«Сұлтанның шарықтауы мен құлдырауы»
Бір ай бұрын белгілі дипломат, сарапшы Қазыбек Бейсебаев «Рыскелді Дәуітбаевтың «Сұлтанның шарықтауы мен құлдырауы» туралы кітабын жариялауды бастаймын. Барлық оқиғалар мен геройлар — автордың ойлап тапқаны, соның ой-өрісінің жемісі. Есімдер, атаулар мен оқиғалар мерзімі кездейсоқ сәйкестіктер» деп жазған болатын.
Күні кеше Қазыбек Бейсебаев «Сұлтанның шарықтауы мен құлдырауы» шығармасының өзі екенін мойындады. Бұл шығарманы әлеуметтік желі белсендісі Қуаныш Еділхан орыс тілінінен қазақ тіліне аударған екен. Аlashorda.kz сайты шығарманың бірінші және алтыншы тарауын жариялайды. Ал қалған 7-13 тарауды кейін ұсынамыз.
1-тарау.
Балалық шақ пен жастық шақ. Қылмыстық тарих. Окраинадағы оқу. Алғашқы махаббат. Шойынтаудағы жұмысшылық мансаптың басы. Бейбітшілік бульварындағы сәтсіздік. Будиннің телефон шалуы.
Ол жұмыс столындағы креслоға шалқалай отырып өзі де байқамастан ұйықтап кетті. Бұл ұйқы дейтін ұйқы да емес, естеліктер әлеміне кіріп кеткендей сезім еді. Соңғы кездері мұндай жағдай онда жиі болып тұратын. Жалғыз қалса болғаны, бірден ұйқы сияқты естеліктер әлеміне еніп кететін болыпты.
Түсінде ол өзі туып-өскен Тамолған ауылын, ондағы көршінің бауына алма ұрлауға түскенін көрді. Көршінің аты Мефодий-тын, оны ауылдастары жәй ғана Меподи дейтін. Ол алғаш рет ұрлаған алмасын жей бастағанда анасы: «Әй Сұлтан, қайда жоғалып кеттің? Шәй қояйық, бар, су алып кел» — деп шақырды. Байқамай аузына алманың дәмінің орнына талқанның дәмі келе бастады. Талқанды анасы ұнтақталған жүгеріден айранға қосып жасайтын. Талқан дәмді болатын, аш қарынды бірден басатын, алайда оның өсіп келе жатқан ағзасы басқаны талап ететін, сондықтан ол үнемі бірдеңе жегісі келіп тұратын. Бұл соғыстан кейінгі мерзім еді, бүкіл ел аш болатын.
Кейін, мектептен кейін өзі оқуға түскен Окраинаның Радянск училищесінің асханасында ол тойып тамақ іше бастады. Окраинадағы училищеге ол, ресми биографиясында көрсетілгендей, белгілі Шойынтау қалашығынан емес, бірден Тамолғаннан барып түсті. Оған өте маңызды себептер болған еді.
Оның Тамолғаннан шыққан ұзақ жолдан кейін үлкен өзен жағасындағы зауыт кіреберісінде қалай пайда болғаны әлі күнге дейін көз алдында. Онда ол бірінші рет үлкен елдің екінші шетіне тап болды және бұрын-соңды көрмеген көп нәрселерді алғаш рет көрді.
Кейін класстастары оны мектептен кейін қия шеттегі Окраинадан бір-ақ шықты деп айтып жүрді, бірақ енді оған мән берген ешкім де болған жоқ. Өзінің алғашқы автобиографиялық «Оң жақ пен сол жақтың арасы» атты кітабында ол мектептен кейін авиациялық училищеге оқуға түстім, алайда әкем мені жіберген жоқ, баласы ата-анасын тастап алысқа кетуі дұрыс болмайды деді деп жазды. Өзінің айтуы бойынша әкесі оны ұшқыш болуға жібермепті, алайда қарапайым жұмысшы болуға артық әңгімесіз-ақ келісіпті. Қисынға келмейді-ақ, бірақ оған назар аударған кім бар дейсің?
Мектепті жақсы бітіріпті, онысы Тамолғанда өз атына ашылған музейдегі аттестаттан көрініп тұр. Республикадағы басты университетке құжат тапсырыпты, алайда химиядан бірінші емтиханнан-ақ ұшып кетіпті. Бұл фиаско бір жағымсыз оқиғаға себепші болды, алайда ол оны есіне алмауға тырысып, бұл эпизодты мүлдем өз өмірінен сызып тастады. Сұлтан бір қылмыстық іске тап болды. Оған он жыл бас бостандығынан айырылу қаупі төнді, алайда оны бұдан әкесі Қабыш құтқарды — ол жалғыз сиырын сатып тергеушіге пара беріп Сұлтанды құтқарып қалды.
Әрине, мұның алдында Сұлтан біржарым айдай СИЗО-да жатып қалды. Камерада әртүрлі контингент – ұсақ ұрылардан бастап кісі өлтірген жауыздар да жеткілікті еді. Отырған кезде Сұлтан үнемі біреулер иттік жасамасын деп камерадағыларды бақылаумен болды және үнемі қашан мені шығарып алар екен деп есік жаққа жалтақтаумен болды. Соның салдарынан көздері үнемі ойнақшып тұратын және осы әдет өмір бойына оның қанына сіңіп кетті. Осы оқиғадан кейін оған бірақ уақытқа көрінбей басқа жаққа асып кетуге тура келді.
Окраинада тумалары бар көршісі Мефодийдің ақылы бойынша Қабыш баласын сол жақтағы металлургия зауытына асырды.
Ол жақта Сұлтан металлургтікке училищеге Қызықстаннан оқуға келген бір топ жастарға барып қосылды. Екі жылдан кейін солармен бірге ол еліне қайтты.
Криминальдық тарихы үшін оны армия қатарына да алмады. Биографиясында Сұлтан мұны жасырды, кейін неге армияда болмағандығы өз-өзінен ескерілмей қалды.
Окраинадағы оқу кезінде ол алғашқы махаббаты Наташаны жолықтырды. Наташа қаладан қашық емес селода тұратын. Наташамен оны күрес секциясына бірге баратын жергілікті жас жігіт таныстырды. Наташаның әке-шешесі жоқ болатын, ол ата-әжесінің қолында тұратын.
Ол Наташаға барғанда қасында үнемі Шымқала облысынан Сатыбалдиев Тілеміс еріп жүрді. Тілеміс те өзінің оңтүстіктегі жерлестері сияқты сөзуар болатын, сөздерімен кез-келгенді өзіне қаратып алатын. Сонысымен ол Сұлтанға қатты көмектесті. Кейін Сұлтан оны осы қызметі үшін алғыс ретінде тәуелсіз Қызықстанның парламент депутаты етті.
Тілемістің мақсаты бір бөтелке горилка сатып алып үй егелерін араққа тойғызу болатын. Біраз уақыттан кейін шал мен кемпірдің тіл-жақтары ашылып өзара әлденелер айтып кететін. Тілеміс тек әңгімені қолдап отырушы ғана да, Сұлтан мен Наташа өзара оңаша кететін. Кейін бұл оңаша кездесулер Наташаның екіқабат болуымен аяқталды. Сұлтан үйленуге қарсы болған жоқ, сөйтіп олар бірге Тамолғанға келді, алайда Қабыш шал келісім бермеді. Наташа сөйтіп Окраинасына жалғыз қайтты.
1-тарау (жалғасы).
Сұлтан аздап қорылдай бастады да бұрынғыларды еске түсіруін жалғастыра берді. Окраинадан кейін ол республиканың көмір орталығы Көмірқаланың Бейбітшілік бульварында болды. Онда ол мединституттың студенті Айсұлумен танысты. Айсұлудың әкесі Көмірқала облысының бір совхозының директоры еді. Айсұлу модамен киінетін. Юбкасы тізеден жоғары, туфлиі қайықтай, шашы да алпысыншы жылдарғы модаға сәйкес болатын. Ондай прическа шетел әртістерінде және «Кавказ тұтқыны» комедиясындағы әртістерде болушы еді. Ол Айсұлумен автобуста кездейсоқ танысты да кейін бір-екі рет киноға шақырды. Ол кезде қызбен киноға бару алғашқы сезімнің белгісі болатын.
