арнайы норма енгізді. Енді мұндай жандар есту құрылғыларымен тегін қамтамасыз етіледі. Бұл қадам мыңдаған баланы мүгедектікке жеткізбей, оңалтуға мүмкіндік берді.
– Мен тек бірнеше мәселеге ғана тоқталдым. Ендігі кезекте, Үкіметпен бірлесіп, осы жұмысты әрі қарай жалғастыруымыз керек. Тек осындай отырыстарда ғана емес, депутаттар мен Үкімет мүшелері күнделікті байланыста болуы қажет деп ойлаймын. Азаматтардың талап-тілегін орындауға ерекше көңіл бөлуге тиіс. Жұмыс шаш етектен. Мәселен, моноқалаларды дамыту жайы да назардан қалып қоймауы керек. Жергілікті маңызы бар жолдар, медициналық сақтандырылым, жұмыспен қамту, баға өсімі, кибералаяқтық, баспана қолжетімділігі, интернеттің сапасы, тағы да сол сияқты мәселелер бар. Мемлекеттік органдар оларды дереу шешу қажет, шара қолдану керек, – деді Ерлан Қошанов.