«Қаржы пирамидасына алданып жатқан азаматтар баршылық»

Заңгер Нұрсұлтан Орынбековтың айтуынша, еліміздегі қаржы пирамидалары өзін пирамидамыз деп ашық айтпайды. Себебі ол алаяқтар пирамиданың схемасында ашық түрде жұмыс істемей, жұмыс істеу тәсілін өзгерткенін ескертті.

«Қазіргі таңда қаржы пирамидасын құрушылар жасырылған инвестициялық жоба ретінде өзін көрсетуге тырсады. Мәселен белгілі бір кәсіпкер нақты бір тауарға инвестиция салуға шақырады да, әр адамға ай сайын 30 пайызға дейінгі дивиденд беру уәде етіледі. Бұл дивидендтер белгілі бір тауардың сатылымынан немесе қызметтен түсіп жатқан ақша емес, салымшылардың ортасындағы ақшадан қаржы үлестіреді. Себебі бірінің қаржысын екіншісіне беріп, қымыз секілді әбден сапырады. Ең соңында аталған қызмет түрі қаржылық пирамидалық сипатқа ие бола бастайды. Яғни жапапй адам тарту секілді оның схемасы адам тартуға алып келеді. Жеме жемге келгенде пирамиданың қаржысы триллиондаған банктерден де асып кетеді. Өйткені әу баста халыққа «Жоғары пайыздық табыс табасыңдар» деп адамдарды қызықтырады.

Әрине халықтың арасында тез байығысы келетін адамдар баршылық. Сол себепті көп адам «Мол қаржыға бірден ие боламын» деп алданып, қаржы пирамидасына қаржы құйып жатады. «Өзім үйде демалып жатсам, ал ақшам бірнеше есе өсіп жатса екен» деп ойлайтын азаматтар баршылық. Шын мәнінде тез байып кетемін деген ой адамдардың аңғалдығына байланысты болып отыр.

Оның үстіне тез баю туралы елге белгілі блогерлер мен өнер адамдар айтқан соң қарапайым халық оларға имандай сенеді. Өкінішке қарай қазір халықтың жан қинамай бай болып кетуге деген сенімі күшті болып тұр. Бірақ бүгін ашылып, ертең жабылып жатқан қаржы пирамидаларына халық еш күмәнданбайды. «Пирамида болса болсын, оның ең басында мен болып, мол қаржыны қалтама басып қалайын» деген түсінік азаматтарды меңдеп алған. Сол себепті қаржы пирамидасының ақ қарасын айырмай, әлі де алданып жатқан азаматтар баршылық. Себебі қоғам тарапынан сұраныс болғаннан кейін ұсыныс та болып жатыр», – дейді ол