Мәзір
Мәдениет

Біз бір-бірімізге 54 жыл ғашық болдық — Әзілхан Нұршайықов пен жары Халиманың тарихы

Біз бір-бірімізге 54 жыл ғашық болдық — Әзілхан Нұршайықов пен жары Халиманың тарихы
e-history.kz

Alashorda.kz ақпараттық агенттігі сіздерге «Аңыз адам» журналынан алынған кезекті сұхбатты ұсынады.

Бұл сұхбатта қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Әзілхан Нұршайықов өмір жолындағы үш маңызды бейнеге — жары Халимаға, бала махаббаты Орынкешке және әйгілі роман кейіпкері Меңтайға тоқталады. 54 жылға созылған отбасылық махаббат, тағдыр таразысынан өткен адалдық пен шығармашылықта өміршең образға айналған Меңтайдың прототипі — барлығы да жазушының жеке өмірі мен қаламгерлік тағдырының өзара тығыз байланысын айқын көрсетеді.

— Халима апай екеуіңіздің араларыңыздағы махаббат туралы айтыңызшы, аға…

— (Біраз уақыт үнсіз ойланып отырған соң) Халима екеуіміз 54 жыл бірге өмір сүрдік. Демек, 54 жыл бір-бірімізге ғашық болып өттік! Өмірінің соңғы күні, соңғы сағаттарына дейін екеуіміз жұп жазбай, қол ұстасып қатар жүрдік. Ол менің әйелім ғана емес, әрі редакторым, әрі корректорым, әрі ақылшым, әрі қосалқы авторым, әрі хатшым, әрі курьерім болды.

Біз бақытты ғұмыр кештік, қатар қызмет еттік. Бірақ Халима менімен қатарласпай: «Мен төрт балаға ие болайын, сен шығармашылығыңмен айналыс», — деді.
Көзі жұмылғанша мені сыйлап өтті. Бар қажыр-қайратын отбасына, қалған өмірін маған арнап, өзі кетіп қалды (көзіне жас алды).

Халима дүниеден өткен соң жылап отырып, еңіреп отырып, көзімнің жасы қағазға тамшылап отырып «Мәңгілік махаббат жыры» деген кітап жаздым. Оқырмандар оны «Махаббат, қызық, мол жылдар» романындай жылы қабылдады…

— Халима апайға дейін бала махаббатыңыз болды ма?

— Болды. Мен алғаш рет 14 жасымда ғашық болдым. Ол кездегі біздің ғашықтығымыз — жақсы көрген қызға хат арқылы сезім айтып, «есен болсаң қосылайық» деп ұсыныс жасау еді. «Оған дейін ешкімге қарамаймыз, пәк күйімізде қосылып, бақытты өмір сүрейік» деп серттесетінбіз…

Біздің ауылда орталау мектеп ашылып, соған көрші балалар үйінен бір топ қыз келді. Соның бірі Орынкеш деген қызға ғашық болдым. Екеуіміз уәделестік. Мен мектепті бітіргеннен кейін Алматыға оқуға кеттім.

Екеуіміз екі жақта оқитын болдық. Ол маған суретін сыйлады, үзбей хат алысып тұрдық. Орынкешке деген ғашықтық мені ақын етті. Оған әр үш күн сайын өлеңмен хат жазатынмын. Әр хат алған сайын төбем көкке жететін еді.

Оқу жылы аяқталар кезде Орынкештен хат келмей қалды. Қатты мұңайдым. Тау-кен институтының (қазіргі Ұлттық техникалық университет) рабфагының бірінші курсын бітіргеннен кейін Семейге келдім. Мұндағы Абай атындағы қазақ педучилищесіне оқуға түстім.

«Сүйген қызымның қасында болайын, одан айырылмайын» деп оқу басталған соң (1939 жылдың 5 қыркүйегінде) Орынкеш оқитын мектепке бардым. Қыздардың интернатына ұлдарды кіргізбейді екен. Амал жоқ, сырттан келетін қыздардың жолын тосуға тура келді.

