«Қазақ» газетінен халқымыздың жай-күйін білуге болады

Былтыр «Қазақ» газетінің 110 жылдығына орай аталған басылымның 1913-1918 жылдары шыққан тігінділері 7 том болып толық жарық көрді. Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш арыстары шығарған газеттің алғашқы 1913-1915 жылдардағы тігінділері оқырманға жетіп, кейінгі жылдар кітап болып басылмай жатқан болатын. Рухани қазынамызды филология ғылымдарының докторы, Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінің аға ғылыми қызметкері, алаштанушы Ғарифолла Әнес құрастырып, көпшіліке ұсынып отыр.

«Табылмай жатқан қазынамыз әлі де көп»

Ғарифолла Әнес  Алаш арыстарының рухани мұраларымен танысу 1985 жылдары басталғанын айтады.

«Өркен» газетінде Аманқос Мектептегі екеуіміз Алаш арыстары туралы жаза бастадық. Ғылым академияда жұмыс істеген жылдары арабша оқитын адамдар аз болды. Ал мен 1985-1986 жылдары Мәскеуде аспирантурада оқып жүрген тұста «Қазақ» газетімен ең алғаш таныстым. Ең алғаш «Қазақ» газеттерін Ленин кітапханасында алып оқып, таныса бастадым. Бір қызығы Мәскеуде екінің бірінің қолы жете бермейтін дүниенің бәрі ашық тұрды. Ал елімізде Алаш тарихына қатысты материалдың бәрі жабық болды. Бізде арнайы рұқсатпен әрең дегенде кіре алатын едік. Ал, Мәскеуде ол ашық тұрды. Оның үстіне мен тілші, тіл маманы болғаннан кейін Шәкәрімнің кітаптарын сол жерден көріп, көшіріп жазып алдым.

1985 жыл Михаил Горбачёв билікке келген соң мұрағаттар ашылып, ондағы құжаттармен танысу жеңілдеді. Ал 1988 жылы саяси қуғын сүргін құрбандары ақталып, елмен қауыша бастады. Алғашқылардың бірі болып Ахмет Байтұрсынұлының  «Ақжол» деген кітабын шығардық. Осылайша барлығы жинақтала бастады. Ең алғаш «Қазақ» газетінің 1913-1914 жылдары шыққан тігінділерін кітап етіп шығардым. Өкінішке қарай елімізде аталған газеттің  тігінділері толық емес болғандықтан Мәскеуге сапарлап, басылымды толықтырып жинап жүрдік. Бізде кейбір дүниелер газет беттерінде беттелгенімен ашып қалсаң, түпнұсқаларында өшіп қалған болып шығады. Әр іс сапарға шыққан сайын мақалаларды іздеп, толықтырдық. Шыны керек, табылмай жатқан қазынамыз әлі де көп», – дейді ғалым.

«Сарыарқа» газетінің ешкім көрмеген нөмірін таптық»

Алаштанушы ХХ ғасырдың басында бірде-бір басылым өз еркімен жабылмағанын айтады. Әу баста патша үкіметі, кейіннен Совет үкіметі ұлттық басылымдарға қысым көрсетіп отырғанын ескертті.

«Бізде бірде-бір басылым өз еркімен жабылған жоқ. Сондықтан да ұлттық  басылымдарымыз мұрағатта толық сақталмаған. Мысалы «Сарыарқа» газетінің бас-аяғы 90 нөмірін тауып отырмыз. «Қазақ» газетінің жалпы саны 265 нөмірі шыққан деп жүр едік. Кейін аталған басылымның 266 нөмірін таптық. Өкінішке қарай «Қазақ» газетінің 266-шы нөмірінің толық нұсқасы жоқ. Ал «Айқап» журналы 88 нөмірі шыққаннан кейін тоқтаған. Себебі Мұхамеджан Сералин ауырып қалғаннан кейін журнал шықпай қалған екен. Мұхамеджан Сералин «Журнал уақытша тоқтады» деп жазған. Бірақ аталған журнал одан кейін шықпай қалады. «Қазақ» пен «Сарыарқа» секілді белгілі басылымдарды большевиктер билікке келгеннен кейін жаппай жаба бастады.  Мысалы «Қазақ» газеті Алматыға Қырғызстанның қазіргі астанасы Бішкек арқылы жетіп отырған.

