Туған жерді көркейту азаматтық парызым

Абылайхан Амантайұлы Бижанов 1972 жылдың 29 қараша күні Ақмола облысы Целиноград ауданына қарасты Ақмол ауылында дүниеге келген.

1980-1988 жылдары Оразақ ауылының жалпы орта мектебінде білім алған.

1991-1993 ж.ж. Отан алдындағы әскери борышын өтеген.

1988-1994 ж.ж. Целиноград совхозтехникумы, 1999-2003 ж.ж. Алматы қаласы Т.Рысқұлов атындағы экономикалық институты (экономист), 2013-2015 ж.жЕ.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде (тарих пәнінің мұғалімі) білімін толықтырған.

1995-2004 ж.ж. құқық қорғау органында және 2004-2007 ж.ж. жекеменшік күзет фирмаларында қызмет етті. 2007 жылдан бастап CENTER BETON COMPANY ЖШС қауіпсіздік қызметінің басшысы.

Үйленген. Екі ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастауымен ұйымдастырылып отырған ауыл әкімдерін сайлау – өте маңызды қадам. Мұндай айтулы шаруаның ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен қатар келуі тіпті ерекше болды. Ауыл әкімін сайлау Алаш арыстары айтқан земства яғни өзін-өзі басқару жүйесін жетілдіре түседі.

Мен өзімнің сайлауалды бағдарламамда «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдарламасы секілді бағдарламаларды халыққа жете түсіндіргім келеді. Өйткені Үкімет тарапынан керемет бағдарламалар іске асып жатқанымен оны халыққа түсіндіріп, жеткізу жағы кемшін болып жатыр. Егер халық Үкіметтің оңтайлы бағдарламаларын пайдаланып жеңілдетілген несие немесе арнайы грант ұтып алса, сенімді түрде кәсіп бастаған болар еді. Ал шағын және орта бизнестің дамуы Оразақ ауылының ғана емес, сонымен қатар еліміздің дамуына ықпал етеді.

Үкіметтің тамаша бағдарламаларының бірі һәм бірегейі «Дипломмен ауылға» бағдарламасы деп білемін. Шалғайдағы ауыл тұрмақ елорданың іргесіндегі Оразақ ауылының өзінде білікті мұғалім мен дәрігер және тағы да басқа маман иелері тапшы. Аталған бағдарлама бойынша мектеп оқушылардың білімін арттырып, дәрігердің көмегімен ауыл халқының денсаулығын қарауға мүмкіндік ашқым келеді. Себебі білікті маманның болмауынан ауыл тұрғындары қалаға сабылып жататыны жасырын емес.

Сондай-ақ Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Туған жер» жобасы бойынша ауқымды істер атқарылды. Мен осы жобаның аясында ауылдан шыққан кәсіпкер азаматтардың басын қосып, арнайы қор құру қажет деп ойлаймын. Егер азаматтар қолдау білдірсе, «Асар» жобасы аясында көпбалалы жене аз қамтылған отбасыларына үй салып беруді ұйымдастыруға болар еді.

Оразақ ауылындағы ауыз судан бастап, күре және ішкі жол және жайылым жер проблемасы өте өткір мәселе болып тұр. Осы қордаланған мәселені болашақ ауыл әкімі ретінде шешуге күш салғым келеді. Бұл  айтқанға оңай болғанымен нақты іске кіріскенде зіл батпан іс екенін біліп отырмын. Бірақ бұл проблеманы шешпей ауыл халқының тұрмысы жақсармайтынын жақсы білемін.

Оразақ ауылында мәдени іс-шараларды ұйымдастырып, жастардың басын қосу өте маңызды іс деп білемін. Марқұм Амантай әкем де, өзім де өнерден құралақан емеспін. Сондықтан да өзім бас болып Оразақ ауылының азаматтарының арасындағы таланттарды көпшілікке таныстырғым келеді. Сондай-ақ «Туған жер» жобасы бойынша ауылдан шыққан және өзге де өнерпаз және іскер азаматтармен кездесу ұйымдастырып, ауыл халқының рухын көтергім келеді. Өйткені халықтың мәдениетін көтермей ауқымды іс атқару мүмкін емес.

Бұдан бөлек Оразақ ауылының тарихын зерттеп, арнайы кітап шығаруды мақсат етіп отырмын. Әйгілі батырдың атындағы ауылдың жұрт білетін және білмейтін қызық тарихы бар. Міне осы тарихты кітап етіп шығарсақ Оразақ батырдың рухы шат-шадыман болар еді.

Абылайхан Бижанов,

Оразақ ауылдық округінің

әкімі лауазымына үміткер