«Балық шаруашылығына байыппен қараумыз керек»
Агроөнеркәсіп кешені туралы айтқанда балық шаруашылығы туралы айтпай өту мүмкін емес. Елімізде балық өсіру саласы қалай дамып жатыр және әуес асты өсірушілерге қандай қолдау бар. Осы және өзге де сұрақтарды ихтиолог, балық өсіруші Мейрамбек Пазылбековке қойдық.
– Елімізде балық шаруашылығы қалай дамып жатыр? Балық саласын дамытуға деген көзқарасымыз өзгерді ме?
– Жалпы әлемде балық шаруашылығы негізгі екі бағытқа бөлінеді. Біріншісі, табиғаттағы, айдын судағы балық қоры болса, ал екіншісі қолдан өсірілген балық. Соңғы жылдары әлемде қолдан өсірілген балықтықтың үлесі артып келе жатыр. Елімізде 2021 жылы «Балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030» бағдарламасы қабылданды. Яғни, осы бағдарлама аясында Қазақстан бұрын-соңды болмаған 270 мың тонна тауарлы балық өсіруді қолға алды. Егер сандармен сөйлейтін болсақ, бағдарлама қабылданған 2021 жылға дейін статистикаға сәйкес, Қазақстанда 7 мың тонна балық өсірілген екен. Алдағы 10 жылдың ішінде 40 есеге көп балық өсіруіміз қажет. Ал табиғи жағдайда ауланатын балықтардың көлемі бүкіл Қазақстан бойынша 45-50 тонна шамасында екен. Оның шамамен 25 мыңға жуығы экспортқа шығарылады. Шетелден әкелінетін балықтың жылдағы көлемі 30-40 мың тонна көлемінде, ал Қазақстаннан экспортқа шығарылатын балықтың негізгі түрі – көксерке балығы. Негізгі импортерлар Еуропа мен Ресей.
Осы тұста неге көксерке балығы деген сұрақ туындайды. Себебі майлылығы төмен, дәмі тәтті және құрамында холестериннің төмендігіне байланысты Еуропа оған өте қатты назар аударады. Адам денсаулығына зияны аз, дәмі және етінің құрамы жағынан да көрсеткіштері оларды қанағаттандырып отыр. Өкінішке қарай табиғаттағы көксеркенің қоры азайып келе жатыр. Ал, аква шаруашылық жағынан айтатын болсақ, Қазақстанда көксерке балығы қолдан жасанды өсірілмейді. Өйткені ол жыртқыш балық болғандықтан Қазақстан оны өсірудің технологиясын әлі игере алмай жатыр. Көксеркені өсіретін технология Еуропа елдері Германия мен Чехия және Ресей де ғана бар. Бізде көксеркені қолдан өсіруге қаншама гранттар беріліп, есептер белгіленген. Бірақ ол іс жүзінде өндіріліп, оның бір түйірі де табиғи су айдынына жіберілген жоқ.
Бүгінгі таңда су айдындарының аумағы шамамен 7,5 миллион гектар. Егер Каспий теңізін есептемесек бізде 5 миллион гектар су айдыны бар. Бұл жер көлемі бойынша 9 орындағы мемлекет үшін өте ауқымды. Бізде ашық теңізге шығаратын мүмкіндік болмағанымен, бірақ континенталды үлкен су айдындарымыз, 48 мың көлдеріміз, 7-8 мың өзендеріміз бар.
– Біздің кейбір көршілерімізде балық шауашылығы қатты дамып жатқаны байқалады. Қай көршілерімізде балық шаруашылығы дамып жатыр?
– Алысқа кетпей көрші Өзбекстанмен салыстырып айтатын болсақ, соңғы 5 жылда Өзбекстан балық шаруашылығы саласында өте қарқынды дамып жатыр. Өткен жылғы статистика бойынша Өзбекстан 600 мың тонна тауарлы балық өсірді. Ал Қазақстан 17 мың тонна балық өсірді деген ресми ақпарат бар. 2022 жылы осы сұрақты бұрынғы Үкімет басшысы Әлихан Смайылов экс-экология министрі Серікқали Брекешовке қойды. Экс-министр мұны Өзбекстанның ауа-райының қолайлылығымен байланыстырып айтты. «Өзбекстан бізден неге 40 есе көп балық өсіреді, ал біз неге ол көрсеткішке жете алмай тұрмыз» деген кезде, Брекешов «Бізде климат қолайсыз» деп айтты. Бізде тек оңтүстік өңірде Сырдария жағалауында орналасқан Түркістан, Қызылорда, Жамбыл және Алматы облысын алғанның өзінде шамамен Өзбекстанның территориясындай жерді алып тұрмыз. Алматы облысына оңтүстік-шығыс Қазақстаннан үлкен өзен Іле өзеніне, Қапшағай, Балқаш су айдынына құяды. Ал оңтүстікке Сырдария құяды. Климаттық жағынан алғанда біз Өзбекстанмен сәйкес келеміз.
