«Жастар қай жерден сапалы білім алу керек екенін жақсы біледі»

Мемлекеттік тілдің мәселесі Тәуелсіздік алған жылдан бері ұдайы көтеріліп келе жатқан ең маңызды проблема. Соңғы 30 жылда тіл саясатын дамыту мен қазақ тілін реформалау қалай жүзеге асты? «Болашақ» бағдарламасымен білім алған жастар Мәскеуде оқыған Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш арыстары секілді неге ұлтқа қызмет етпеді?

Филология ғылымдарының докторы, профессор Шерубай Құрманбайұлы қазақтың тілі мен үнін ұқпайтын азаматты өсіріп және ол адамдарды үлгі тұтатын болсақ, өте қауіпті деңгейге құлдырайтынымызды айтты.

«Бізге үлгі болатын адам білімді, мәдениетті және өз тілінде еркін сөйлейтін, тіпті қажет кезінде ағылшын мен неміспен де тең сөйлесе алатын адам боулы керек. Өзінің ұлттық мүддесін қорғаудан жасқанып қалмайтын Әлімхан Ермеков секілді азаматтар көп болуы керек. Қазақтың ұлан байтан шекарасын қорғап, бізге мұра етіп қалдырып кеткен Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы және Әлімхан Ермеков секілді азаматтар емес пе? Мысалы Бөріліде өскен Мұхтар Әуезов орыс тілін кімнен кем білді? Сондықтан бізге 5-6 жаста бала мектепке бармай жатып шет тілді үйретемін деп асығып одан үлкен тұлға жасаймыз деп ойлау біздің ең үлкен қателігіміз. Бұл біздің білім саласындағы жас ұрпақты тәрбиелеудегі ең басты қателігіміз болды.

Бірақ кез келген асқынған ауруды емдеуге болатын ескерсек, әліде үміт үзгім келмейді. Қазіргі таңда мектеп оқушыларының 70 пайыздан астамы қазақ тілінде білім алып жатыр. Қазақ мектебі мен университеттері мықты болып, оқыту жүйесінің сапасын көтерсек, Гарфорд пен Кембридж берген білімді өзіміздің жоғары оқу орнын берсе, қазақ баласы шетелге барып сабылмайды. Сондықтан біздің жоғары оқу орнындарының да сапасы жақсы болуы керек. Қазіргі жастар қай жерден сапалы білім алу керек екенін жақсы біледі. Өйткені олар қажетті ақпаратты интернеттен алып отыр.

Сондықтан да жастар  ағылшын тілі секілді әлемдегі ең озық тілдерді меңгеріп, Сарбона секілді мықты универсиеттерде білім алуға ұмтылады. Бұл негізі біле білген адамға жақсы құбылыс. Әлихан Бөкейхан бастаған алаш арыстары Мәскеуге барып жоғары дәрежелі білім алмаса, ұлт көсемі болар ма еді.

Кейбір адамдар «Болашақ» бағдарламасымен оқып келген балалар алаш арыстары секілді неге ұлтқа қызмет етпейді?» деп сұрақ қояды. Алаш арыстары узына жарыған яғни өзінің төл мәдениетін бойына сіңіріп өскен болатын. Негізі қазақстың баласы мектеп пен жоғары оқу орнында қазақтың төл мәдениетімен сусындап өсуі керек. Бір сөзбен айтқанда ұлттық кадр дайындаудың өзегі осы болу керек», – дейді ол.

Шынар АҚЖАНҚЫЗЫ