«Тасқын суды пайдалана білуіміз керек»

Соңғы жылдары еліміздегі су тапшылығы жиі айтыла бастады. Ұлан байтақ территориясы бар Қазақ елінде су ресурстары қаншалықты көлемде? Сондай-ақ еліміздегі су ресурстарын дамыту үшін не істеу керек? Осы және өзге де сұрақтарға халықаралық сарапшы Ерлан Бадашев жауап берді.

 «Су ресустарын дамыту үшін стратегиялық құжат керек»

Ерлан Аймаханұлының айтуынша, бізге су ресурстарын дамыту үшін оған байланысты көзқарасты түбегейлі өзгерту керек. Сондай-ақ сарапшы су ресурстарын басқарудың арнайы жүйесін құру қажет екенін ескертті.

«Мысалы Су ресурстары және ирригация министрлігінде су көп жылы немесе керісінше су аз жылы не істеу керек деген жүйе жоқ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен құрылған министрлікке көп үміт артып едік.  Мен ғана емес, Нариман Қыпшақбаев бастаған су саласының ардагерлері «Министрлік құрылды, су мәселесі шешілетін болды» деп қуанып, үлкен үміт күтті. Бірақ министрліктің құрылғаны бір жылға жақындаса да Су кодексіне депутаттардың көңілі толмай жатыр. Мәжіліс депутаттарының өзі «Су кодексі қалай жазылған?» деп өздері таңғалып жүр.

Өкінішке қарай аталған ведомства біз күткен үміттің үддесінен шықпай отыр. Негізі су ресустарын дамыту үшін алдағы 3-5 немесе 10 жылға арналған стратегиялық құжат керек. Өкінішке қарай болашақта су мәселесін дамыту үшін не істеуіміз керек деген сұраққа жауап беретін құжат әлі күнге дейін қабылданған жоқ. Өзім көтерген бұл мәселені президенттің өзі айтып, стратегиялық құжат қабылданбағанын сынап еді. Одан кейін де 6 ай өтті. Әйтеуір су тасқынанан кейін қимылдаған болып жатыр», – дейді ол.

«Су кодексін әлі де болса пысықтау керек»

Ерлан Бадашев  еліміздің суға тапшы екенін мойындайды. Әйтсе де ол көктемде болған тасқын судан қорықпай, қайта керісінше оған қуануымыз керек екеннін ескертті.

«Суды басқара білу үшін арнайы жүйе құрылу керек. Қазір кім неге жауапты екені белгісіз. Жергілікті әкімдіктер неге жауапты немесе Су министрі неге міндетті екенін білмейді. «Қойшы көп болса, қой арам өледінің» кері болып тұр. Негізі өкілетті органның суды басқарудың бағыт-бағдарын анықтайтын стратегиялық құжаты болуы керек. Ал бізде қазір әкімдердің бетіне қарап отырмыз. Шын мәнісінде әкімдер министрлік қабылдаған құжатты басшылыққа алып, орындауы керек. Мысалы Сырдария өзенінде екі-үш облыс болса, қай әкімнің ықпалы күшті болса, сол суды бұрып әкетіп жатады. Айталық Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіхалықова болған кезде Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шүкеев аралдың суын бұрып әкетіп, Түркістан қаласында Венеция жасады. Мен «Түркістан қаласына Венеция жасаудың не қажеті бар?» деп ойлаймын. Венеция өз елінде су көп болған соң арнайы каналдар салды. Сырдарияның суын бұрып әкеткен кезде Гүлшара Әбдіхалықова ештеңе істей алмай қалды. Ал осы күндері Арал құрғап, күн өткен сайын тартылып бара жатыр. Келісім бойынша Аралға жыл сайын  3,7 млрд су баруы керек. Былтыр 1,9 млрд, биыл 1,1 млрд су жібереміз деп жатыр. Биыл жіберетін 1 млрд су Аралға дымда болмайды.

Бұл мәселені Астанадағы өкілетті орган өз бақылауына алып, облыс пен ауданаралық судың мөлшерін белгілеу керек. Осы мәселені шешуі тиіс Су кодексінің Мәжілістегі жұмыс тобының үш отырысына қатыстым. Министрлік ұсынып отырған Су кодексін әлі де болса пысықтау керек. Айналып келгенде су мәселесін шешу кадр, маман тапшылығына келіп тіреледі.

