«Сенім мен жауапкершілікке немқұрайлы қарамасақ әлдеқашан дамып кетер едік»

Қазақстан жазушылар одағы Сатира кеңесінің төрағасы Ермахан Шайхыұлы сенім мен жауапкершілік әр адамның бойында болуы қажет екенін айтады.

«Мәселен жауапкершілігі төмен адамға үлкен істі сеніп, тапсыра алмайсың. Егер қандай да бір қызметкер тапсырманы тап-тұйнақтай орындайтын болса, ондай адамнан ешқандай басшы айырылмайды. Керісінше сенімнен шығып қалса, ол адамның болашағыда жарқын болуы екіталай.

Қазақта «Уәде – құдай сөзі» деген жақсы сөз бар. Кейінгі кезде біз уәдеде тұрып, аманатқа қиянат жасамауға немқұрайлы қарап кеткен секілдіміз. Біздің қоғамның дамымай, кері кетуі жауапкершіліктің төмен болуына тікелей байланысты болса керек. Егер біз сенім мен жауапкершілікке немқұрайлы қарамасақ мемлекетіміз әлдеқашан дамып кетер еді. Кейде мен кейбір азаматтар «Бүгінгі күнім өтсе болды» деп немқұрайлы көңіл-күйде жүргендей көрінеді. Әрине «Елім үшін, халқым үшін қызмет етейін» деген азаматтар жоқ» деп көпке топырақ шашуға болмайды. Бірақ өте аз екенін мойындау керек. Қоғамның дамуы үшін адамдардың министр немесе әкім болуы міндетті емес, кез келген адам өзінің жұмысын жауапкершілікпен атқаратын болса, ол адамның ісінің берекесі болады.

Университеттің 4 курсын оқып жүргенде Серік Әбдірайымов «Қанат» баспасын ашып, маған редакторлық жұмысты сеніп тапсырды. Аталған баспада жұмыс істеп жүргенде Секеңе «Қазақтың әдет-ғұрыпы мен салт-дәстүріне байланысты кітап шығарсақ» деп ұсыныс айттым. Ұсынысымды қолдап «Сен жұмысқа келмей, ұлттық кітапханадан деректер жинай бер» деп сенім артты. Бақытжан Әлімқұлов деген курстасым екеуміз алты айдан кейін «Күйеу келтір, қызыңды ұзат, тойыңды қыл» деген кітап құрастырып, шығардық. Бұл еңбек 1990 жылы 25 мың және 1994 жылы 30 мың таралыммен кезекті рет жарыққа шықты. Егер Серік Әбдірайымов маған сенім артып, жауапкершілік жүктемесе бұл еңбек шықпас еді», – дейді ол.

Шынар АҚЖАНҚЫЗЫ