Шойынтау металлургиялық комбинатында көптеген қыздар мен жас келіншектер жұмыс жасайтын, олар мұнымен өмірлерін байланыстыруға қарсы емес-тін. Бірақ Сұлтанға бәрібір ештеңе ұнамады, оған тіпті жатақханадағы жиі спирт ішімдіктері ішілетін атмосфера ұнамайтын. Ол қандай да бір студент қызбен отбасын құрып жас мамандар ретінде жаңа өмір бастағысы келді. Сондықтан да ол Көмірқаладағы Бейбітшілік бульварына барғыштап жүрді, өйткені онда студент қыздардың жатақханасы бар еді.
Айсұлуға келген сайын ол бульвармен қыдырып, оны сүйетіндігін айтқысы келетін. Оған ол тіпті бірнеше сөздер де дайындап қойған еді. Үйге жазған хаттарында ол ата-анасына келін күтіп алуға дайындалу керектігін де ыммен білдірді.
Ол сөйтіп Айсұлуға бәрін айтып үлгерді, бірақ одан мынадай жауап күтпеген еді. Айсұлу сәл ойланып алып оған көзіне тура қарап тұрып: «Сұлтан, сен бар болғаны қарапайым жұмысшысың, ал мен болашақ дипломды терапевтпін. Аудандық ауруханада жұмыс жасайтын боламын. Әкем совхоз директоры, ал сенде кім бар? Совхоздың жұмысшысы ма? Менің жігітім бар, көп ұзамай мен оған тұрмысқа шығам. Өзің айтшы, бізде ортақ не бар?»
Басқа басқа, бірақ тап мынадай кемсітуді Сұлтан күткен жоқ еді. Оның өзі де қаражаяу емес, кез-келген қызға қалай жақындауды білетін. Бірақ мынау…белден төмен ауыр соққы болды. Ол сасып қалды, біразға дейін өзіне-өзі келе алмады. Айсұлу тағы бірдеңелер айтып жатқанмен де бұл ештеңе де естімеді. Осы әңгімеден кейін ол өзіне, жұмысшылар жатақханасына кері қайтты, бірақ бетін жуған көз жасын ешкім де көрген жоқ.
Кейін Сұлтан осындай қыздардан өшін еселеп қайтарды. Көп жылдар өтіп ол биліктің ұшар басына шыққан соң оған қыздарды, бұрынғы партия номенклатурасындағы және әртүрлі интеллигенцияның қыздарын әкеліп тұрды. Бұл олармен ойына келгенін жасады. Олардың әрқайсысынан ол Айсұлуды көріп, сол қорлығы үшін олардан барынша кек алды.
Көп жылдар өткен соң ол Айсұлуды көрді. Ол кезде бұл үкімет басшысы, ал Айсұлу Көмірқала облысының бір ауданында аудандық аурухана меңгерушісі екен. Жылдар өз дегенін жасапты, бұрынғы Айсұлуды тану қиындапты. Бұл ресми амандасты да бірақ танымайтындай түр көрсетті.
Естеліктерін қайта жалғастырудың сәті түспеді. Оған біреу халық әні Қамажайды айтып жатқандай болып көрінді: «Басында Қамажайдың бір тал үкі айрылып….. Ахау хайлилайым, лилилайым».
Ол басын күрт сілкіп алдында тұрған көмекшісін байқады, ол бірсарынды мыңқылдап: «Сұлтан Қабышұлы! Сұлтан Қабышұлы! Енді 10 минуттан кейін Будин телефон соғады» — деді. Ол терең есінеп алды да, құрысын жазып: «Жақсы. Жакс кірсін» — деді. Жакс президент әкімшілігінің басшысы.
Енді біздің геройды таныстырудың уақыты келді. Бұл Сұлтан Қабышұлы Базарнаев, Қызықстан президенті болатын.
Базарнаев Қызықстанды ол Қызық социалистік республикасы болып тұрған кезден басқаратын және ол кезде ол СССР атты үлкен елдің құрамында-тын. Кейін Советия тарап кетті де Қызықстан басқа республикалар сияқты тәуелсіз ел болды.
— «Будин…. Шәй әкелсінші».
Бұл полковникті дұрыс бағаламаппын деді өз-өзіне Базарнаев. Сосын тағы да қайталады: дұрыс бағаламаппын.
Будин Владимир Владимирович – Эрефия Федерациясының президенті (4), Советияның құқық иеленушісі.
Эрефияның алғашқы президенті Зельциннің ешкімге белгісіз Будинді өзіне ізбасар етіп тағайындауы Сұлтан үшін күтпеген нәрсе болды.
Қызықстанның олигархы Машевич оған Будин туралы айтып берді – ол арнайы органдардан, Зельцинге жақын адам Осиновскийдің кадры.
Будин белгілі саясаткер, Эрефияның екінші астанасы Санкт-Невобургтің мэрі Добчактың орынбасары. Сол жақтан оны Осиновский Эрефия астанасы Московаға тартып алды да ащы суды жақсы көретін Зельциннің қасына отырғызды. Алдымен ол Зельциннің әкімшілігінде бөлімшелердің бірінің басшысының орынбасары болды, артынан арнайы органның басшысы, кейін премьер-министр болды да соңында үлкен елдің президенті креслосына қонжиды.
Барлығы да Будинді Осиновскийдің марионеткасы деп жүрді, алайда ол барлығын да ақырында алдап соқты.
— Ия, мен оны бағаламаппын – деп тағы да қайталады да Сұлтан туалетке кетті.
Ол Будиннің неге телефон соққанының себебін білді. Мәселе оның Юнайтедке сапары кезінде өзіне алған міндеттемеде еді (5).
Юнайтед әлемде нөмірі бірінші ел еді және Эрефияның Будин кезінде дами түсуі оған ұнамады.
Сол уақытта қаңтарда Сұлтан Юнайтедтің ақсары президентіне бірақ уәделер беріп тастаған. Мұны Будин біліп қалыпты. Барлауы жұмыс жасайды деп мысқылдады Базарнаев.
Арнайы жабық байланыс аппаратының дыбысы естілді де Базарнаев трубканы көтерді:
«Алло! Қайырлы күн Владимир Владимирович!»
Кезекті кезекші амандасу сөздерінен кейін Будин өзіне тән мәнерде және нықтап: «Мен сізден Сочинскіге бір күн бұрын келуді сұраймын, бізде сөйлесетін тақырыптар бар. Сізден Юнайтедте не туралы сөйлескендеріңізді білгім келіп еді» — деді.
Осымен әңгіме аяқталды. Енді Базарнаев Будиннің нені қалап тұрғанын дәл білді. Будин бір ғана нәрсені қалайды – Қызықстан Юнайтедпен әріптестікті тоқтатса дейді.
Бірақ Базарнаев Сочинскідегі бұл кездесу тағдыршешті мағызға ие екендігін сезген де жоқ.
Сочинскідегі кездесуден кейін Сұлтанның төмен құлдырауы басталды, бірақ оны Сұлтанның өзі де, басқа ешкім де сол сәтте көздеріне елестете де алмады.
2-ші тарау
Жасару. «Алтын бұзау» сүйікті фильмі. Каравайкинмен жұмыс және алғашқы көп ақша. Азиопшылардың келуі. Қызықстанды жекешелендіру.
