«Таза Қазақстан» экологиялық акциясының ауқымын кеңейту керек»
Биік мінберлерден экология мен қоршаған ортаны қорғау туралы жиі мәселе көтеріледі. Әйтсе де тұмса табиғатты қорғап, оны одан әрі сақтауда мәселе көп. Бір қарағанда бұл бағытта қолға алынған шаруа көп секілді болып көрінуі мүмкін.
Эколог Ғани Назарбек экология мен қоршаған ортаны қорғауда күрмеуі шешілмеген мәселе көп екенін айтады.
«Жалпы экология мен қоршаған ортаны қорғау туралы айтатын болсақ, еліміздегі жағдай анау айтқандай көңіл көншітпейді. Қазір экология мен қорашаған ортаны қорғаудан гөрі саладағы мәселені жасырып, жабу жұмыстары көбірек іске асып жатқан секілді. Мәселен жергілікті экология департаменті мен табиғатты қорғау полициясы секілді құзырлы органдар экологиялық заңсыздықтарды алын алып, анықтаумен айналысуы керек. Бірақ қазір біздің елде заңсыз карьерлер мен өзен арналарын бұзып, өзеннің ғасырлар бойы қалыптасқан мәдени қабаттарын талқанын шығарып, тасы мен құмын алып жатыр. Өкінішке қарай оларды тоқтататып, табиғат ананы сақтайтын ешқандай заң жоқ. Күрмеуі қиын бұл мәселе әр түрлі әлеуметтік желілерде жан-жақты айтылып жатыр. Әйтсе де бұл мәселе назар аударып, «Табиғатымызды неге аяламаймыз?» деп жаны ашып жатқан ешкім жоқ. Қазір бізде қоршаған ортаны қорғау деген дүние сенбілік кезінде қоқыс тазалаумен шектеліп жатыр.
Мәселен елдегі зауыт, фабрикалар су мен топыраққа және ауаға қаншама зиянды қалдықтар шығарып жатыр. Өкінішке қарай оларға «Қой дейтін қожа, әй дейтін әже» болмай тұр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Таза Қазақстан» экологиялық акцияны ұйымдастырып жатыр. Бұл әрине қоршаған ортаны қорғауға байланысты атқарылған жағымды жаңалық. Бірақ тұмса табиғатты сақтап қалудың бұдан да ауқымды шаруаларын іске асыруымыз керек. Менің ойымша, «Таза Қазақстан» экологиялық акцияның ауқымын кеңейту керек секілді. Біз сенбілікпен шектелмей күрделі экологиялық заң бұзушылықтарды анықтауымыз керек.
Мәселен еліміздегі ауыл мен кішкентай кенттерде кәріз жүйелері мүлде істемейді. Соның салдарынан көптеген кәріз сулары өзендерге құйылып немесе жерге сіңіп кетіп жатыр. Бұл аз десеңіз автокөлік жуатын орталықтардың сулары қаланың ішіне ағып, экологияны ластап жатыр. Бұл салада айта берсек мәселе өте көп. Біз экология мен қоршаған ортаға бей-жай қарап жатырмыз. Өкінішке қарай азаматтар тарапынан экология мен қоршаған ортаны қорғауға байланысты ешқандай жанашырлық жоқ», – дейді ол.
Шынар АҚЖАНҚЫЗЫ