«Ауыл аманаты» бойынша несие алуда қиындық болған жоқ»

Жамбыл облысы Жуалы ауданына қарасты Мыңбұлақ аулының тұрғыны Зауытбай Тажетдинов автоөліктің қозғалтқышын шашып, қайта жинаумен айналысады. «Нұрдаулет» жеке кәсіпкерлігінің иесі «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша қомақты қаржы алып, өз ісін жандандырып отыр.

«Көлік жөндеуді арнайы оқып, үйренген жоқпын»

«Былтыр «Үкімет 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие беріп жатыр екен» деген сөзді естіп, ауыл әкімшілігінен толық ақпарат алдым. Содан не керек, өткен жылдың желтоқсан айында бастап «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша несие рәсімдеу үшін құжат жинай бастадым. Арада 3-4 ай өткенде яғни биылғы жылдың наурыз айында 8 миллион 600 мың теңге көлемінде несие алдым. Көп адамдар «Үкіметтің «Ауыл аманаты» жобасы секілді бағдарламаларынан несие алу қиын. Несиені қалай алдың?» деп таңғалып жатады. Шыны керек жеке өз басымда жеңілдетілген пайызбен несие алуда қандайда бір қиын болған жоқ. Себебі кепілдікке қоятын үйіңнің құжаты дұрыс болса болды.

Мен автокөліктің маторы, қазақша айтсам қозғалтықышын жөндеумен айналысамын. Жеңіл автокөліктен бастап үлкен жүк көлегіне дейінгі әртүрлі техниканың қозғалтқышын шашып, қайта жинап беремін. Жалпы көлік жөндеуді арнайы оқып, үйренген жоқпын. Есімді білгелі үйде техника болатын, сондықтан болса керек әкем мен ағаларымнан осы саланың қыр-сырын үйрендім. «Әке көрген оқ жонар» демекші әкем өмір бойы көлік жүргізіп, оны өзі жөндейтін. Қазір 15 жылдан асты өзім жеке шығып, машина жөндеумен айналысып жатырмын.

Көптен бері жұмысымды жандандырып, арнайы құрал-жабдық алсам деп жүр едім. «Ауыл аманаты» бойынша алған 8 миллион 600 мың теңгеге көлік жөндеуге қажетті дүниені алдым. Нақтырақ айтсам машина көтеретін құрылғыны алып, жұмысты біршама жеңілдеттім. Аталған құрылғының арқасында жұмысымыз 50 пайыз жеңілдеп, жанданды. Яғни, екі адам істейтін шаруаны арнайы құрылғылар арқылы бұрынғыдан қарағанда жеңіл істей беретін болдық. Мәселен бұрын бір сағатта әзер істейтін шаруаны 20-30 минтутта жасап тастайтын болдық. Сондай-ақ свет өшіп қалса, арнайы генераторды қосып, жұмысымды тоқтатпай жасай беремін», – дейді ол.

«Жастарға көлік жөндеудің қыр-сырын үйреткім келеді»

Көлік шеберінен «Алақандай Мыңбұлақ аулында көлігін жөндеткісі келетін клиент шыға ма? Тараз қаласы секілді облыс орталығынан көлік жөндейтін орталықты неге ашпадыңыз?» деп сұрадық.

«Құдайға шүкір, күн сайын 2-3 клиент көлігін жөндетуге  келіп тұрады. Соның өзін дер кезінде үлгеріп, жөндеп берсең жақсы ғой. Жанымда ұлым жұмысшы ретінде көмек көрсетуші еді. Бір ай бұрын балам отан алдындағы борышын өтеу үшін әскерге кетіп қалды. Ол бар да жақсы еді.

Негізі өзім жастарға көлік жөндеудің қыр-сырын үйреткім келеді. Бірақ қазіргі жастар май-май болып, жанын қинап жұмыс істегіс келмейді. Жастардың көпшілігі оңай жолмай табыс тауып, тиіп қашып жұмыс істегенді жөн көреді. Білі білген адамға автокөліктің қозғалтқышын шашып, қайта жинау ауыр жұмыс. Жастар бір күнде 5-10 мың теңге емес, 20-30 мың теңге алғысы келеді. Тіпті кейбір жігіттер «Маған көлік жөндегендегі ақшаның қанша пайызын бересің?» деп сұрайды. Мен «Саған институт пен университетке түсіп, білім алғаның үшін ақша төлемейді. Керісінше сен оқу ақысы үшін ақша төлейсің ғой. Жөндеу орталығында 1-2 жыл жақсылап жұмыс істесең, күні ертең өзің жеке шығып, бала-шағаңды асырайсың ғой» деп айтамын.

Өкінішке қарай көп жастар бұл ақыл-кеңеске құлақ аса бермейді. Өз басым осы саланың меңгергендегі қасиетімді табиғи талант деп айтамын. Себебі жетінші сыныптан бастап автокөлік жөндеудің қыр-сырын меңгеріп алдым. Қазір жасым 44 жаста келді, сол себепті өзімнің білген-түйгенімді жастарға үйреткім келеді. Өйткені халық арасында қозғалтқыш жөндейтін маманға сұраныс жоғары. Өздеріңіз білесіздер көпшілік халық тізгіндеп жүрген көліктің көпшілігі ескі. Тіпті жаңадан шыққан «Шевроле кобальт» секілді көліктердің өзі жөндеуге келіп жатыр. Мысалы күні кеше шыққанына бір жыл болмаған көліктің маторнын жинап бердім. Ұзын сөздің қысқасы, матор жөндейтін адамдарға сұраныс азаймайды, керісінше күн өткен сайын көбейеді», – дейді ол.

Шынар АҚЖАНҚЫЗЫ