«Ауыл аманаты» бойынша несие алып, макарон цехын ашты
Үкіметтің «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы 2 пайыз несие алып, өз кәсібін бастаған азаматтар баршылық. Солардың бірі һәм бірегейі Жамбыл облысы, Тұрар Рысқұлов ауданына қарасты, Құлан ауылының тұрғыны Эльвира Атханова. Бұрын базарда саудамен және косметологиямен айналысқан азамат туған әпкесі екеуі макарон цехын ашып, бірнеше азаматты жұмыспен қамтып отыр.
«Күн сайын 1 тонна макарон шығарамыз»
Отыз тоғыз жастағы Эльвира Атханова әпкесі екеуі 8 миллион 600 мыңнан жалпы құны 17 миллион 200 мың теңге алғанын айтады. Сондай-ақ ол макаронның 7 түрін өндіретінін тілге тиек етті.
«Біз бұл қаржыны Абай ауылында макарон өндіретін цех жұмысын бастау үшін алдық. Алдын ала жоспар бойынша біз күн сайын 1 тонна макарон шығаруды жоспарлап отырмыз. Жалпы цехты өз қаражатымызға салдық. Ал «Ауыл аманаты» бойынша алған 17 млн 200 мың теңгеге цехке қажетті арнайы құрал-жабдықтар алдық. Дәл осы кәсіпті қаржы алғаннан кейін бастадық. Бұл кәсіп бойынша ешқандай тәжірибеміз жоқ, бірақ арнайы технолог жалдап, жұмысты жүргізіп жатырмыз. Жалпы Тұрар Рысқұлов ауданында макарон өндірісі мүлде жоқ.
Қазіргі таңда «Ауыл аманаты» жобасы бойынша қаржы алғаннан кейін өндірісті жүргізіп жатырмыз. Өзіміз өндірген өнімді біз әлі реализация жасаған жоқпыз, бірақ цехтың жұмысын ақырындап жүргізіп жатырмыз. Себебі, макаронымызды сатуға қажетті рұқсат құжатты СЭС-тен алғанымызға екі-үш-ақ күн болды. Енді біз өнімді қаптап, сата бастаймыз. Қазіргі кезде өткізу жағынан ешқандай қиындық көріп тұрған жоқпын. Біз өнімді өндірмес бұрын, қанша тонна кететінін, дүкендерден барып сұрап зерттедік. Өнімімізді сату кезінде қандайда бір қиындық болмайды деп ойлаймын. Ал қалғанын Аллаға тапсырамыз», – дейді ол.
Кәсіпкер макаронға қажетті ұнды Тұрар Рысқұлов ауданынан аламыз деп ойлағанын айтады. Әйтсе де аудандағы жеткізушілер қажетті ұнды тауып бере алмайтын болып шыққан. Сондықтан да ол ұнды Қарағанды облысынан алдырып жатқанын ескертті.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша несие алу оңай емес»
Эльвира Атханова «Ауыл аманаты» жобасы бойынша жеңілдетілген несие алудың оңай болмағанын айтады. Алайда ол табандылық көрсетіп, өз мақсатына жеткенін тілге тиек етті.
«Жеңілдетілген несие алу үшін қаладағы пәтерді кепілдікке қойдық. Басқаны білмеймін, бірақ жеке менің бұл бағдарламамен несие алуым қиын болды. Ауданымыздағы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының басшысы Қайрат деген азаматқа несие алудағы қиындықтар туралы айтқан болатынмын. Негізі несие беру, бермеу мәселесі 15 күннің ішінде қаралуы керек екен. Мен ешкімге ешқандай ақша бермей 8 айда әзер дегенде несие алдым. Мен аудан, облыс әкіміне барып, әбден жүгірдім. Бұл кезде несие алуға қажетті құжаттарым тиісті басшылардың алдарында жатқан. Жамбыл облысының бұрынғы әкімі Нұржан Нұржігітовтың қабылдауына «Несие тарихым жақсы, несием жоқ, кепілдігім бар, өндіріс ашу үшін келіп отырмын. Не үшін маған несие бермейді?» деп барғанмын. Ол кісі тиісті азаматтарға хабарласқаннан кейін «Болды, екі күнде шешіп береміз» деп айтты. Өкінішке қарай одан кейін тағы да созылып кетті.
