Ашыққан әйел болыстың баласын сойып жеген
Ақтөбе облысына қарасты Алға ауданында 1906 жылы дүниеге келген Ғалым Ахмедов 1930-1938 жылдары Жамбыл облысында қызмет етеді. Нақтырақ айтсақ ол Әулие-Ата қаласындағы ауыл шаруашылық техникумында директор, Жамбыл қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы, Қазақстан КП Орталық комитетінде нұқсаушы болып жұмыс істейді. Аталған азамат Тұңғышбек Байқұловтың «Әулие-Ата өңіріндегі ашаршылық» кітабында Жамбыл облысындағы ашаршылық туралы жан түршігерлік оқиғаларды естелік ретінде жазған екен.
***
1931-1932 жылғы қыста ашыққан адам Әулие-Атаға сыймай кетті. Бұлардың көбі Сарысу, Талас аудандарынан келген аштар. Қаланың маңындағы ауылдардың да көпшілігі аш, олар да тамақ іздеп қалаға шұбырды. Әулие-Ата қаласы Талас өзенінің сол жақ қапталында, оң жағында қаладан төрт-бес шақырым жерде Свердлов атындағы қазақ колхозы бар, сол колхозды аудандық партия комитеті біздің техникумға шефке берген және мені сол маңдағы он бір колхозға уәкіл етіп жіберді.
Бұл бір үлкен колхоз екен, халықта азық-түлік жоқ, алды аштан өле бастаған, ісінген адамдар тіпті көп. Қасында көршілес жатқан «Красная заря» деген орыс колхозының адамдары түгел дерлік үй-жайларын тастап кетіп қалған. Малға шөп жоқ, олар да көтеремнен өле бастаған. Аудан басшыларына жай-жағдайды айтқаннан кейін бір совхоздан шөп алып беріп еді, бірақ колхозда оны тасуға жарайтын адам жоқ. Сондықтан техникумның мал дәрігерлік және зоотехниктер бөлімдерінің соңғы курстарының студенттерін «тәжірибеден өту үшін» деген сылтаумен колхозға әкеліп мал қарауға, шөп тасуға пайдалануға тура келді. Сол кезде ашыққан адамдар қораның төбесінен түсіп, малдың ішін жарып жіберіп, сан етін кесіп әкетіп те жүрді, сондықтан күзетке де студенттерді қойдық.
Сол қыста көзіммен көрген жан түршігерлік бірнеше оқиғаларды айтып берейін.
Бір күні «Свердлов» колхозына қаладан үш адам келді. Екеуі ГПУ-дың қызметкерлері, үшіншісі мыжырайған орыс шалы, ол фельдшер екен. Әскери киімді, етжеңді қара торы жігіт, жағасындағы петлицасында үш ромбысы бар, ондай адамдар ол кездерде қазіргі генерал дәрежесінде болса керек. Мені оңаша шығарып алып, өзінің Алматыдан келгенін, фамилиясы Петров екенін айтып танысты. Атын ұмытып қалдым, ұлты якут екен. Ол менен: «Осы ауылда біреу кісі сойып жепті ғой, білесің бе?» деп сұрады. Мен шошып кетіп, білмейтінімді айттым, шынында да ондай болды дегенді естіген жоқ едім. Содан соң ол:
«Қазір бір жерді тінтіп көреміз, сойылған адамның қалған еті сол жерде болу керек. Комиссияның бір мүшесі өзіңсің, ауатком қосып берген. Кәне, солай қарай барайық» деді. Осы кезге дейін өлген кісіні көрген жоқ едім, соны айтып, бармасам қайтеді деп едім, Петров күліп: «Қашанғы көрмей жүре бересің, енді көр» деп мені қолтықтап жұрт тұрған жерге қарай алып кетті.
Ауылдық кеңес, колхоз бастығы, бригадирлер және басқа да адамдар бір үйдің алдына бардық. ГПУ-дың адамдары қолдарында күректері бар екі жігітке үй алдындағы күресінді көрсетіп: «Осы жерді қазыңдар» деді. Күресін астынан жаман тонға ораған адам еті шыға келді. Денесі мүшеленген, басы еттің үстіне салынған, аузы ырсиып, тістері ақсиып тұр. Ернінің үстінде селдірлеу мұрты, иегінде шоқша сақалы бар, жасы қырықтың үстінде-ау деймін. Фельдшер мүшеленген етті түгелдеп қарап, жүрегі, тағы бірдемелерінен басқасы бар екенін анықтап акті жасады.
Оқиға былай болған екен. Меркі жағында ертеректе Баянды деген болыс болыпты. Болыстың жалғыз баласы ашыққан соң ілгеріде осы ауылға ұзатылған апасын іздеп келсе, ол апасы бала-шағасымен аштықтан қаңғып кетіпті. Содан соң апасының көршісі болған әйелдің үйіне қонады… Келесі күні бір әйел тауығын іздеп жүріп болыстың баласы қонған үйдің қорасының тесігінен қараса, үй иесінің адамды сойып жатқанын көріп ойбайлап қаша жөнеледі. Ауыл адамдары бұл істі ешкім білмесін деп жасырса керек, бірақ сондай ауыр кезде де ауылда да ГПУ-дың жансыздары болғаны ғой. Қаладан келген адамдар кісі сойған айелді алып кеткен содан соң не болғанынан хабарым жоқ.
«Өздері аш па, қалай?» дейтін көрінеді»
Егіс жұмысы басталған көктем кезі. Көлік жоқтың қасы. МТС-тан екі трактор келген, тракторшылар техниканы жөндеп үйреніп те үлгермеген бір-екі орыс жігіттері, тракторларды жөндеп жүргізе де алмайды, істегендерінен тұрғандары көп. Жоғарыдан жерді кетпенмен жыртыңдар деген нұсқау келген. Жұмыс қауырт, «көктемнің бір күні жылды асырайды» десек те, колхозда кетпенге жарайтын адам жоқ. Сондықтан техникумның тағы да екі курсының студенттерін әкеліп жұмысқа салуға тура келді.
Аупартком уәкілдерге қалаға келуге рұқсат бермей қойған. Үсті-басым кірлеп кеткен соң бір күні қатардағы колхозда жүрген уәкіл орыс жігітті орныма тастап, жуынып келейін деп қалаға кеттім. Әлгі жігіт жұмысшыдан жоғарылатылған, оқуы аз болғанымен пысық адам болатын. Тап сол мен кеткен күні колхозға обком хатшысы Восканов деген кісі, жер батпақ болғандықтан машинамен емес, фаэтон арбамен келіпті. Мені қайда деп сұрағанда орнымда қалған жігіт: «Ахмедов алысырақтағы колхоздарға кетті» дейді. Өзің кімсің, дегенде орынбасарымын дей салады. Содан соң Восканов блокнотына қарап басқа колхоздардың жайын сұраса, мүдірмей шамамен айта беріпті. Біраздан кейін Восканов оған қарап тұрып: «Әй, өзің бір ескі очковтиратель екенсің» депті. Сонда менің орнымда қалған жігіт: «Өзіңіз кім боласыз?» деп сұрапты. Кейін әлгі жігіт: «Восканов өзінің кім екенін айтқанда, ой, қорыққаным-ай! Бұрын көрген жоқ едім, кавказдық тентек адам деп еститінмін. Көп уәкілдердің біреуі шығар деп аузыма түскенді соғып тұр едім, атын естігенде тұла-бойым мұздап кетті» деді. Сонда Восканов арық тазалап жатқан адамдарға қарап, қалтасынан алма алып жеп тұрып: «Өздері аш па, қалай?» дейтін көрінеді.