Сұлтан Қызықстанның толық қожасына айналды. Жылдар өз дегенін жасады, сондықтан Қызықстан президенті Сұлтан Базарнаев жұмыс уақытының көп бөлігін қала сыртындағы резиденциясында өткізетін болды. Біраз жылдар бұрын ол жақындарының талап етуімен таяу шығыс елдерінің бірінде қандай да бір арнайы клеткалар егу арқылы жасару процессін басынан өткерді. Оған салмақты себеп те бар еді – ол он жылдай өзінен 40 жас кіші жас әйелімен болды. Басында бәрі жақсы болды, ол өзін жасарып кеткендей сезінді, еркектік потенциясы артты. Жолдасы оған екі ұл туып берді. Бірақ бұл жасарудың екінші жағы да бар екен – ол енді формада болу үшін үнемі қосымша укол мен оған арнайы дайындалған таблеткалар ішуі керек екен. Мұның бәрін ол күн сайын жасауына тура келді. Аквитаниядан (6) оған арнайы дәрігер бөлінді, ол барлық қажетті процедураны бақылап отырды. Ол өзіне-өзі келуі үшін күніге бірнеше сағат қажет болды, күн сайын оның ресми кездесулері мен публикаға көрінуі сағат он бірде басталатын. Публикаға шыққанда оған жас, сымбатты көріну үшін арнайы корсет кигізілетін. Тағы да ол жаз шыққан сайын елдің шығысына, жас маралдың мүйізінен алынатын панта экстрактысының ваннасын қабылдауға тауға аттанатын. Бұл процедура оны тек жасартып қана қоймай оның еркектік потенциясын да көтереді деп айтатын.
Бүгін ол тағы да резиденциясындағы креслода жантайып жатып естеліктерге беріле бастады. Оның сүйікті фильмі «Алтын бұзау» болатын. Алғаш рет бұл комедияны ол Көмірқалада көрген. Ол кезде картина оған өте қатты әсер еткен болатын. Онда да кино, немесе ондағы геройлар емес, Остап Бендердің ақымақтықпен байлықтан айырылып қалғаны күшті әсер етіп еді. Ол бір мезетте қатты уайымдап және Остап Бендердің мен граф Монте-Кристо бола алмадым, сондықтан үй меңгерушісі болуға тура келеді дегеніне ашуланатын. Базарнаев ашқұрсақ бала кезінен бай болуды, егер оның миллионы болса ол оны сенімді жерге тығып қойып байлығына рахаттануды армандайтын. Тамолғаннан кейінгі бар өмірі бір мақсатқа ғана – кедейліктен құтылып тоя тамақ ішу еді. Табиғат оған қабылет берді, ол жақсы ән салатын және домбыра мен баянда да ойнады. Ана тілінің барлық қырын жақсы білу мен музыкалық қабылеті оны тойларға асаба етіп шақыруға жеткізді. Шойынтауда той көп болатын. Оны алыс ауылдарға да шақыра бастады. Әдетте ауылдарда оған қызметіне қой ұсынатын, бірақ ол ақшаны қалайтын. Біртіндеп фортуна оған мойнын бұра бастады. Шойынтауда Сұлтан Базарнаевты алдымен комсомол, артынан партия линиясы бойынша ілгері сүйрей бастады. Материальдық жағынан өмір қалыпты арнаға түсе бастады, үйінде де жеткілікті, ол әке-шешесіне ақша салып тұра бастады. Бас хатшы Леонид Бровастыйдың биліктегі соңғы күндерінде Советия тоқырауға ұшырады, үлкен креслолардағы партиялық босстар елді жайына қалдырып өз жағдайларын көбірек ойлайтын болды. Орталықтан бақылау әлсіреді, соны пайдаланып республикалар мен аймақтарда мұны пайдаланып қалушылар көбейді. Жергілікті басшылар дүние жинай бастады. Бұдан Көмірқала да қалыса қойған жоқ. Қала мекемелерінде кәсіпкер азаматтар есепте жоқ «левый» өнімдер шығара бастады. Одан түскен пайданы (оларды цехшылар деп атады) партия пен құқық қорғау органдарындағы бастықтармен бөлісті. Сұлтанда алғашқы үлкен ақша ол Көмірқала обкомының екінші хатшысы болып тұрғанда автотранспорт кәсіпорнының директоры Каравайкинмен танысқаннан кейін пайда болды. Каравайкин бұл кәсіпорынға келмес бұрын жергілікті политехника институтында саяси экономикадан сабақ берген еді, ол социалистік экономиканың барлық кем-кетіктерін жетік білетін. Каравайкин оқытушы болып жүргенде-ақ социалистік жоспарлы экономика ақша қымқыруға болатынын түсінді. Үлкен мекеменің тізгіні қолға тиісімен ол сол білімін іс жүзінде қолдануға кірісті. Оның ойлап тапқан схемасы бойынша автобустардан түскен табыс кассаға соқпай тікелей Каравайкиннің қалтасына түсіп тұратын болды. Бірақ оған жергілікті облысық басшылардан крыша керек еді, сол крышаны ол облыстағы екінші адам Базарнаевтан тапты, сөйтіп жандары туыс адамдар өзара осылайша кездесті. Екеуінің кездесуі кездейсоқтық емес еді, олардың жандары өзара туыс болатын. Каравайкин де Сұлтан Базарнаев сияқты, ақшаны, әсіресе мол ақшаны жанындай сүйетін. Советия кезінде ешкімде де жеке автомобиль болмайтын, көпшілігі негізінен автобустармен жүретін. Әр облыс орталдықтарында үлкен автовокзал, аудандарда автостанция болатын. Бұл жерлерде үлкен ақша айналыста жүретін. Міне, Каравайкин сол ақша тасқынын ноқталады. Ол айында тұрақты түрде дипломатпен Базарнаевқа келіп үлесін беретін. Бұл Советияның рублі еді, оның «Алтын бұзаудағыдан» ерекшелігі – ол ақшаны өз қалауыңша жұмсай алмайтынсың. Ол кезде Базарнаев шетелдік валюта туралы армандамайтын да, алайда тарих дөңгелегі бәрін өзгертіп жіберді. Алғашқы миллион долларды оған Машевич пен оның Азиопа тобындағы әріптестері берді. Машевич көрші Қалпақстанның тумасы еді (7), онда ол жергілікті вузда оқытушы болып жасайтын. Оның тобындағы Модиев пен Брагимов та Қалпақстаннан болатын. Олардың барлығы да өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында, Советия ыдырап барлық жерде жаппай жекешелендіру басталғанда күрт көтерілді. Алдымен бұл үш азиопа ұсақ істерден бастады, уақыт өте келе олар көбірек пайда тапқысы келді. Оның үстіне барлық жерде, үлкен елдің барлық кеңістігінде социалистік экономиканың флагмандары жаппай жекешелендіріле бастады. Ондай флагмандар Қызықстанда да болды. Алдымен Машевич пен оның әріптестері көрші елге, Сартстанға кіргісі келді, алайда оның президенті Абду Ғаниев бұлармен тіпті сөйлескісі де келмеді
