ПЕРЗЕНТТЕРІМЕ ӘКЕЛІК ПЕЙІЛМЕН

“Ел іші — өнер кеніші”. Арайлы Ақмешітте туып-өскен әр адам әнге іңкәр, жырға жақын. Қызылорда қаласының Құрметті Азаматы, аймағымыздың абыз ақсақалы, қаламыздың көнекөз қариясы Баянбай Сыздықұлы Сыздықов та сондай жан еді. 90-ға таяғанша қолынан қаламы түспеді. Айналасының бәрін жырмен көмкеріп, кішінің есінде батасымен, халқының санасында нақылды сөзімен қалған Баекеңнің өмірінің соңында ұрпағына өлеңмен қалдырған ризашылығын тауып, жариялағанды жөн көрдік. Тәлімді топтама, өнегелі өлеңдер көпшілікке ой салады деген ойдамыз!

***

Өмір деген қызық қой. Бір сүріну, бір құлау, құлаш сермеп қайта тұру — адамның күйбең тірлігіне тән көріністер сияқты. Соңғы уақыттары ешқашан мұқалтпаған денсаулығым сыр беріп жүргесін бе, әйтеуір, өткен күндерді жиі еске алатын боп жүрмін. Бір уақыттары жалаң жаланың кесірінен түрмеге тоғытылып, әбден торыққаным бар еді. Сол кезде маған екі нәрсе ауыр тисе, бірі — сатқындық, екіншісі — жап-жас балаларымның жылап қалғаны шығар. Тұңғыш ұл мінезділеу, бұрынғының көзсіз батырларындай болды, марқұм… Онан кейін Зейнегүлім екеуміз құрған зәулім шаңырақта өмірге келген төртеуім төрт құбыламды теңестіріп, зор бақытыма кенелткен. Ана бір сәт туғанда сол төртеуінің көзінен жас, көкейлерінен зар көру маған ауырдан да ауыр тиді. Сол төртеуімді аналарымен бірге үйқамақта қыспаққа алғаны бар, тергеудің желеуімен қорқыныш-үрейде ұстағаны бар, бәрі де кез-келген намысы бар еркекті күйзеліске түсіріп, сындырып жіберуге мақсаттанған әрекет қой. Торға түскен жаралы жолбарыстай әбден қажыдым сол кез. Не дегенмен, жар мен бала — азаматтың ең жанды жері емес пе?..

Сарам мен Қазбегім ес жиып қалған, Салтанатым мен Азаматым тым кішкентай еді ғой… Үкім шығып, үйден біржола ұзағаным тіптен жаныма батты. Дәл сондай кездерінде әке керек қой балаларға… Маған ауыр тимесін дей ме, Зөкен кезлесуге балаларымды шырттай ғып киіндіріп әкеледі, “әке, бізде бәрі жақсы, бізге алаңдамаңыз” деген хаттар жаздырады. Бірақ, көпті көрген кеуіл оған сене қойсын ба, қалай қиналып жатқанын сезем ғой… Арада қанша жыл өтсе де балаларымның сол кездегі қиналыстары үшін әлі де тағдырыма өкпе айтатын кездерім бар. Сол кездер есіме қашан есіме түссе, дәл сол шақтағыдай азапқа түсемін.

Қазір өмір өзгерді. Балаларымның балаларының бал қылығы, аталап алдымнан шыққаны ұмытпайтын нәрсеңді ұмыттырады екен. Бұрын басқа түскен сынақ жақындар арасын одан әрі жақындата түседі десе, сенбеуші ем. 80-нің сеңгірі мен салтанатпен күтіп алып, биігіне қондырғаннан кейін сабылдырып қойғанда барып сол нәрсенің рас екенін ұқтым. Әр қиырда өз тіршіліктерінің ауанымен жүрген перзенттерім бір сәт жанымнан ұзаған жоқ. Бұрын мен оларды қалай сүйіп, мәпелеп өсірсем, қарттық келгенде маған да ұл-қыздарым сондай жылылық танытып, құшақтап, маңдайымнан өбіп, күн сайын “сіз мықтысыз” деп қанаттандырып, өмірге талпындырып келеді. Мерейлі жасыма алыс-жақынның басын қосып, бір думан жасағысы да келген екен, сол ықыластарының өзі жанымды жадыратты. Тағдырдың өзі маған қалам ұстатқан. Сол қаламмен, қарт кеуілмен бүгін балаларыма разылығымды жыр ғып жеткізсем деп отырмын.

САРАМА

Саражан, қызым менің, қызғалдағым,
Сен келіп орындалды ізгі арманым.
Қыз деген әкелердің қырау тартқан
Суырып алады екен мұздан жанын.

Саражан, сен туғанда қуандым мен
Жарылқаушы Тәңірді құп алдым мен.
Саратай, қанша жасқа келсең-дағы
Сәбидей сәуле шашып тұрарсың сен.

