Қазақ елі үшін жанымызды беруге дайынбыз – Ескендир Насипоглы
Қазақ халқы «Ит жеті қазынаның бірі» деп құмай тазы мен қазақы төбетті ерекше бағалаған. Асыл тұқымды итті қазақ халқы ғана емес, сонымен қатар өзге ұлт өкілдері де баптайды. Солардың бірі һәм бірегейі «Асыл қазына – төбет» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ескендир Насипоглы. «Ахыска» түрік этномәдени орталығының мүшесі құмай тазы мен қазақы төбетті бала кезден асырайтынын айтады.
«Ит асырау бизнес емес»
«Мен өзім Шымкент қаласындағы атамның қолында өскен қарапайым баламын. Әке-шешем мен бауырларымның бәрі Шымкентте тұрады. Осыдан 6 жыл бұрын ит жетектеп, 3 күнге Астанаға қыдырып келген едім. Сол күйі осы жақта қалып қойдым. Қазіргі таңда Астана қаласының іргесіндегі ауылда тұрамын. Кезінде атамның төбеті де, тазысы да болған еді. Асыл тұқымды итке қызығушылық 5-10 жыл бұрын басталған нәрсе емес. Есімді білгеннен үйімізде иттер болды. Бірақ мен үшін ит асырау бизнес емес, ол арқылы ақша таппаймыз. Бұл біздің хоббиіміз. Біздің әулет бұрыннан ит асырап, оған ерекше көңіл бөледі. Мәселен менің 30 жыл бұрын иттерді құшақтап түскен суреттерім бар.
Бала кездегі әуестігімді Астанаға көшіп келгеннен кейін де жалғастырдым. Мұнда 30-40 жыл бойы төбет, тазы асырумен айналысатын азаматтармен таныстым. Сол кісілермен сөйлесіп, олардың ит асырау және ит өсіру тәсілін меңгеріп, тәжірибе алмасамыз», – дейді ол.
«Барлық иттің өзінің жеке құжаты бар»
Ескендир Насипоглының айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тазы иттің мәртебесін көтеруге байланысты тапсырмасы жұмысты жандандырған.
«Мысалы бұған дейін иттеріміз ресми түрде еш жерде тіркелмеген болатын. Қазіргі уақытта барлық иттің өзінің жеке құжаты бар. Шыны керек кезінде қазақы иттер ресми тіркеуден өтпей, оларға мүлде көңіл бөлінбеген болатын. Президентіміз тазы итке деген қамқорлығынан кейін бізге генетика институты, зоология институты, ҚР Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі назар аударды.
Әрине 2014 жылдан бастап бұрынғы сенатор Оралбай Әбдікәрімовтың басшылығымен жұмыс істейтін «Қансонар» аңшылардың қоғамдық бірлестігінің арқасында көп жұмыстар жасалып, көп өзгерістер болды. Әйтсе де президенттің бұйрығынан кейін Мәжіліс депутаттары келіп, әр түрлі жиналыс өткізді. Соның нәтижесі болса керек, президенттың тапсырмасынан кейін бір топ азамат Моңғолияға экспедицияға бардық. Қазіргі уақытта «Асыл қазына – төбет» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы ретінде көп жұмыс істеп жатырмыз», – дейді ол.
Ескендир Насипоглы қазіргі таңда 7 қазақы төбет пен 4 құмай тазы асырап отырғанын айтады. Қазіргі таңда оның екеуі жанында болса, екеуі аңшылыққа дайындалып жатқанын ескертті.
«Түркияда кангал итін асырайды»
Иттерді бағуға ет керек, оның тағы да басқа да шығындары бар. Кейбір адамдар ит асырауды үлкен шығын деп есептеуі мүмкін. Босқа шығындалмай, неге тып-тыныш өмір сүрейсіз? Ескендир Насипоглы бұл сұрақты өзіне жимі қоятынын жасырмады.
«Иә, ит асырау үлкен шығын. «Ит сасып кетесің, тазыны жуасың» деп айтып жатады. Бұл біздің хоббиіміз. Осы істеген тірлігімізді біз жақсы көреміз. Иттің жанын түсінбейтін адамдар неше түрлі сөзді айтады. Қазақстанда ит асыраушыларды төбет сүйер қауым деп айтып жатамыз. Осы Қазақстан бойынша төбет сүйер қауым бір-бірімізбен жақсы араласамыз, көмектесеміз. Мәселен біз жиі-жиі кездесіп тұрамыз. Аңдар мен аңшылардың Ассоциациясы І Халықаралық ит тұқымдарының көрмесі, І халықаралық турнемізді өткіздік. Әртүрлі сұхбаттар беріп, бағдарламаларға қатысатынымыз да бар», – дейді ол.
Кейіпкерімізге «Түрік диаспорасының өкілі құмай тазы мен қазақы төбетке неге қызығушылық танытты? Жалпы түрік халқы иттерге қызығып, оны сіз секілді қарай ма?» деп сұрақ қойдық.
«Түркі тілдес халықтар көшпенді халық болғаны көпшілікке белгілі. Сол көшіп-қонып жүрген кезде мал-мүліктеріміздің барлығын иттеріміз қарауылдап, сақтап жүрген. Әр елде әр түрлі тұқымды иттер өмір сүреді. Мысалы, Түркияда кангал итін асырайды, ал біз кангалға аса қызықпаймыз. Біз қазақ жерінде туып өскеннен кейін қазақ жеріндегі иттерді асыраймыз», – дейді ол.
«Қазақ жеріне 115 000 түрік келді»
Ескендир Насипоглы «Ахыска» түрік этномәдени орталығының мүшесі ретінде белсенді жұмыс істеп жүрген азамат. Қазақстан халқы Ассамблеясының жиындарынан қалмайтын азамат қазақ халқының қамқорлығының арқасында әр түрлі ұлт пен ұлыстың өкілдері тату-тәті өмір сүріп жатқанын ескертті.
«Қиын қыстау кезеңде қазақ жеріне көптеген өзге ұлт өкілдері секілді 115 000 түрік келді. Қазақ халқы осыдан 80 жыл бұрын біздің аталарымызды күтіп алып, үйінің жартысын берген. Сонымен қатар өзінің қолындағы азғантай нанымен, құртымен бөліскен. Қазіргі таңда елімізде әртүрлі ұлт пен ұлыс өкілдері тату-тәтті тұрып жатыр. Сондықтан да Қазақ елінің әрбір сантиметрі үшін жанымды беруге дайынмын. Елім мен жерімді сүйемін. Біз қазақ елі үшін жанымызды беруге дайынбыз», – дейді ол.