Ұлттық рәміздерімізге құрмет артып келеді

Мемлекетіміздің ең басты нышаны ту, елтаңба және әнұран болып саналады. Қазақ қоғамы мемлекеттік рәміздерге қаншалықты ұқыпты және құрметпен қарап жүр?

«Шетелде туымызды дәріптеу трендке айналды»

Журналист, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты Геральдикалық зерттеулер орталығының бұрынғы қызметкері Жарқынбек Жұмаділ  соңғы 2-3 жыл көлемінде мемлекеттік рәміздерге қоғамның құрметі артқанын айтады.

 

«Өздеріңіз білесіздер, бұрын тумен қоқыс шығару оқиғасы көп кездесетін. Алайда соңғы жылдары мемлекеттік рәміздерге құрметсіздік азайып жатыр. Мысалы жыртылған ту жерде жатса немесе мемлекеттік мекемеде ескіріп қалса, оны жеке адамдар дер кезінде жаңартуға тырысып, мемлекеттік рәмізге құрметін көрсетеді. Осыған қарап жыл сайын ұлттық рәміздерімізге құрмет артып келе жатыр деп айтуға болады. Мысалы Нұрлан Қоянбаевтың ту таратып, Алматыда үлкен шармен туды ұшыру акциясы өте жоғары деңгейде өтті. Бір сөзбен айтқанда адамдардың туға деген құрметі артып келе жатыр. Мысалы, Өскеменде тудың жыртылғанын көрген тұрғындар, оны видеоға түсіріп әкімдікке ескерту арқылы түзеді. Сонымен қатар, шетелге шыққанда да туымызды алып шығып, дәріптеу трендке айналып бара жатыр», – дейді ол.

«Спортшылар әнұран тоқтап қалса, өздері айтатын болды»

Әйтсе де ол мемлекеттік рәміздерімізге әдейі емес, бірақ селқос қарайтын мемлекеттік мекемелер бар екенін ескертті.

«Мысалы, Талдықорған сотының елтаңбаны қоқысқа тастауы ұят тірлік болды. Өкінішке қарай кейбір мемлекеттік мекемелерде рәміздерге аса құрмет көрсетіле қоймайды. Нақтырақ айтсақ кейбір мекемелерде тудың ескіруі, жыртылуы сияқты нәрселер кездеседі.

Қоғамда мемлекеттік рәміздер ішінде ең танылғаны – ту. Сол себепті мемлекеттік рәміздердің ішінде тудың дәріптелуі жоғары. Ал, әнұранымыз балабақша мен мектептерде кең көлемде насихатталуда. Қазір кішкентай балалар әнұранды естісе, қолын жүрегінің тұсына қойып тұра қалады.

Сондай-ақ бұрын спортшылар әнұран шырқалған кезде, қолын жәй ғана кеудесінің тұсына қоятын. Ал қазіргі спортшылар әнұран тоқтап қалған кезде, өздері жалғастырып айтып кетеді. Сонымен қатар, ту төмен түсіп қалған кезде, жоғары көтеріп құрмет көрсетуде.         Бұл деген сөз қарапайым халықтың  мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге құлшынысы артып келе жатқанын білдіреді. Бірақ, мемлекеттік рәміздеріміздегі әрбір элементтің қадір-қасиетін ұғынатын қоғам әлі де қалыптаспады», – дейді ол.

«Мемлекеттік ту түсінің коды бекітілмеген»

Жарқынбек Жұмаділ Геральдикалық зерттеулер орталығынның мемлекетті рәміздерді насихаттау бөлімінің бір жылдай басшысы болғанын айтады.

«Біз мектептерде Мемлекеттік рәміздердің дұрыс насихатталуын қадағаладық. Бізде мемлекеттік рәміздерге қатысты балалардың есінде бірден сақталып қалатын ойыншықтар, ойындар жоқ. Көп іс-шараларда рәміздердің тарихы, авторларын, конкурсқа қанша ту қатысты дегендерді қайта-қайта айта береді. Олардың мән-мағынасын, тарихын түсіндірмейді. Егер оқушыларға ұлттық нышандардың жай-жапсарын тарқатып айтсақ олар жігерленіп, санасында мәңгі сақталып қалар еді.

Сондай-ақ қоғам тарапынан мемлекеттік тудың түсі әр түрлі болатыны жиі сыналады. Негізі әр мемлекеттік ту түсінің коды болады. Өкінішке қарай бізде туымыздың түсінің коды анықталмаған. Сол себепті ту бірде өте қанық болса, тағы бірде ақшыл болады. Шетелге делегацияларда шыққанда тудың түсінің қанықтығы өзгеріп тұрады. Себебі тудың коды арнайы бекітілмеген. Біздің мемлекеттік комиссия тудың түсі «Осындай болу керек» деп нақты айту керек. Ал басқа елдердің туында олардың түсі қандай болуы керек екені арнайы бекітілген», – дейді Жарқынбек Жұмаділ.