Азиоптықтарды оған Нұраб Абышаев таныстырды, өйткені оның да арғы түбі сол Қалпақстаннан болатын. Оның арғы ата-бабалары екі ғасыр бұрын Қызықстанмен шекаралас сол облыста орналасқан еді. Кейін бұл жағдай азиоптықтармен жақындасуға басты фактор болып шықты. Нұраб Абышаевтың өзі таза қалпақ емес, арғы түбі моңғол тілдес қалмақтардан еді, Сұлтанның да арғы түбі қалмақтардан, бірақ ол мұнысын ешкімге де айтқан жоқ. Бала кезден-ақ ол жақын туыстарының өзара түсініксіз тілде сөйлескендерін естіген. Кейбір өсектер Қабыш оның әкесі емес, әкесі қандай да бір қалмақ дейтін, тіпті оның атын да атайтын. Бірақ ол бұл тақырыпты қозғамайтын және басқалар да бұл тақырыпқа жоламайтын. Кейін оған ресми ататек құрастырып берді, ол бойынша бұл Қарабай батырдың тікелей ұрпағы болып шықты. Бұл жерде де Қарабай батыр дегеніміз шын болған тұлға емес, аңыз деген әртүрлі өсектер болды. Кейін оған Қарабай батыр туралы ол маңызды шешім қабылдарда түсінде қызыл жолбарыс келеді екен деп жазылған ескі кітапты көрсетті. Сосын өзі де байқамай дүниеге келерде анасына қызыл жолбарыс келіпті, астананы ауыстырарда да оның өзіне қызыл жолбарыс келді деп айта бастады. Ортақ қалмақтық фактор Сұлтан Базарнаев пен Нұраб Абышаевтың арасындағы әріптестікке ұласты. Өзі республика астанасы Аламутаға ауысқаннан кейін Сұлтан Абышаевты өзіне жақын тарта бастады. Алдымен өзіне көмекші, артынан аппарат басшысы қылды. Абышаев та оған барынша адал қызмет етті, ешқашан да оны ыңғайсыз жағдайда қалдырмады. Қорытындысында, Базарнаев азиоптармен бірнеше рет кездескен соң Қызықстан түсті металлдарының тағдыры шешілді. Машевич ұсынған айлакер схемалардан кейін Базарнаев қуыршақ біреулер арқылы түсті металлдар өндірісінің қожасы болып шыға келді. Енді ай сайын оған ондаған мың доллар келіп тұрды. Бірақ бұл ақшаны оған ешкім де дипломатпен әкелген жоқ, ақша оған Машевич ашқан шотқа барып түсіп отырды. Басқа сүбелі үлес оның жақын әріптесі, Қызық республикасының Орталық комитетінде бірге жасаған Василий Инге бұйырды. Сөйтіп Василий Иннің және оның жиені Владимир Иннің қолында республиканың бүкіл түсті металлы шоғырланды. Бұл схема да Машевичтің басқа мекемелердегі схемасы сияқты, номинальды қожасы Ин болғанмен де шын қожасы Сұлтанның өзі еді. «Алтын бұзауды» ол бекерге сүйген жоқ. Олардың барлығы да, Машевич, азиоптықтар, Ин мен жиені – барлығы ұжымдық Полыхаев еді де, кейбіреуі тіпті зиц-төраға, республиканың түсті металлының шын қожасы Сұлтан Базарнаев болды. Мұнай саласын да ол өзіне қалдырып, басшы ретінде ортаншы күйеу баласы Тамирді тағайындады. Кейбір бөлігін ол Юнайтед пен Шүршітке берді (9), қалғанын Қызықстанға, яғни өзіне қалдырды. Оның бұл шешімі саяси мақсатты да көздеді – экономикаға Юнайтед пен Шүршітті кіргізу арқылы ол Эрефияға, Будинге қарсы салмақ жасағысы келді. Шүршіттермен контрабанда саудасы арқылы да ол табыс тауып отырды. Бұл табысты саланы ол өзінің туған інісіне тапсырды. Шойынтаудағы өзі өсіп бастаған туған металлургиялық комбинатты ол Гмитал атты атыкелді шетелдікке берді. Кейін Гмитал көмір шахталарын да өзіне қаратып алды. Бұл жерде де өте айлакер схема арқылы Базарнаев тұрақты түрде өз үлесін алып отырды. Гмитал осы жылдар аралығында комбинаттың сөлін түгелдей сорып алды. Бір-екі миллион доллар салып, есесіне ондаған миллиард доллар ақша алып кетті. Оның кезінде жұмысшылардың проблемаларына, техника қауіпсіздігіне аз көңіл бөлінді, соның нәтижесінде апатты жағдайлар жиі орын алып жататын. Бұл апаттар адам өмірін де жалмап жатты. Бірақ бәрі де аздаған компенсациялармен, орындалмайтын уәделермен аяқталып отырды. Базарнаев бір рет өзінің әріптесіне елдің көзінше ұрысқан болды, оған ТЭЦ-ті модернизациялауды тапсырды, алайда бұл спектакль сонымен ештеңесіз аяқталды.
Бұл уақытта Гмитал Қызықстанда аса мол ақша жасап алды да, енді оны Шойынтау да, металлургия комбинаты да, Базарнаев та қызықтырмайтын болды. Сонымен қатар барлық мемлекеттік нәрсеге, яғни өзінің жеке мүлкі емес нәрсеге Базарнаев салқынқабақ танытты. Сартстанға кезекті сапарларының бірінде екі арада бір проблема – Сартстанның Қызықстанға 100 млн доллар қарызы бар еді. Өзінің визавиінің әлсіз тұстарын жақсы білетін Абду Ғаниев оның алдында тұтас спектакль ұйымдастырды. Ол эмоциональды түрде Базарнаевқа қарап: «Сұлтан! Менде 100 млн доллар жоқ дейсің бе? Қайтарам ақшаңды өзіңе. Сен көмекшілерің мен кеңесшілеріңді тыңдауды қой, олар аузына келгенін айта береді. Біз үшін 100 млн доллар деген не тәйірі, одан да достық маңыздырақ». Әрі қарай Абду Ғаниевтің не дегені белгісіз, алайда келіссөздерден кейін Базарнаев бұдан әрі бұл тақырыпты қозғамауға жарлық берді. Қорытындысында қарызды кешіріп есептен шығарып тастады.
Нөлінші жылдардың басында оған жинаған ақшасы бір миллиард долларға деткені хабарланды. Сонда ол дауыстап: «Бұл ақша менікі, мен мұны ешкімге де бермеймін» — деді.
Сөйтіп біртіндеп Қызықстан президенті Сұлтан Базарнаев, бала кезінде тойып тамақ ішпеген, көршінің бауына түсіп алма ұрлап жүрген, Окраинадағы асхананы жұмақ көрген, Шойынтаудағы жатақханада өзін-өзі қорғап, партиялық мансабында төменшіктеп қорлықтар көрген Сұлтан… зауыттар мен кенорындарының қожасы болып шыға келді. Ол тек Қызықстанның президенті ғана емес, оның нақты қожасына айналды. Ол бұрынғы жаулары мен өзін ұнатпайтындарға: «Әй, қайдасыңдар? Сендер қайда, мен қайда! Әй, қараңдар, мен баяғы жарлы Қабыштың баласы!» — деп айғайлағысы келетін болды.
Алыстан оған Қамажай әнінің сөздері талып естіледі «Ахау хайлилайым, лилилайым».
Осы сөздерден кейін ол толықтай оянды. «Кім ана жақта Қамажайды тыңдап отырған? Тоқтатсын. Барып тексеріңдер» — деп ашулы тапсырма берді де обедке жинала бастады.
3-тарау
Шойынтаудағы жұмыс. Клараға үйлену. Жұматаймен таныстық және мансабы өсуінің басы. Шойынтауға ағасы Қапшағаевтың келуі. Тілші Двойновтың рөлі және «Шындық» газетіндегі Сұлтанның мақаласы. Үлкен мансаптың басы.
