Мәзір
Саясат

Көмек үзілмесе Украина сөзсіз жеңеді – Қуаныш Еділхан

Көмек үзілмесе Украина сөзсіз жеңеді – Қуаныш Еділхан

        2022 жылдың ақпан айынан бері бауырлас Ресей мен Украина соғысып жатыр. Бұл соғыс ұзақтығы жағынан Екінші дүниежүзілік соғыспен салыстырылатын деңгейге жетіп, алапат майданға айналды. Ресейге салынған санкциялар Владимир Путинді соғысты тоқтатуға неге мәжбүр етпеді? Осы және өзге де сұрақтарды әлеуметтік желі белсендісі Қуаныш Еділханға қойдық, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі.

– Ресей мен Украина соғысып жатқанына төрт жылға жуықтады. Әу баста «Киевті үш күнде жаулап аламыз» деген Мәскеу Украинаны неге тізе бүктіре алмады? Бұл Ресей армиясының әлсіздігі ме, әлде Украина Қарулы күштерінің мықтылығы ма?

– Екі фактор да бар. Біріншіден, Ресейдің өзін «әлемдегі екінші армиямыз» деп көрсетуі жай ғана пропаганда болып шықты. Кеңес Одағынан қалған мыңдаған техника – танктер, броньды көліктер, артиллерия, дүркіндетіп ату реактивті жүйелері (ДАРС), қоймаларда сақталған оқ-дәрілер, ұшақтар және тағы басқалары Ресей Федерациясының қоймаларында қалды. Кейбірін бұрынғы КСРО құрамында болған елдер тәуелсіздігін жариялаған кезде РФ әскерилері түрлі жолдармен алып кеткен, ал ол елдер оны кері қайтара алмады.

Әрине, ядролық қару бойынша Ресейде кейбір компоненттер жағынан АҚШ-тан да көп қор жиналған. Шамамен бір миллионға жуық әскері болды. Осылардың бәрі Ресейді әлемде қуатты армиясы бар ел ретінде сипаттауға жеткілікті еді.

Ал Украинаға келсек, 1994 жылы Ресей, АҚШ және өзге де елдердің кепілдігімен Ресейден кейінгі екінші орында тұрған ядролық қаруынан бас тартуы, сондай-ақ бірнеше президент тұсында Украина армиясына еніп алған ФСБ агенттерінің лоббистік әрекеттері салдарынан әскердің әлсіреуі 2022 жылғы соғыс қарсаңында Ресейдің «Киевті үш күнде аламыз» деген мәлімдемесіне негіз болды. Бұл Мәскеуде «жеңіс сөзсіз біздің жағымызда» деген жалған иллюзия қалыптастырды.

Дегенмен 2014 жылы Қырым аннексияланғаннан кейін украин қоғамында патриоттар мен озық ойлы азаматтар армияны күшейту қажет екенін түсінді. Осы бағытта нақты жұмыстар жүргізілді. Бұл жерде Валерий Залужныйдың еңбегі ерекше. Оның үстіне 2020 жылы АҚШ-та билікке Джо Байденнің келуі бұл процесті жеделдетті. «Джавелин» және басқа да танкіге қарсы қарулар жеткізіле бастады. Сондықтан 2022 жылы Ресей шабуыл жасағанда, Украинада алғашқы соққыны тойтаруға жеткілікті қару болды. Бұған АҚШ барлау мәліметтерінің де үлкен көмегі тиді. Батыс елдері әлі күнге дейін Украинаға қару-жарақпен, қаржылай және барлау мәліметтерімен қолдау көрсетіп келеді. Соның арқасында соғыс әлі жалғасып отыр.

– АҚШ-тың бұрынғы президенті Байден биліктен кеткен соң оның орнына келген Трамп Украинаға салқын қарап, Ресейді қолдай бастады. Алдағы уақытта Трамптың Путинге көзқарасы өзгеріп, Киевке әскери көмекті арттыруы мүмкін бе?

– Жоқ, Украинаға көмекті арттырмайды. Трамп авторитарлық көзқарастағы адам. Ол диктаторларды жақсы көреді, Путинге еліктейді, оны өзіне кумир санайды. Путин оны бірнеше рет алдаса да, әлі күнге дейін оған қарсы нақты қадам жасаған жоқ. Украинадағы бейбіт қалалар атқыланғанда да бірде-бір рет украин халқына көңіл айтқан емес. Оның салған жалғыз санкциясы – «Лукойл» мен «Роснефтьке» қатысты шектеулер. АҚШ халқын сатып кеткені айқындала бастаған соң, амалсыз бірдеңе істеуге мәжбүр болды. Венесуэладағы ресейлік танкерлерді тұтқындауы да – соның бір көрінісі.

