«Демографиялық өсімі көңілден шығады»

2021 жылғы жалпыұлттық санақ бойынша еліміздегі қазақ халқының үлес салмағы 70 пайыздан асты. Сондай-ақ 2009 жылғы халық санағынан бері ел халқы 20%-ға немесе 3,2 млн адамға өсіп, 19 186 015 адамға жеткен. Былтыр қаңтар айында Қазақстан халқы 20 миллионнан асып, кезекті межені бағындырды. Әйтсе де Қазақстан халқының өсімі әлі де болса көңіл көншітпейді.

«1959-1961 жылдары қазақ халқының жан саны айтарлықтай көбейді»

Саясаттанушы Әзімбай Ғалидың айтуынша, әр ұлттың өзінің демографиялық тарихы болады.

«Ашығын айтсақ демографиялық дамудың өзіндік заңдылықтары болады. Яғни, бала тууды Үкімет тарапынан арнайы ынталандыруға болады. Бірақ ол абсалюттік көрсеткіш болмайтынын айтқан жөн. Белгілі бір демографиялық кезеңде халықтың туу көрсеткіші жоғарылап, бір кезеңде керісінше бәсеңдеп отырады. Мысалы 1959-1961 жылдары қазақ халқының жан саны айтарлықтай көбейді. Өкінішке қарай одан кейінгі жылдары туу көрсеткіші бірте бірте төмендеп кетті. Бұл әрине табиғи құбылыс.

Айталық Батыс Еупропа халықтарының туу көсерткіші өте төмен. Яғни, халықтың өсіп-өнуіне оның тұрмысының жақсы болуы тікелей әсер етпейтін сәттер де болады. Әйтпесе Батыс елдерінің тұрмысы бізбен салыстырғанда әлдеқайда жоғары емес пе? Бұл жерде азаматтардың құндылығының өзгеруі үлкне рөл ойнайтынын ескерген жөн.

Ал еліміздегі жағдайға келетін болсақ, 1960 жылдары дүниеге келген азаматтар 1980 жылдары дүниеге көптен ұрпақ әкеле бастады. Осы кезеңде бала туатын әйелдердің үлес салмағы көтерілгеннен кейін демографиялық өсіп арта түсті. Бірақ осы кезеңнен кейін әйелдердің бала тууға деген көзқарасы күрт өзгереді. Тіпті кейбір отбасы «Бізге бір-екі бала жетеді» деп өсіп-өнуді шектеп тастады.

Сондай-ақ демографиялық үрдісті имиграция, яғни сырттан көшіп келушілердің саны арттырды. Мысалы Қазақ еліне Өзбекстан, Моңғолия, Қытай, Ресей секілді алыс-жақын шетелден қандастарымыз көптен көшіп келіп жатыр. Жоғарыда айтқанымдай елімізде туу көрсеткіші 1959-1960 жылдары өте жоғары болды. Сол кезде дүниеге келген балалар 1980 жылдары отбасын құрса, ал олардың ұл-қыздары тәуелсіздік жылдары ұрпақ әкеле бастады. Бірақ бұл көрсеткіш 1960 жылдардағыдай жаппай дүмпу тудырған жоқ.

Сонымен қатар сырттан көшіп келгендер көшіп келердің алдында 1-2 жыл және көшіп келгеннен кейін өзі қоныстанған аумаққа орныққанша тууды шектейді. Өзі қоныстанған өлкеге әбден орныққаннан кейін ұрпақ өрбітуге көңіл бөлуі мүмкін. Демографияның бұл заңдылығында айтпай кетуге болмайды», – дейді саясаттанушы.

«Елімізде мемлекет құрушы ұлттың үлес салмағы 70 пайыздан асты»

Әзімбай Ғали Тәуелсіздік алғаннан кейін қазақ халқының өсімі көңілінен шығатынын айтады. Әйтсе де ол көрші Өзбекстанмен салыстырғанда «әттеген-ай» дейтін тұстарымыз бар екенін жасырмады.

«Қазіргі таңда еліміздегі мемлекет құрушы ұлттың үлес салмағы 71 пайыздан асты. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары қазақ халқының үлес салмағы 40 пайыз болғанын ескерсек, бұл жаман көрсеткіш емес. Бірақ өзімізбен көршілес Өзбекстан халқының саны 37 миллионнан асты. Біздің небәрі 20 миллион екенімізді ескерсек, бөркімізді аспанға атып қуануға әлі ерте. Бірақ 1991 жылдары елімізден орыс, неміс секілді әр түрлі диаспоралар жаппай көшіп кеткенін естен шығармаған жөн.

Бірақ ауызды қу шөппен сүртуге тағы болмайды. Қазақ халқының санының артуына Қытай мен Өзбекстан, Ресей мен Моңғолиядан көшіп келген азаматтардың үлесің зор болды. Қазіргі кезде шетелден 1 миллионнан астам қазақ азаматы көшіп келді деп айтып жүрміз. Бірақ соңғы жылдары еліміздегі туу көрсеткіші төмендегенін байқауға болады. Себебі ата-аналар аз бала тусақ та  «Баламызды оқытып, оған сапалы білім берейік» деген көзқарасқа көшті. Елімізде қазақ халқының санының көбейуіне байланысты азаматтар балаларын қазақ мектебіне беріп жатыр», – дейді Әзімбай Ғали.

Шынар АҚЖАНҚЫЗЫ