«Жаңа әдебиетіміз қазақ әйелінің құқығын қорғаудан басталды»

Әлихантанушы Сұлтан Хан Аққұлұлы Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш арыстары әйел теңдігіне ерекше мән бергенін айтады. Сондықтан да ол қазақ қайраткерлері әйелдердің сауатты болуына мүдделі болғанын ескертті.

«Болашақ баланы өмірге әкеліп, баланы тәрбиелейтін, оған білім беретін, көкірек көзін ашатын кім? Әйел баласы. Егер әйелдің өзі білімсіз болып, көкірегі соқыр болса, ол азат ойлы азаматты қалай тәрбиелейді? 1917 жылға дейін қазақтың тұңғыш төрт романы жарық көрді. Төрт романда қазақ әйелінің ауыр тағдыры туралы жазылған. 1926 жылы Қызылордада тұңғыш қазақ театры ашылып, ол жерде «Алтын сақина» деген пьесса қойылды. Аталған пьессада енесі әбден көзін шұқып азаптаған, келін баланың тағдыры көрсетіледі.

Әлихан Бөкейхан 1899 жылы «Туркестанские ведомости» газетінде шыққан «Қара Қыпшақ Қобыланды» жыры туралы мақалада Қарлыға мен Құртқаның тағдырын қалай сипаттайды? Әлиханның өзі бір күні еліне оралғанда бір қарындасын сүйген жігіті алып қашып алып кетіпті. Туысқандары «Қарадан шыққан төренің қызын қалай ұрлайды?» деп дау көтергендерге, ол «Қойыңдар, екеуі бір-бірін сүйсе, теңін тапқан екен, тиіспеңдер» деп тыйып тастаған екен. Әлиханның өмірлік ұстанымы «Қазақ әйелдеріне теңдік бермей, қазақ қоғамы дамымайды»  дегенге сайды.  Біздің жаңа әдебиетіміз қазақ әйелінің құқығын қараудан басталды емес па?

Кеңес үкіметінің халыққа әкелген жақсылығы «Қазақ қоғамына теңдік алып берді» деп айтылып келді. Ал егер байқасақ, Кеңес үкіметі орнағаннан кейін 1920 жылдардың соңына дейін, Кеңес үкіметінің ұстанымы отбасы институтына қарсы шыққан. «Әйел баласы міндетті түрде күйеуге шығуы шарт емес. Комсомолға, партияға күйеуге шықсын» деген үгіт-насихат жүрген. Сталин бүкіл билікті шоғырландырып алғаннан кейін отбасы мәселесін тәртіпке келтірген», – дейді ол.

Шынар АҚЖАНҚЫЗЫ