Жуалыда этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатыр

Елдегі этносаралық татулық пен бірліктің, ұлтаралық келісім мен түсіністіктің нығаюы – Тәуелсіздіктің басты жетістіктерінің бірі. Бұл бағытта жүзеге асып жатқан жұмыстардың нақты көрінісі ретінде Жамбыл облысының Жуалы ауданындағы этносаралық ахуалына шолу жасап көрген едік.

Жуалы – бірлігі жарасқан аудан. Мұнда көп жылдар бойы әртүрлі этностар тату-тәтті өмір сүріп келеді. Халық саны 2023 жылғы мәлімет бойынша 54 мыңнан асады. Тұрғындардың басым көпшілігі – қазақтар. Сонымен қатар, ауданда орыс, өзбек, түрік, әзербайжан және басқа да этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Бұл – ел бірлігінің, этносаралық келісімнің нақты үлгісі.

Қазіргі таңда аудандағы этносаралық қатынастар тұрақты сипат алып, қоғамдық келісім мен бейбіт өмірдің үлгісіне айналып отыр. Бұл жағдай аудан басшылығының, Қазақстан халқы Ассамблеясының аудандық құрылымдарының және жергілікті қауымдастықтардың бірлесіп атқарған жүйелі жұмысының нәтижесі деуге толық негіз бар.

Тұрақтылық пен татулық мекені

Жуалы ауданы әкімдігінің ресми деректеріне сәйкес, бүгінде ауданда 14 ауылдық округ, 49 елді мекен бар. Халық саны – 54 188 адам. Оның ішінде 49 554 адам – қазақтар, бұл жалпы халықтың 91,44%-ын құрайды. Этнос өкілдерінің саны – 4934, яғни 8,56%.

Аталған этностардың көпшілігі ауданның түрлі ауылдық округтерінде тығыз орналасқан. Мәселен, Бауыржан Момышұлы ауылында шешен ұлтының 297 өкілі тұрса, Мыңбұлақ ауылдық округіне қарасты Көлбастау ауылында әзірбайжандардың 156 өкілі, Шақпақ ауылдық округіндегі Шақпақата ауылында 362 әзірбайжан тұрады. Бұл этностар негізінен мал шаруашылығымен айналысады.

Этномәдени орталықтардың қызметі

«Жуалы ауданында бүгінде 4 этномәдени бірлестік) жұмыс істейді.  Людмила Турбина жетекшілік ететін Славян этномәдени бірлестігінің 2 993, Эсмира Мамедова жетекшілік ететін Әзірбайжан этномәдени бірлестігінде 703, Лечи Оздамиров жетекшілік ететін Шешен этномәдени бірлестігінде 539 және Зубайда Мажитова жетекшілік ететін Өзбек этномәдени бірлестігінде 248 мүше бар.

Бұл орталықтар этностардың мәдениетін, салт-дәстүрін насихаттау, бірлік пен татулықты нығайту бағытында белсенді қызмет атқарып келеді. Сонымен қатар, аудандық мерекелік шараларға тұрақты түрде қатысып, қоғамдық іс-шараларда белсенділік танытып келеді», – деп атап өтті Жуалы ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысының міндетін атқарушы Айгүл Жархымбаева.

Аудандағы тұрақтылықты сақтау мақсатында 18 мүшеден құралған Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Ақсақалдар кеңесі жұмыс істейді. Бұл кеңес этносаралық татулықты сақтауға, тұрмыстық деңгейдегі жанжалдардың алдын алуға және қоғамда бірлік пен келісімді нығайтуға бағытталған маңызды миссияны атқарады.

Бір шаңырақ астындағы достық

Этносаралық келісімді қамтамасыз ету мақсатында мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп келеді. Атап айтқанда, 2024-2025 жылдары мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде «Ауылда үкіметтік емес ұйымдар мен этномәдени бірлестіктердің қызметін дамытуға бағытталған іс-шаралар кешенін ұйымдастыру» жобасы жүзеге асырылды.

