«Қазақ болмысын ұлт ретінде сипаттайтын негізгі категория – мәдениет»

Уақыт өткен сайын әр халықтың болмысы өзгеріп отырады. Сол секілді қазақ халқының да болмысы әр кезеңде әр түрлі болды. Қазақтың болмысы Совет үкіметі мен қазіргі Тәуелсіз Қазақ елінде өзгерді ме? 

«Әлемде 6-7 мыңға жуық ұлт бар»

Философия ғылымдарының докторы Досай Кенжетай әр ұлттың болмысы оның мәдениетіне байланысты екенін айтады.

«Жалпы болмыс деген категория философияда экзистенциялизм, экзистенция ретінде қарастырылады. Бірақ кейіннен конъюктивизм кезінде бұл «экзистенция», «болмыс» деген ұғымдарды майдалатып жіберді. Керек десең ағаштың да болмысы, талдың да болмысы сияқты тіркестер қолданылып кетті. Қазақ болмысы деген кезде ұлт туралы айтамыз. Себебі, ұлт дегеніміз – құбылыс. Қазір әлемде 6-7 мыңға жуық ұлт  бар. Кезінде мынау жағрафия бітіп, империялардың бәрі ыдырап орнына мемлекеттер пайда бола бастады. Сол кезде ұлт деген мәселені алға шығарды.

Мысалы біздің географиямыз Түркістанның айналасында Өзбекстан, Қырғызстан, Қазақстан, Қарақалпақстан сияқты барлығы ұлтқа негізделген мемлекеттердің тұғыры пайда бола бастады. Оны Совет өкіметі қолдан шығарды. Ұлттық болмыс деген конъюктивизм негізінде сахнаға шықты. Ғылым, білім секілді культорологиялық мәселелер сол кезде қалыптасты. Яғни, біз қазақ болмысы деген кезде ұлттық болмыс туралы айтқан жөн. Ұлттық болмысты кешегі культорологиялық концепциялармен түсіндіре алмаймыз. Себебі, оларды әбден бөлшектеп тастаған. Ұлтты жеке, тілді жеке, дінді жеке қарастырып, оларды жеке-жеке институт ретінде қабылдатып қойған.

Кезінде белгілі жазушы Дулат Исабеков деген ағамыз мәдениет институтын басқарған болатын. Сонда ол «Менің дінім не болса, о болсын, мәдениетім аман болса болды» деп айтты. Сосын мен «Сіздің мәдениет деген категорияңыз дінсіз өмір сүре алмайды ғой. Егер дінің не болса, о болсын деп дінің жойылатын болса, мәдениетің де жойылады» деп айттым. Шыны керек бұл сөзді көп адам түсіне алмайды. Өйткені олардың теориясы баяғы конъюктивизм кезіндегі теориялар», – дейді ол.

«Мәдениет деген  ұғымнан да ажырап қалдық»

Философия ғылымдарының докторы қазір барлығы қайта орнына келіп жатқанын айтады. Яғни ол баяғы қырғи-қабақ соғыс дәуірі өткенін ескертті.

«Диалектикалық тұрғыдан батыс, шығыс дегеннің  барлығы қазір орнына келіп жатыр. Сол себепті біз енді өзіміздің ұлттық болмысымыз яғни қазақ болмысы қандай деген сұраққа таза табиғат тұрғысынан қараймыз. Менің бұл тұрғыда анықтайтын сипаттамаларым бар. Мысалы, уақыты, кеңістігі, туған жылы, туған жері дегеннің барлығы анықтаушылық сипаттар. Тура сол сияқты ұлттық болмысты анықтайтын сипаттар бар. Қазақ болмысын ұлт ретінде сипаттайтын негізгі категория – мәдениет. Мәдениет деп айтқан кезде қазір көп халық түсінбейді. Біз физкультураны да мәдениет, ас ішуді де мәдениет етіп жібергенбіз. Қазір мәдениет десең басқаша түсінеді. Мысалы культура дегеніміз тек қана ұлтқа тән нәрсе. Тек қана ұлтқа арналған нәрсені біз кез-келген құбылысқа арнап жібердік те, мәдениет деген ұғымнан да ажырап қалдық», – дейді ол.

«Қазақтың мәдениеті ағылшын, неміс, қытай мәдениетінен кем емес»

Досай Кенжетай мәдениеттің 18 қабаты бар екенін айтады. Философия ғылымдарының докторы оның ең алғашқы қабаты тіл екенін ескертті.

«Қазір әлемде 6000-ға жуық тіл бар десек, 6000-ға жуық ұлттық негіздегі мәдениет қабаттары бар деген сөз. Біздің қазақтың мәдениеті ағылшын, неміс, қытай мәдениетінен ешқандай кем емес. Ұлттық болмыс, қазақтың болмысы деген ол мәдениет. Мәдениеттің 18 қабаты бар, оның ең бірінші қабаты – тіл. Тіл деген өте маңызды қабат. Енді 18 қабаттың барлығын бір-бірімен байланыстырып тұрғанның негізгі желісі – тіл. Қазақ мәдениетінің 18 қабатыныңы рухани желісі – тіл.

Қазақты өзінің болмысынан ажыратып, өзіне сенімсіз болуы үшін Совет өкіметі кезінде психикалық тұрғыдан өте жақсы жұмыс істеген. Тек психологиялық жағынан емес, эпистемологиялық және танымдық жағынан жаңылдыруды көздеген. Мәселен «Қазақтарда мемлекет болған жоқ. Қазақтарда шекара болған жоқ. Көшіп-қонып жүрді. Көшіп жүрген соң шекарада болмайды. Оларда құқық деген мәселе жоқ. Әдет-ғұрыппен өмір сүрді. Әдет-ғұрып, салты не айтса, соны ұстанған. Оларда құқық мүлде жоқ Құқықтың шығу тегі батыстан келген» деп бізге түсіндірді.

Біз оған «Шынымен сондай шығар» деп көндік. Сонда біздің халықты сауатсыз деп есептеді. Осындай тәрбиені көріп, жабық қоғамның ішінде өмір сүрген біз 30 жылдың ішінде өзімізді өзіміз танымай кеттік. Тәуелсіздік алғаннан кейін бұл бағытта ілкімді іс жасап, қатырған жоқпыз. Себебі, кез-келген мәселе құбылысқа ғылыми таныммен келу керек еді. Бізде ол жоқ. Бізде не мемлекет, не қоғамдық институттар тарапынан жүйелі жұмыс жоқ. Жүйесіздік болған жерде хаос болады. Хаос болған жерде ешқандай ғылымның да, әлеуметтік, қоғамдық ғылымның арасында байланыс болмай қалады. Содан кейін ғалымдардың арасында байланыс болмай қалады. Ортақтық болмайды. Қарасаң өмір өтіп бара жатыр. Ғалымдар әркім өзінің ауласын сыпырып жатқан сияқты көрінеді. Бірақ ұлттық болмыс, қазақ болмысына деген ортақ бір институт, ұстаным әлі күнге дейін қалыптасқанын көрген емеспін. Мүмкін мен білмейтін шығармын», – дейді ол.