Мәзір
Мәдениет

«Қатынымның сыртынан ғана көрдім». Бауыржан Момышұлы ең алғаш ұлды болғанын кімнен естіді?

«Қатынымның сыртынан ғана көрдім». Бауыржан Момышұлы ең алғаш ұлды болғанын кімнен естіді?

Халық қаһарманы, жазушы Бауыржан Момышұлы қақ майданда жүргенде ұлды болғанын кімнен естігенін естелік ретінде жазған, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі.

***

Бірінші әйелім – Бибіжамал Мұқанқызы Момыш келіні, менен 2-ақ жас кіші еді. Өзі ақ-сары сұлу кісі еді. Байын күте білетін, үйін ұстай білетін, дастарқанды кісі еді... Сол кісіден тұңғыш балам Бақытжан Момышұлы Бауыржанович туды... Ұлы Отан соғысы басталғанда, ол кісінің аяғы ауыр еді. Соғысқа қашан жүрер-жүрмесімізді білмей жүргенде, ол Талғарға келді.

– Жақында аттана қоймаспыз, сен ауылға барғын, – дедім мен. Сол тілімді алып, ол 2-3 күннен кейін ауылға аттанды. Өзі сұлу, қарны қампиған, соғыс басталған, ауылдағы ағайын-туыстарым: «Қарағым, жақсы кепсің» – деп, жақсы қарсы алыпты.

Күтпеген жерден эшелонға тиеліп майданға аттандық. Өзім эшелондамын, қатыным ауылда. Қоштасқан жоқпыз... Бурныйдан өтіп бара жатқанда қарадым. Сол күні базар күні екен (воскресенье). Мені өтіп барады деп ойламаған қатынымның сыртынан ғана көрдім. Ей, пәлен-түген деуге уақыт жоқ, поезд зыр етіп өте шықты. Қайта көремін бе, көрмеймін бе сені? – деп бармағымды тicтeп, өтіп кеттім. Сол маған үлкен әсер етті.

Содан бара соғысқа кірістік. 5 рет қоршауды бұзып шықтым. Начальник штабым татар жігіті Хаби Рахимов еді. Ол туралы кітабымда жазғанмын. Соған бір күні кешке отырып сырымды айттым.

– Хаби, мен әкеден жалғыз едім. Мен соғысқа аттанғанда, әйелім жүкті қалып еді. Қыз бола ма, ұл бола ма, әйтеуір тұқым ғой. Өзің көріп жүрсің, менен артықтары да, кемдері де өліп жатыр. Соғыста менің бір арманым: осы октябрьдің басында жеңгең босануы керек, соның кім екенін біліп кетсем, арманым болмас еді.

– Ақсақал, – деп шошына сөйледі. – Менің де әйелім бар кісімін, бірақ келініңіз екіқабат емес еді. Сізді құдай сақтасын, тілегім сол.

– Ниетіңе рақмет, қарағым, – дедім мен.

Төрт ай өтті. Хабар жоқ. Хат алмаймыз. 5-ші айда Рахимов (старший лейтенант):

– Сүйінші, сүйінші, ақсақал! – деп жүгіріп келді алдыма.

– Жеңгем ұл туыпты, міне, хат алдым, – деп маған хатын көрсетті.

– Рақмет, айналайын, – деп хатты оқыдым.

«Баукетай, көптен бері хабар алыспадық қой. Сен неге хат жазбайсың? Аман-есенсің бе, бізде түнде ұйқы, күндіз күлкі жоқ.

Үшінші октябрьде ұл таптым, атын кім қоямыз деп қатты қиналдық, тәтем Бақытжан қойыңдар атын, бір жағы әкесінің аты Бауыржанға ұқсас, екінші жағы бақытты болсын деді. Сөйтіп, баланың аты – Бақытжан болды. 40 жыл қырғында ажалды өледі дейтін қазақтың сөзі бар ғой, сен аман қайтсаң, ең үлкен бақытымыз – сол. Баланың көтін иіскеп, жалап жатырмын…»

Ж. Бозжановты шақырып алдым. Мә, оқы мынаны деп хатты ұсындым оған. Ол оқып шықты-дағы, қатты қуанып кетті.

– Той істеймін, ақсақал, той істеймін! – деп айқай салды. Мен үн қатқан жоқпын. Кешке таман күтпеген жерден қайдан тапқаны білмеймін, бір қойды сойып, қазақша бесбармақ істеп, 3–4 бөтелке арағы бар күллі штабты шақырып кешкі асқа. Ол кезде менің арақ ішпейтін кезім. Ырым ретінде дәмін татамындағы рюмканы қоя саламын. Отырған жігіттер рюмкаларын қағып салып та, бесбармақты жайпап берді.

Бақытжан Момышұлы туралы бірінші естіген хабарым осы.