«Соғысты Кеңес Одағы жүргізді, бұл біздің соғыс емес» деген зиянды идея — Гүлжаухар Көкебаева

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда  «Ұлы Жеңістің 80 жылдығы кеңінен атап өтіледі» деп айтты. Екінші дүниежүзілік соғыстың ел білмейтін қай тұсы зерттелуі керек  және сұрапыл соғыстағы ата-апаларымыздың ерлігін өзгенің қолына ұстата салу қаншалықты дұрыс. Осы және өзге де сұрақтарды тарих ғылымдарының докторы, профессор Гүлжаухар Көкебаеваға қойдық.

‒ Атырауда өткен құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев екінші дүниежүзілік соғыстың 80 жылдығына ерекше назар аударды. Президенттің Жеңістің 80 жылдығына назар аударуы қаншалықты дұрыс болды?

‒ Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңістің 80 жылдығына назар аудару сол соғыста елі үшін қан төккен аталарымыз бен апаларымызды құрметтеумен байланысты, сондықтан оны атап өту қажет. 1941 жылы фашистік Германия Батыс Еуропа елдерін басып алып, оған тізе бүкпеген жалғыз Англия ғана қалған кезде, жеке елдерге емес, бүкіл адамзат баласына қауіп төнді. Өйткені фашизм тарихтағы бұрын-соңды болған барлық саяси ағымдардың ішіндегі ең қауіптісі екенін есте ұстайық. Соғыста біздің аталарымыз бен апаларымыз фашизмді талқандуға елеулі үлес қосты. Бүгінгі күні кейбір елдердегі саясаткерлер жеңісті әртүрлі мақсаттарда пайдалануы мүмкін. Бірақ олар өмірден өтеді, ұмытылады, ал соғыстағы халықтың ерлігі, фашизмнің талқандалуы мәңгілікке қалады. 1941 жылдың 22-маусымынан бастап бірінші орынға кеңестік басшылардың көздеген саясаты емес, осынау орасан зор кеңістікті мекендеген барлық халықтардың болашақ тірлігі мәселесі қойылды. Демек, фашистік одақтың шабуылына ұшыраған барлық елдердің халықтары тірлік үшін, болашақ ұрпақтарының өмірі үшін күресті.

Екінші дүниежүзілік соғыстың ақиқаты сол – ол саясаттан басталды да, әрі қарай тіршілікті сақтау, өмірді сақтау мақсатымен жалғасты. Ал жеңістің мәні – адамның өміріне, жақсы ниет-армандарына тікелей қауіп төндірген фашизмді күйретіп, адамшылықтың негіздерін сақтап қалуында. Соғыстың болғаны, онда бұрынғы Кеңес Одағы құрамында болған барлық халықтардың қатысып, жан кешкені ‒ тарихтың дау туғызбайтын фактісі. Демек, кеңес әскерлерінің жеңісі – барлығымыздың жеңісіміз. Бұл жеңісті бұрынғы кеңестік республикалардың ешқайсысы жекешелеп иемдене алмайды. Банкты немесе фабриканы жекешелендіруге болады, бірақ тарих жекешелеуге көнбейді. Соғыс ардагерлерін құрметтеу, соғыста қаза тапқандардың еске алу елімізде тарихи зерденің сақталуына көмектеседі.

Сондай-ақ соғыс ардагерлерінің басым бөлігі өмірден  кетсе де, олардың ұрпақтары бар, сол соғысты басынан кешірген елдің, халықтың ұжымдық зердесі бар. Сондықтан тарихи зерде бар болса, жеңіс тойын тойлау жалғаса береді. Егер тарихи зердеден айрылып, барлығымыз Шыңғыс Айтматов суреттеген «мәңгүртке» айналсақ, онда жеңіс тойы тойланбақ түгілі, «отан, отанды сүю, отанды қорғау» деген түсініктердің өзі жоғалып кетуі мүмкін. Ең бастысы – ұрпақтар жалғастылығын қамтамасыз етуіміз керек, сонда ғана халық зердесі өшпейді. Президенттің Жеңістің 80 жылдығына назар аударуы соғыс тарихын зерттеуді дамыта түсге жол ашады деп үміттенемін.