Қарасам, детдомның қыздарынша шашын дөңгелектеп қиған, орта бойлы бір қыз келе жатыр. Тоқтатып, Орынкешті сұрадым.
— Білемін, бір класта оқимыз, бір бөлмеде тұрамыз, — деді.

Шақырып жіберуін өтіндім.
Орынкешті ұзақ күттім.
Шықпады.

Жаным мұрнымның ұшына келіп, әбден дегбірім кетті. Әлден уақытта әлгіндегі қыз аяғына тас байлағандай әрең жүріп, қасыма келді.
— Орынкеш бар ма екен? Шыға ма? — деп сұрадым.
— Бар… — деп бөгеліп қалды. Сосын:
— Енді мені іздеп келмесін деп айтты, — деді күмілжіп.

Мен жылап жібердім.
— Алматыны, ондағы оқуымды тастап, осында Орынкеш үшін келіп едім, — деп еңіредім…

Қарасам, жанымдағы қыз маған қосылып жылап тұр екен.
— Сен неге жылайсың? — дедім.
— Сені аяп кеттім, — деді ол.

Бейтаныс қыздың біреу үшін жылағаны жанымды елжіретіп жіберді. Жүрегім аунап түскендей болды.
Атын сұрадым.
Халима екен.

Ары қарай не болды?

— Ары қарай мен Халимамен Семейдің Гоголь атындағы кітапханасында жиі кездесіп жүрдім. Кездескен сайын Орынкешті сұраймын. Талай рет хат беріп жібердім. Ол сол күйі жауап жазбады. Халиманың айтуынша, менің хатымды оқып болған соң басын шайқап, үн-түнсіз отырып қалады екен.

Ойлап қарасам, Орынкешке ғашық болған үш жыл ішінде оған 99 хат жазған екенмін. Жүзінші етіп қоштасу хатын жаздым. Оның бақытты болып, бар арманына жетуін тілеп өлең арнадым да, Халимадан беріп жібердім.

Ал Халимамен кітапханада күн сайын кездесіп қап жүрдік. Бір-бірімізге жан сырымызды ақтардық. Ол маған өмірбаянын айтып берді. Мен жыладым.
— Сен неге жылайсың? — деп таң қалды ол.
— Сені аяп кеттім, — дедім.

Бұл оның былтыр Орынкешке барғанда маған қосыла жылағандағы жауабы еді. Ол жымиып күлді де, басымнан сипады.

Сіздің Халима апайға деген ғашықтығыңыз қай кезде басталды?

— Мен Халимаға ол алғаш маған қосыла жылағанда-ақ ғашық болған едім. Бірақ Орынкештен үміт үзбегеннен кейін үндемегенмін. Енді оған жүрек сырымды аштым. «Қосылайық», — деп ұсыныс жасадым.

Ол ойланып отырып:
— Орынкеш екеуің уәделестіңдер ғой, соны орындауларың керек. Ол — өте жақсы қыз. Екеуіңнің татуласып, қосылуларың үшін бар күшімді салайын. Егер сонда да ол саған қарамай, басқа біреумен кетсе, онда мен саған жар боламын, — деді.

Келесі жылы соғыс басталды. Тағдыр екі досты — Орынкеш пен Халиманы екі жаққа бөліп жіберді.

Кейін соғыс біткен соң Орынкеш бір әскери ұшқышқа тұрмысқа шығыпты. Сосын біз Халима екеуіміз үйлендік.

Орынкешпен кейін кездестіңіз бе?

— Онымен арада 24 жыл өткен соң Алматыда кездестім. Күйеуі әскерден босаған соң бала-шағасымен Ленинградтан осында көшіп келген екен. Қос құрбы — Халима мен Орынкеш бір-бірімен жылап көрісті.

Орынкештің жан жары, асыл азамат Жақман бәріміз ажырамас дос болып кеттік, бір қалада 20 жыл бірге ғұмыр кештік. Бір жолы мен Орынкештен:
— Сен сол кезде мені неге тастап кеттің? — деп сұрадым.