Күні кешегі су тасқыны кезінде президент «20 су қоймасын саламыз» деп еді. Екі аптадан кейін «57 су қоймасы салынады» деген ақпарат шықты. Бір су қоймасын салуды зерттеп, оны негіздеу үшін 2 жыл керек. Небәрі екі аптаның ішінде министрлік +37 су қоймасын саламыз дегенді қайдан алды? Кейін «Бұл қайдан шықты?» десем, «Әкімдер ұсынды» деген жауап алдым. Әкімдер өзге облысқа баратын суды бұрып алу үшін су қоймасын салғысы келеді. Су мәселесіне байланысты түпкілікті шешімді қабылдайтын өкілетті орган болуы керек. Әкімдер қай жерде су қоймасын салу керек екенін шешпеуі керек», – дейді ол.

«Ұлттық гидрологиялық орталық құру керек»

Сарапшының айтуынша,  биылғы тасқын суды пайдалана білуіміз керек. Сондай-ақ ол еліміздегі судың есебі жоқ екенін ескертті.

«Тасқын судан қорқып, қашпауымыз керек. Заңға қазір ешкім бағынбайды, судың төменгі жағаларына үйді салып тастаған. Бұрын қазақ судың жағасына үй тұрмақ, қорасын да салмайтын. «Су басады» деген сақтықпен үйін қырға салған. Ал қазір керісінше судың жағасына үйлер салынып кеткен, ал оған әу баста рұқсат бермеу керек еді.

Сондан кейінгі ең басты мәселе бізде судың есебі жоқ. Жыл сайын «Бізде 100 км куб су бар, оның 46-сы шет елден, 52-сі ел аумағынан келеді» деп айтады. Бұл сөздің 46-сына сенуге болады, ал 52-сіне күмәнмен қарау керек. Себебі қазір өзен-сулардың көпшілігі құрғап қалды.

Жоғарыда айтқанымдай бізде нақты судың есебі жоқ. Біз нені басқарып отырғанымызды білмейміз. Министрлік «Тасқын су кезінде біз бұрынғыға қарағанда12 миллиард суды жинақтап алдық» деп айтады. Жақсы. Жайық, Сырдария бойындағы су қоймалары 100 пайыз толды. Шын мәнісінде әр су қоймасының сыйымдылығы бар. Мысалы Шардара су қоймасының жобалық сыйымдылығы 5,2 млрд құрайды. Бірақ оның түбі 1,4 млрд-қа лайланып кеткен. Демек оған 5,2 млрд су сыймайды, тек қана 3,8 млрд көлемінде су сақталады. Ал біздің мамандар «Шардара су қоймасына 5,2 млрд су келді» деп есептейді. Сол сияқты еліміздегі су қоймаларының барлығының түбі лайланып, көлемі азайған. Бірақ сала мамандары бұрынғы жобалық көрсеткішпен су қорын  анықтап жатыр. Жарайды 12 миллиард су жиналды делік, сонда 82 миллиард су қайда кетті? Оның барлығы көлге, жыраға, сайға толды. Бірақ оның есебін ешкім білмейді. Бұрын Совет үкіметі кезінде Мәскеу арқылы өзен тұрмақ, әр бұлақтың суының есебі жасалатын. Ол жүйе жоқ. Сол себептен ұлттық гидрологиялық орталықты құру керек», – дейді ол.

«Табиғатқа қол сұғуға болмайды»

International Center of Climate change Technologies компаниясының директоры, климаттық технологиялар саласының сарапшысы Алтай Айнабек Маңғыстау (Бейнеу), Қызылорда, Арал ауданында жасанды жауын жаудырды. Ол  Аралға ылғал тартып, конденсациялау жүзеге асса, Орталық Азия болашақтағы су қауіпсіздігіне алаңдамаса болатынын айтуда.

«Жауын мөлшерін кем дегенде 100%-ға көтеруді жоспарлаудамыз. Өткен жылы тамызда Түркістан облысында жаңбыр деңгейі 650%-ға жоғарылады. Кейінгі жылдары Аралға мүлде су келіп жатқан жоқ. Біз бір жыл ішінде 8-15 шаршы шақырым су құюды жоспарлап отырмыз. Ол 4 Шардара су қоймасымен тең», – дейді климаттық технологиялар саласының сарапшысы  Алтай Айнабек.

Ал Ерлан Аймаханұлы жасанды жауын жаудырып жүрген Алтай Айнабекке сенбейтінін айтты.

«Мысалы Дубайда жаңа технологиямен жаңбыр жаудырамын деп табиғат құбылысына қол сұқты. Соның салдарынан су басып кетті. Табиғатқа қол сұғуға болмайды. Әлгі жігіттің видеосы әлеуметтік желіге таралып кетті. Бұлтқа толқын жіберіп жаңбыр жаудырамын деп бүкіл адамды алдап Аралға су толтыра алмайды. Мысалы Алматы, Астана секілді қалаларда күн ыстықта кофеде суды шашыратып тұрады емес пе?  Жасанды жауын жаудыру сол сияқты дүние», – дейді ол.

Шынар АҚЖАНҚЫЗЫ