Өз қызымды асырап алған ұлыма үйлендірдім – Өмірхан Жетесов
Елде әділдік пен ынтымақ болу үшін әр отбасында береке-бірлік болу керек. Ал бұл үшін балалардың бақытты болып, өнегелі тәрибе алуы өте маңызды. Әділдік пен ынтымақ туралы айтқан кезде 25 баланы бауырына басқан ақтөбелік Өмірхан Жетесовтер отбасын естен шығаруға болмайды. Аталған отбасы бір емес, ондаған баланы не үшін асырып алды?
«Бастапқыда қорқыныш болды»
Бала асырап алып, оған шынайы қамқор болу үшін адамға мейрімді жүрек керек. Шыны керек, мұндай қасиет екінің бірінде жоқ. Өмірхан мен оның жұбайы қай кезден бастап бала асырап алуды қолға алды?
«Адам өмірде «Мен қандай жақсылық жасадым?» деп өзіне сұрақ қояды екен. Алла тілегеніңді берген сайын, көп емес байлықтың шетін көрсетсе ойланады екенсің. Мен өзім жетім өстім. Ішерге асым болмай, әркімнің босағасында жүріп өстім. Сол кезде Аллам, кішкене лашығым болса, жетімдерге көмектессем деп ойладым. Маған ешкім көмектескен жоқ. Алты жасымда жетім қалған жігітпін. Марқұм анам 37 жасында дүниеден өтті. 6 жасымнан малдың соңынан жүріп, өлең-жыр жаттадым. Малдың артынан жүріп жаттаған жырларым халықтың алдына шығарды. Сосын мен ер жеткен соң, асаба, жыршы болдым. Сол жырларды мен жүрегіммен жаттадым. Сол жырларым талай Ақтөбенің намысын қорғап, республикалық байқауларда топ жардым. Еш жерде оқымадым. 10 жылдық білімім бар. Өнер саласында оқымадым. Өнерді оқымасам да, консерватория бітіргендермен иық тіресе алатындай дәрежеге жеткенім үшін Аллаға мың тәубе қыламын. Ол менің еленген еңбегім. Еңбегіммен елге танылғаннан кейін балаларымды да өнерге баулыдым.
Менің жолдасым дәстүрлі әнші, мен жыршымын. Балалар үйіне барып концерт қоятынбыз. Ол кезде бір адам, екі адам келіп концерт беретін. Наурыз мерекелері жаңадан тойлана бастаған уақыт. Шамамен 2002-2004 жылдар аралығында Наурыз мерекесі жақсы тойланатын. Балалар үйіне барып жүргенде, кішкентай бөпелерді көрдік. Менің жолдасым көпбалалы ана болуды армандайтын. Сол жерде кішкентай балалар жүгіріп жүр екен. Солардың ішінде біреуі маған «әке» деп жармасады. Сөйтсем, жолдасым «осы бала сенің балаң-ау?» деймін деп қалжыңдады. Сол қалжың жүрекке жол ашты.
Менің әуелден үй алсам, балаларға көмектессем деген арманым бар еді. Сол ойлар түйінделе келе, жолдасым екеуіміз ең алғаш 2009 жылы бір ұл, екі қызды бауырымызға бастық. Бастапқыда қорқыныш болды. Бірақ жүрегімізді тыңдап, шешім қабылдадық. Баланы асырап алу үшін, балаға мейіріміңді барынша төгуің керек. Өзім мейірімге шөлдеп өскен адаммын. Сондықтан, баланың жүрегіндегі мұзды еріту Алланың алдында аманат етіп асырап алған отбасының міндеті. Жүрегіндегі қатып қалған мұзды еріте алсаң ғана, ол сенің балаң бола алады. Қазақта «Өз балаң өзектен тепкенше, ал кісі баласы кісінесең де тұрмайды», — деген сөз бар. Ал сен оны ең басынан кісі баласы ретінде қабылдасаң, он сегізге толғаннан кейін құжатын сұрайды да, қоштасып кетіп қалады.
Ал, менің үйімнен бір бала олай кетпеген. Себебі, мен ол балалардың орынында болдым. Біреу мені құшақтаса, иіскесе, басымнан сипаса екен деп күтетінмін. Ол анамның ыстық алақанының маған жетіспеуі. Кейбіреулер жетім балаға «тамақ, киім ғана жетіспейді» деп ойлайды. Бірақ ол қате пікір. Тамақ, киім балалар үйінде де бар. Оларға мейірім жетіспейді. Асырап алған көп адамдар тамағын тойдырсам, киімін киіндірсем болды деп ойлайды. Оған киім де, тамақ та бермей-ақ қой. Оларға мейірім бер. Олар мейірімге шөлдейді», – дейді ол.
«Балаларымызды 6 жастан бастап өнер мектебіне бердік»
Өмірхан Жетесов кейіннен 8 бала, содан соң тағы 3 бала асырап алғанын айтады. Сондай-ақ ол өз кіндігінен 3 қыз және 1 ұлы бар екенін ескертті.