Жоба аясында 9 іс-шара өткізіліп, 3 баннер орнатылды, 4 тақырыптық бейнеролик түсіріліп, «Өнерім саған, Қазақстан!» атты фестиваль ұйымдастырылды. Бұл шаралар этностар арасындағы достықты нығайтып, бірлік пен бейбітшілік құндылықтарын жастарға насихаттауға бағытталды.

Қазақстан Республикасы – көпэтностық ел ретінде этносаралық қатынастарды реттеуде ерекше құқықтық базаға ие. Қазақстан Конституциясының 14-бабында «Қазақстан Республикасында ұлт, ұлыс, дін, тіл, әлеуметтік және басқа да белгілерге қарамастан, барлық адамдар тең құқықты және бостандыққа ие» деп нақтыланған. Бұл бап этносаралық келісімнің заңдық негізін құрайды.

Сонымен қатар Қазақстанның «Ұлттық бірегейлік туралы» 2009 жылғы Заңы мен «Этносаралық қатынастарды дамыту және этникалық құндылықтарды сақтау туралы» 2015 жылғы мемлекеттік бағдарламасы елдегі көпұлтты қоғамның тұрақты дамуын қамтамасыз етеді. Осы бағдарламалар аясында жергілікті жерлерде этносаралық келісімді нығайтуға бағытталған жобалар іске асырылады.

Қазіргі кезеңде Жуалы ауданындағы этносаралық байланыстар өзара әрекеттестік пен интеграцияға негізделген. Түрлі этнос өкілдері бір-бірімен отбасылық, кәсіби және әлеуметтік қарым-қатынас арқылы тығыз байланыс орнатқан.

Жуалы ауданында да мемлекеттік саясат ұлттар арасындағы достық пен келісімді сақтау мақсатында нақты іс-шаралар жүргізіледі. Мысалы, аудан әкімдігі жыл сайын ұлтаралық диалогты дамытуға бағытталған мәдени, спорттық және білім беру шараларын ұйымдастырады. Бұл шаралардың негізгі мақсаты – әр ұлт өкілдерінің мәдениетін таныту арқылы бір-бірін түсінуді жақсарту және қақтығыстардың алдын алу.

Цифрлық кеңістікте кейде арандатушылық сипаттағы пікірлер де кездесіп жатады. Сондықтан жергілікті билік пен қоғамдық ұйымдар бұл мәселеге жауапкершілікпен қарап, ақпараттық қауіпсіздік бағытында түсіндіру жұмыстарын күшейткен.

Әлеуметтік салада түрлі этнос өкілдері бір-бірінің салт-дәстүрін сыйлап, ортақ мүдделер жолында біріге жұмыс істеуде. Мысалы, жыл сайын өткізілетін «Достық апталығы» фестивалі шеңберінде этномәдени орталықтар көрмелер, концерттер мен спорттық іс-шаралар ұйымдастырады.

Қазақстандағы этносаралық қатынастарды зерттеушілердің бірі, әлеуметтік антрополог Қайрат Жұмаділовтың пікірінше, «ұлтаралық келісім – бұл тек заңдар мен нормалар ғана емес, сонымен бірге адамдар арасындағы сенім мен құрметтің, ортақ құндылықтардың ұйытқысы» болып саналады. Сондықтан жергілікті деңгейде этносаралық ахуалды тұрақты ету үшін қоғам белсенділерінің, билік пен этномәдени бірлестіктердің тығыз ынтымақтастығы қажет.

Қоғамдық өмірдегі белсенділік

Еліміздегі этносаралық және конфессияаралық ынтымақтастық, келісім мен саяси тұрақтылықтың дамуына өз үлесін қосып отырған Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына биыл 30 жыл толып отыр.

Ассамблея қызметінің арқасында Қазақстанда этностық немесе діни ерекшелігіне қарамастан әрбір азаматтың Конституциямен кепілдік берілген азаматтық құқықтары мен еркіндігі толығымен қолданылатын этносаралық және конфессияаралық келісімнің айрықша үлгісі қалыптасты. Қазақстанның көпэтностық бай кеңістігінде сенім, келісім мен өзара түсіністік үлгісі орнады.