Менің қойған кепілдігім 60 миллион, бірақ маған 17 миллион теңге берді. Кепілге қойылған үйім талапқа сай әрі цехты 50 миллион теңге болатын өз қаражатыма салдық. Негізі мен 28 миллион теңге алғым келген. Мен оларға Италиядан келетін құрал-жабдықтардың бағасын көрсеткен кезде, ол кезде оның құны әлдеқайда төмен болатын. Жергілікті билік бізге кредит бергенше, еуроның құны өсіп кетіп, алатын құрал-жабдықтарымыздың бағасы қымбаттап кетті. Сол себепті өз қалтамыздан ақша қосып, Италиядан шыққан соңғы үлгідегі құрақ-жабдық алдық. Негізі «Ауыл аманаты» бағдарламасымен 2 пайызбен несие алу тиімді, бірақ оны екінің бірінің алуы қиын секілді», – дейді ол.
«Жеңілдетілген несиені оңды солды жұмсау дұрыс емес»
Кәсіпкер «Ауыл аманаты» бағдарламасы өзіне ұнағанын, әйтсе де ол қаржыны сауатты жұмсау маңызды екенін ескертті.
«Үкіметтен жеңілдетілген несие алғаннан кейін ақшаны дұрыстап жаратып, қаржылық сауаттылықтың болғаны дұрыс. Қандайда бір ұйым қаржылық сауаттылықты үйретіп, оқытып берсе жақсы болар еді. Өйткені, қаржыны алғаннан кейін мүлде басқа нәрсеге жаратып тастайды да, сосын кім жаман, үкімет жаман болып отырады. Біздің ауданда 6 миллион теңге қаржы алып, оны басқа мақсатқа жаратып тастаған адамдар бар. Өзі уәде еткен мал да, шөп те жоқ. Кәсіп бастаймын деген қаржыға үй салып, астарына машина мініп алған азаматтар несиені төлейтін кезде қиналады. Қаржыны орнымен жаратпағаннан кейін, табыс алып келмей, тіпті керісінше ақша жоқ болып кетеді.
Өзіміз ізденіп оқымасақ, бізді ешкім оқытпаса қалай дамимыз? Ертең ол несиені төлей алмаса, кепілдікке қойылған үйінен айырылады. Себебі ол ақша бастапқы мақсат яғни, кәсіп ашу бойынша жаратылмаған. Несие бермес бұрын ең бірінші адамды оқытып алу керек. Аудан әкіміне «Мен оқиыншы, біз секілді азаматтарды оқытатын жер неге жоқ?», деп бардым. Әкім «Қытайдағы зауыттарға делегация мүшесі ретінде барасыз ба?», деді. «Барамын» деп қуана келістім. Бірақ ол уәдесі суға сіңген су секілді жоқ болып кетті. Адам сауатты болмаса, кәсіпкер ретінде өніп, өспейді. Бізде ауылда әдемі машина мініп, үйіне әдемі етіп жөндеу жасап алса болды. Өкінішке қарай азаматтардың көпшілігі 2 пайыздық несиені тегін дүние секілді көреді.
Шырылдап шындықты айтсаң оны бұқаралық ақпарат құралдары шығармай жатады. Біздің ауылымыздың әкімі «Астанадан қонақтар келе жатыр, есік алдың керемет болу керек» деп айтты. Ал мен «Қалай бар, солай көрсетіңіз» дедім. Жеке өзім менің ақшам неге жетті, соны көрсетемін. Мен неге көзбояушылық жасаймын? Сіздер көзбояушылық жасайсыздар, сосын, «Өсіп жатыр, өркендеп жатыр» деп өтірік есеп кетеді. Негізінде өсіп-өніп жатқан ештеңе жоқ. Ал оны айтсаң, сіздер тыңдайсыздар, бірақ шығарып жазбайсыздар», – деді ол.
Эльвира Атханова секілді өз алдына бөлек кәсіп ашқысы келетін азаматтар көп. Бірақ жеңілдетілген несие беруде жергілікті әкімшіліктің кедергісі жоқ деп айта алмаймыз.
Шынар АҚЖАНҚЫЗЫ