Ол басын шайқап:
— Мен сені тастайын дегенім жоқ. Бір мұғалім соңымнан қалмай, ақыры алдап түсіріп, пәктігімнен айырды. Мен саған пәк күйімде қосыламын деп уәде берген едім ғой. Сол уәдемді орындай алмаған соң саған көрінуге бетім шыдамады. Бірақ сен адал қызға үйленіп, бақытыңды тапса екен деп тіледім. Саған лайықты, жаны да, тәні де пәк қыз Халима еді. Мұны Халиманың өзіне де айттым.

Сөйтіп, амалсыздан жатқа несібе болып кете бардым. Мен тұрмысқа шыққан соң Халима:
«Мен Әзілханмен қосыла берейін бе? Рұқсат бересің бе?» — деп хат жазды. Мен «әрине» дедім. Ұл тапсам, сенің атыңды қоярмын деп ем, бірақ Тәңір маған ұл бермеді. Төрт қыздың анасы болдым, — деп сырын ашты.

Алдымен Жақман қайтыс болды, бір жылдан соң Орынкеш те бұл дүниеден озды. Өзінің тілегі бойынша Халима сүйегіне кіріп, өзі жуындырды. Кейін Халима да өтті өмірден. Мен жалғыз қалдым.

Үшеуінің жатқан жерлері бір-бірінен алыс емес. Орынкеш пен Жақман — 1-Кеңсайда, Халима — 2-Кеңсайда. Кейде Халимаға бара жатып, Орынкеш пен Жақманның басына гүл қойып кетемін…

Бала махаббатымның тарихы осы. Ол маған мәңгілік жар бола алмаса да, мәңгілік дос болып өтті. Жүрек ауруына ұшырап, қиналып жатқан күндерімде Орынкеш Халимаға еріп келіп, халімді сұрады. Бірі басымнан сипап, бірі алақанымды қысып, сырқатымнан айығуымды тіледі.

Ал Меңтайдың өмірін неге қайғылы етіп аяқтадыңыз?

— Романда Меңтай пәктігінен айрылып қалады. Кітаптың басты мазмұны — «қазақтың әрбір қызы арын сақтауы керек, арын сақтамаған қызда адалдық болмайды» деген ой. Әрине, әуелде менің де Меңтайды өлтіргім келген жоқ. Бірақ әлгіндей моральді кітапты оқыған әрбір қыз ұғынсын деп ойладым.

МЕҢТАЙ ҚАЗІР КЕНТАУДА ТҰРАДЫ

Меңтай қазір өмірде бар ма? Кездесіп тұрасыздар ма?

— Меңтайдың шын аты-жөні — Нұрғамила Нұрбосынова. Қазір Кентауда тұрады. 2002 жылы 75 жасқа толған тойына мені шақырды. Бардым. Машинадан түстім, ол сабырлы қалпында келіп, қолымды алып амандасты да қойды.
— Келуіңізбен! — деді бар болғаны.

Шайға отырған соң Меңтайдың ұлы, келіні, бауыры дүр күліп қоя берді.
— Мамам әрі авторы, әрі курстасы келгенде құшақтасып көрісетін шығар десек, қол алыстыңыздар да қойдыңыздар ғой, — дейді.

Сонда Меңтай:
— Мен екі шеңбердің ортасында өстім: бірі — педагогтік шеңбер, екіншісі — «Махаббат, қызық, мол жылдардағы» Меңтай бейнесі. Сондықтан ағаларыңызды құшақтап, бетінен сүйе алмадым, — деп жауап берді.

Тойында өзі сөз алып:
— «Роман жазған қолыңыз нәумез болмасын», — деп маған алтын жүзік салды.

Жүзікке: «Махаббат, қызық, мол жылдар». Ардақты Әзекеңе. Меңтай — 75. Кентау. 2002», деп қолтаңба жазылған.

