«Береке-бірлікті сақтаған елге бақ қонады»

Республикалық аналар кеңесінің төрайымы Назипа Шанай  әділдік пен ынтымақ туралы өз ойын ортаға салды.

«Шыны керек көпшілігіміз әділдікті жоғары биліктегі азаматтардан күтеміз. Нақтырақ айтсам соттың әділ болуы, сол мәселені шешетін билік өкілінің әділ болуын күтеміз. Ал қоғамның негізгі бөлшегі саналатын азаматтарымыздың өзі қаншалықты әділетті? Әр азамат өзін қоғамнан бөлек қарамау керек. «Қоғам – менің ортам. Мен сол қоғамның ішіндемін» деп жауапкершілікті өз мойына алуы керек.  Билікте отырмын ба, бала тәрбилеп отырмын ба, шахтаға түстім ба, бәріміз осы қоғамдағы жақсы немесе жаман дүниелерге жауаптымыз. Егер әр Қазақстан азаматы әділ болатын болса, таныс арқылы мәселе шешпеуге әрекеттенуі керек. Мәселен баланы балабақшаға орналастырғанда жұмысқа тұрғанда пара бермей, өз күшіңмен шешуді үйрену қажет. Сондай-ақ университет пен институтта бағаны сатып алмай, дипломыңды өз күшіңмен алуға әрет жасауды үйрен.

Осы және өзге де заң бұзушылық барлық отбасының басынан өтетін жағдай. Мұның салдары қалай болмады? Балабақшада балаңа орын дайын болмаса біреудің орнын тартып алу әділдік пе? Сондай-ақ оқуға түсіп тұрған басқа студенттің жолын қию әділдік пе? Жұрт арасында жиі айтылатын «Қоғам қандай болса, билік сондай болады» деген дүние осы жерден шығады. Себебі биліктегілер басқа планетадан келген жоқ, осы жерде өсіп, жетілді. Біреудің туысы, біреудің жиені. Ол отбасында не көрсе, соны өскенде өзі істейтін болады.

Ынтымақ туралы айтсам, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзге мемлекетке сапарлап барса «Басқа елге барудың керегі не, Ауғанстанға гуманитарлық көмек көрсетудің керегі не?» деп шулаймыз. Оның мемлекетіміздің мерейі үстем болуы үшін керек. Себебі кішкентай жер планетасының тұрғыны ретінде ынтымақтастықта өмір сүруіміз керек. Кейбір күрделі мәселені соғысқа жеткізбей шешу өте маңызды. Қарапайым отбасында да барлық мәселені бірлік пен ынтымақты сақтап, шешу керек. Өзара арасдаспай, береке-бірлікті сақтаған елге бақ қонады», – дейді ол.

Шынар АҚЖАНҚЫЗЫ