Президент өз сөзінде «Жеңістің 80 жылдығына орай зерттеулер тың қарқынмен жалғасады деп сенемін» деді. Екінші дүниежүзілік соғыстың ел білмейтін қай тұсы зерттелуі керек деп ойлайсыз?

‒ Соғыс тарихына қажетті құпия сырлар әлі де баршылық. Бұл құпияның сыры архивтер толық ашылғанда ғана белгілі болады. Құпиялардың басым бөлігі соғыс қарсаңындағы ірі мемлекеттердің сыртқы саясаты және соғыс барысындағы саяси мақсаттары туралы мәселелермен байланысты. Соғыстың қарсаңындағы ірі мемлекеттердің саясаты, соғысты болдырмау жолындағы әрекет, оның неліктен іске аспай қалуы, т.с.с. ғылыми мәселелер әлі де толық зерттеуді талап етеді. Соғысқа қатысқан ірі елдердің мұрағаттарында жатқан әлі де белгісіз болып отырған деректер баршылық. Біздің тарихшылар соғыстың осындай ғаламдық мәселелеріне назар аудармайды, ал шындығында бұл мәселелердің зерттелмеуі қарапайым халықтың арасында әртүрлі алыпқашпа әңгімелер туғызады. Демек біз екінші дүниежүзілік соғыс тарихын сыртқы саясат және саяси мақсаттар аясында зерттеп,  қазақстандық тарих ғылымында осындай бағытты қалыптастыруымыз қажет.

Кезінде Кеңес Одағы құрамындағы республикалар ғалымдарының  шетел мұрағаттарында жұмыс істеуге мүмкіншілігі болған жоқ. Енді жол ашық, әртүрлі гранттар мен стипендиялар алып, шетелдің мұрағаттары мен кітапханаларында жұмыс істеп, екінші дүниежүзілік соғыстың ғаламдық аспектілерін зерттеп, қазақстандық тарихнамасын қалыптастыру қажет. Осындай үлкен мәселені көрші елдің тарихшыларының қолына беріп қойып, өзіміз тек «майданда атылған он оқтың тоғызы біздің республикамызда шығарылды» деп тоқмейілсіп жүре берсек, онда Қазақстандағы бұқаралық ақпарат құралдары бетінде, әрбір отбасының асханасында, жол көліктерінде соғыс туралы шексіз-шетсіз дау-дамай туып, негізсіз айтыстар көбейеді. Мен «айтыс» деп бекерге айтып отырған жоқпын, егер ғылыми фактілерді келтіре отырып, ғалымдар айтысса, бұл пікірталас болады. Ал интернеттегі әртүрлі алып-қашпа пікірден туған эмоциялық таластар тек негізсіз «айтыс», айқай-шу деңгейінде жүреді.  Мұның өзі қоғамда жайсыздық туғызады.

Бүгінгі таңда соғыстағы әрбір мемлекеттің саяси мақсаттарын ашып, зерттей отырып, соғыстың ең басты ақиқатын адам өмірі мен болашақ тіршілігін қорғау мәселесін бірінші орынға қою қажет. Соғыста ерлік көрсетіп, ең жоғары марапатқа ұсынылып, әртүрлі себептермен алмай қалған ардагерлердің тарихын зерттеу қажет. Сондай-ақ соғысушы мемлекеттер жеке адам тағдырына қалай қарады деген мәселе бүкіл посткеңестік кеңістікте әлі де көлеңкеде қалған, зерттелмеген мәселеге жатады. Қазақстанның майданды қару-жарақпен және азық-түлікпен қамтамасыз еткен туралы жазып келдік, бұл-әрине, аса қажет зерттеулер, бірақ енді жеке адамның тағдырын зерттеу қажет. Соғыстағы жеке адам тағдырын көркем әдебиеттің ғана еншісіне беріп қоймай, ғылымға енгізу керек. Соғыста жан аямай шайқасып, қапылыста жау қолына түсіп қалған, фашистік лагерьлерде адам айтқысыз ауыр азапты басынан кешірген соғыс тұтқындарының тарихы терең зерттелуге тиісті. Адамзатқа ұмытылмас қайғы-қасірет әкелген алапат соғыс тарихын зерттеу аяқтала қоймас, зерттеген сайын құпиялары біртіндеп ашыла берері сөзсіз.

