24 желтоқсан — қазақтың қаһарман ұлы, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының туған күніне орай Alashorda.kz ақпараттық агенттігі батырдың өмір жолы, адамгершілік болмысы, майдандағы ерлігі мен азаматтық ұстанымы кеңінен баяндалатын материалды оқырман назарына ұсынады.
«Аңыз адам» журналынан алынған «Ақиқат пен аңыз» материалын ұсынамыз.
Қазақтың қаһарманы ұлы Бауыржан Момышұлының ерлік пен өрліктен өрілген өмірінен сыр шертпекпіз.
Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңызына» арқау болған батыр Бауыржанның ғибратты ғұмыры кейінгіге үлгі. Батырдың балалық шағынан бастап майдан шебінде тар жол, тайғақ кешу, қиян-кескі ұрыс даласындағы жау шебінің ұрымтал тұсын дәл тапқырлығын жазушы батырдың баяндауымен сырласа отырып жазып алған.
Диалог-әңгіменің ұзын-ырғасы он бір тараудан тұратынымен кезінде «Ақиқат пен аңызға» кірмей қалған қалтарыстары да қамтылады. Жазушының осы сүбелі еңбегінің негізінде батыр баба өмірінің кейбір сәулелі сәттерінен сыр шертпекпіз.
БАЛА КЕЗДЕН ҚАТАРЫНАН КЕМ ҚАЛМАУДЫ ҒАНА МАҚСАТ ТҰТҚАН
Әңгіме-диалогта «Жұлдыздың» арнайы редакциялық тапсырмамен қаҺарлы Баукеңнің берекелі шаңырағының табалдырығын қаймыға аттаған, батырдың шау тартып, сырқат меңдеп денсаулығын сыр беріп жүрген кезінен басталады. Жанына батқан жарақаты майданда 207 рет ұрысқа қатысып, 5 рет қоршауда қалған кезінде жан мен тәнге түскен жаралардың картайғанда қылаң беріп қинағанын, өткен күнді, балалық шағын батыр өз сөзімен айтып береді.
«Орыс мектебінде алғаш келгенде он екіні «дбанасат», он алтыны «шешнатсат», он тоғызды «дебанатсат» деп жүрген кезім, Гончаровтың семиясы тілді жұмсартты. Евгеньевка селосында бір қыс оқып, келесі жылы Жамбылдағы Аса интернатында түстім. Мектеп деген атымен жоқ заманда 1924 жылы Шымкентке ашылған жеті жылдық (қазіргі Қ.Сыпатаев атындағы №7 техникалық лицейд мектеп) мектепті 1928 жылы бітіріп шықтым. Мектеп бітірісімен Орынбордағы ҚазПИ-ге оқуға барғаныммен, қаһарлы қыстың суығына шыдамай кейін қайттым».
ҚАНДАЙ ТАҒАМДАРДЫ ҰНАТҚАН?
Бала Бауыржан қозы мен құлынды жақсы көрген. Баукеңнің бала кезінде жанындай жақсы көретін қара марқа қозысы болған. Қозысы көз алдында тамағы орылып, құрбан болып кете барған сәтте бар дүниесі күйіп-кеткендей көрінеді. Қонақ келгенде құрбан болып кете барған қара қозының еті бурқырап дастарханға келгенде көкесі алдына қойған құлақ пен сираққа көзі түсе де: «Қара қозымның етін жемеймін!» деп ойбайлап жылап, шалқалап түскеннен кейін өмір-бақи ет жемейтін болған екен. Кейін әскери асханаларда құырылған еттен ауыз тигенімен, ұртын толтырып ет жемейтін болған.
Тағы бірде әжесінің дегбірін қашырып, тұздалмаған, қылшығы алынбаған майды шөңгелдеп тұрып жеймін деп, қатты ауырған. Содан соң сары майды да аузына алмаған болады.
ЖАЗУШЫЛЫҚҚА ҚАЛАЙ КЕЛГЕН?
– Сіз он алты жасыңыздан бастап өлең жазыпсыз ғой. Алғашында ақын болсам деп талаптанған жоқсыз ба? – деген сауалға Баукең:
«Қайда, қандай қызметте жүрсем де, жүрегімді қазақтың «Ерді намыс өлтірсе, қоянды қамыс өлтіреді» деген мақалы болды. Ел намысы – ер намысы деп білдім. Арманым халықтың намысына дақ түсірмеу болды. Ақындыққа, шенге, атаққа ешқашан да қызыққан емеспін. Олардың өздері келді. Генерал болсам, маршал болсам, герой болсам деген емеспін», – деп жауап берген.
Соғыста жүріп жазған отыз жеті дәптер күнделігінің үшеуі жоғалғанда үш бауырының айырылғандай күй кешеді. Майдан даласында жазылған дәптерлердің әрқайсысында соғыс жылдарының қасіреті мен қиындығы суреттеледі. Қаһармандықтың, қайсарлықтың, қан майданда жеңіске деген жігермен соғысқан кеңес әскерлерінің табандылығы, Отанға деген сүйіспеншілік сарыны шертеді.
МАҚАЛ-МӘТЕЛДЕРІН ҚАЛАЙ ШЫҒАРҒАН?
«Мақал-мәтел – өмір тәжірибесі, қиналған, қысылған сәттерден қалай құтылатыңды оймен өрнектеп, сөзбен кестелегенде ғана нақылға айналмақ».
ӘНШІЛЕРГЕ ДЕГЕН КӨЗҚАРАСЫ ҚАНДАЙ БОЛҒАН?