Ассамблея қызметі этносаралық қатынастар мәселелерін тиімді шешіп келе жатқан ел ретінде Қазақстан Республикасының халықаралық беделінің өсуіне ықпал етуде. Бүгінде этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісім үлгісі әлем назарын аударып отыр.

Жуалы ауданында этнос өкілдері қоғамдық-саяси өмірге белсенді түрде араласады. Мәселен, әзірбайжан ұлтының өкілі Қалдыбай Байрамов – аудандық мәслихат депутаты. Сонымен қатар Валентина Письмак (неміс), Эсмира Мамедова (әзірбайжан), Шакиржан Мамаджанов (өзбек) – ауданның Құрметті азаматтары атанған.

Неміс ұлтының өкілі Кох Георг пен әзірбайжан ұлтының өкілі Аллахвердиев Тейгран – Жамбыл облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының «Меценат-2020» форумында облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталған меценаттар.

Ассамблея – мәдени өмірде белсенді

2025 жылы қаңтар-мамыр аралығында этносаралық қатынасты нығайту, қоғамдық келісімді қамтамасыз ету бағытында ауданда 31 іс-шара өткізіліп, 1506 адам қамтылды. Аудандық «Жаңа өмір» газетінде 27 мақала жарияланып, әлеуметтік желілерде 12 бейнеролик таратылды.

29 қаңтар күні №16 Жуалы кәсіптік колледжінде «Бірлігі жарасқан Қазақстан» атты кездесуге 100 этнос өкілі қатысты.

1 наурыз – Алғыс айту күніне орай «Бірлік пен келісімнің 30 жылы» атты мерекелік шара өтті.

21 наурыз – Ынтымақ күніне арналған «Бірлігіміз әралуандықта» жобасы аясында көрмелер мен ұлттық тағамдар ұсынылды.

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай «Бір шаңырақ астында бірлігіміз жарасқан» фестивалі ұйымдастырылды.

Жастармен жүйелі жұмыс – жарқын болашақ кепілі

Этносаралық келісімнің болашағы – жастар. Ауданда бұл бағытта да ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жастар арасындағы патриотизм мен толеранттылықты дамыту, ұлтаралық келісімді нығайту мақсатында 2025 жылдың алғашқы бес айында 1010 жас қатысқан 35 іс-шара өткізілді.

Сонымен қатар ақсақалдар, аналар және билер кеңестерімен бірлескен кездесулер, пікір алмасулар өтті. Жастарға этностар арасындағы бейбіт өмір сүру құндылығы түсіндіріліп, өзге ұлттарға деген құрмет пен сыйластық сезімі тәрбиеленді.

Этносаралық қатынастарды болашақта да тұрақты сақтау үшін жастардың рөлі ерекше. Жуалы ауданында жастар ұйымдары мен мектеп, колледж деңгейінде этносаралық келісімді насихаттайтын тәрбие жұмыстары жүргізіледі. Аудандық жастар ресурстық орталығы осы бағытта белсенді.

Мектептерде «Қазақстан тарихы» және «Өлкетану» пәндері арқылы оқушыларға елдің көпұлтты құрылымы мен тарихы туралы кеңінен білім беріледі. Сонымен қатар «Достық сабағы» жобасы аясында әр ұлттың тілі, мәдениеті мен ұлттық тағамдары таныстырылады. Бұл мектеп жасынан бастап өзге ұлт өкілдеріне деген қызығушылық пен құрметті қалыптастырады.

Елдің бірлігі мен ынтымағын сақтау, түсіністік пен тұрақтылық – әрбір азамат атсалысып, әркімнің үлес қосуын талап ететін қастерлі құндылық.

Бірлік – ынтымағы мен берекесін бірге ұстаған еліміздегі ең биік ұғым әрі ғасырлар бойғы дана халқымыздың бойына сіңген асыл қасиеті.

Біздің жетістігіміз – бейбітшілік пен келісім.