Базарнаев көл жағасындағы өзінің алыс резиденциясында, оған арнайы жасалған креслода отырды. Самал желден толқынның сылдырын тыңдап отырып қалғып кетті. Оның түсіне Шойынтау мет. комбинатындағы алғашқы, құюшының көмекшісі болып бастаған жұмыс күндері кірді. Шойынтауда оларды жұмысшы жатақханасына орналастырған еді. Шойынтаудың тыныштығы жоқ, криминальды қала деген атағы аспандап тұрған болатын. Советияның әр түкпірінен оған әртүрлі тағдырлы адамдар келетін, олардың ішінде кәнігі қылмыскерлер де аз емес еді. Олардың арасында оқтын-оқтын пышақтасумен аяқталатын төбелес жиі болып тұратын. Сұлтанды шахтер, жергіліктілер арасында беделді Мұқаш өз қанатының астына алды. Тағы бір қамқоршы, бойы да күші де бар болат құюшы Ізбасар болды. Ізбасардың одан басқа баритон даусы бар еді және ол зауыт хорында ән айтатын. Жатақханадағы өмір басқа да жұмысшы жатақханадағыдай бір сарынды, аванстан айлыққа дейін өтіп жатты. Демалыс күндері тұрақты түрде мастардың у-шуы болып жататын. Бұл Сұлтанды әбден тойдырды да ол бұл ортадан бөлек кеткісі келді. Бір күні зауыт буфетіне жаңа қызметші Клара келді. Қарапайым ауылдың ғана қызы, алайда зауыт басшылығы оның алдында бүгежектеп тұратын болды. Мұның себебін Сұлтан кейінірек түсінді – оның туған нағашысы сауда саласында жасайды екен. Ол кезде Советияда сауда саласында жасайтындар кез-келген партиялық босстан жоғары тұратын. Барлық үлкенді-кішілі бастықтар саудада таныс іздеуге ұмтылатын. Клараның нағашысы анау-мынау дүкен меңгерушісі емес, бүкіл Көмірқала облысының саудасын қолына ұстап тұрды. Клара да әдеміше, тартымды еді. Осы жағдай және + нағашысы Сұлтанның ол қызға қатты назарын аударды және ол алысты болжайтын жоспар құра бастады. Бірақ ол қыз оңай шағылатын жаңғақ емес екен. Мұның қамқоршысы Ізбасар Клараның күйеуі болып шықты және олардың ортақ Дария атты қыздары бар екен. Сұлтан бойдақтар жатақханасында тұрды, ал Ізбасар мен Клараның отбасылық жатақханада бөлек бөлмелері бар екен. Сұлтан мен Ізбасардың сменалары екі бөлек болатын. Бүр күні Сұлтан Ізбасардың сменаға кетуін күтіп тұрды да, Клараға келіп екеуі бірге қонып қалды. Оған Клара да қарсы болған жоқ. Сөйтіп мұндай қонып қалу тұрақты сыйпат ала бастады. Оның да себептері бар екен. Ізбасар қатты ішетін, ал Клараға махаббат пен аймалау жетіспейтін. Сұлтан дер кезінде келген болды да Клараның сүйікті еркегіне айналды. Мұны Ізбасар біліп қалғаннан кейін ол Сұлтанмен еркектерше есеп айырысқысы келді. Сұлтан мұны Тілеміске және басқа да Окраинадағы таныстарына айтты. Олар тағы біреулермен сөйлесті. Арты не болғаны белгісіз, бірақ Ізбасар өндірістік жарақат алып өліп кетті. Артынан біреулер Ізбасарды итеріп жіберген де жұмыс жасап тұрған механизм оны өзіне тартып алып кетті деп айтып жүрді. Біраз уақыт өткен соң Сұлтан Клараға үйленді де қызы Дарияны өзіне қызы етіп алды. Тойды жұмысшылар асханасында өткізді. Ата-анасы келе алмады, бригадаластары мен Окраинадағы бірге оқығандар, Клара жағынан оның тумаластары, оның ішінде нағашысы Жұматай да болды.
Сұлтанды Советиядағы бір типтегі жұмысшы адам тағдыры – сменамен жұмыс, зауыттан пәтер алу, профсоюз жолдамасымен жыл сайын курорттарда демалу күтіп тұрғандай еді. Алайда Жұматаймен кездесу бәрін де өзгертті.
Осы кезесуден бастап Сұлтанның жоғары өрлеуі басталды. Тойдан кейін бір аптадай өткенде Жұматай жас жұбайларды үйіне шақырды да күйеу баласымен серьезный әңгіме бастады. Жұматай турасына кетті: «Партия линиясы бойынша кет. Мен тиісті адамдармен сөйлесем» — деді. Сөйлесті де. Алдымен Шойынтау меткомбинатының комсомол комитетінің хатшысы болып партком құрамына кірді. Екі жылдан кейін зауыт парткомын басқарды. Бұл партия номенклатурасына кіру деген сөз еді, яғни таңдаулы партия кастасына кіру болатын. Оны алда партия мансабы күтіп тұрды.
Сұлтан Жұматайдың бұл жақсылығын ұмытқан емес. Көп жылдар өткеннен кейін оны Қызықстанның сыртқы эк. байланыс министрі етіп тағайындады. Бірақ оны үлкен жолға шығарған тағы бір оқиға болды. Бірде мет. зауытқа астанадан ғылми жұмыстар үшін ғалым Осқар Қапшағаев келді. Ол Қызық социалистік республикасының басшысы Мұхамет Ахметұлы Қапшағаевтың туған інісі болатын. Бұл оқиға оның тағдырын өзгертіп жіберді. Алда оны құлақ тұндырарлық мансап, әлемдік мойындау мен триумф күтіп тұрды.
3-тараудың жалғасы.
Сөйтіп Сұлтанның өзі де күтпеген жерден ол үшін өмірдің ақ жолағы басталды. Қарапайым металлшы жұмысшыдан ол зауыттың басшыларының біріне айналды. Бірақ бұл тек басы ғана еді, көп ұзамай ол туралы Советияның орталық газеттері жаза бастайды. Шойынтау комбинатында бекітілген өндірістік технология бойынша Советияның еуропалық бөлігінен темір рудасын пайдалану керек болатын, мұның бәрі содан басталды. Ал сол Көмірқаланың жанында дәл сондай бай темір рудасы бар еді, оны пайдалану логикаға да сыйымды еді, бірақ қалыптасқан дағды бойынша бекітілген тәртіпті бұзуға болмайтын. Барлығы да жоғары басшылық алдында бұл мәселені көтеруге қорқатын. Сол сәтте «Шындық» орталық газетінің тілшісі Двойнов зауытқа келе қалды. Двойнов жергілікті, Шығыс Қызықстан облысынан болатын. Жылдар өте келе Двойнов Сұлтанның Эрефия басшысы Борис Зельцинмен жақындасуында зор рөл атқарды. Зельцин Базарнаевқа өкпелі еді, өйткені Советияның соңғы басшысы Горбинмен текетіресте ол Горбинді жақтаған еді. Зельцинмен жақындығы бар Двойнов Мәскеуде кешкі асқа ет дайындап бәрін үйлестіреді. Шойынтау мет комбинатына темір рудасын жеткізу бойынша біреу үлкен сын мақала дайындау керек болды да оны орталық газетке жіберуі керек еді. Дұрысында оны Двойнов өзі жазды да, бірақ өз атынан жіберуге болмайтын еді. Оны жергілікті басшылардың біреуі жіберуі керек болды. Облыстық басшылық та автор болудан бас тартты. Зауыт директоры да, бас инженері де келіспеді. Барлығы ақылдаса келе хатты комбинаттың партия хатшысы Сұлтан Базарнаевтың қолымен жіберуге шешім қабылдады. Ол да басында қарсы болды да артынан келісті. Нәтижесінде мақала автордың қатысуымен КПС Орталық Комитеті саяси бюросында талқыланды. Сұлтан Советия астанасынан триумфатор болып оралды. Мақаладан бас тартқандар артынан бармақтарын шайнаумен өтті. Бас хатшы Леонид Бровастый осы болашақтан үміті бар кадрды бақылауға алуды Мұхамет Ахметұлы Қапшағаевқа тапсырды. Мұхамет Ахметұлы оны онсыз да бақылауға алған еді. Мәселе мынада — Мұхамет Ахметұлы Ышты руынан еді, ал Сұлтан оған туыс Шыпыты руынан болып шықты. Бұл Қапшағаев үшін өзіне ізбасар тағайындауда салмақты аргумент болатын. Көмірқалаға бір келгенінде Мұхамет Ахметұлы Сұлтанды өзіне шақырып алды да: «Астанаға көшуге дайындал. Алдымен екі-үш жыл Көмірқала облысына екінші хатшы боласың. Кейін сені ОК шақырып аламын». Сұлтан сенбеді. Бір тылсым күш оны ерекше миссия орындауға таңдап алғандай болып көрінді.