Әнші, композиторлардан кімдерді тыңдайсыз дегенде, Баукең:
«Бұрынғы классик күйші, ардагер әншілердің бәріне ұнатамын», – дей келе, ал қазіргі көпшілігін жоғары бағаламайтынын айтады. Кейбір әншілер әндердің әуендерін бұзып айтады. Қасіретті жырларды әнді күлкіге, қайғыны қуанышқа айналдырып жіберген әншілердің тамаша халық әндерінің қадірін түсінбейтіндігіне қынжылады.
БИГЕ ИКЕМІ БОЛҒАН БА?
Бірде «Алатау» шипажайында өткен би кешінде әйелдер қауымы Баукеңді биге шақырады. Әсіресе бір жас қызбен қайта-қайта билей береді. Ұршықтай иіріліп, лыпып билеуден гөрі көбік қардың үстінде тұрған аюдай қорбаңы көп болса да, Бауыржан өзін биге шақырған әйелдерден бас тартпаған.
ҚАНДАЙ МІНЕЗДІ АДАМДАРДЫ ҚҰРМЕТТЕГЕН?
Жазушының болмыс-бітім, мінез туралы қойған сұрағына Бауыржан:
«Кей адамның мінезі қоғаға ұқсайды, ал қоғаны шошқа да шиырлайды, сиыр да жапырады. Қоға болып көрінгеннің аяғына тапталғанша, шеңгел болып шіреніп тұрған артық. Көлденең жұрттың кесемсіп ақыл айтқыштығына тойғанмын».
Әскери қолбасшыларды дәулескер және данагөй қолбасшылар деп екіге бөлген. Тек дана қолбасшыларды жақсы көрген. Өз заманындағы ұлы қолбасшылардың бірі деп Жуковты құрмет тұтқан.
«МОСКВА ҮШІН ШАЙҚАСТА» БАУЫРЖАН БАСТЫ РӨЛДЕ ӨЗІ НЕГЕ ОЙНАМАҒАН?
Бауыржан: «Оған шыдамам жетпеді. Алдымен Ілияс Омаров фильмнің сценарийін көріп бер өтінді. Көріп берген емес, оны қайта жазып шықтым. Бірақ киношылар менің жазғанымның жартысын ғана қабылдады; өйтуге болмайды, бүйтуге келмейді, оны көрсетуге жарамайды деп есімді шығарды. Ілияс марқұм Бауыржан боп өзің ойнасаң қайтеді дегенді де айтып еді. «Енді мені артист етейін деп пе едіңдер, аулақ» - деп қолымды бір-ақ сермедім», - дейді.
ҚИЫР ШЫҒЫС МЕКТЕБІНДЕ ҚАЛАЙ ШЫНЫҚҚАН?
Мен өз өмірімнен Қиыр Шығысты бір минут та бөліп тастай алмаймын. Қиыр Шығыс – жас адамды шынықтырып, шындайтын, езді – ер, егдені кемеңгер етіп ширата түсетін өлке ғой, шіркін! Табиғаттың өзі-ақ адамға алуан түрлі сабақты беріп тұрған тәрізденеді. Қарағайдың түзулігі саған екі иығыңды салбырлатпай, тік жүруді үйретеді. Аспанға шаншып атылған ақ сүттей ақ қайыңдар сені адалдық пен пәктікке шақырады. Аузын арандай ашқан аш айдаһардың жұтқыншығындай ми батпағы өлім дегенннің не екенін көз алдыңа елестетіп, өмір үшін жанталаса күресудің тәсілін және ұқтырады.
Ұстазсыз ұста дүкені болмайды. Мені, менің тұтастарымды болат «шеге» етіп, сомдап соққан ұста Блюхер болатын.
ҚАТАЛДЫҒЫНЫҢ СЫРЫ НЕДЕ?
«Қаталдығым кітаптағыдай екені рас, онда титтей әсірелеу жоқ. Мен сізге өзімнің қаталдық дегенді қалай түсінетінімді айтайын. Суворовтың: “Әскер ойынында азапты көп көрсең – ұрыста қиналмайсың” деген сөзін есіңізге түсіріңіз. Солдатқа деген ең жоғары қамқорлық – оны әскери ойында аямай, оны жорық пен жауынгерлік өмірдің барлық ауыртпалықтары мен қиыншылықтарға төзімді етіп үйрету. Біз әскери адамдар, көлденең көзге әдемі көрінетін парадқа емес, Отан үшін өліспей берісетін қатал күреске әзірленеміз.
Әскери оқу орындарында біз бишілер әзірлеп, оларды әртүрлі балдарда билейтін би сабағынан бермейміз, жігерлі, өзіне де, өзгеге де талап қойғыш командирлер әзірлейміз, оларды ұрыс даласында әрбір жауынгерге кездесетін қиындықтарға төзе білуге тәрбиелейміз.
Қаталдықтың екі түрі болады: ақылды қаталдықтың мәні — командирдің өзінен де, өзгеден де уставта көрсетілген әскери дәстүр мен тәртіпті мүлтіксіз орындауын талап етуі. Оларды өз борыштары мен қызмет міндеттерін дұрыс орындауға, Совет елінің офицері мен жауынгері деген ардақты атты, дүние жүзіндегі ең озат армия — Совет Армиясының офицері мен жауынгері деген жоғары атақты құрметтей білуге баулу.
Ал ақылсыз қаталдық — өзінің қызмет бабын және солдаттың берген анты мен қызмет міндетіне байланысты командирдің еркіне көнуге тиісті екенін пайдаланып, қиянат жасау деген сөз…»
«Ақиқат пен аңыз» кітабынан ықшамдап дайындалған
Майра ЖАНЫСБАЙ