Қазіргі ең үлкен проблема қазақ тарихына қатысты мұраның барлығы шашылып қалған. Өткен жолы Мұстафа Шоқай шығарған «Бірлік туы» деген газеттің тігінділерін таптық. Оның алғашқы 5 нөміріне Мұстафа Шоқай редакторлық жасап, шығарған болатын. Аталған газеттің кейбір тігінділері бір жерлерден табыла ма деп үмітіп отырмын. Ал енді 1919 жылы шыққан «Сарыарқа» газетінің ешкім көрмеген нөмірін таптық. Жалпы саны 19-ға жуық нөмірі табылды. Бірақ әлі түгенделмей жатыр», – дейді ол.

«Араб жазумен шыққан кітаптар оқылмай жатыр»

Ғарифолла Әнес мұрағатта қазақтың газет-журналдары мен кітаптары жөнді қаралмай жатқанын айтады.

«Мұрағатта сақтаулы рухани байлықты әлі күнге дейін ешкім жинақтамады. Мәселен кітаптар Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты Ұлттық мемлекеттік кітап палатасында сақталған. Кітап палатасында тек қана 1930 жылдардан кейінгі кітаптар сақталған. Өкінішке қарай оның алдында яғни 1900 жылдары шыққан кітаптар жоқ. Сондай-ақ неше түрлі араб жазумен шыққан кітаптар оқылмай жатыр. Төте жазумен шыққан бүкіл кітаптарды түгендеп, қайсысы қашан шыққанын жазып бердім. Біздің бұл мұрамыз біле білген адамға сарқылмас байлық қой. Ал, кітап пен газеттің өмір сүретін уақыты шектеулі. Мысалы, көп болса қағаз 200 жыл ғана сақталады. Содан соң сия да, қағаз да жоқ болып кетеді.

Мысалы қазір «Қазақ» газетін 7 томдық етіп дайындап, оқырманның қолына ұстатып отырмыз. Жалпы ұлт басылымының 99 пайызы оқырманға қолжетімді болып отыр. Енді кейбір жері ғана түсініксіз болып тұр. Былтыр «Айқап» журналының 1-2 томын шығардық. Енді биыл 5 томын шығарамыз деп жоспарлап отырмыз. «Қазақ» газеті Орынборда шығып тұрса, «Айқап» журналы Троицкіден оқырманға жол тартқан. Енді 100 жылдан кейін «Айқап» журналын түрлі-түсті етіп шығарғанға ақша болмай отыр. Менің ойымша, «Айқаптың» 88 санын ұлттық құндылық ретінде түрлі түсті етіп шығарып қоюға болады. Ең болмағанда 10 дана етіп шығарып, кітапханаларға таратса жақсы болар еді. Өйткені ол Түркістандағы «Тайқазан» сияқты құнды мұрамыз емес пе?» – дейді ол.

«Ғалымдардың 80-90 проценті төте жазуды танымайды»

Ғарифолла Әнес қазіргі ғалымдар өзінің әріптесінің кітабын оқымайтынын айтады.

«Бізде ғалымдарды қазақ тілді және орыс тілді ғалымдар деп екіге бөледі. Біз енді қалай болған күннің өзінде Мәскеудің ғалымдарына табынамыз ғой. Әрине олар білім жағынан күшті шығар. Бірақ Мәскеу мен Қазақстанда отырған ғалымдардың кейбіреуі «Қазақ» газетінің бар екенін де білмейді. Сырттай естіген, кітаптардан көрген болуы мүмкін. Ал енді бұл парадокс қой.  Мәселен қазақ тілді ғалымдардың 80-90 проценті төте жазуды танымайды. Академиктердің көбісі Ахмет Байтұрсынұлының шығармаларын оқымаған. – дейді ол.

Ғарифолла Әнес «Қазақ» газетіне сұраныс жоғары екенін айтады. Себебі аталған басылымның ішінде ХХ ғасырдағы қазақ тарихы мен бүкіл мәдениеті жазылған. Сондықтан да ол рухниятқа қатысы бар әр азамат «Қазақ» газетін оқу керек екенін ескертті.