Мәзір
Әлем

Оқшауланған Тегеран: Жалғыздың жары бір Құдай деген осы да?!..

Оқшауланған Тегеран: Жалғыздың жары бір Құдай деген осы да?!..
Сурет ашық дереккөздерден алынды

Оқшауланған Тегеран: Иран неге «жалғыз» соғысып жатыр?

Кеше ғана Иранды «стратегиялық серіктес» деп атаған Мәскеу, Бейжің және Дели бүгінде Тегеранға тек сөз жүзінде қолдау көрсетумен шектелуде. АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы ауқымды әскери операциясы басталғанда, Ислам Республикасының «айнымас достары» неге шетте қалды? деген сауалымызға Әлібек БАЙБОЛ, Абай атындағы ҚазҰПУ Филология факультетінің аға оқытушысы, «Қыр баласы» ҚҚ Басқарма мүшесі, ҚР Ұлттық құндылықтар академиясының толық мүшесі, әдебиеттанушы-ғалым, алаштанушы төмендегідей өз пікірін білдірді:

Ресей: Сақтық пен өз мүддесі

Ресей мен Иранды көптеген жылдар бойы Батыс санкцияларына қарсылық пен энергетикалық тәуелділік біріктіріп келді. Әсіресе, Сириядағы соғыс пен Украинадағы қақтығыс кезіндегі әскери ынтымақтастық (ҰҰА жеткізу) бұл байланысты нығайтқандай көрінген еді. Биылғы жылдың қаңтарында екі ел арасында стратегиялық серіктестік туралы жаңа келісімге қол қойылды.

Алайда, қазіргі таңда Кремль дипломатиялық мәлімдемелер мен барлау мәліметтерін бөлісуден әріге бармай отыр. Мұның бірнеше себебі бар:

Ресурстардың тапшылығы: Ресейдің негізгі әскери күші Украина майданында шоғырланған.

Израильмен байланыс: Мәскеу Тегеранмен достасқанымен, Израильмен арадағы күрделі қарым-қатынасты үзіп алғысы келмейді.

Трамп факторы: АҚШ-тағы билік ауысуы мен Дональд Трамптың «бұлқынған қуаты» Мәскеудің маневр жасау мүмкіндігін шектеп тастады.

Қытай: Экономикалық есеп

Бейжің — Иран мұнайының негізгі сатып алушысы. Бірақ Қытай үшін Иранның тағдырынан гөрі Уашингтонмен арадағы «нәзік бейбітшілік» маңыздырақ. Дональд Трамптың Бейжіңге жоспарланған сапарының қарсаңында Ши ЖиңПиң әкімшілігі АҚШ-пен ашық текетіреске түсуден қашқақтап отыр.

Қытай Ормуз бұғазындағы жағдайға алаңдаулы, өйткені бұл оның энергетикалық қауіпсіздігіне тікелей соққы. Дегенмен, Бейжің бұл соғысты «АҚШ-тың мәселесі» деп санап, Иран үшін өз экономикасын құрбандыққа шалуға дайын емес.

Үндістан мен Түркия: Тепе-теңдік саясаты

Үндістан соңғы жылдары Иранның Чабахар портына инвестиция салғанымен, қазіргі таңда Израиль мен АҚШ-тың ең ірі әскери серіктесіне айналды. Дели үшін Иранмен сауда жасағаннан гөрі, АҚШ-пен жасалған 10 жылдық қорғаныс келісімін сақтап қалу әлдеқайда тиімді.

Түркия болса, Ирандағы режимнің құлауынан туындайтын босқындар тасқыны мен күрд сепаратизмінің күшеюінен қорқады. Режеп Тайып Ердоған АҚШ-тың операцияларын айыптағанымен, НАТО мүшесі ретінде Тегеранға әскери көмек көрсетуді ойлап та отырған жоқ.

Сөз түйіні

Иранның жылдар бойы баптаған «қарсылық белдеуі» (Хезболла, ХАМАС) бүгінде әлсіреген. Ал ірі державалардың «достығы» тек экономикалық пайда мен геосаяси қауіпсіздік шеңберінен шықпайтыны белгілі болды. Теһеран қазіргі соғыста тек өз күшіне ғана сенуге мәжбүр.