‒ Сондай-ақ Мемлекет басшысы «Рақымжан Қошқарбаевтың өшпес ерлігі де бүгінде еш талас тудырмайды. Ол – алғашқылардың бірі болып Рейхстагқа ту тіккен батыр» деп айтты. Биыл 100 жылдығы аталып өтілетін Рақымжан Қошқарбаевтың Рейхстагқа ту тіккені туралы тарихта талас бар. Батырдың ерлігі кезінде неге бағаланбады және оны қазір дәлелдеп шығу мүмкін бе?

‒  Рақымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатов жауынгерлік туды Рейхстагқа 1945 жылдың 30-сәуірінде түс мезгілінде, сағат екіден жиырма бес минут кеткен кезде тіккен болатын. Сол күні маршал Жуковтың №6 бұйрығы шықты, онда «1945 жылдың 30-сәуірінде сағат 14.25-те Рейхстагқа Қызыл ту тігілді» деп көрсетілді. Лейтенант Қошқарбаев пен жауынгер Булатовты тоқтамай борап тұрған оқтың астында ерлікпен Рейхстагқа жетіп, ту тіккені үшін Кеңес Одағының Батыры атағын беруге ұсынған, 674-атқыштар полкінің қолбасшысы 1945 жылдың 6-шы мамырында қол қойған құжат бар. Алайда екеуіне де Батыр атағы берілген жоқ, оның орнына маусым айында олар «Қызыл ту» орденімен марапатталды. 1945 жылдың 1-ші мамырында таңға жуық 756-шы полк сержанттары Егоров пен Кантария,  сол күні біраз уақыттан кейін туды 380-ші полк лейтенанты Самсонов Рейхстагқа өздеріне берілген қызыл туларын ілді. 1946 жылдың 8-ші мамырында Егоров пен Кантарияға Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Батыр атағын Рейхстагты алу шабуылына қатысқан үш полктің қолбасшылары да алды.

Кеңестік кезеңде де осы әділетсіздікті түзету үшін Дінмұхаммед Қонаев та, Бауыржан Момышұлы да кеңес басшыларына хаттар жазған, Бауыржан ағамыз біраз құжаттарды алып Мәскеуге де барған екен, алайда, осы жасалған әрекеттердің барлығы нәтижесіз аяқталған. 674-атқыштар полкінің қолбасшысы қол қойған ресми құжатты тілге тиек қылып, «Новая газета» қазіргі Ресей басшыларынан Булатовқа Батыр атағын беруді өтінген болатын, бірақ олардың өтініші орындалмады. Ал Қазақстанда Рақымжан Қошқарбаевтың Рейхстагқа ту тіккен  ерлігі мойындалып, 1999 жылдың 7-мамырында еліміздегі ең жоғарғы марапат «Халық Қаһарманы» атағы берілді. 2007 жылдың 7-мамырында Ресейдің Соғыс тарихы институты Рақымжан Қошқарбаевтың 1945 жылдың 30-сәуірінде Рейхстагқа ту тіккенін ресми түрде растады. Бұл ерлікті біздің мемлекет ресми түрде бекітті, Ресейдің ғалымдары мойындады, демек бүгінгі күні және болашақта Рақымжан Қошқарбаевтың 1945 жылдың 30-сәуірінде Рейхстагқа ту тіккені туралы тарихта талас болмауға тиісті, бұл ‒ дәлелденген тарихи факт.

Ұлттық құрылтайда президент «Айбын» орденін Сағадат Нұрмағамбетов, Бауыржан Момышұлы және Рақымжан Қошқарбаевтың есімімен байланыстыру керек екенін айтты. Мұндай марапат әскери азаматтарға рух бере түсетін шығар…

‒ «Айбын» орденін Сағадат Нұрмағамбетов, Бауыржан Момышұлы және Рақымжан Қошқарбаевтың есімімен байланыстыру  ‒ жақсы идея. Мүмкін осы орденнің үш дәрежесін белгіліеп, бірінші дәрежелі «Айбын» орденін Бауыржан Момышұлының, екінші дәрежелі «Айбын» орденін Рақымжан Қошқарбаевтың, үшіінші дәрежелі «Айбын» орденін Сағадат Нұрмағамбетовтің есімімен байланыстыру керек шығар. Әрине, біздің офицерлер мен жауынгерлер үшін мұндай марапат айрықша маңызды болатыны сөзсіз.

