«Ғылымға бөлінетін қаржының көлемі көбею керек»

Елімізде ғылым қаншалықты танымал және отандық ғалымдардың ғылыми жетістіктерін халық біле ме? Сондай-ақ жас ғалымдар мен зерттеушілерді мемлекет қаншалықты қолдап жатыр? Бұдан бөлек өңірлік университеттерді дамыту мен облыстағы ғылым саласында қандай өзгеріс бар. Осы және өзге де сұрақтарды экономист Мақсат Халыққа қойдық.

«Жас ғалымдарды қолдау бойынша ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр»

Университетте бірнеше жыл оқытушы болып жұмыс істеген экономист бұрынғымен салыстырғанда ғылымға көңіл бөлу дұрысталып қалғанын айтады.

«Шынын айтқанда қазір ғылымды дамытуға бетбұрыс бар. Ғылымды, жас ғалымдарды қолдау бойынша және олардың шетелдік тағылымдамаларын ұйымдастыру бойынша белгілі бір деңгейде қолдау бар. Өйткені ғылым саласына бөлініп жатқан бюджеттің көлемі бірте-бірте ұлғайып келеді. Әйтсе де әлі де болса ғылымды дамытуға көп қаражат бөліну керек. Өйткені дамыған мемлекеттерде ғылымды дамытуға жалпы ішкі өнімнің 5 пайызына дейін қаржы бөледі. Біздің Үкімет ғылымды дамытуға жалпы ішкі өнімнің небәрі 0,3 пайыз ғана бөліп отыр. Біздің елде ең болмаса ғылымға бөлінген қаржы 1 пайызға жетсе деген арман-мұрат бар. Қазіргі таңда осы бағытта қызмет етіп жүрміз.

Егер қаржылық қолдау мәз болмаса қандай ғылым ілгерілейді?
Десек те өткен жылмен салыстырғанда ғылым саласына бөлінген гранттардың көлемі де, арнайы жобаларға бөлініп жатқан гранттардың көлемі де едәуір ұлғайды. Жас ғалымдарды қолдау бойынша да ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Мысалы қандайда бір ғылыми жоба берілетін болса, оның құрамында міндетті түрде жас ғалымдарды тарту қарастырылды. Яғни, бұдан былай жас ғалым тартылмаған жобалар жеңіске жетіп, үкімет тарапынан қаржыландырылмайды. Осы талапқа көңілім толады. Осы секілді оң өзгерістер бар. Дей тұрғанмен бұл жеткілікті деп айтпаймын», – дейді ол.

«Бизнес пен ғылымды байланыстыру керек»

Ғылымды дамытуға бөлінген қаржыны 1 немесе 2 пайызға көтеруге не кедергі? Жер асты және жер үсті қазба байлығына бай мемлекет неге ғылымға қомақты қаржы бөлмейді?

«Ғылымды дамытуға бөлінген қаржыны көбейтуге кедергілер өте көп. Бірінші кезекте елімізде ғылымның өзі қатты кенжелеп қалды. Себебі дәл осы салаға ұзақ жылдар бойы дұрыс көңіл бөлмедік. Кезінде дүркіреп тұрған ғылым ордасы, Қазақ ғылымының академиясы болған орталықтар жетімнің күйін кешіп кетті. Ғылым саласында жұмыс істейтін мүлде кадр қалмады деп те айтуға болмайды, бірақ көненің көзі болып отырған азаматтардың көпшілігі қартайды, тіпті өмірден озып та кетті.

Ал жастардың арасынан енді-енді шетелге барып, ол жақтан білім жинап келген азаматтар бар. Бірақ оларға бағыт-бағдар беретін, талпыныстары мен ерекшелігіне сәйкес жағдай жасайтын мүмкіндік аз. Бірақ соңғы уақытта жас ғалымдарға үй кезегіне тұру мүмкіндігі, арнайы қабылданған бағдарламалар мен мүмкіндіктер бар. Бірақ оның өзі мемлекеттік ұлттық университеттерде ғана жүзеге асады. Жекеменшік университеттерде де дарынды жас ғалымдар өте көп. Оларға әлеуметтік мүмкіндік қарастырылмаған.

Ғылым мен білім саласы да, жоғары білім саласындағы қызметкерлердің жағдайы шамалас. Өкінішке қарай соған қарамастан қолдаудың жетпей тұрғанын көреміз. Ғылым жолына түскен адамдардың жағдайы жасалу керек. Ең болмаса баспана мәселесі шешілу керек деп ойлаймын. Тағы бір өзекті мәселе бар. Ол біздегі ғылым саласы мамандарының заманның үдерісінен, нарықтың талаптарынан қалып қойғандығы. Нарыққа қажетті зерттеуді ұсыну да, ғылымның жетістіктерін коммерциялауға біздегі көптеген ғылыми мекемелердің пәрмені мен дайындығы жете бермейді.  Өкінішке қарай бизнес пен ғылым өзара үйлесе алмай жатыр. Жобалар да, жасалып жатқан зерттеулер де қағаз жүзінде қалып кетіп жатыр. Олардың арасына арнайы көпір түзілу керек. Бизнес пен ғылымды байланыстыратын жүйелі институттар қалыптастыру керек», – дейді экономист.

Шынар АҚЖАНҚЫЗЫ