Путинге Тоқаев пен Мирзеевтің жиі кездесуі ұнамайды – Сарапшы
![](https://alashorda.kz/wp-content/uploads/2024/04/tashkent-905x613.jpg)
Өзбекстанға жұмыс сапарымен барған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты Үргеніш қаласының әуежайында Президент Шавкат Мирзиёев қарсы алды. Қос елдің басшылары Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастықты одан әрі нығайту мәселелерін талқылады.
Қос президенттің арасындағы жақсы қарым-қатынас қазақ-өзбек байланысына қалай әсер етеді? Осы және өзге де сұрақтарды халықаралық сарапшы Жанат Момынқұловқа қойдық.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстанға аяқ астынан барған сияқты. Жалпы президенттің бұл сапарының астарында не жатыр?
– Бір жыл бұрын екі мемлекеттің арасында одақтақтастықты нығайту жөнінде келісімге қол қойылған болатын. Аталған келісімде егер екі мемлекеттің біріне сырттан қауіп төнген жағдайда дипломатиялық арналарды іске қосып, консультация жасау жағы қарастырылан. Бірақ, сол құжаттарды қарасақ одан арыға бармаған сияқты. Президенттің Хиуа мен Үргенішке сапары бір жылдан кейін ұйымдастырылып отыр. Сондықтан да бұл жұмыс сапардың символикалық мәні бар. Себебі, Үргеніш бір жағынан Қарақалпақстанға жақын, екінші жағынан Қыпшақтардың мекені болып саналады.
2016 жылы «Қыпшаққа жақын екі ел одақтас болуы керек» деп айтқан болатынмын. Екі жылдан кейін, 2018 жылдары екі мемлекет арасындағы одақтастық туралы келісімге қол қойылды. Былтыр екі жақты одақтастықты одан сайын күшейттік. Бұның көптеген астары бар. Біріншіден, екі мемлекет халықаралық саясатта бірге әрекет етіп, Орталық Азияның салмағын арттыруды көздеп отыр. Өйткені, қос елдің жеке дара саясатта салмағы аз. Былтыр Қазақстан мен Өзбекстан бірлесіп, аймақтың атынан Америка, Германия мен Араб елдерімен келіссөз жүргізді.
Мәскеудегі террорлық оқиғадан кейін екі мемлекеттің аяқ астынан кездесуі кездейсоқтық емес. Өйткені, миграция мәселесі бар. Егер Ресейдегі мигранттар қайтатын болса, онда ол екі елге әсер етуі мүмкін. Одан кейін, қауіпсіздік мәселесін назардан тыс қалдыруға болмайды. Терроризм мәселесінде Орталық Азияның жиі-жиі айтылуы жақсылықтың белгісі емес. Осындай жағдайда Орталық Азияның екі мемлекет басшыларының кездесіп тұрғаны дұрыс. Сонымен қатар жақында Қазақстан мен Қырғызстан екі тарапқа қауіп төнген жағдайда бір ел екінші мемлекетке жәрдемдеседі немесе бір мемлекетке қарсы агрессия жасалып жатқан кезде сол мемлекеттің териториясын қолданбайды деген келісімге қол қойылды. Бұл келісім арқылы біз тым тереңдеп кеткен сияқтымыз.
– Өзіңіз айтқан Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы одақтастық туралы келісімнен «Егер бір мемлекетке қауіп төнсе, екінші ел оған көмектеседі» деген алынып тасталды емес пе? Бұл келісім шартқа Ресей қарсы болды ма?
– Иә, алынып тасталды деп жатыр. Бірақ, бұл жерде консультациялық, дипломатиялық келіссөздер жүргізетін болады. Ақылдасу тетігі іске қосылады. Осы жөнінде сарапшылармен сөйлесіп көрдім. Мәселен сарапшы Сұлтан Әкімбеков «Өзбекстаннан өзімізді алыс ұстауымыз қажет. Егер еліміз Өзбекстанмен жақындасатын болса, Орталық Азияда мигранттар саны артып, исламизация күшейіп кетеді», деп Өзбекстанды қауіп көріп отыр.