Мен балық саласының маманы әрі балық өсіруші ретінде Өзбекстанда жылына 4-5 рет болып тұрамын. Өйткені елімізде мені балықбегі деп атап кеткен. Бұл салада тұрақты түрде 16 жыл қызмет етіп келемін және кәсіби білімім де бар. Магистратураны, докторантураны аяқтап, Еуропада тәжірибеден өткенмін. Сондықтан да Өзбекстанда мені жақсы таниды. Аталған мемлекет түрлі дөңгелек үстелдерге, конференцияларға, тәжірибе алмасуларға шақырып тұрады.
Біз неге тауарлы балық өсіру жағынан дамымаймыз? Біріншіден, біздің балық шаруашылығына шетелдік инвесторлар жоқ емес, бар. Жалпы салыстырмалы түрде Қазақстанда инвестицияға қолайлы климат бар. Бірақ елімізге келіп-кеткен адамдардың мен танитын, менімен кездескен жағдайларда көңілі толмай қайтып жатады.
Мысалы маған өткен айда қалтасында қомақты қаржысы бар Ираннан инвесторлар келді. Иран қазір қара уылдырық пен бекіре етін экспорттаудан әлемнің бестігіне кіреді. Мен оларды қажетті жерге бағыттап, ақыл-кеңесімді айттым. Біздің кең байтақ жеріміз, суымыз бар. Бірақ оларға қажетті инфрақұрылым жасауда мәселе туындайды. Негізі кез-келген сала шетелде немесе Қазақстанда болса да инвесторлардың ақшасы арқылы дамиды.
Иранда балықтың жемінен бастап, бүкіл өнім өздерінен шығады. Экономиқалық тиімділік жағынан айтатын болсақ, бүгінгі таңда Иранның балық өсірушілері өсірген ішкі нарығындағы бахтах (форель) балығын 1500 теңгеге сата алмайды. Ал еліміздің солтүстік өңірінде қазақтар ханбалық деп атайтын бахтах балығы 3500 теңгеден 4500 теңгеге дейін саудаланады. Иран инвесторы «Өз жеміміз бен өз технологиямызбен өсіреміз де, нарыққа қолжетімді бағада ұсынамыз» дейді. Мен үнемі балықтың бағасын түсіруге тырысатын адаммын. Өйткені, ол халыққа қолжетімді бағада және сапалы болуы керек. Менің ойымша, бізге ирандықтар келсе бәсекелестік болады деп қорқатын сияқты. Иран азаматы «Біз бахтахты Алматы мен Жамбыл облысында сіздерден қарағанда жылдамырақ өсіреміз» дейді. Оларда арнайы жемдер бар және ол әр балықтың түрі мен жасына қарай жасалады.
Біз Еуропадан сатып алған жемді бекіреге немесе басқа да балықтың түрлеріне береміз. Ал олар бекіреге бөлек, бахтахқа бөлек жемдер өндіреді. Олар шикізатты да сатып алмайды, Каспий теңізінен майшабақты аулап, содан өздерінің отандық жемін жасаған. Басқа да әдістерді бізге үйретеміз деп отыр. Олар келіп, әдістерін үйретіп, технологияның барлығын бізде қалдырады. Енді біз осы түрімізбен балық шаруашылығын дамытамыз дегенге өз басым сене алмаймын. Өйткені, Қазақстанда балық өсірмек түгілі аулайтын қарапайым құрал мен суда жүзетін қайық-мотор шықпайды. Бүкіл қажетті затты сырттан сатып алып келеміз. Ал біз барлық заттарды сырттан алып келсек, өзіндік құн өседі. Біз балықтың жемінен бастап, бахтахтың уылдырығына дейін Еуропадан импорттаймыз.
Мәселен бахтахтың бір түйір уылдырығын 13 теңгеден, америкалық уылдырықты 25 теңгеден сатып аламыз. 1 миллион уылдырықты импорттасаңыз 13 миллион теңгеден 25 миллион теңгеге дейін қаражат кетеді. Ал оның қаншасы өседі, қаншасы тауарға айналады деп шығынды алып тастаған кезде балықтың өзіндік құны өсіп кетеді. Ал біз одан пайда табуымыз керек. Бірақ қарапайым халыққа жеткенше балық қымбаттап кетеді. Сосын барлығы «Қазір балық еттен қымбат» деп айтады.
– Экологтар балықты қытай ауымен аулау қауіпті екенін айтады. Бірақ балықшылар табиғатқа зиян келетін аумен аулауды неге қоймай отыр?
