Астанада қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару үдерісі цифрлық шешімдер арқылы тиімдірек бола түсті

Елордада қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару мен басқару жүйесіне цифрлық шешімдер енгізілді. Бұл шаралар тұрғындардың шағымын едәуір азайтуға мүмкіндік берді, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.
Қалалық қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының мәліметінше, өткен жылдың ортасынан бастап қалдықтарды шығару тәртібі қайта қаралған. Арнайы «Waste Management» ақпараттық жүйесі арқылы қаланың барлық контейнерлік алаңы бейнеленген цифрлық карта жасалды. Сонымен қатар, әрбір қоқыс таситын көлікке орнатылған GPS-навигаторлар техниканың қозғалысын нақты уақыт режимінде бақылауға және жиналған қоқыс көлемін есептеуге мүмкіндік береді. Қалдықтарды шығару әрбір контейнерлік алаң бойынша жеке бақыланады.
«Жүйе қызмет көрсету сапасына бақылау орнатып, қалдықтарды тиімді басқару үшін аналитикалық деректерді қалыптастырады. Осылайша, компаниялардың орындалмаған жұмыстарды жасыру мүмкіндігі жоқ. Бұған дейін мердігерлер мен қоқыс шығаратын компаниялар мәліметті қағаз түрінде ұсынатын. Бүгінде барлық үдеріс цифрлық форматта көрініс табады: қоқыс қашан, қай бағытта және қанша көлемде шығарылғанын нақты айта аламыз. Жұмыстың 85 пайызы орындалды, енді қоқыс полигонына цифрлық шешімдерді енгізу – яғни өлшеуіш құралдарын қосу ғана қалды. Бұл жұмыс та жақын арада аяқталады», – деді басқарма басшысы Дәулет Досқұлов.
Оның айтуынша, процестің цифрландырылуы көпқабатты үйлердің тұрғындарынан келіп түсетін шағымдардың санын азайтып қана қоймай, тұтынушылардың үлесін 67%-дан 75%-ға дейін арттыруға мүмкіндік берген. Бұдан бөлек, коммуналдық қалдықтардың нақты көлемі бойынша объективті аналитика жүргізіліп, қаланың инфрақұрылымын жоспарлау тиімділігі де артқан.
«Айта кету керек, бұл цифрлық жүйелер толықтай қоқыс шығаратын компаниялардың есебінен жүзеге асырылуда. Қоқысты уақытында шығару мәселесі де шешімін тапты, өйткені бұрын қалада тек бір ғана компания қызмет көрсетсе, бүгінде қосымша үш компания тартылды. Абаттандыру ережелеріне сәйкес, контейнерлік алаңдардан қоқыс тәулігіне кемінде бір рет шығарылуы тиіс. Осы мақсатта күн сайын бір ауысымда 60-тан астам техника жолға шығады», – деп толықтырды спикер.
Қалалық мәслихатпен бірлесіп құрылыс қалдықтарына қатысты ережелер де бекітілді. Олардың шығарылуы мен көмілуін бақылайтын цифрлық платформа дайындалған. Мұндай шешімдер медициналық және қауіпті қалдықтарға да енгізілмек.