Көмекшісі келіп оны оята бастады: «Сұлтан Кабышұлы! Күн салқындап кетті, үйге баруыңыз керек». Расымен де күн салқындапты. Сұлтан орнынан тұрып көмекшінің көмегімен резиденция жаққа қарай аяңдады. Бір жерден Қамажай әнін айтып тұрғандай болды, бірақ бұл жолы ол тітіркенген жоқ.
4-тарау
Астанаға ауысу. Сұлтан Қапшағаевтың орнына бірінші кандидат. Дария қыз туды. Сұлтан үкімет төрағасы болды. Каравайкинмен байланыс жалғасуда.
Бұрын уәде етілгендей, үш жылдан кейін Көмірқала облысы обкомының екінші хатшысы болып жүрген Сұлтан Базарнаевты Қапшағаев астанаға ауыстырып Қызықстан КП ОК өндіріс бойынша хатшысы етіп тағайындады. Оған дейін ешкімде де мұндай бас айналдырарлықтай мансаптық өсу болып көрмеген. Ол кезде кадрларды өсіру Московада шешілетін. Бұл бір-ақ нәрсені – Қапшағаевтың өз орнына кадр дайындап жатқаны және ол Базарнаев екендігі белгілі болды. Екінші кандидат, Базарнаев кейін білгеніндей, Ахау Диев екен. Ол да Қапшағаевтың жақыны, ышты руынан. Бірақ оны қарапайым адами қызықтар көбірек қызықтырды. Ол жақсы орындаушы еді, бірақ үлкен масштабқа шарғасы жетпеді. Өз ортасында Қапшағаев оған деген ренішін жасырмайтын, оған бәрін шайнап берсең де сол шайнағанды жұта алмайды дейтін. Астанаға келісімен Базарнаев республика басшыларының арасындағы ең жас басшы болып шықты. Қасындағы ұжымдастары одан едәуір үлкен болса да ол олармен тез тіл табыса алды. Және ол мұны асқан қулықпен, алдымен олардың жұбайларының туған күндерін біліп алып шопыры арқылы бір шампан бөтелкесі мен бір коробка шоколад беріп жіберуді ұмытпады. Ол сол кезде жақсы сыйлықтар болып есептелді. Базарнаев өзіне қажетті адамдарға жол тауып, оларды баурап алады және оның бұл қасиетін кері ала алмайсың. Ол ең мықты жүрісті Мұхамет Ахметұлының зайыбы Лейла Шәріпқызының туған күнінде жасады. Базарнаев туған күн иесін биге шақырды да, би үстінде екі ауыз сөзбен өзінің балалық шағы қиындықпен өткенін, оған шешелік қамқорлық жетіспегенін және сол жерде-ақ өзін Лейла Шәріпқызының баласы болуға рұқсат сұрады. Сұлтан қышыған жерге дәл тигізді, ол Қапшағаевтар отбасында өздерінің балалары жоқтығын білетін, бұл тақырып олар үшін мүлдем нәзік тақырып еді. Лейла Шәріпқызы ештеңе де деген жоқ, бірақ Сұлтанды бауырына қатты қысты. Сөйтіп Қапшағаевтың ізбасары туралы мәселе түпкілікті шешілді. Мұхамет Ахметұлы мен Лейла Шәріпқызы өзара әғңгімеде оны балам деп атай бастады. Енді тек қолайлы сәтті күту ғана қалды, бірақ Базарнаев алдын-ала әрекетке көшті де, бұл қате қадамы оның мансабын жоқ етуге сәл қалды. Туған күннен қонақтар кетісімен Қапшағаевтың қарындасы ағасына келіп: «Сұлтанның көздері ойнақшып тұр. Мұндай көздер тек өтірікші адамдарда ғана болады. Сен оған сенбе, ол түбінде сатып кетеді» — деді. Қапшағаев қарындасына сенген жоқ, ол үшін ең бастысы зайыбы өте қуанышты еді. Және ол Сұлтанның өзіне борышты екенін, сондықтан да адал қызмет ететіндігіне сенімді болатын. Қапшағаев кейін осынысына қатты өкінетінін ол кезде білген жоқ. Астанада болу үлкен отбасылық проблемадан басталды. Өкіл қызы Дарья әкесі Ізбасардың ән айту қабылетін алыпты, оның вокальдық қасиеті жақсы болып шықты. Оған музыкамен айналысқан дұрыс еді, алайда ол үлкен өмірге тым ерте араласты, 16 жасында-ақ екіқабат болды. Мерзімі бойынша Клара басқа қалаға, өзінің екінші қызы Инараға операция жасатуға кеткен кезге келді. Инара бетінде кішкентай дефектімен туды да, сол дефектіні алып тастау керек болды. Операция сәтті шықты, дефект жойылды, алайда кейін қайтқанда Клараны тосынсый күтіп тұрды – үлкен қызы босанды. Сұлтан мен Клараға осы күтпеген проблеманы шешуге тура келді. Әртүрлі өсектер бойынша олар алдымен қызды өздері қыз етіп алғылары келді, артынан бір туысқандарына тәрбиелеуге берді. Кейбіреулер бұл версияны жоққа шығарады. Қалай болғанда да бұл Базарнаевтардың өз отбасылық құпиясы болып қалды. Сұлтан қыздың әкесі кім екендігін біледі, алайда ол ешкімге де сыр шашқан емес. Мұны Клара да сезеді, алайда ол да бұл құпияны өзінде сақтап келеді.
4-тараудың жалғасы
Қызметте Базарнаевта бәрі тамаша өтіп жатты. Советияда қайтыс болған Леонид Бровастыйдың орнына оның жолдасы және әріптесі Беленко келді. Беленконың қайғысы – үлкен елге ол әбден ауру меңдеп келді. Негізі тек қана Беленко емес, бүкіл Советия ауру еді. Мұхамет Ахметұлы Беленкомен Базарнаев Сұлтанды Қызықстан үкіметінің төрағалығына тағайындауға келісіп үлгерді. Қалыптасқан жазылмаған салт бойынша Қызықстан республикасының басшылығы барлық уақытта бөлек асханада бірге тамақтанатын. Бір күні Мұхамет Ахметұлы асханаға кірді де Сұлтанға қарап: «Биле, Сұлтан. Мен келісімін алдым – сен үкімет төрағасы боласың» — деді. Сұлтан еңкейіп тез жүгіріп барды да: «Көп рахмет, Мұхамет Ахметұлы! Көп рахмет, Мұхамет Ахметұлы! Көп рахмет, Мұхамет Ахметұлы!» — деп қайталады. Мұны көріп отырған басқа да республика басшылары бұған қатты таң қалысты. Біріншіден, олар Қапшағаевтың өз орнына кімді дайындап жатқанын түсінді, екіншіден, олар Сұлтан Базарнаевтың кім екендігін білді. Бір-екі айдан кейін Базарнаев Қызықстан үкіметінің төрағасы болып тағайындалды, яғни республикада екінші адам екендігі белгілі болды. Бірінші болу үшін бір ғана қадам – Қапшағаевты ауыстыру ғана қалған еді. Осыдан бастап ол Қапшағаевты мақсатына жетудегі өз жолындағы кедергі көре бастады. Төрағада жұмыс көп еді, бірақ мүмкіндіктер де көп болды. Өзі тағайындалған бойда Сұлтан көмірқалалық компаньоны Каравайкинді астанаға, Аламутуға алдырып автомобиль тасымалдау министрі етіп тағайындады. Енді Каравайкиннің қолында барлық автобус тасымалдау, автовокзалдар мен автостанциялар болды. Ол нал ақшаны кассаға соқтырмай ұрлауды бүкіл республикаға енгізді. Ақша өзен болып ағылды. Каравайкин бұрынғыдай әр ай сайын төраға Сұлттанға ортасынан буылған купюра толы үлкен дипломат әкелетін. Ол киногерой Остап Бендер сияқты миллионерге айналды, бірақ ақшаны сауа алмайтын еді, бұл оның жынына тиді. Кейін Советия тарар алдында Каравайкинге іс қозғап оны отырғызды. Ол белгілі Эрефияның кино қайраткері Соломон Рубинштейнмен бір камерада отырады. Рубинштейн кейін өзінің сұхбаттарында Каравайкиннің Базарнаев үшін отырғанын айтады, бірақ Қызықстанда Каравайкинді әлдеқашан ұмытып кеткен еді.
