Мәзір
Мәдениет

«Бұл маған келген кезде қыз емес болатын, бүгін сен қойнына жатып шық»

«Бұл маған келген кезде қыз емес болатын, бүгін сен қойнына жатып шық»

Белгілі жазушы Әзілхан Нұршайықов өз естелінде қиын жағдайда тап болған әйелдің ауыр тағдыры туралы жазады, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі.

«Газетте қызмет істейтін кезімде бір жас әйелдің редакцияға жазған хатын тексере бардым. Аупартком кабинеттерінің бірінде арыз иесімен әңгімелестім. Қазірдің өзінде уыздай өңді келіншектің қыз кезінде керемет сұлу болғаны аңғарылады. Келіншек көзінің жасын сығып тастап, сұрақтарыма жауап берді. Ол өзі жоғары оқу орнын бітіріпті. Көрікті қызға көз салғыштар көп болмай ма? Соған мастанып, бұл ешкімді көзіне ілмей жүре береді. Әсіресе жұпыны жігіт қызға көп жалынады. Киімің нашар, бойың тапал деп қыз ол жігітті де маңына жолатпай қояды. Сөйтіп жүргенде қыз институтты бітіруге айналады. Бір күні кештен бірге қайтқан екі жігіт қызды шығарып салмақ болып келе жатып, алдап бір үйге кіргізеді де, екіншісі есікті сырттан кілттеп, кетіп қалады. Тағамы, шарабы жасаулы тұрған үйде әлсіз қыз еңгезердей жігітпен екі күн оңаша қалуға мәжбүр болады. Сөйтіп сақтығынан айырылған қыз пәктігінен айырылады – арамза жігіттердің шығарып саламыз дегеніне жүре берген сорлы бала осылайша опасыздың олжасына айналады. Бұл оқиғадан кейін қыз институтты тауысып, дипломын алып, үн-түнсіз қызметке жөнеледі де, барған жерінде бірінші сөз айтқан жігітке тұрмысқа шығады да кетеді.

– Пәктіктен айырылғаннан кейін ақтығың адыра қалады екен, ағай, – деді келіншек тағы да өксіп жылап алып. – Күйеуім мас болған сайын мені балағаттап: «Сен маған келгенде қыз емес болатынсың» деп кінәлайтын, тіпті, қол жұмсап, ұратын болды. Осылай да осылай, зорлыққа душар болдым деп талай рет жалынып, жылап, шынымды айттым. Бірақ оған күйеуім сенбеді. Күйеуім – жоғары білімді зоотехник. Алғашында оқыған жігіт қой, ескі салттардың жөн-жосығына мән бермейтін шығар деп ойладым. Оған уәдемді берсем де, ұрлық қылған кісідей, өмірлік жан-жарыма ақаусыз жете алмағаныма қиналып, қысылған едім. Ақыры ойлағанымдай болып шықты. Тегі, күйеуім мені сүймейтін шығар, шын сүйген адам ондайға қарамау керек қой деп те ойладым. Осыны күздің күніндей тұнжыратпай, біржола ажырасып кетсем бе деп те оқталдым. Ерден шыққан әйелден ешкім пәктік талап етпейді ғой. Дәм жазса тағы біреуге қосылармын дедім. Бірақ олай етуге елден ұялдым, «ажырасып кетіпті» деген қаңқу сөзден қорықтым.

Өстіп дел-сал болып жүргенімде бір күні түнде күйеуім мас боп, менің бала күндегі жолдасым деп үйге бөтен біреуді ертіп келді. Оған төсек салдырып, маған соның қасына жат деп итермеледі. «Бұл маған келген кезде қыз емес болатын, бүгін сен қойнына жатып шық» деп оған ыржалақтады. Мен жерге кіріп кете жаздадым. Бұл қорлықты көргенше өлейін деп, қыстың аязында киімсіз далаға қаштым. Содан үсініп, үш ай ауруханада жаттым. Шынымды айтсам, жынданудың сәл-ақ алдында қалдым, ағай. Тағы да сол үйде тұрып жатырмын. Күйеуімнің бетіне кісі екен деп қарағым келмейді. Бір столдың басында басымыз түйіспейді. Ортамызда жалғыз бала бар. Екеумізді бір ошақтың басында ұстап отырған дәнекер сол ғана, – деп келіншек төмен қарап, сәл үнсіз отырып да, әңгімесін қайта жалғап кетті.

– Жас күнде, қыз кезімізде, көбіміздің көзімізді шел қаптап жүретін екен, ағай. Бір жігіттің бойы аласа, екіншісінің өңі сыйқсыз – бұлар «Ландыш», бізге «Венера» керек деп, өзімізге адал серік болар жақсы жігіттерді аяғымыздың астында жатса да аңдамайды екенбіз. Бұрын институтта жүргенде группадағы жігіттердің бәрі мені сыйлайтын еді. Олар менің атымды Гүлім демей, ылғи Ақгүлім деп атаушы еді. Енді міне ақ гүл емес, қара гүл болдым. Жер үстінде құр сүлдерім жүргені болмаса, кейде өзімді тірі өлік, тірі аруаққа санаймын. Қызмет, бала, жора-жолдас – бәрі алданыш қой. Бірақ әйелдің шын бақыты осылардың үстінде өмірлік жан-жарының жақсы болуында екен. Мінеки, ағай, өмірім осы менің. Келгеніңізге рахмет. Сізден өтініш, менің күйеуіммен оңаша сөйлесіп, осының бәрін айтыңыз. Алдымен арақ ішкенді қой деңіз. Бар бәлe содан басталады. Осыған уәдеңді берсең, мен сені масқаралап, газетке жазбаймын деңіз. Ол осыған көнсе, газетке жазбай-ақ қоюыңызды сұраймын, – дейді жыламсын болып.

Әрине, мен келіншектің күйеуімен барып сөйлестім. Ол уәдесін берді. Бірақ осы оқиға менің есімде сақталып қалды. Келіншектің сонда айтқан: «Тегі, күйеуім мені сүймейтін шығар, шын сүйген адам ондайға қарамауы керек қой деп ойладым» деген сөзі бір шындықтың шетін аңғартқандай болды. «Махаббат қызық мол жылдарда» Меңтайды Ерболға қосу туралы ой осыдан туды».