Шекара шебіндегі Алатау ауылының ахуалы қалай?

Қазақстанның оңтүстігінде орналасқан Жамбыл облысы – тарихи тамырлары тереңге жайылған, табиғаты көркем, шаруашылыққа қолайлы өңірлердің бірі. Осы облысқа қарасты Жуалы ауданының бірқатар ауылдары Қырғызстанмен шекара маңында орналасқан. Бұл шекаралық ауылдардың бірі – Алатау ауылы. Ол Қызыларық ауылдық округінің құрамына кіреді.

Алатау алқабында жатқан бұл елді мекен бұрын Ресейден қоныс аударған Андреев деген кулактің атымен аталған болатын. 1992 жылы ауыл аты өзінің табиғи-географиялық ерекшеліктеріне сәйкес “Алатау” деген атауға өзгертілді.

Елді мекен бұрын “Бурный” деп аталатын ұжымшардың құрамында болған. 1950-жылдардың соңында ол “Бурный” әскери кеңшарының құрамына қосылды. Кеңшар таратылғаннан кейін бұл жерде жеке шаруа қожалықтары құрылды.

Ауыл бүгінде өзінің әлеуметтік-экономикалық дамуымен, ауыл тұрғындарының еңбекқорлығымен ерекшеленіп отыр. Алатау – тек географиялық маңызы бар ғана елді мекен емес, сонымен қатар ауылшаруашылық пен туризмді қатар дамытып келе жатқан болашағы зор мекен.

Тарихы терең, болашағы кемел Алатау ауылы

– Жуалы ауданына қарасты Алатау ауылы – Қырғыз Республикасымен шекаралас орналасқан, табиғаты көркем, ауыл шаруашылығына қолайлы өңір. Қазіргі таңда бұл ауылда 425 тұрғын өмір сүреді.

Ауылда 81 тұрғын үй, 23 шаруа қожалығы, 34 жеке кәсіпкер тіркелген. Халықтың негізгі күнкөріс көзі – егін шаруашылығы мен мал өсіру. Ауыл тұрғындары жыл сайын егін егіп, шөп шауып, мал ұстап, өз қажеттіліктерін өздері өтеп келеді. Бұл – ауыл халқының еңбекқорлығы мен өмірге икемділігінің көрінісі, – дейді Қызыларық ауылдық округінің әкімі Марат Қасымбеков.

Жамбыл облысының Жуалы ауданы – табиғаты әсем, еңбекқор халқы бар, әлеуеті зор өңірлердің бірі. Осы ауданда орналасқан елді мекендердің кейбірі шекараға жақын орналасқан. Әсіресе Қырғыз Республикасы шекарасына іргелес жатқан елді мекендердің тіршілігі мемлекет тарапынан ерекше бақылауға алынған. Мұндай ауылдарды дамыту тек экономикалық емес, стратегиялық маңызға да ие. Солардың бірі – Жуалы ауданына қарасты Қызыларық ауылдық округіндегі Алатау ауылы.

Ауыл шаруашылығы мен инфрақұрылым қатар дамуда

Халықтың негізгі күнкөріс көзі – мал мен егін шаруашылығы. Ауылдағы жалпы мал басы 2105-ке жетіп отыр. Оның ішінде 535-і ірі қара, 1360-ы ұсақ мал және 210-ы жылқы.

Ауылды дамытудың өзекті мәселелерінің қатарына оның әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту маңызды екені айтпаса да түсінікті. Осы тұста айта кетерлігі, Алатау ауылының инфрақұрылымы жылдан-жылға жаңарып келеді. Соңғы жылдары ауызсу мен табиғи газ ауылға толық тартылып, тұрғындардың өмір сүру сапасы жақсара түсті. Ауыз толтырып сүйіншілеп айтатын жаңалықтың бірі – ауыл ішіндегі үш көшенің барлығы жарықтандырылған. Бұл – жергілікті әкімдіктің жүйелі жұмысының, сондай-ақ мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың нәтижесі. Мәселен, 2018 жылы Орталық көшесі, 2019 жылы Мөлтек көшесі, ал 2023 жылы Шет көшесі жарықпен қамтамасыз етілді. Бұдан бөлек, тозығы жеткен электр бағаналары толық ауыстырылып, көше жарығы ретке келтірілді.

