«Экологиялық туризмді дамыту үшін ғылымға көңіл бөлу керек»

Еліміздегі табиғаттың төрт мезгілі экологиялық туризмді дамытуға өте қолайлы. Ерте көктемнен бастап күзге дейін еліміздегі тамылжыған табиғатты тамашалауға мүмкіндік болса, ал қытымыр қыста коньки теуіп, шаңғымен сырғанауға болады.

«Экотуризм адамның физикалық-рухани демалысы болу керек»

Эколог Ғани Назарбек елімізде экологиялық туризм енді-енді қалыптасып келе жатқанын айтады. Әйтсе де ол бұқара халықтың экологиялық туризмнің не екенін әлі толық түсінбегенін ескертті.

«Өйткені адамдар табиғатқа саяхатқа шығып, тұмса табиғаттың ләззатын әлі дұрыс сезіне алмады. Бізде бұрын демалыста балалар далада ойнап жүретін, ал қазір әлеуметтік желіде отырады. Бірақ ол жерде адам ләззат ала алмайды. Халықтың табиғат аясына шыққандағы ойы тек суретке түсіп, әлеуметтік желіде бөлісу болып қалған тәрізді. Негізі адамдар демалысқа суды, құстарды, табиғатты тамашалап, ойындағы бөтен мәселелерді ұмыту үшін бару керек. Экотуризм адамның физикалық-рухани демалысы болу керек. Өкінішке қарай бізде ондай емес.

Экологиялық туризмді дамыту үшін ғылым керек. Айталық табиғатты, өсімдік, аңдарды зерттейтін ғылым бар. Бізге экотуризмді түсіндіретін ғылым керек және оған арнайы дайындықтан өткен гидтер керек. Өкінішке қарай бізде экологиялық туризм деген ғылым жоқ. Себебі халықтың көпшілігі қасиетті жерлерге тек қана зиярат ету үшін барады. Алайда сол жердің тасы мен суының қалай пайда болғанын және олардың қасиетін айтатын адам керек. Ал бізде оны түсіндіретін адам жоқ. Сол себепті мен экологиялық туризмді дамыту үшін ғылымды дамыту керек деп отырмын. Ғылым дамып, бір жолға түспей экологиялық туризм дамымайды. Ал қазір табиғатқа, жалпы зиярат етуге тек селфиге түсу үшін ғана барады. Ол экономикалық тұрғыдан жақсы, ал біз қазір экотуризмді дамытамыз деп табиғатқа зиян тигізіп жатырмыз», – дейді ол.

«Экологиялық туризмнің мәдениет қалыптаспаған»

Ғани Назарбек елімізде экологиялық туризм дамыған жерлер оңтүстік өңір екенін айтады.

«Нақтырақ айтсам, Алматы облысы мен Жетісу облысы және Түркістан облысында экологиялық туризм ерекше дамыған. Сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысындағы Қатонқарағай, Ақмола облысындағы Бурабайды экотуризмнің дамыған орны деп айтуға болады. Әйтсе де ол жақты экологиялық туризм деп емес, экологиялық катастрофа деп те айтуға болады. Мысалы жайқалып өсіп тұрған ағаштың барлығын сындырып, шөпті таптап, айқайлап-шулап аң-құсты қорқытамыз. Табиғатты жай тамашалап, тыныш жүріп суретке түсу деген жоқ. Шыны керек бізде экологиялық туризмнің мәдениеті қалыптаспаған. Бізде экологиялық туризмге шаңғы тебу, тауға шығуды жатқызады.  Бірақ шаңғы тебу мен тауға шығу спорт туризміне жатады. Ал экологиялық туризм дегеніміз табиғатты танып, табиғатпен үндесуге ұмтылу.

Өкінішке қарай «Экотуризмді дамытамыз» деп бүкіл шұрайлы  жерлерімізді кәсіпкерлерге беріп, тасжол мен кафелер салып тастадық. Біздің көптеген демалыс орындарында тіпті кәріз жүйесі жоқ. Лас сулар өзен-көлдерге төгіліп жатыр. Соның салдарынан өсімдіктер жойылып, аң-құстар мекенінен ауып кетті. Экологиялық туризм дегеніміз табиғатқа зиян келтірмей, керісінше аң-құстар сол жерде емін-еркін тіршілік етуіне жағдай жасау деп білемін. Демалысқа барған адамдар ақ-құстармен суретке түсіріп, тамашалап, одан ләззат алу керек. Бірақ та бізде мұндай нәрсе атымен жоқ. Ал Еуропа, Шығыс Азия, Жапония, Оңтүстік Корея, Қытайды алатын болсақ, оларда экотуризм жақсы дамыған. Мысалы Дубайда экотуризм бизнеске, экономикаға айналып кеткен», – дейді эколог.

«Бозжыраға барғаннан Грузияда демалған әлдеқайда арзан»

Сарапшы Түркістан облысында экологиялық туризмнің бірнеше ошағы бар екенін айтады. Сондай-ақ ол Шығыс Қазақстан облысындағы Қатонқарағайдың ерекшелігіне тоқталды.

«Мысалы Түркістан облысында Сайрам өгем ұлттық паркі, Ақсу-Жабағалы, Сырдарияның жағасында тура Алматыдағыдай көлдер, тау, экотуризм бар. Сондай-ақ Шымкентте Алматы сияқты жақын болмаса да, жарты сағаттық жолда табиғаты тамаша Леңгір деген жер бар.

Ал Шығыс Қазақстан облысындағы Қатонқарағайдың табиғаты тамаша болғанымен оның сервисі өте төмен. Оның үстіне жолы жаман әрі демалыс маусымы өте қысқа. Оған  қалталы адамдар ғана барағанымен жаппай халық демала алмайды. Қатонқарайға арнайы пойыз бен ұшақ жүрмеген соң ол жерге жету қиын және қымбат. Ал демалыс маусымы ары кетсе 1,5-2 ай ғана. Алматы мен оңтүстік облыстарда жыл он екі ай демалуға мүмкіндік бар. Кәсіпкер қандай да бір нысан салса, шығындарын ақтайды. Бір сөзбен айтқанда Қатонқарағай қаржылық тұрғыда өз-өзін ақтамайды.

Жалпы Қазақстанның табиғаты алуан түрлі. Мысалы Алматыда кейбір жерлер құм, далалы аймақ болса, бір жерлері тау, айдын-көлдер бар. Шарында жүріп 1-2 сағат ішінде Көлсайдың ортасынан бір-ақ шығуға болады. Ол жерде жануарлар әлемі, құстар әлемі, өсімдіктер әлемін көруге болады. Сондықтан демалуға таптырмайтын жер. Еуропада біркелкі табиғат болғаннан кейін алуан түрлі  даланы кездестіру өте қиын. Мысалы Түркістанда Қожа Ахмет Яссауиге барсаңыз, одан 1-2 сағаттық жерде тауға шығып кетуіңіз мүмкін.

Ал Батыс Қазақстан облысындағы Бозжыраға жету қиын әрі бағасы өте қымбат. Мәселен Астанадан Бозжыраға барып, қайтқаннан Түркия, Грузияға барып демалған әлдеқайда арзан. Экотуризмде адам аяғы баспайтын жерлерге барады, сол жерде адам жарақат алса алғашқы медициналық көмек көрсетілуі керек. Бізде табиғаты ғажап жерлер бар, бірақ олардың бағалары қымбат әрі инфраструктура дамымаған», – дейді ол.

Шынар АҚЖАНҚЫЗЫ