Мәзір
Экономика

Ресейдің түбіне соғыс экономикасы жете ме?

Ресейдің түбіне соғыс экономикасы жете ме?
Сурет Ашық дереккөзден алынды

Соғыс экономикасы Ресейдің донор аймақтарын әлсіретіп барады

Ресейде аймақтық бюджет тапшылығы соңғы жылдары күрт өсіп, 2026 жылы рекордтық деңгейге жетуі мүмкін. Сарапшылардың пікірінше, бұл құбылыстың басты себебі – Украинадағы соғыстың ұзаққа созылуы мен әскери шығындардың артуы. Бұрын федералдық қазынаны асырап келген өндірістік әрі шикізаттық өңірлер енді өздері қаржы тапшылығына тап болуда https://www.svoboda.org/a/voyna-protiv-pribyli-kak-rossiya-teryaet-regiony-donory/33760794.html.

Ресей Қаржы министрлігінің мәліметіне сәйкес, 2025 жылы аймақтық бюджеттердің жиынтық дефициті 1,5 трлн рубльге жеткен. Ал 2026 жылы бұл көрсеткіш тағы 22 пайызға өсіп, 1,9 трлн рубль болуы ықтимал. Бұл – пандемия кезеңіндегі шығындардан да жоғары көрсеткіш.

Ең ауыр соққыны Ресейдің экономикалық тірегі саналған донор аймақтар қабылдап отыр. Мәселен, металлургияға тәуелді Вологда облысында кәсіпорындардың пайда салығы бірнеше жыл қатарынан азайған. «Северсталь» компаниясы 2026 жылдың алғашқы тоқсанында табыстың 370 есеге құлдырағанын мәлімдеген. Ішкі нарықтағы сұраныстың төмендеуі мен рубльдің күшеюі компания кірісін азайтқан.

Мурманск облысында жағдайды Батыс санкциялары ушықтырды. Сұйытылған газ жобаларына қарсы енгізілген шектеулер салдарынан аймақ ондаған миллиард рубль жоғалтқан. Ал Кемерово облысында көмір саласының дағдарысы өңір табысын күрт қысқартты: бірнеше жыл бұрын 300 млрд рубльден асқан бюджет кірісі бүгінде 200 млрд-қа да жетпейді.

Экономист Борис Грозовскийдің айтуынша, соғыс экономикасы Ресейдегі инфляцияны үдетіп, орталық банкті пайыздық мөлшерлемені көтеруге мәжбүр етті. Соның салдарынан бизнес арзан несиеге қол жеткізе алмай, өндіріс көлемі қысқарған. Сонымен қатар санкциялар экспорттық нарықтарды тарылтып, компаниялардың шығынын көбейтті.

Сарапшылардың дерегінше, 2024–2025 жылдары Ресей компанияларының жиынтық пайдасы нақты есеппен шамамен төрттен бірге азайған. Ал 2026 жылдың басында құлдырау одан әрі үдей түскен. Бұл құбылыс тек бір-екі саламен шектелмей, мұнай-газ, металлургия, құрылыс және ауыл шаруашылығы сияқты негізгі секторларды қамтыған.

Бюджет тапшылығын жабу үшін аймақтар қарызға белшеден батуда. Ресей өңірлерінің мемлекеттік қарызы 3,5 трлн рубльден асып кеткен. Бұрын федералдық орталық арзан несиелер беріп келген болса, енді аймақтар коммерциялық банктерден жоғары пайызбен қарыз алуға мәжбүр.

Қаржы тапшылығы әлеуметтік салаға да әсер ете бастады. Биыл Ресейдің кемінде 19 аймағы денсаулық сақтау шығындарын қысқартуды жоспарлап отыр. Кей өңірлерде бюджет қызметкерлерінің жалақысы индекстелмей қалған. Соған қарамастан, әскери шығындар мен соғысқа қатысушыларға арналған төлемдер көбейіп жатыр.

Экономист Владислав Иноземцев Ресейдің салық жүйесі де аймақтардың жағдайын ауырлатып отырғанын айтады. Оның пікірінше, мұнай бағасының өсуінен түсетін негізгі пайда федералдық бюджетке кетеді, ал өндірістің әлсіреуі мен халық табысының төмендеуінен туатын шығындар аймақтардың мойнына жүктеледі.

Сарапшылар Кремльдің қазіргі басты мақсаты экономикалық өсімді қалпына келтіру емес, әскери-өнеркәсіп кешенін қаржыландыру деп есептейді. Сондықтан өңірлердегі әлеуметтік қиындықтар тереңдей түсуі мүмкін.