Ауылдағы игі істер мұнымен тоқтап қалған жоқ. 2023 жылы «Ауыл аманаты» жобасы аясында «Алатау Береке» ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды. Бұл кооператив – ауыл тұрғындарына берілген үлкен мүмкіндік. Кооператив 12 миллион 600 мың теңге көлемінде айналым қаражатын алып, ауыл маңындағы жерлерге арпа, картоп және жоңышқа егілді. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы техникасын жаңартуға 68 миллион 700 мың теңгеге 2 трактор мен 4 тіркеме сатып алынды. Бұл техникалар бүгінде ауыл тұрғындарына қолжетімді бағамен қызмет көрсетуде. Бұрынғыдай сырттан техника жалдау қажеттігі жойылып, шаруалар үшін үлкен жеңілдік туды. Жер жырту, тұқым себу сынды маусымдық жұмыстарды ауыл ішінен-ақ шешуге мүмкіндік бар.

Мемлекеттік қолдаудың тағы бір жарқын көрінісі – ауыл тұрғындарына берілген жеңілдетілген несиелер. Жеңілдетілген несиенің аясында ауыл тұрғындары өз ісін ашып, оны дамытуға аз пайызбен жеңілдетілген несие ала алуға мүмкіндік жасалған. Осылайша, кәсіпкерлікті дамыта отырып, ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартып, олардың табысын арттыруды көздеген жоба игілігін Алатау ауылының тұрғындары да көріп отыр. Осы салада ауылда ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр.

Соның көрінісі ретінде 2023 жылы 22 тұрғын 2,5 пайыздық мөлшерлемемен несие алып, мал шаруашылығын дамытуға ден қойды. Бұл – халықтың табысын арттырып, ауыл экономикасын ілгерілетуге бағытталған нақты қадам. Мұндай қаржылық қолдау ауылдың әлеуметтік әлеуетін арттырып қана қоймай, тұрғындардың өз кәсібін бастауына да септігін тигізді, – деп атап өтті ауыл басшысы Марат Сайлауұлы.

Туризм – Алатаудағы жаңа бағыт

Алатау ауылында туризм саласы да қарқынды дамып келеді. Жуалы ауданы – қоңыражай белдеуде орналасқан климаты қолайлы, туризм үшін нағыз таптырмас мамыражай аймақ. Ауыл маңында орналасқан «Көксай» демалыс орны – осының жарқын мысалы. Бұл туристік нысан жеке инвестиция есебінен ашылып, бүгінде өңірдегі демалушылардың сүйікті орнына айналған. Демалуға келетіндердің қатарында Қырғыз Республикасынан, Тараз қаласынан және еліміздің басқа аймақтарынан туристер көптеп кездеседі. Осыған байланысты «Көксай» демалыс орнына апаратын 18 шақырым жолды жөндеу жұмыстары қолға алынған. Себебі бұл жол тек туристер үшін емес, ауыл тұрғындарының да жүріп-тұруына оң әсерін тигізеді. Жол қатынасы жақсарса, туристер легі артып, жергілікті кәсіпкерлер үшін жаңа мүмкіндіктер ашылады. Ал туризм – бизнес.

Жуалы ауданында орналасқан «Көксай» этно-туристік демалыс аймағы өңірдің туризмін көтеріп қана қоймай, әлеуметтік тұрғыдан да демеу болды. «Көксайға» жазда келгенде велотуризмнің қызығына батып, атпен серуендеуге мүмкіндік бар. Ал қыста шаңғымен сырғанап, коньки тебу үшін таптырмас мекен.

Туристік мекенге келушілердің қарасы бүгінде көп. Алдағы уақытта да «Көксай» этно-туристік демалыс аймағы өңірдің ғана емес, елдің беткеұстар мекеніне айналып, қанатын кең жая түсері анық.