«Біз бала асырап алар кезде өз жүрегімізді тыңдадық. Үш баланы бауырға басқан соң жүрегімізді тыңдап, мейірімімізді төгуге тырыстық. Бала қабағындағы күзді жаз қылып, жүрегіндегі мұзды көктем қылып ерітсең, сонда ғана ол сенің балаң болады деп ойладық. Кейбір бала асырап алған адамдар, «Балам кетейін деп жатыр» деп хабарласады. Мен оларға «Әрине кетеді» деймін. Себебі, әуелде сен баланы өзгенің емес, өз балаң ретінде қабылдауың керексің. Бала үй кірген бойда сенің қас-қабағыңа қарайды. Мен бұл үйге уақытша келдім ба, жоқ әлде шын баласы болып келдім ба деп ойлайды. Сенің үйіңнің есігін аттаған балаға бір аптаның ішінде, шын жанашырлығыңды, мейірімділігіңді көрсең, бала сені сол кезде ғана «Әке» деп қабылдайды.
Осылайша біз 24 баланы бауырымызға бастық. Өзіміздің кіндігімізден 3 қыз, бір ұл және олардан 9 немерем бар. Қазір балаларымыздың екеуі Астанадағы университетте оқиды. Ең қызығы менің кенже қызым мен бауырыма басқан балам бірін-бірі жақсы көрген соң мен оларға батамды беріп, үйлендірдім. Қазір олардан Бауыржан деген немереміз бар. Екеуі «Шабыт» университетінде біреуі қылқобыздан, біреуі баян аспабында оқиды. Екеуі Астанада тұрады. Ал он балам Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық колледжде оқиды. Біз балаларымызды 6 жастан бастап өнер мектебіне береміз», – дейді ол.
«Ешкімнің алдына алақан жайып барған емеспін»
Қазіргі қымбатшылық заманда 24 баланы өсіріп, жетілдіру оңай шаруа емес. Сөз басында Өмірхан Жетесов «Алла тілегеніңді берген сайын, көп емес байлықтың шетін көрсетсе ойланады екенсің» деген болатын. Сол кезде «Өмірхан ағамыз екі қабатты зәулім үйде бай тұрады екен ғой» деп ойлағанымыз жасырын емес. Бірақ ондаған баланы бауырға басу үшін материалдық байлық емес, рухани байлық қажет екенін түсіндік.
«Балаларыммен тұратын үйіміз екі қабатты зәулім коттедж емес. Маған ешкім көмектескен жоқ. Мемлекеттен балалардың жәрдемақысы болмаса, ешкімнен көмек алып көрген азамат емеспін. Оның үстіне ешкімнің алдына алақан жайып барған емеспін. Маған кейбіреулер «Бизнесмендерге барып, көмек сұрайсың ба?» деп сұрайды. Мен ешкім үшін баланы бауырыма басқан жоқпын. Бала асырасам, өзім үшін асырап алдым және оларды өзім үшін өсіремін. Жалпы көлемі 220 шаршы метр үйім болды. Кейін «гаражым» мен үйімнің екі ортасын қосып үлкен үй қылдым. Одан спорт зал салдыртып жатырмын. Өкінішке қарай бізді әлдекім ақшамызды алып, алдап кетті. Біз сонда да қиындыққа мойымай, 460 квадрат метр үй салып алдық. Шыны керек оны жолдасым екеуіміз кредит алып соқтық. Қазірдің өзінде көп жерге берешегіміз бар. Соны төлеп өмір сүріп жатырмыз. Өзім мініп жүрген көлігімді 9 миллион теңгеге сатып, балаларыма музыкалық аспаптар алып бердім. Жаяу қалсам да, балаларымнан ештеңені аяған емеспін», – деді ол.
«Балаларды ақша үшін асырап алмадым»
Өмірхан Жетесов өзі жетімдік көргеннен кейін балаларды асырап алғанын айтады. Ал жетімдіктің ащы дәмін татпаған адамдар өзін түсінбейтінін ескертті.
«Мен балаларыма «Балаларым, сендер бақыттысыңдар, мендей әкелерің, Амангүлдей аналарың бар. Сендерді өнерге, өмірге тәрбиелеп жатырмыз. Біз сендерді басқа адамдар сияқты мал бақтырып, пайдалану үшін асыраған жоқпыз» деп жылап отырып айтамын. Себебі жетімнің ақысын жеген адам, бұл өмірде де, ана өмірде де оңбайды. Сондықтан біз өзіміздің қалтамыздан ақша шығарып оқытып жатырмыз. Бұл балаларды пайдаланып, миллиондаған ақша табуыма болады. Мал бақтырып, даяшы етіп ақша тапсам да болатын еді. Тіпті кейбір кәсіпкерлер «Балаларыңды бересің ба?» деп айтқан болатын. Мен сол кезде «Бұл балаларды ақша үшін, пайдалану үшін алмадым» деп жауап бердім. Менің қазір денсаулығым бар кезде, әр аспапты меңгеріп, өз қолдарын ауыздарына жетуіне көмектесуге міндеттімін.
Шыны керек мен қазір еш жерде жұмыс істемеймін. Қазақ «Бір бала туса, бір жусан шөп артық шығады» дейді ғой. Әр баланың өз несібі бар. Өзім сияқты адамдар кейде қой сойып беріп, азық-түлік әкеліп береді. Той-томалаққа өнер көрсетуге шығамын. Балаларым өскен соң тойға барып, өнер көрсетеді. Бірақ мен мектептің кезінде балаларымды тойға шығарған емеспін. Себебі кейбіреулер «Балаларын пайдаланып отыр» деп ойлауы мүмкін. Сондықтан мен балаларды тойға шығарып, билетіп ақша тапқан емеспін. Қазір кәмелет жасқа толды. Өздері де жұмыс істейді. Осылай өмір сүріп жатырмыз», – деді ол.