Өткен ғасырдың 80-ші жылдарының ортасына таман билікке Михаил Горбин келді. Ол кезінде үлкен аймақты басқарғанда оған маңызды шешімдер қабылдау үшін ақшалы конверт әкелетін, сондықтан да оны сырттай Мишка-конверт деп атайтын. Мишка конверт пен Сұлтан, бір классик жазғандай, жандары туыс адамдар болып шықты. Екеуіне де әлемдік даңқ керек еді, бірақ ақыры екеуін де осы құртты. Сұлтан Горбинмен бірге жұмыс жасаған уақытын еске түсіргісі келмейді. Сондықтан да өзі оянып кеткен болар. Бұл жолы Қамажайдың әні естілмеді, бұл оны аздап таң қалдырды.
5-тарау.
Билікке Горбиннің келуі. Сұлтанның съезде Қапшағаевтың інісіне қарсы сөйлеуі. Қапшағаевтың түсінбеушілігі. Қапшағаевпен қақтығыс. Колдиннің пайда болуы.
Сұлтанға көпшілік алдына шығу қиындай түсті, ол шаршайтын болды. Сондықтан оның жиналыстары мен конференцияларының уақытын қысқарта бастады. Оның көпшілікке азырақ көріне бастағанына қарамастан баспасөз қызметі БАҚ өкілдеріне оның қызметі, телефон арқылы біреумен қалай сөйлескені, құттықтау жеделхатын қалай жолдағаны және осыған байланысты ақпараттарды тұрақты түрде беріп отырды.
Бүгін Сұлтан Базарнаевқа Горбин, Қапшағаев және оның Қызықстан басшысы болып сайланар алдындағы бүкіл кезеңі түсіне кірді. Михаил Горбин Қапшағаевты ұнатпайтын және оның бұған дәлелді себептері де бар еді. Қапшағаев та Окраина басшысы Щербинский сияқты Горбиннің партияның Бас хатшы болып сайлануына қарсы болды. Екеуі де, Саяси бюроның мүшелері ретінде Горбин басшылық еткен курортты аймақта бірге демалатын. Горбин оларды күтіп алатын және кейбір ұсақ-түйек мәселелерін шешіп тастайтын. Олар сол жердегі жергілікті тұрғындардан Горбиннің конвертке жақын екендігін естіген-ді. Соны білгендіктен де екеуі де Горбиннің Советия басшысына кандидаттығын ешқашан да құптамайтын еді. Екеуінің позициясын Саяси бюро мүшесі Громако бастаған Горбиннің жақтастары білетін. Громако Советия Жоғарғы Кеңесі президиумының төрағасы болып, формальды түрде болса да Советияның басшысы болуды көздеп жүрген еді. Мишка-конвертті бас хатшы сайлау барлық норма мен ережелерді бұза отырып, саяси бюоның екі беделді мүшесі Қапшағаев пен Щербинский жоқта жүргізілді. Горбин билікке келісімен бірден Қапшағаевты орнына алуға жұмыстанды. Щербинскийге кейінірек кірісетін болды.
Тура осы уақытта ол жариялаған жариялылық пен қайта құруға сәйкес еңбек ұжымдарында өз басшыларын сайлауға бағыт алынған болатын. Горбин Базарнаевқа және Қызықстанның кейбір басшыларына алдағы съезде демократиялық жолмен Қапшағаевты орнынан алып тастауды ұсынды. Басында бәрі де бұрынғы партия съездеріндегідей жүріп жатты. Сөйлеушілер алдын-ала келісілген мәтіндерін оқып, кейбіреулері республика басшылығының кейбір кемшіліктерін рұқсат етілген шеңберде сынап жатты. Сосын кейбіреулер сақтықпен республика басшылығын және Қапшағаевтың өзін сынай бастады. Үкімет төрағасы Сұлтан Базарнаев республиканың экономикалық жағдайы туралы айту керек еді, алайда ол оның орнына күрт ғылым Академиясын, нақты оның президенті Осқар Қапшағаевты сынай бастады. Оның айтуынша республика басшысының інісі Академия ісімен айналыспай, маңына жағымпаздарды топтастырып, пьянка ұйымдастырады. Үнемі жанамалап айтатын Шығыс жағдайында бұл сынның негізгі мақсаты Мұхамет Ахметұлы Қапшағаевтың өзі екендігі анық еді.
5-тарау. (жалғасы)
Қапшағаев өзі басшылыққа ұсынған адамнан мынадай иттікті күткен жоқ еді. Әсіресе өзінің жақын адамы есеп, өз орнына дайындап жүрген Сұлтаннан мұндайды күтпеді. Бұл тек сатқындық қана емес, бұл арқасына сұғылған пышақ еді. Сұлтан сынау объектісі ретінде басқаны емес, інісі Осқар Қапшағаевты, өзін Шойынтау мет. комбинатында тауып ағасына ұсыныс жасаған Осқарды таңдағанын күтпеді. Қапшағаевтың өз қолтығында сұр жыланды жылытып жатқаны белгілі болды. Қапшағаев сол бойда өзінің қарындасының Сұлтан сатып кетеді дегенін есіне түсірді. Сондай-ақ ол ІІМ-нің автомобиль тасымалдаудағы ұйымдасқан қылмыс туралы рапортын еске алды. Жіптің ұшы Каравайкинге барып тірелді де, әрі қарай үкімет төрағасы Баразнаевқа қарай кетті. Онда ол бұған сенген жоқ, оның креслосы үшін талас басталды да олар оның баласын боққа былғағысы келеді деп есептеді. Съезден кейін Қапшағаев бірден ССРС Бас прокурорына телефон соқты. Ол енді тоқтау керектігін, Базарнаевты отырғызбаса өзіне қауіп екендігін білді.