Сүйіспеншілік тақырыбының жаныңызға жақын болуына не себеп?

— Мен әйелімді шексіз жақсы көрдім. Барша жан-жүрегіммен беріле сүйдім. Ал оның маған деген сүйіспеншілігі одан да күшті болды. Махаббат жыршысы атануыма өз басымның бақыты әсерін тигізді-ау деп ойлаймын.

Қолыңыздағы Халима апайдың сізге қалдырған сақинасы-ау деймін…

— Халима ешқашан да жүзік, білезік, сақина салмайтын. Өзіне операция жасалар алдында жұрт сыйлаған алтындарының бәрін зергерге апарып, 10–15 сақина соқтырды. Әр сақинаға «Халима. 1997» деген жазу жаздырды. Сосын сақиналарды қыздарына, келіндеріне, немерелеріне таратып берді. Ал маған ештеңе айтпады.

Халима өмірден өткен соң бірде марқұм Әлжаппар Әбішевтің балаларына көңіл айтып шықпақ болдым. Халиманың «кейін бір кітабына демеуші болып, шығарып беремін» деп жинап жүретін ақшасы болушы еді, сол дорбаны ашып қарасам, түбінде бір сақина жатыр. Бетінде «Халима. 1997» деген жазуы бар. Таң қалдым. Саусағыма салып көрсем, дәп-дәл екен…

Жалпы ол біреуге жақсылық жасаса, жария етпейтін. Көзіме жас келді.
«Бұл сақинаны өмір бойы саусағымнан шығармаспын» деп өзіме-өзім ант еттім. Содан балаларымa:
— Мен өлгенде мына сақинаны саусағымнан суырмаңдар, — дедім.

Балаларым мұңайып отырып бас изесті. Осы сақина арқылы мен Халиманы түнде жанымда жатқандай әсерге бөленемін. Күндіз кеште қолтықтасып қатар келе жатқандай күйде боламын. Халима мәңгі өзіммен бірге деп сезінемін. Мәңгілік махаббаттың өшпес сәулесі деп сақтаймын.

Кей оқырмандарым:
— Ол сақинаны өзіңізбен бірге алып кетпеңіз, музейге тапсырыңыз, — деп жатыр.
Осы ұсыныс дұрыс-ау деп ойлаймын.

Аға, Халима апай дүниеден өтер алдында тілдесе алдыңыздар ма?

— Балаларына жүзіктерін таратып берген соң, ол маған:
— Ал, папасы, енді екеуіміз әңгімелесейік. Баяғы жаңа қосылған кездегі сертіміз есіңде ме? — деді.

— Есімде, — дедім.
— Есіңде болса, менің ертең операция үстінде өліп кетуім мүмкін. Ал сен қалай өлесің? — деді Халима.

— Қалай өлем?.. Маяковский атылып өлген. Фадеев те солай. Есенин… Бірақ мен атылып та, асылып та өлмеймін. Француз президенті Миттеран сияқты өлемін, — дедім.

— Ол қалай? — деп сұрады Халима.

— Миттеран ауыр науқасқа ұшырап, тек дәрінің күшімен ғана өмір сүріпті. Президенттіктен өз еркімен түсіп, мемуарын жазып бітіргеннен кейін үш күн дәрі ішпей қойыпты да, о дүниеге аттанып кете барыпты. Өзің білесің, бес-алты рет инфаркт алдым. Мен де дәрінің күшімен күнімді көріп келемін. Күніне 20 таблетка дәрі ішемін. Сен кетсең, мен де дәрі ішуді тоқтатамын да, жаныңа жылт етіп жетіп барамын, — дедім.

Халима басын шайқады да:
— Жоқ, сен олай деме. Бұрын соғыс уақытында екеуіміз де жас едік. Балаларымыз жоқ болатын. Енді бала-шаға, немерелеріміз, тіпті шөбереміз де бар. Біріміз тірі қалып, соларға бас-көз болуымыз керек. Сол себептен мен бұрынғы сертті бұзамын. Сен де бұз. Әкел қолыңды, — деді.

