«Дін – ұлттық мәдениеттің діңгегі»

Қазақ халқының рухани құндылықтарының дамуы туралы айтқанда діни факторды назардан тыс қалдыруға болмайды. Тарихшы Мәмбет Қойгелдінің айтуынша, қоғамды дінсіз, діни наным-сенімсіз елестету мүмкін емес.

«20 ғасырдың басындағы діни ахуалға келетін болсақ, жалпы қоғамды дінсіз, діни наным-сенімсіз елестету мүмкін емес. Өйткені, қазақ халқы Исламды қабылдаған, шарттарын мойындап және сыйлаған халық болатын. Әлихан Бөкейханов 1905 жылы Қарқаралы петициясында «Петицияны жазуда дін адамдардың ықпалы зор болды», деп айтады. Бұл да шындық. Ал енді 20 ғасырдың басындағы азаттық қозғалысының бірінші ағартушылық қызметтің және дін адамдарының рөлінсіз елестету мүмкін емес. Мәселен осы кезде Шахмардан Қосшығұлұлы мемлекеттік думаға сайланған кісі, бірақ оны орысша білмеуіне байланасты Думаның жұмысына жібермей қойды. Шахмардан Қосшығұлұлы Абай Құнанбаевқа жазған хатында, «Отаршыл билік қазақ қоғамына ентелеп еніп келе жатыр. Бұны қайтсек тоқтатамыз. Біз елден, діннен айырылатын түріміз бар», деп мәселе қозғайды. Абай хатқа жауап бермеген, бірақ, осы хаттың Абайға баруына байланысты оның үйіне тінту жүргізген. Ол да шындық.

Шахмардан Қосшығұлұлы осы хат үшін, жалпы антикалониялық қозғалысқа атсалысқаны үшін сотталып, Сібірге жер аударған. Ол да тарихи шындық. Ол үлкен молда кісі, Көкшетауда медресені ұстаған. Оның атақты шәкірті Айтқожин Алиасқар молда болған. Ол екеуі де патша заманында қуғынға ұшыраған. Кейін Совет үкіметі кезінде тағы да қудалауға ұшырап, репреция құрбаны болды. Оның басты себебі діни қызмет үшін. Яғни, Қосшығұловтың өмір жолы дінге байланысты көп нәрсені аңғартатын жол. Қосшығұловты және оның шәкірті Айтқожин Алиасқардың діни қызметін Патша және Совет үкіметі де жақтырмады. Өйткені бұл екі билікте діннің маңызын, қоғамға ықпалын жақсы түсінді. Сондықтан дін, діни сенім, діни құндылықтар отарлаушы биліктің алдында көлденең тұрған кедергі саналды.

Дін сол кездегі жағдайға қарасақ, ұлттық мәдениеттің діңгегі, сондықтан отарлаушы билік діннің маңызын, оның қоғамға ықпалын жақсы білген. Сондықтан дінді әлсіретуге тырысқан. 20 ғасырдың басында қазақ қоғамында жер алумен бірге шоқындыру процесі қатар жүрді. Жерді алу үшін халықтың санасы мен ұлттық ұстанымын әлсірету керек болды. Оны әлсірету үшін ең бірінші дінге шабуыл жасалды. Азаттық қозғалыс патша заманында, револцияға дейін дін үшін күресті маңызды деп қабылдады», – дейді тарихшы.

Шынар АҚЖАНҚЫЗЫ