«Халық сот кабинеті арқылы өзінің талап-арызын жаза алады»

Еліміздегі құқықтық саясатты іске асыру мен құқықтық мәдениетті қалыптастыру жұмыстары қай деңгейде?  Заңгер Әлімжан Жұбатханов құқықтық мәдениеттің қалыптасып келе жатқанын айтады.

«Қазақстан Республикасының құқықтық саясаты дегеніміз мемлекеттік заң шығару, құқық қолдану, әділ сот және құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету болып саналады. Бір сөзбен айтқанда ол ұзақ мерзімді стратегиялық бағыт болып отыр. Оның ең бірінші бағыттары заң үстемдігі, әділеттілік, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау болып табылады. Құқықтық саясаттың мақсаты заң үстемдігін орынатып, адамдардың құқықтарын қорғау мен заңнамаларды жетілдіру және сот пен құқық қорғау органдарын реформалау деп ойлаймын. Ал соттың реформасына байланысты судялардың біліктілігін жетілдіру үшін оларды іріктеу кезінде қатаң талап қойылып жатыр.

Біздің елде құқықтық саясатты іске асыру жолдары қалай жүзеге асып жатыр? Заң мен соттың және құқық қорғау реформасын жүргізу секілді жұмыстарды басты назарға алу керек. Мысалы заңнаманы реформалауға не кіреді? Әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу үшін қылмыс кодексті жаңарту жұмыстарын басты назарға алу керек. Жыл сайын бізде бұл салада жаңғыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Ашықтыққа келетін болса, Ашық үкімет принципі бойынша Егов, Е-Өтініш платформасы бар. Халық «Егов» порталы арқылы
электрондық кілт арқылы кез келген мемлекеттік органға өзінің арыз-шағымын жаза алады. Жеке куәліктен бастап, жүргізуші куәлігі, неке және туу туралы куәліктің бәрін арнайы портал арқылы алуға мүмкіндік бар.

Сондай-ақ сот кабинеті платформасы арқылы халық өзінің талап-арызын жаза алады. Бұдан бөлек қазір сот онлайн формада жұмыс істеп жатыр. Бұл қарапайым халық пен адвокаттарға тиімді болды. Еліміздің кез келген өңірінде болған сот отырсына онлайн қатысуға мүмкіндік бар. Бұрын белгілі бір қаладағы сот отырсынан арнайы баруға тура келетін. Қазір үйде немесе кеңседе отырып, сотқа қатысып, жұмыс істеу жеңілдеді», – дейді заңгер.