– Қазір балықты заңға қайшы құралдармен аулау әдетке айналып кетті. Негізі қытайдың полиамидті тінді аумен аулауға тыйым салынған. Бірақ кез-келген су айдынына барсаңыз, сол ауды көресіз. Неге? Өйткені біздің елімізде заңмен рұқсат етілген ау құралдары шықпаған соң сондай заңсыздыққа барып отыр. Ол аулардың жақсы және жаман жағы бар. Жақсы жағы ол аулар арзан әрі балықты жақсы аулайды және балықты қатты зақымдамайды. Ал керісінше зиянды теріс жақтары ол жүз жылдан астам уақыт су астында жатса да шірімейді, ол арзан болғандықтан балықшылар балықты суырып-суырып алып ауын тастап кетеді. Ол судың астында жүз жыл бойы шірімейді, толқынмен біресе былай, біресе былай тұрғанның өзінде балықтың қанаты тисе болды балықтар торға түсе береді. Судың астында қоқыс сияқты шіриді. Ол деген судың үстіңгі және астыңғы қабатын ластап, ол жерде ешқандай тіршілік болмайды. Адамдар да үйді қоқыс полигонына салмайды ғой. Сол сияқты балықта өзіне қолайлы таза жерді іздейді. Егер оны тиімді пайдаланып, заң-ережеге бағынып қолданса, ол өте тиімді құралдардың бірі. Әлемнің дамыған өркениетті елдері кеңінен қолданады.
2021 жылы экология министрлігінің құрамында Балық шаруашылығы комитеті құрылды. 2024 жылдың қаңтар айынан бастап аталған комитет ауыл шаруашылығы министрлігіне берілді. Енді Балық комитеті халық арасында «Қытай ау» деген құралды пайдалануға рұқсат беруді қарастырып жатыр. Мен оған өз басым қарсы емеспін. Бірақ менің сұрағым мұны қалай бақылайсыңдар? Өйткені тыйым салғанда бақылай алмай жатқан кезде рұқсат берген кезде тіпті қиын болып кетпей ме?
– Балықты шикізат түрінде емес, жартылай өңдеп шығару керек деген пікір айтылады. Мұны іске асыруға бола ма?
– Қазіргі таңда балықтың қоры азаюына байланысты өткен жылдан бастап пилоттық жоба қабылданды. Яғни, Қазақстанның тауарлы балығын шикізат ретінде қатырып, мұздатып экспортқа шығармай ең болмаса жартылай өңдеп шығаруға байланысты шешім қабылданды. Елімізде үлкен су айдындарының жағасында балық өңдеу кәсіпорындары бар. Балықты шикізат күйінде қатырып экспорттамай ең болмағанда сүрлеп, тұздап экспорттайтын ережені ауыстырды. Ол бір жағынан дұрыс. Өйткені өңдеу барысында бағасы артады және елімізде кішкене болса қаржы қалып, экономикамызға пайдасы тиеді. Бірақ тауарлы балық өндіру бағдарламасының қабылданғаны дұрыс. Бірақ мен қазіргі жағдайда «Қазақстан 2030 жылы 270 мың тонна балық өсіреді» дегенге өз басым сенбеймін. Өйткені оның негіздері бар. Мен әлеуметтік желінің белсенді қолданушысы болғандықтан, үнемі «Балыққа да бап керек» деп жазып жүремін. Балыққа жем керек, жәй жем емес, сапалы жем керек.
Осы бағдарлама аясында Қазақстанға 2,5 миллиард балықтың шабағы керек. Бұл тек қолдан өсіргенге аталған бағдарламаны жүзеге асыруға қажетті шабақтың көлемі. Жылда табиғи су айдындарына ауланған балықтың қорын толтыру мақсатында 100 миллионнан аса шабақ жібердік деп есеп беріледі. Оған комитеттің парақшасында конкурс жарияланады. Сөйтіп ол конкурсты белгілі бір компания жеңіп алады. Күзде балықтандыру жұмысы жүреді. Бірақ оны ешкім нақты санап жатқан жоқ. Мен 2021 жылдан бастап «Еуропадағыдай шабақты есептеу машинасы керек» дегенді ұсынып келе жатырмын. Мысалы ақша айырбастау пунктіне баратын болсаңыз ақшаны дереу санап береді ғой. Бізге шабақ санайтын машинаны неге сатып алмасқа? Біз қазір ХХІ ғасырда өмір сүреміз, заманауи технология, цифрландыру, жасанды интеллект деп айтамыз. Бірақ балыққа келген кезде 19 ғасырдағы кейіптеміз. Бір шелекте мың шабақ бар деп, 100 миллион балықты Қазақстан бойынша санаймыз. Бір сөзбен айтқанда балық шаруашылығына байыппен қараумыз керек.
– Уақыт бөліп сұхбат бергеніңізге рахмет.
Шынар АҚЖАНҚЫЗЫ