Қазақстанның Қылмыстық кодексіне жаңа бап қосылды. Енді алаяқтық схемалардағы делдалдарды тек айыппұл салып немесе алданған адамдарға ақшаны қайтаруға міндеттеп қана қоймай, бас бостандығынан айыру да мүмкін. Бұл мәтінде дропперлердің кім екені, олардың қатысуымен қандай схемалар жұмыс істейтіні және оңай ақша табамын деп жүріп, дропперге айналмау жолдары туралы айтамыз.

Дропперлер кімдер және олар не үшін керек?
Дропперлер — алаяқтар мен олардың құрбандары арасындағы делдалдар. Алаяқтардың алдап алған ақшасы ең алдымен дәл осы дропперлердің банк карталарына түседі. Одан кейін дропперлер бұл қаражатты келесі делдалдардың шоттарына аударады. Схемада делдалдар неғұрлым көп болса, полицияға нақты қылмыскерлерді табу соғұрлым қиын болады. Яғни жәбірленуші полицияға жүгініп, ақшаны аударған карта нөмірін көрсеткен кезде, құқық қорғау органдары көбіне алаяқтардың өзін емес, дропперді ғана анықтай алады.
Дропперлер қалай пайда болады?
Жалпы алғанда, дропперлер екіге бөлінеді: алаяқтарға көмектесіп жүргенін түсінетіндер және өз әрекетін заңды табыс деп ойлайтындар. Екінші жағдайда адамдарды әлеуметтік желілердегі жарнамалар арқылы тартады. Оларға банк картасын «жалға беруді» ұсынып, сыйақы уәде етеді. Картаға ақша түсетінін, оны әрі қарай аудару керектігін, ал белгілі бір пайызын өзіне қалдыра алатынын айтады. Әдетте алаяқтар бұл әрекеттің толықтай заңды екеніне сендіретін аңыз ойлап табады.
Егер мен алаяқтарға көмектесіп жүргенімді білмесем, кінәлі емеспін бе?

Жоқ. Біріншіден, заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайды. Екіншіден, Қылмыстық кодекске жаңа бап енгізілгенге дейін де дропперлерге Азаматтық кодекстің 953-бабы — негізсіз баю туралы норма қолданылған. Соған сәйкес, дропперлер тіпті өз шотынан өзге біреудің шотына ақша аударып қана қойса да, алаяқтар ұрлаған бүкіл соманы жәбірленушілерге қайтаруға міндетті болған. Яғни ұрлықты алаяқтар жасайды, ал шығынды делдалдар өтейді. Қазақстан соттарында мұндай шешімдер бұрыннан бар. Мысалы, үш дропперден алаяқтық құрбандарының пайдасына 20 миллион теңге өндірілген.
Жаңа бап бойынша дропперлерге қандай жаза қарастырылған?
ҚР ҚК-нің 232-1-бабында алаяқтарға көмектескені үшін нақты бас бостандығынан айыру мерзімдері көзделген. Өз банк шотына үшінші тұлғалардың заңсыз қол жеткізуіне мүмкіндік бергендер үш жылға дейін түрмеге қамалуы мүмкін. Бөгде адамдардың өтінішімен аударымдар немесе төлемдер жасағандарға бес жылға дейін жаза тағайындалуы ықтимал. Ал әртүрлі адамдардың карталарына ақылы түрде қол жеткізіп, оларды алаяқтық схемаларда пайдаланғандар жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Егер мені біреудің ақшасын басқа шотқа аударуды сұраса, не істеу керек?
Ешқашан келіспеңіз. Мұндай өтініш таныстарыңыздан түссе де немесе «көмек» үшін сыйақы ұсынса да. Ешқандай ақша мен таныстық бостандықтан айырылуға тұрмайды.
Айтпақшы, «Kaspi.kz алаяқтарға қарсы» науқаны аясында дропперлердің қалай жұмыс істейтіні туралы жаңа бейнеролик шықты.
Еске салайық, Kaspi.kz Қаржы нарығын дамыту және реттеу агенттігінің қолдауымен ең кең таралған алаяқтық схемалар туралы адамдарды хабардар ету үшін бейнероликтер сериясын түсірді. Жаңа видеолар әр екі апта сайын Kaspi.kz-тің ресми YouTube-арнасында жарияланып отырады.