Есейдің, білем жаным, сен де анасың,
Көзімнің сен деп білем мен қарасын.
Қанша ұрпағым болса да төлдің басы,
Суымның тұнығы боп сен қаласың.

Хақ бұйырып ене болдың, дана болғын,
Тіршілікте анаңдай дара болғын.
Келінге өнегесін көрсеткейсің
Әжеңнен басталатын сара жолдың.

Кей-кейде тым қаталдау болғаныммен,
Сендерге ғұмырымды арнадым мен.
Ұл үшін ұлағатты тағдыр кешіп,
Қыз үшін қыран болып самғадым мен.

Саратай, қиын өмір кешпе мұным,
Сен өмірге келген сәт есте күнім.
Сексеннен асқанымда жазып отқан
Дәл осы жырым болсын естелігім.

ҚАЗБЕГІМЕ

Қазбегім, дәл өзімнен аумайтыным,
Өзімдей сөзге шешен, сарнайтыным.
Балпаңдап бала қаздай, әкешім деп,
Есімде ізімнен бір қалмайтының.

Қазбегім, арыстанға теңедім мен,
Жанбалам, саған шексіз сенемін мен.
Өзіңе кейде бір сәт қарап қалсам
Өзімнің жас күнімді көремін мен.

Жігітсің сүрінбейтін, жығылмайтын,
Жауынан қорқып тысқа тығылмайтын.
Жансың ғой ақылың бар, нақылың бар,
Ер емес наданға сөз шығындайтын.

Күнде кеп қолдарымнан сүйесің ғой,
Әке деп маған басты иесің ғой.
Қыз деген — әкелердің жан сәулесі,
Ұл деген — әкелердің киесіндей.

Шаршасам әкежан деп күлімдедің,
Жырымда жат білмейтін сырым менің.
Күн сайын маңдайымнан сүйетұғын
Ризамын Құдай берген ұлым менің!

САЛТАНАТЫМА

Салтанат, ерекшемсің дара туған,
Ең ыстық махаббаттан жаратылған.
Сен маған сұлу айдан жаңа туған,
Сәулелі шуақтайсың таратылған.

Мұңайсаң тусын менің қайдан айым,
Саған жыр жазуға мен жайланайын.
Сенің тәтті қылығың қайрат маған
Сені берген Құдайдан айналайын.

Мөп-мөлдір көздеріңді жақсы көрем,
Балдайын сөздеріңді жақсы көрем.
Сол сәби кездеріңдей маған келіп
Еркелейтін кездеріңді жақсы көрем.

Әке деп құшақтайсың, назданасың,
Қай әке жақсы көрмес өз баласын?
Сен бірақ ерекшесің Салтанатым,
Өмірімде оттай боп маздағасын.

Бүгінде сен де анасың, қызым менің,
Ешқашан тұрмаса екен жүзіңде мұң.
Көрмесем екен мынау дүниеде
Жанарыңнан жас-тамшы үзілгенін.

Білемін, мен бар сәтте есіңдемін,
Шаңырағымен өзгеден көш ілгерім.
Әулетіңнің данасы, анасы бол
Анаңның жаққан отын өшірмегін!

АЗАМАТЫМА

Ұлым-ау, мен сенімен мақтанамын,
Сен менің сенімімді таптамадың.
Ең алғаш шен алғанда берген батам,
Әділет болсын еді жақтағаның.

Мен әркез толтырдым ғой үйімді арға,
Ешқашан сатылмадым тиындарға.
Сен соны көріп өстің Азаматым,
Келесің бүгін, міне, қиын жолда.

Сол жолда сүрінбегін, жаңылмағын,
Құлыным, ер жолында арың — жаның!
Сексеннен асқан шақта жазған осы,
Жырымды аманат деп қабылдағын!

Есіктен кіре сала мені іздейсің,
Өткірсің, түбі терең теңіздейсің.
Мен білем, сен ешқашан еш адамға
Баласы жаман әке дегізбейсің!

Намысқойсың, қайсарсың жалындаған,
Ешқашан былғанбасын арың балам.
Мен сені мына өмірге келген кезде
Құдайдан қазына деп қабылдағам.

Жыл жүйрік, сен де бүгін әкесің ғой,
Бұйырса арманыңа жетесің ғой!
Әкеңнің жыры саған майдай жақсын
Мұхаммед Пайғамбардың лепесіндей!

Мен жарыма, балаларыма ризамын! Алтындай жарқырасын, таудан аққан бұлақтай арқырасын ұрпақтарым. Немерелерім көбейіп, көтесін. Зейнегүлім екеуміз сол қызыққа бөленіп ғұмыр кеше берейік! Өмірімнің мәні балаларым болса, сәні — өлеңдерім! Барлық ұрпақ менің балаларымдай болсын!

Баянбай Сыздықов
(1938-2024)