Әлеуметтік саладағы алға басу

Әлеуметтік нысандарға келсек, ауылда 2022 жылы жаңа мектеп салынған. Білім ордасы заман талабына сай жабдықталған. Балалар үшін барлық жағдай жасалған. Бұдан бөлек, 2018 жылы жаңа медициналық пункт ашылып, ауыл тұрғындарының денсаулығы назарға алынған. Дегенмен, балабақша мәселесі әлі шешімін таппаған. Бұл мәселені жергілікті әкімдік мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында шешуді көздеп отыр. Ауыл халқы бұл бастаманың жүзеге асарына сеніммен қарайды.

Ауыл тұрғыны Назира Байдосова – 23 жылдық еңбек өтілі бар мектеп мұғалімі. Ол өзінің туған ауылы туралы ерекше сезіммен әңгімеледі:

– Мен туған жерімді шексіз сүйемін. Жалпы Отанға деген махаббат – туған ауылыңа деген сүйіспеншіліктен басталады деп ойлаймын. Мұндағы табиғат, тау бөктеріндегі жайқалған гүлдер, жусанды даласы – бәрі мен үшін қымбат. Ауылда жастар тәрбиелі, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіледі. Тұрғындар мал шаруашылығымен айналысып, жан бағып отыр. Ауыл іргесінде шекара бекеті орналасқан, олар ауылымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп келеді. Алатау – жай ғана ауыл емес, нағыз ырыс пен берекенің ордасы, – дейді Назира Әбдуалықызы.

Назира Әбдуалықызы ауыл маңында жазда этноауыл, қыста шаңғы тебу туризмі белсенді екенін де ерекше атап өтті. Туристер ауылдың тазалығына, табиғатына, тұрмыс-салтына риза болып қайтады екен.

Ауылдағы «Әділет» дүкенінің иесі Гүлнұр Қазылова да өз кәсібін жүргізіп отырған азаматтардың бірі. Ол Тараз қаласынан тауарды көтерме бағамен алып, ауылда тиімді бағамен сатады. Тұрғындардың бір бөлігі қарыз дәптермен де азық-түлік алады, алайда көп кешікпей бәрі қайтарылады. Бұл – ауыл халқының сенімі мен бірлігінің көрінісі. Сонымен қатар Гүлнұр Қазылова да «Ауыл аманаты» жобасына қатысып, жеңілдетілген несие алып, мал шаруашылығын дамытып отыр.

Алатаулық тұрғындар: «Шекара маңындағы ауыл мен экономиканы, соның ішінде сауданы дамытуға шағымымыз жоқ деп» ағынан жарылды.

Халық үні – ауылдың жүрегі

Қазіргі таңда ауылда жұмыссыздық мәселесі жоқтың қасы. Әрбір тұрғын өз шаруасымен айналысады. Мал ұстап, егін егіп, ауыл тіршілігін ілгерілетуде. Жайылым жеткілікті, ауыл табиғаты емдік шөптерге бай. Саумал мен қымыздың дәмі тіл үйіреді. Қыста ауыл маңындағы тауларда шаңғы тебу маусымы қыза түседі. Арнайы инструкторлар демалушыларға қызмет көрсетіп, ауыл туризмін дамытуға үлес қосып жүр.

Осындай жетістіктердің арқасында Алатау ауылы – шекара маңындағы үлгілі елді мекендердің бірі. Халықтың ауызбіршілігі, еңбекке деген құлшынысы, табиғатпен үндес тіршілігі – бұл ауылды өзгелерден ерек етеді. Мемлекеттік бағдарламалардың дер кезінде әрі тиімді жүзеге асуының арқасында ауыл өмірі жаңғырып, тұрақтылық пен өрлеу жолына түскен.

Қорытындылай келе, Алатау ауылы – жай ғана ауыл емес, ол – Қазақстандағы шекара маңындағы ауылдардың даму жолындағы жарқын үлгісі. Мұндай елді мекендерге қолдау көрсету – елдің қауіпсіздігін қамтамасыз етумен қатар, ішкі экономикалық, әлеуметтік тұрақтылықты бекемдеудің де негізі. Сондықтан мұндай ауылдардың дамуы – бүкіл елдің дамуымен тығыз байланысты.