– Еуропа елдері 2027 жылдан бастап Ресей газын сатып алудан бас тартпақ. Бұл Путиннің соғысты жалғастыруына кедергі бола ма?

– Айтарлықтай кедергі келтірмейді. Қазір соғыс принципке айналды: кімнің ресурсы бұрын таусылса, сол тарап соғысты тоқтатуға мәжбүр болады. Путин тек қаржысы әбден сарқылғанда ғана соғысты доғаруы мүмкін. Бұл жөнінде мен посттарымда егжей-тегжейлі жаздым.

Украинаның өз ресурсына келсек, ол, әрине, аз әрі айтарлықтай таусылған. Халқы да қатты шаршады. Бірақ Еуропаның ресурсы Ресейден әлдеқайда көп. Сондықтан көмектің үзілмеуі аса маңызды. Көмек үзілмесе, Украина сөзсіз жеңеді.

– Кейбір сарапшылар АҚШ пен Еуропаның санкциялары Ресейді тығырыққа тірейді деп болжаған еді. Бірақ Мәскеу соғысты тоқтатпай отыр. Санкциялар әсер етті ме?

– Ресей шынымен тығырыққа тіреліп тұр. 2026 жыл шешуші жыл болуы мүмкін. Жаңа жылдан бастап азық-түлік пен коммуналдық төлемдердің күрт өсуі соны аңғартады. РФ аймақтары бюджет тапшылығына ұшырады, тіпті келісімшарттағы әскерилерге төлем жасау қиындап барады. Бір сөзбен айтқанда, санкциялар қатты әсер ете бастады.

Әрине, Ресейге көмектесіп отырған елдер де бар. Олар санкцияларды айналып өтуге ерікті не еріксіз түрде жағдай жасап келді. Алайда ЕО мен АҚШ соңғы кезде мұндай елдерге де санкция сала бастады. Дегенмен уақыттан ұтылып қалды – мұны әлдеқайда ертерек қолға алу керек еді. Күні кешеге дейін Ресейдің көлеңкелі флоты түрлі айла-шарғылармен мұнай сатып келді. Давоста Зеленскийдің Еуропа көшбасшыларына жасаған қатаң сынынан кейін ғана бұл бағытта қозғалыс байқалды. Мен кеше фейсбуктегі жазбамда осы туралы айттым.

– Қазір Ресей Украинаның ірі қалаларындағы ЖЭО-ларды жаппай атқылап жатыр. Украина билігі мен халқы бұған төтеп бере ала ма?

– Украина халқы төтеп береді. Қанша қиын болса да, халық шыдауға бел байлаған. Украиндықтар: «Окопта жатқан сарбаздар да бізді қорғап, суықта отыр ғой», – дейді.

– Ресей ЖЭО-ларды атқылап жатқанда, неге Киев Мәскеудің ЖЭО-ларына соққы жасамайды деген сұрақтар да бар...

–          Мұның басты себебі – мүмкіндіктің шектеулігі. Кейбір дрондар жетіп жатыр, бірақ айтарлықтай нәтиже бермей отыр. Мәскеу мен оның маңайы көпэшелонды әуе қорғаныс жүйесімен жақсы қорғалған. Ұзақ қашықтықтан ұшқан дрондар атып түсіріледі.

Украинада Мәскеуге жететін зымырандар бар, бірақ неге қолданылмай отырғаны нақты белгісіз. Бұл жерде саяси шешім қажет болуы мүмкін. Батыс елдері, әсіресе АҚШ тарапынан Мәскеуге тікелей соққы жасамау туралы ескертулер болуы ықтимал. Данияда дайындалып жатқан «Фламинго» қанатты зымырандарының алғашқы партиясы ақпан айында Украина Қарулы күштеріне жеткізілуі тиіс. Сол кезде жағдай өзгеруі мүмкін. Ал «Таурус» пен «Томагавк» зымырандарының Украинаға берілмей отырғаны да – саяси себептердің салдары.