«Жаһандық бастамалардың арқасында БҰҰ-ның тұрақты емес мүшесі болдық»

Қазақстанның жаһандық бастамаларға белсенді түрде қатысуы БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесіне тұрақты емес мүше болуына түрткі болды. Бұл туралы халықаралық сарапшы Нұрболат Нышанбай мәлімдеді.
«Қазақстанның жаһандық бастамасы туралы айтқанда ең бірінші ядролық қаруға қарсы ұстанымыз еске түседі. Себебі Семей ядролық полигонын жабу Қазақстанның әлемдік аренада имиджін көтерді. Көптеген мақалалар мен кітаптар жазылып, тіпті кионолар түсірілді. Бір сөзбен айтқанда әлемде Қазақстан ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан ел ретінде танылды.
Екінші бастама 50-ге жуық мемлекеттің басын біріктіріп отырған Азиядағы өзара ықпалдастық және қауіпсіздік ұйымы дер едім. Бұл Еуропадағы ОБСЕ-нің Азиядағы баламасы болып саналады. Қазақстанның бастамасымен құрылған ұйым әлі күнге дейін жұмыс істеп келеді әрі ықпалы да артып жатыр.
Еліміздің үшінші бастамасы ретінде Қазақстанның халықаралық ұйымдардан бөлек дипломатиялық салада жұмсақ күшті көбірек пайдалану деп айтуға болады. Мәселен аймақтық интеграцияларда көшбасшы болу және әр түрлі G-Global жобасы жүзеге асты», – дейді ол.
Сондай-ақ сарапшы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Орта держава» жобасына назар аудартты.
«Яғни, аталған идея арқылы мәселені дипломатиялық және БҰҰ жарғысы аясында шешуге мән бере бастадық. Бір сөзбен айтқанда Қасым-Жомарт Тоқаев билікке келгелі Қазақстанның жаһандық бастамаларының көбі қақтығысты БҰҰ ықпалын арттыру арықылы шешуге көңіл бөліне бастады.
Қазақстан Орта Азия мемлекеттермен салыстырғанда жаһандық бастамалармен 2010-2015 жылдары өте белсенді болды. Осы бастамалардың арқасында біз Орталық Азия мемлекеттері арасында ең бірінші болып 2017-2018 жылдары БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болдық. Аталған ұйымға тұрақты емес мүше болуымыз еліміздегі әр түрлі жаһандық бастамаларда белсенді болуымызбен тікелей байланысты», – дейді Нұрболат Нышанбай.