Сондай-ақ қазақ дипломаттарымен, түркі әлемін зерттеп жүрген ғалымдармен сөйлесіп көрсем, олар керісінше екі жақты байланысты Қазақстан емес, Өзбекстан жағы тоқтатып қойғанын айтты. Менің ойымша, Өзбекстанмен байланыстарды нығайтуды Қазақстан жағы тоқтатып тұрған сияқты. Әрине, біздің инвестициялық мүмкіндіктеріміз бар. Ол жақтан біраз компаниялар сатып алуға болады.
Соңғы кездері Өзбекстанның маңызының артқанын мойындауымыз қажет. Қазақстанның дипломатиясы жақсы жұмыс жасауда, бірақ, Өзбекстанның өзіндік саясаты бар. Мысалы, жақында Өзбекстанның біздің «Каспий» сияқты компаниясы «Үзүм» деген атпен IPO-ға шығайын деп жатыр. Үлкен ірі Каспийға жетіп алды да, енді оны екі орайтын компания болды. Англиядан инвестиция тартып жатыр.
– Қазақ-Өзбек қарым-қатынасына, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзеевтің кездесіп жатқанына солтүстіктегі Ресей президенті Путин қалай қарайды?
– Путинге Орта Азияның қос бірдей басшысы – Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзеевтің жиі кездесуі ұнамайды деп ойлаймын. Өйткені, Ресей екі мемлекет бірігіп, күшейіп кетеді деп қауіптенеді. Мысалы Кремль қос ел Америка мен Батысқа «Біз үлкен аймақпыз, бізге келіп инвестиция салып, бізбен жұмыс жасаңдар, бізде ресурс жеткілікті» деп айтып, өзінен алшақтайма деп алаңдайды.
Шынын айтқанда Ресейде болған соңғы терактіге байланысты көп ой түйуге болады. Себебі аталған мемлекет өз еліндегі келеңсіздіктерді Орталық Азия азаматтарынан көріп отыр. Менің ойымша, Ресейдің Орталық Азияға байланысты өз жоспары бар. Мысалы, Украина соғысын пайдалана отырып, Қазақстан мен Өзбекстанды өзіне тартып, қысым көрсетудің жолдарын іздестіріп жатыр. Бірақ Кремльдің күші бұрынғыдай емес. Қос ел осы жағдайды пайдаланып тез қимылдауы керек. Бір қуантарлығы оны қазір жасап жатқан сияқты көрінеді.
Орталық Азияда Қазақстаннан қарағанда Өзбекстанның Түркіменстан, Қырғызстан және Тәжікстанға ықпалы жоғары секілді. Қазақстан енді осыны ақырындап балансқа келтіріп, өз ықпалын арттырғысы келеді. Бірақ, мұны Өзбекстан арқылы жасамақшы. Қазіргі таңда екі мемлекеттің арасынан еш бәсекелестік көріп тұрған жоқпын. Өйткені, екі тарап толық түсініскен сияқты.
– Нұрсұлтан Назарбаев пен Ислам Каримовтың арасында бәсекелестік болды. Ал Тоқаев пен Мирзеевтің арасында бәсекелестік байқалмайтын секілді. Жалпы екі тұлғаның арасындағы жақсы қарым-қатынас қазақ-өзбек байланысына қалай әсер етеді? Екі Президенттің қарым-қатынасына қандай баға бересіз?
– Жалпы, екі жақ бірін-бірі жақсы түсініскен сияқты. Нұрсұлтан Назарбаев пен Ислам Каримов сияқты автократтардың жанында қалыпқасқан қос тұлға бірінші президенттен қарағанда жұмсақ модельді лидер болып отыр. Олар бәсекелестік неге алып келетінін көрді. Сондықтан, екі жақтың да көзқарасы бір жерден шығып, бір-бірін мойындап, құрметтеп жатқан сияқты. Бірақ, мемлекеттік мүдде, қауіпсіздік басты назарда. Мысалы екі мемлекет Қытайдан, Батыстан, Араб елдерінен келетін инвестицияға конкуренция болуы мүмкін.
– Әңгімеңізге рахмет.
Шынар АҚЖАНҚЫЗЫ
![](https://alashorda.kz/wp-content/uploads/2024/01/alash_orda_tiktok_1.png)