Мәзір
Денсаулық

Ақмола облысы саябақтарды балаларға қауіпті препаратпен өңдемек – БАҚ

Ақмола облысы саябақтарды балаларға қауіпті препаратпен өңдемек – БАҚ
Фото: pexels.com

Ақмола облысында саябақтар, скверлер мен су айдындарын өңдеу үшін құрамында хлорпирифос бар препаратты қайта қолдану жоспарланып отыр. Бұл зат АҚШ пен Еуропалық одақта балалардың жүйке жүйесіне кері әсер ететіндіктен тыйым салынған. Бұл жайында «Фонд-бюро расследования коррупции» телеграм-арнасы жариялады, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі.

Арна жазуынша, Ақмола облысы әкімдігі өңірдегі дезинсекциялық жұмыстарды биыл мамыр-қазан аралығында жүргізгелі отыр. Болжамды басталу күні – 10 мамыр. Өңдеу жұмыстары ай сайын жүргізіледі, ал ауа райы қатты ыстық болған жағдайда жиілігі артады.

Өңдеу жұмыстарында мынадай заттар негізіндегі препараттарды қолдану жоспарланған:

  • хлорпирифос;
  • циперметрин;
  • дифлубензурон.

Өңделетін аумақтарға ашық қоғамдық орындар кіреді:

  • саябақтар;
  • скверлер;
  • аллеялар;
  • стадиондар;
  • су айдындары.

Айта кетейік, хлорпирифос – қауіптіліктің II класына жататын органофосфорлы инсектицид. Ол жүйке жүйесіне әсер етеді. 2021 жылы АҚШ-тың Қоршаған ортаны қорғау агенттігі бұл затты балалардағы неврологиялық зақымдануларға қатысы барына байланысты қолдануға тыйым салған. Еуропалық одақ елдері де сөйткен.

Ал 2014 жылы америкалық зерттеушілер жүргізген зерттеу нәтижесінде хлорпирифос қолданылған алқаптардан 1,5 шақырым радиуста тұратын жүкті әйелдердің балаларында аутизм спектрінің бұзылыстарының пайда болу ықтималдығы 60%-ға жоғары болғаны анықталған.