Екінші дүниежүзілік соғыста ерлік көрсетіп, алайда батыр атағын ала алмаған азаматтар бар. Олардың есімін 80 жылдықтың қарсаңында көпшілікке таныстыру қажет шығар?

‒ Иә, Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылып, бірақ ала алмаған батырлар бар, әуелі олардың осы атаққа ұсынылғаны туралы құжаттарды немесе бірге соғысқан адамдардың естеліктерін табу керек. Мәліметтер жиналған соң олардың есімін қоғамға таныстыруға болады.

‒ Кейбір азаматтар «Өткен ғасырдағы соғысты дәріптей берудің қажеті жоқ. Оған біз еріксіз қатысқанбыз» деп айтып жатады. Бұл пікірдің бір қарағанда жаны бар секілді. Әйтсе де екінші дүниежүізілік соғыстағы ата-апаларымыздың ерлігін өзгенің қолына ұстата салуға тағы болмайтын шығар?

‒  Кейде әлеуметтік желілерде «Соғысты Кеңес Одағы жүргізді, бұл біздің соғыс емес» деген аса бір зиянды идея көтеріледі, бұл ғылыми жағынан да, моральдық жағынан да негізсіз идея. Бұл – қарапайым тоғышардың сөзі. Кеңес Одағының тарихы – біздің тарихымыздың бір белесі, оның жағымды жағы да, көлеңкелі жағы да бар, біз бұл кезеңнің барлық жақсылығына да, жамандығына да ортақпыз.  Осы тұрғыдан алғанда Германияның үлгісіне көз салған дұрыс-ау деймін. Олар фашизмді, Гитлерді қатты сынайды, оның басқа халықтарға жасаған зорлық-зомыбылығын мойындайды, бірақ гитлерлік фашизм мен Германияның арасына теңдік белгісін қоймайды. Германия – немістердің отаны, оны он екі жыл бойына фашистер биледі, басқа халықтармен қатар немістердің өзіне де зорлық-зомбылық көрсетті, бірақ соған қарап, немістер өз отанынан бас тартпайды. Сол сияқты біз де сталиндік зорлықшылардың саясатын сынай отырып, оларды отанымыздан бөліп алуымыз қажет. Сода ғана біз тарихымызды өзгертіп, бұрмалап, бояп, «жақсартуға» тырыспайтын боламыз. Сонда ғана тарих саясаттың немесе қоғамның белгілі бір топтарының өз мақсаттарын іске асыруының құралы болудан арылады да, нағыз ғылымға айналады.

Қазіргі Қазақстан қоғамында патриотизм, отан сүю мәселесі ерекше маңызды болып отыр. Егер өткен тарихымызды тұтастай қабылдамай, ішінен өзімізге ұнайтын, жағымды беттерін ғана таңдап алатын болсақ, соған орай кеңестік кезеңде өз еркімен ғана емес, әскери антына берік болу негізінде үкіметтің бұйрығымен КСРО жүргізген барлық қарулы қақтығыстарға қатысып, басын өлімге тіккен ардагерлерді мойындамасақ, онда Қазақстан әскерінің беделін қалай көтереміз? Онда жастардың бойына Отанға адал болу, антқа берік болу деген құндылықтарды қалай сіңіреміз? Екінші дүниежүзілік соғыс – біздің ортақ қайғымыз, ортақ жан жарасы. Егер қазіргі жас ұрпақтың бойына осы ойды сіңірсек, ол соғысты көрмесе де, сол соғыста қан төккен аталары мен әжелерінің жан айқайын түсінетін болады. Ең бастысы – қазақ тарихын дүниежүзілік тарихтан бөліп, оқшауландырмай, керісінше, оны бүкіл адамзат тарихының бөлінбес бөлігі ретінде көрсету. Біз соғыс тарихына қатысты қазақстандық тұғырнаманы қалыптастыруымыз қажет. Оның негізігі идеясы – 1941-1945 жылдары қазақстандықтар отанын, елін, өз ошағын қорғауға қатысты, фашизмді жеңуге өз үлесін қосты, демек, жеңіс біздің де жеңісіміз деген идея болуы қажет.

‒ Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет.