Ердоған Экрем Имамоғлұн босатуы мүмкін – Сарапшы (ВИДЕО)

Наурыздың 19 күні Түркияда Ыстанбұл қаласының мэрі Экрем Имамоғлұ ұсталды. Аталған саясаткер Ататүрік негізін қалаған Республикалық халық партиясынан алдағы президент сайлауынан оппозиция атынан жалғыз үміткер болатын. Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның басты қарсыласы ретінде танымал Экрем Имамоғлұның ұсталуының астарында не жатыр? Осы және өзге де сұрақтарды халықаралық сарапшы Жанат Момынқұловқа қойдық.
«Ердоған президент сайлауына дайындықты бастап кетті»
– Стамбул қаласының мэрі Экрем Имамоғлұ ұсталғаннан кейін Түркия халқы жаппай наразылыққа шықты. Экрем Имамоғлұ деген кім және халық ол үшін неге көшеге шықты?
– Экрем Имамоғлұ деген Түркияның жас саясаткерлерінің бірі, Ататүрік негізін қалаған Республикалық халық партиясының белді өкілі. 2019 жылы өткен сайлауда Стамбулды мэрі болып сайланды, яғни «Сен тұр, мен атайын» деп тұрған жас, жігерлі, харизмасы мен болашағы бар мықты саясаткерлердің бірі һәм бірегейі. Оның артында тек қана Республикалық халық партиясы ғана емес, сонымен қатар өзін демократ әрі либерал санайтын әртүрлі саяси-қоғамдық, діни топтардың өкілдері Экрем Имамоғлұны қолдап тұр. Ол жөнінде түріктің сарапшылары «Дәл қазір оны неге ұстады?» деп әртүрлі пікір айтып жатыр. Яғни, дипломын сылтау қылып, 90 жылдары алған дипломында заңсыздықтар болған деген айыптаулар тағылды. Негізі Ердоғанның өзінің диплом мәселесі бар. Бір кезде «Президенттің дипломы бар ма, жоқ па?» деген пікірталас болған.
Ал қазір Экрем Имамоғлұның мәселесі өзекті болып отыр? Менің ойымша, Ердоған алдағы сәуір айында АҚШ президенті Дональд Трамппен кездеседі. Одан кейін Таяу Шығыста болсын, жалпы жер жаһанда әлемдік тәртіп өзгеріп жатыр. Менің ойымша, осы қысым арқылы Ердоған 2028 жылғы президент сайлауына дайындықты бастап кетті. Өйткені 2023 жылы президент, 2024 жылы жалпы және жергілікті сайлаулар өтті. Ол сайлауда билік партиясы көп позицияларынан айырылып қалып, әлсірегенінің бір көірінісі болды. Түркиядағы экономикалық жағдайдың қиындауы, инфляция, кедейліктің өсіп, жұмыссыздықтың артуы жастардың наразылығын тудырды.
Өкінішке қарай Түркияның экономикалық жағдайы бұрынғыдай емес. Ресми түрде экономика 3 пайызға өсті делінгенімен, көптеген рейтингтер бойынша кері кетті. Демократиялық индексі, сөз бостандығы мен журналистерді ұстау бойынша кемшіліктер бар. Түркия әскери жағынан мықты болғанымен бірақ азаматтық даму мен демократиялық жағдайда біраз кері кеткені анық. Сондай-ақ Трамптың билікке келуімен әлемде авторитаризмдер күшіне енді. Түркия әлемдік саясаттағы демократияны халықтың жігері мен шешімдерімен ұстап тұрған еді. Егер Түркияда демократия кері кететін болса, бұл әлемдік саяси сахнада үлкен оқиғаның көрсеткіші болмақ. Оның түркі әлемі ретінде бізге немесе Еуропаға әсері болуы мүмкін.
Экрем Имамоғлұ өзінің артынан көптеген халықты ерте алатын тұлға. Оған 2019 жылғы Ыстамбул мэріне түскен сайлау толық дәлел бола алады. Яғни, билік аталған саясаткерден қорқып қалды. Экрем Имамоғлұның харизмасы мен халықты артынан ерте алатын шешендігі мен оның жасы Түркия жастарын көшеге алып шықты. Менің ойымша, Ердоған билігі жастарды көп елемей, олардың наразылық деңгейін өлшей алған жоқ. Дәл осы деңгейде наразылық көрсетеді деп ойлаған жоқ.
Бірақ биліктің де өз есебі бар секілді. Экрем Имамоғлұн дәл наурыздың қарсаңында неге ұстап отыр? Саясаткерге тағылған айып тек диплом ғана емес, сонымен қатар жемқорлық пен Күрт жұмысшылар партиясымен байланысы бар деген айып болып отыр. Қысқаша айтқанда бұл саяси жағынан негізделген айыптаулар. Яғни, саяси бағыты мен сипаты басым. Өйткені кешеге дейін ұстамай келіп, дәл осы наурыздың қарсаңында тұтқындауы бекер емес. Наурыз 23-ші күні Ататүрік құрып кеткен Республикалық халық партиясының съезі өтуі керек болатын. Менің ойымша, Экрем Имамоғлұн тоқтатып, өздеріне ыңғайлы кандидатты ұсынбақ. Өйткені Стамбулды ұстап тұру деген сөз билікке деген сын-қатер, екіншіден ықпал-тетігі болып саналады.
«Ердоғанды мұсылман патша ретінде көреді»
– Қазақ қоғамында Ердоғанды қолдайтын, құрметтейтін топ бар. Еліміздің кейбір азаматтарының Ердоғанды қолдауының астарында не жатыр?
– Бізде күшті лидерге сұраныс бар ма деп ойлаймын. Өйткені біз маңайымыздағы кейбір елдермен салыстырғанда әлсізбіз, бір жағынан пантуркизм де дамып жатыр. Көп жағдайда Түркияның идеологиясы ақпараттық кеңістікте сериалдар арқылы да дамып жатыр.
Екіншіден, қауіпсіздік жағынан әскери келісім-шарттар бойынша Түркияға мойынсынып, ресми органдарымыз аталған елмен жұмыс істеп жатыр. Сондықтан да біздің еліміз үшін Түркия қауіпсіздік бойынша маңызды мемлекет. Болашақта соғыс бола қалған жағдайда бізді кім қорғайды, кіммен бірге бола аламыз деген қорқынышымыз бар.
Ал енді Ердоғанның авторитаризмге бет бұрғанына көп адам көз жұмып қарайды. Бізде Ердоғанға байланысты көзқарасы әртүрлі бірнеше топ бар. Біріншісі саясатты түсінбейтін дінге жақын азаматтар Ердоғанды мұсылман патша ретінде көреді. Ал ұлтшылдарымыз «Нағыз пантуркис, Тұранның иесі» деген секілді көреді. Сондықтан да біз әсірелікке салынып кетпеуіміз керек.
Иә, Ердоған Түркияны белгілі нүктеге алып келді, бірақ негізі Түркия одан әрі даму керек. Түркия жасанды интеллекті заманында авторитарлы мемлекет емес, демократиясын сақтап қалған ел ретінде болса деген үміт бар.
Түркиядағы бұл жағдай өте үлкен тарихи оқиға. Бұл мәселе Түркияда алдағы кезеңде демократия бола ма, болмай ма дегенді шешеді. Түркия Орталық Азиядағыдай формальді түрде демократиясы бар мемлекетке айнала ма деген қауіп бар. Мысалы сайлау өте ме, өтеді, кандидат бар ма, бар деген сияқты емес, халық өзі сайлауға араласып шешетін мемлекет болып қала ма? Әр бір ұлт үшін, әрбір мемлекет үшін жаңарып, бойына қан жүгіру үшін сайлау мемлекетті алға қарай дамытатын қажетті процесс.
Біз осы кезеңде анықтау алуымыз керек сияқты. Біз Ердоғанизм секілді төбемізге авторитарлы күшті лидерді отырғызып қоятын ел болғымыз келе ме, жоқ әлде біз расында демократиялы, парламенттің күші бар мемлекетке келе жатырмыз ба? Бұл біз үшін өте маңызды. Осы тұрғыдан келген кезде біз авторитаризмге қатты кетіп қалмай, тұлғаға табынып, тұлғадан культ жасамауымыз керек. Біз бұдан аулақ болуымыз керек. Құрметтейтін кезде құрметтеп, мойындайтын кезде мойындауымыз керек. Бірақ қарсы пікір айтып, сынайтын жерінде ашық айтып, сынап, сараптау керек деп ойлаймын.
«Экрем Имамоғлұ Навальный сияқты аңызға айналады»
– Алдаңы саяси оқиғаларға болжам жасап көрейікші. Экрем Имамоғлұн соттай ма, жоқ әлде «Қателестік» деп бостандыққа шығаруға мәжбүр бола ма? 2028 жылғы президент сайлауына Ердоғанның өзі түсе ме, жоқ әлде Сыртқы істер министрі Хакан Фиданды ұсына ма?
– Егер ерте сайлау болған жағдайда Ердоғанның билігін созу бойынша әрекеттер болуы мүмкін деп ойлаймын. Бірақ бұл қоғамның қысымына байланысты. Қоғам қатты қысатын болса, Экрем Имамоғлұн босатуы мүмкін. Бірақ дәл қазіргі анализ көрсеткендей, оны ұстайтын сияқты. Өйткені ол біріншіден, саяси бәсекелес, оның көзін құрту немесе бейтараптандыру керек. Сондай-ақ ол саяси символ ретінде құрбанға айналды. Сіз бір саяси тұлғаны құрбанға айналдырып, түрмеге жауып, көзін құртқан сайын ол Навальный сияқты үлкен мифке, аңызға айналады. Билік сол себепті бұл мәселеде сақ болады деп ойлаймын.
Сонымен қатар Түркияның қазіргі Сыртқы істер министрі Хакан Фиданның да мүмкіндігі жоғары. Біз Түркияның Украина мен Еуропадағы және Таяу Шығыстағы жағдайын сараптасақ, аталған мемлекет Таяу Шығысқа тым қатты жақындап кетті. Түркияның Еуропа Одағына қосылу мүмкіндігі аз. Ал Американың Түркияны қарайтын арнайы департаменті аталған мемлекетті жуырда Еуропа департаментінен Таяу Шығыс департаментіне ауыстырды. Бұл бекер емес. Демек Америка Түркияны Таяу Шығыстың құрамдас бір бөлігі ретінде қарастырады.
Менің ойымша, алдағы кезеңде Түркияның демократияны ұстап, сайлауды әділ өткізететін ел ретінде теңгерімді орны, рөлі маңызды. Түкрияның демократиялы мемлекет болуы Орталық Азия, Кафказ елдері және жалпы мұсылман мемлекеттері үшін өте маңызды. Менің негізгі түйінім әкімшілік жүйе өзінің күшіне еніп тұр, өзінің потенциалын соңына дейін пайдаланады деп есептеймін және Ердоған жақын арада кетеді дегенге сене алмаймын.
– Әңгімеңізге рахмет.