Біраз уақыттан кейін Қызықстанға Ба прокуратураның аса маңызды істер бойынша тергеушісі Калинкин келді. Қапшағаев оны қабылдады да оған автомобиль тасымалындағы қылмыстардың артында кім тұрғанын білетіндігін, оған ордер жазып, ешкіммен келіспей-ақ бірден тұтқынға ала беруге болатынын ашық айтты. Базарнаев Қапшағаевтің Московаға Горбинмен кездесуге кеткендігін біліп отырды. Қапшагаев онымен өзіне ізбасар туралы мәселені талқылаған, Базарнаев туралы да сөйлескен, енді оған қарсы қайта сөйлесу керек болды. Сол кездегі жазылмаған заң бойынша демалысқа кетіп бара жатқан республика басшысы өз орнына үш кандидатураны ұсынатын, оның ішінде үкімет төрағасы да болуға тиісті еді. Тәртіп сондай болатын. Қапшағаев егер ол формальды түрде болса да Базарнаевты атаса, Горбин оған міндетті түрде жармаса кететінін түсінді, өйткені олардың өзара сыбырласып жүргендерін сезді. Сондықтан ол ешкімді атамады да, Бірақ Базарнаев республика басшысы болуға лайықты емес деді, оған Горбин бұл мәселені өзім шешем деп жауап берді. Бұл кезде республикада кетіп бара жатқан Мұхамет Ахметұлының орнына талас басталып та кеткен еді. Сұлтаннан басқа ол орынға ОК хатшылары Бай Меңдиев пен Ден Камалинов, сондай-ақ бір облыстың басшысы Бек Ауелев дәмелі еді. Бұл уақытта одақтық үкіметтегі Қызықстанның өкілі Болсын Абдилов еді. Қызықстан ОК хаттар бөлімінде жасайтындар Болсын Әбділовқа республикада жасайтын претенденттердің барлығына да өсек арыздар бар екендігін айтады. Әсіресе Бек Әуелевке арыз көп, оның арғы жағынан Базарнаевтың құлағы қылтияды депті ол. Расымен де бұларды өз адамдары арқылы ұйымдастырған Базарнаев болатын. Қызықстанға басшы тағайындау Горбинге үлкен проблемаға айналды. Бірақ алдымен Қапшағаевты орнынан алу керек болатын. Біраз уақыттан кейін Калинкин Орталықтан автомобиль тасымалы жүйесінде тек Каравайкинмен шектелу, Сұлтан Базарнаев туралы еске алмау жөнінде нұсқау түсті. Мәселені шешкен Слветия СІМ Варшенадзе еді. Ол Қызықстанға басшыны шеттен қою туралы ақыл қосты да сол бойда Эрефияның Волга облысының бірінші хатшысы Геннадий Колдиннің кандидатурасын ұсынды. Колдин оған дейін Варшенадзе басшы болып жасаған Картвель Республикасында екінші хатшы болып жасаған еді (10). Колдин ұлттық республикаларда жасаған тәжірибесі бар, Қызықстан үшін татырмас кадр деп есептелді. Бұл шешім Сұлтанға жеткенде ол ашудан түтігіп кетті. Қызықстан басшысының креслосы оның қолында тұрғандай еді, енді сусып шығып кетті. Ол Горбиннің айтқанын тыңдап съезде аузына келгенін оттағаны үшін өзін-өзі біразға дейін жазғырумен болды. Енді Горбин оны лақтырып кетті, ал Қапшағаев болса оны мүлдем жоқ қылып түрмеге тыққысы келеді. Бірақ… тағы да оны құдайы қолдады. Алдымен Қапшағаевты алып тастады, артынан Колдиннің өзін жағдайға байланысты кетіруге мәжбүр болды да Базарнаевты Қызықстанның басшысы етіп сайлады. Сол сәттен бастап оны Қызықстанмен теңдестіре бастады, бірақ бұл туралы кейінірек жазамыз.
Тағы да алыстан Қамажай әні талып естілді. Біреу оны түртіп оятты: «Сұлтан Қабышұлы, Сұлтан Қабышұлы… Абышаев пен Василий Ин келді. Олармен маңызды әңгіме жоспарланған».
6-тарау.
Колдиннің Қызықстанға келуі. Желтоқсан оқиғасын ұйымдастыру. Билік үшін күрес. Базарнаев Қызықстан басшысы болады.
Съездегі оқиғадан кейін Қапшағаев Базарнаевты қабылдамады да, сөйлеспеді де. Барлық тапсырмаларды көмекшілері арқылы беріп отырды, ал кейбір сұрақтар бойынша үкімет төрағасын айналып өтіп министрлерге тікелей телефон соғатын болды. Базарнаев Лейла Шәріпқызы арқылы өзін-өзі ақтап алуға жұмыстанды, шефке шабуыл жасау мұның өз инициативасы емес, оны Горбин мәжбүрледі деп айтқысы келді. Оған Қапшағаевтың үйіне телефон соғудың сәті түсті, алайда Лейла Шәріпқызы турасынан: «Бала, біз саған шын жүрегімізді аштық, ал сен болсаң сатып кеттің» — деді. Сөйтіп Базарнаев пен Қапшағаевтың арасындағы қатынасқа нүкте қойылды. Колдинді қойғысы келетінін Базарнаев Московадағы өз каналдары арқылы білді. ОК-да оның Қызықстаннан шыққан, бұрын Көмірқалада бірге істеген танысы бар еді. Оның барлық ұмтылысы, әдемі қалыптаса бастаған мансабының күлі көкке ұшты. Басында ол не істерге білмеді, артынан ойын жиып, жоспар құрды. Жоспары қарапайым еді – қалайда Колдиннің республика басшысы болуын тоқтату керек. Оның Көмірқаладан бергі уақыттан сенімді адамдары бар еді, олардың арасында Окраинада бірге оқығандар да, бірнеше жергілікті адамдар да болатын. Аламутуға келісімен өзінің айналасына тамолғандық жерлестері мен туыстарын да тартты. Олар кім, қайда жасайды – оны тек өзі ғана білді. Ол олардың ешқашан да атын айтқан емес, тек қана шақырып алады да тапсырма береді. Базарнаев олармен қала маңындағы ауылда кездесті де егер Қызықстанға кадр сырттан келсе бұл факт Қызықстан халқын қорлайды деп жеткізді. Олар Аламутуда халықты көтеруге, әсіресе студенттер арасында үгіт жүргізуге бұйрық берді. Белгілі бір уақытта олардың орталық Леонид Бровастый атындағы алаңға жиналуына тапсырма берді. Мұндай тапсырманы сенімді деген кейбір ЖОО ректорлары да алды. Студент жатақханаларында плакаттар дайындалды. Бұл плакаттар нақты Колдиннің тағайындалуына қарсы емес, өйткені партия шешіміне қарсылық жоқ, алайда «Әрбір ұлтқа өз басшысы», «Советияның ұлттық саясаты жасасын!», т.с.с. деген бағытта болды. Базарнаев сол кездің ұлттық саясатын жақсы білетін.
Желтоқсанның ортасына таман бас астанадан екеу, ОК-ның кадр жөніндегі хатшысы Разумковский мен Колдин ұшып келді. Колдинді тағайындау тез өтті. Бір қызығы Колдинді Қызықстан ОК саяси бюросы мүшелеріне ұсынғанда алдымен қол көтерген Базарнаев болды. Қапшағаев мұны көрді де ащы мысқылмен жымиды.
Сол күні күтпеген жерден Мақта-мата комбинатының жас жұмысшыларын жатақханадан қуып шығу басталды. Түсініксіз жағдайда олардың қаладағы пропискасын алып тастап, оларды жатақхадан шығарды. Бұл дау-дамай өршіп қызған кезде бір қара волга келді де ішінен сұр пальто, ондатра бөрік киген адам шығып, бұл атрибуттар билік адамдарына жататын, жұмысшыларға мәселені Л. Бровастый алаңына барып шешуге, қала билігіне талап қоюға ақыл берді. Ашулы жұмысшылардың бірде-біреуі оларды жатақханадан шығару үкіметтің шешімімен жүзеге асып жатқанын білмеді. Оларды шығаруға үкімет төрағасы Сұлтан Базарнаев қол қойғанын, сөйтіп оларды Колдинді тағайындайтын күні алаңға баруға мәжбүрлегенін сезбеді. Бұл оның қолынан келді, сол күні алаңға көп адам, негізінен студенттер жиналды. Базарнаев бастаған бірнеше саяси бюро мүшелері Колдиннің сайланғаны туралы шешімді оқып берді. Олар шешім бірауыздан қабылданды, жастарға партия шешімімен бұлайша кеіспеуге болмайды деді. Жатақханаларыңа тараңдар деп айтумен болды, алайда жиналғандар кеткісі келмеді. Осыларды ұйымдастырып отырған жиналғандарды тарауға шақырып тұрған Базарнаев екендігі ешкімнің де ойына келмеді. «Әртүрлі күштерді қарсылыққа шақырып, бірақ өзі екі жаққа да бірдей тұру» принципін кейін Сұлтан көп жыл өткен соң тағы қолданды. Кейін трибунадағы бастықтарды олардан рангісі төмендеулер алмастырды. Түн басталысымен демонстрантарды дубинкамен, су атқыштармен қуу басталды. Бұл оқиғалар «Желтоқсан оқиғалары» деген атпен тәуелсіз Қызықстанның бастауы ретінде тарихқа енді.
6-тарау. (Жалғасы).