«Еуропаның соңғы диктаторы» 7-ші рет президент болмақ

Беларусьте жексенбі күні «Еуропаның соңғы диктаторының» 30 жылдық билігін ұзартатын президенттік сайлау өтеді, деп хабарлайды Аlashorda.kz сайты euronews.com сілтеме жасап.

Жексенбі күні Беларусьте президенттік сайлау өтеді, бұл іс жүзінде 1994 жылдан бері елді басқарып келе жатқан Александр Лукашенконың өкілеттігін ұзарту рәсімі болмақ.

2020 жылғы сайлауда Лукашенко 80% дауыспен жеңіске жеткен. Алайда Президент сайлауынан кейін сайлау нәтижелерін бұрмалады деген  айыптауларға, бірнеше айға созылған жаппай наразылықтарға, мыңдаған адамды тұтқындауға және режимге қарсы шыққан оппозицияның эмиграция толқынына алып келді.

Бұл жолы Лукашенко сайлауды наразылық білдірушілер қайтадан көшеге шықпайды деген үмітпен тамыздың жылы күндерінен қаңтардың суығына ауыстырды. Бірақ қолайлы ауа райының өзінде де, қуатты диктатураға қарсы көшеге шығуға ешкімнің батылы жете қоймасы анық. 70 жастағы билеушінің шынайы саяси қарсыластарының барлығы не түрмеде, не эмиграцияда. Сондықтан посткеңестік Беларусь халқы білетін жалғыз президент жетінші мерзімінде де ел басқаратыны айдан анық.

Еуропаның соңғы диктаторы

Лукашенко Мәскеумен және билік басында ширек ғасырдан бері отырған Ресей президенті Владимир Путинмен тығыз байланыста.

Совхоз директоры болған Лукашенко 1994 жылы алғаш рет президент болып сайланды. Сол кездегі хаос пен ауыр нарықтық реформалардан кейін халықтың өмір сүру деңгейі күрт төмендеп, қоғамда ашу-ыза күшейген еді. Лукашенко бұл толқуды пайдаланып, жемқорлықпен күресуге уәде беріп, билікке келген.

Содан бері ол Ресейдің қаржылай көмегі мен саяси қолдауына арқа сүйеп келеді. 2022 жылы Беларусь жерін Украинаға басып кіру үшін пайдалануға рұқсат беріп, кейінірек Ресейдің тактикалық ядролық қаруын өз аумағында орналастыруға келісімін берді.

Лукашенко билігінің алғашқы жылдарында-ақ оны “Еуропаның соңғы диктаторы” деп атады. Бұл атау оған пікір еркіндігін қатаң басып-жаншығаны және билігін қайта-қайта ұзарту үшін өткізілетін сайлауларының Батыс тарапынан еркін әрі әділ деп мойындалмауы себепті берілген еді.

Кеңес Одағының ашық қолдаушысы болған Лукашенко экономикаға кеңестік үлгіде бақылау орнатып, ұлттық рәміздерден бас тартып, орнына кеңестік ту мен елтаңбаны қайтарды. Беларусь елінде 7 қараша – Қазан революциясы күні әлі күнге дейін ресми түрде тойланады. Елдің арнайы қызметі өзінің кеңестік “КГБ” атауын сақтап қалған, ал Беларусь – Еуропада ату арқылы өлім жазасы орындалатын жалғыз мемлекет.

Кремльмен қосымша субсидиялар алу туралы келіссөздер жүргізген Лукашенко, кейде Батыс елдерін тыныштандыру үшін репрессияларды әлсіретіп отырды. Бірақ бұл саясат 2020 жылғы сайлаудан кейін оппозицияны қатал басып-жаншу нәтижесінде тоқтады. Сайлау нәтижелерінің айқын бұрмалануы Беларусьте бірнеше айға созылған үлкен наразылықтарға әкелді, бұл ел тарихындағы ең ауқымды протестке айналды.

Билік бұл наразылықтарға қарсы кең ауқымды репрессияларды жүзеге асырып, 65 000-нан астам адамды тұтқындады. Сондай-ақ көптеген тәуелсіз медиа мен үкіметтік емес ұйымдар жабылып, заңсыз деп танылды, бұл өз кезегінде Батыс тарапынан санкцияларға әкелді.

Беларусьтегі негізгі оппозициялық жетекшілер түрмеге жабылса, кейбіреулері елден қашып кетті. Адам құқықтарын қорғаушылардың мәліметі бойынша, Беларусьте шамамен 1300 саяси тұтқын бар, оның ішінде Нобель сыйлығының лауреаты, “Весна” құқық қорғау ұйымының негізін қалаушы Алеся Беляцкий де бар.

Соңғы айларда Лукашенко 250 саяси тұтқынды кешірді. Бірақ бұл кешірімдер репрессиялардың күшеюімен қатар жүріп жатыр, олар елдегі кез келген қарсы ой-пікірдің қалдықтарын жоюға бағытталған. Тыңшылық рейдтер кезінде жүздеген адам ұсталып, режимге қарсы тұратындардың туыстары мен достарына қысым жасалды.

Осы жылғы сайлаудың 2020 жылғы сайлаудан айырмашылығы, қазіргі уақытта Лукашенкоға тек техникалық кандидаттар қарсы тұр.

“Лукашенкоға қарсы тұруға батылы барған саясаткерлер қазір түрмеде азаптаулар жағдайында шіріп жатыр, олармен бір жылдан астам уақыттан бері байланыс жоқ, ал кейбіреулері өте ауыр жағдайда”, — дейді “Весна” құқық қорғау ұйымының өкілі Павел Сапелко.

Эмиграциядағы оппозиция жетекшісі Светлана Тихановская, 2020 жылғы сайлауда Лукашенкоға қарсы шыққаннан кейін елден қашуға мәжбүр болған, қазіргі сайлауды фарс деп сипаттап, беларусьтарды барлық кандидаттарға қарсы дауыс беруге шақырды. Оның жұбайы, белсенді Сергей Тихановский, төрт жыл бұрын сайлауға түсуге тырысқан, бірақ түрмеге қамалып, әлі күнге дейін қамауда отыр.

Ядролық қалқанның астында

2024 жылдың желтоқсанында Лукашенко мен Путин Беларуське “қауіпсіздік кепілдіктерін” ұсынатын келісімге қол қойды, оған Ресейдің ядролық қаруын пайдалану мүмкіндігі кірді.

Бұл келісім Ресейдің ядролық доктринасын қайта қарағаннан кейін жасалды, онда Беларусь алғаш рет Ресейдің ядролық қалқанының астына алынған болатын. Бұл қадам Украинадағы соғыс салдарынан Батыспен қарым-қатынастардың шиеленісуінің нәтижесінде қабылданды.

Лукашенко Беларусьте ондаған ресейлік тактикалық ядролық зымырандар орналастырылғанын мәлімдеді. Олардың орналасуы Ресейге Украина мен Еуропадағы НАТО одақтастарына соққылар жасау мүмкіндігін арттырады.

Сонымен қатар, Лукашенко Путиннен Беларусь аумағында қараша айында Украинада алғаш рет қолданылған ресейлік гипердыбыстық “Орешник” зымырандарын орналастыруды сұрады. Ресей президенті оларды 2025 жылдың екінші жартысында жеткізуге уәде беріп, зымырандар Мәскеудің бақылауында болатынын, ал Минск мақсаттарды таңдауға құқылы болатынын айтты.

Шынар АҚЖАНҚЫЗЫ