Сөйтіп, екеуіміз қайта серттестік.

Халима бір ай жатып, жазылып, үйге шықты. Тағы төрт жыл өмір сүрді. Өмірінің соңғы минуттарында мені құшақтап, қолымды ұзақ қысып ұстағанда:
— Сен өлме, тірі жүр, балаларға қара! — деп жатқандай болды ма деп ойлаймын.

Мені босатқаннан кейін көзін ары төңкеріп, бері-төңкеріп біреуді іздегендей болды.
Сол сәтте шөбересі — кішкентай Халиманы көтеріп апарып, бетіне тостық. Ернін әзер қыбырлатып, бетінен сүйді, көзінен
жас парлап шықты.

Сейтіп жатып:
«Қайран Халимам, қош, жарық дүние!» — деп,
2021 жылы 27 шілде күні сағат 9-40-та өмірден өтіп кете барды.

— Оқырмандарды жазушы Әзілхан Нұршайықовтың қай жерде туып, қандай отбасында тәрбиеленгені де қызықтырса керек…

— Менің туған жерім — бұрынғы Семей облысы, Жарма ауданының Ақбұзау деген кішкентай колхозы. Әкем Нұршайық әке-шешесінің тұңғышы болыпты. Мен әкемнің жалғыз ұлымын. Менің екі қарындасым болды. Үлкені Малика ұзақ жыл мұғалімдік қызмет атқарды, қазір Алматыда тұрады. Кішісі Күлзихан ертеректе қайтыс болып кетті. Анам Мұхтар жас кезінде айтысқа түсетін ақын кісі болған екен. Мендегі ақындық қасиет шешемнен ауысқан деп ойлаймын. Соғыстан кейін өлеңді қойып кеттім, өйткені журналистік мамандықты таңдадым да, көбіне очерк жазатын болдым.

Балаларыңыз туралы айтып беріңізші…

— Халима екеуіміздің екі ұл, екі қызымыз бар. Үлкеніміз Жанар 1949 жылы туған, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да профессор, ғылым докторы. Екінші қызымыз — Жәннат, қазіргі Т. Рысқұлов атындағы Экономика университетін бітірген, бүгінде Ақтауда мұнай-газ мекемесінде істейді. Одан кейін Арнұр, Жаннұр деген екі ұлымыз бар. Екеуі де энергетикалық институтты бітірген, Алматыда қызметте. Бес немере, үш шөбере сүйдім.

Әлі тың көрінесіз. Ұзақ жасауыңыздың сыры неде?

— Осынша жасқа келем деп ойламаппын. Бұл мәселеде де Халиманың қамқорлығы ерекше болды. Мені күте білді. Тамақты уақытында дайындап, киіміме қылшық тұрғызбайтын. Соғыста да, одан кейін де темекі тартқан жоқпын, арақ та ішкен жоқпын. Жан жарымнан өзге әйелге көз салып, қырындаған да емеспін. Бәлкім, ұзақ жасауыма осының да себебі болған шығар, — (күледі).

Әзілхан аға, махаббат деген ұғымды қалай түсінесіз?

— Меніңше, махаббаттың үш түрі бар: бала махаббат, шала махаббат және мәңгілік махаббат. Бала махаббат еркімнің басынан өтеді. Жұрттың көбі шала махаббатпен өмір сүреді: алғашында шын сүйдік деп қосылған жұптар артынан аңғал үйленгенін аңғарып, не ажырасып кетеді, не бала-шағасын қимай, тағдырдың жазғанына көнеді. Ал мәңгілік махаббат ілуде біреу ғана болады. Сыңарынан айырылғаны қайтадан отау құрмай, өмір бойы жарын жоқтаумен өтеді. Халима екеуміздің арамызда осындай махаббат болды.

Сұхбаттасқан — Әлия Құдайбергенова
(«Жұлдыздар отбасы» журналы, № 9, 2007 жыл)