Жеңіс Қасымбек Егіндібұлақ халқының пікіріне құлақ аса ма?
Жуырда Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданына қарасты Егіндібұлақ ауылында бұрынғы ауданды қалпына келтіруге байланысты жиын өтті. Жиында аталған ауданды қалпына келтіру бойынша жұмыс тобының төрағасы ретінде Мұхит Адамов, ал жиын хатшылары Нұртас Смағұлов және Әділет Жағыпар тағайындалды.
Мұхит Адамов: Бұл жиналыс өзге жиналыстан басқаша. Сіздерден жиналысты сыпайыгершілікпен мәдениетті түрде өткізулеріңізді сұраймыз. Бұл жиналыс жай жиналыс емес. Әркім ойын тиянақты айтсын. Күнделікті күйбең тіршіліктің мұң-мұқтажын айтатын жиналыс емес. Бұл иісі қазақ халқы пір тұтатын Қазыбек би бабамыздың ауданын қайта қалпына келтіру жөніндегі жиын. Бүгінгі жиын тағдыршешті жиын. Бүгінгі жиынға келген қонақтар көп, оның ішінде: Қарқаралы аудандық Мәслихатының хатшысы Слямиден Нұркенов, Қарқаралы аудандық полиция бөлімінің басшысы полиция полковнигі Қайрат Нұғманұлы Төкішов, сонымен қоса журналистер де қатысып отыр.
Ермек Балташұлы, ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстан Республикасы Журналистер одағының мүшесі:
– Құрметті жерлестер, бұрынғы Егіндібұлақ ауданын қалпына келтіру туралы Қазақстан Республикасының Президентіне, Республика Парламенті мен Үкіметіне, Қарағанды облысының әкімңне Ашық хат жолданғанын білесіздер. Егіндібұлақ өңірі халқының ауыр тағдыры бәріңізге аян. Қазақ халқының басынан кешкен нәубетінің бәрін көріп, ең көп зардап шеккен осы жұрт. Әсіресе кеңес өкіметі орнағаннан кейін Егіндібұлақ халқы барлық қиянатты көрді. Жазушы Медеу Сәрсекенің «Семей қасіреті» кітабындағы дерек бойынша 1931 жылға дейін бұрынғы Қу ауданында 40359 тұрғын болса, 1934 жылы мұнда 4500 адам қалған. Соған қарамастан, 1934 жылы аудан жабылып қалмаған. Ары қарай өмір сүріп, дамыған. Ал 1997 жылы аудан екінші рет таратылғанда мұнда 17600 халық тұрды. Бұл – ресми дерек. Қу өңірінің халқы бастан кешкен қиыншылықтардың ең ауыры – 1931-1933 жылдардағы ашаршылық және Семей ядролық полигогының зардаптары. Бүкіл әлемге антиядролық қозғалыстың құрбаны және елшісі ретінде аян жерлесіміз Кәріпбек Күйіков осы Егіндібұлақ аулының тумасы. Соған қарамастан, өңір тұрғындары Семей полигонынан зардап шеккендерге берілетін жеңілдіктердің бәрінен айрылған. Жалпы, полигонның зардабын Егіндібұлақ өңірінің тұрғындары қатты тартып отыр. Себебі, Айнабұлақ, Айрық, Мыржық, Едірей ауылдары полигонға жақын, ядролық сынықтар өткен аумаққа 40-50 км жерде орналасқанымен, ешқандай жеңілдік көрген жоқ. Ал кезінде Егіндібұлақтың құрамында болған Доғалаң аулы сынақ алаңдарына жаңағы ауылдардан алыс орналасқанына қарамастан, кейін Семей облысына қайта берілгендіктен, барлық әлеуметтік жеңілдікті алып отыр.
Егіндібұлақ өңірінің халқы 1997 жылы аудан жабылып қалғаннан бері моральдық қиыншылықтар, әлеуметтік әділетсіздіктер көріп отырғандары айтылып жоғары билік органдарына қаншама хаттар жазылды. Нәтиже жоқ.
Біз Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбектің Қарқаралы ауданы тұрғындарымен кездесуінде де, соңында өткен жеке қабылдауында да болдық. Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Махмұтұлы бұл мәселені басқа өңірлердің халқы да көтеріп отырғанын айтып, Егіндібұлақ ауданын қайта ашу жөніндегі мәселе Қазақстан Президентінің жеке қадағалауында екенін және ол 2-3 ай қарастырылатынын жеткізді. Біз өз тарапымыздан, аудан ашуды сұрап отырған басқа өңірлерге қарағанда Егіндібұлақтың ерекше жағдайы барын алдыға тартық. Біріншіден, мұндағы халық Семей ядролық полигоны сынағынан өте қатты зардап шеккендігін, темір жол мен республикалық маңызды тас жолдардан алыс, түкпірде жатқандығын баса айттық.
Осы кездесуден кейін біз Мемлекет басшысынан бастап бүкіл билік өкілдеріне жіберген Ашық хатымызға Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Серік Шайдаровтан жауап алдық. Бұрынғы жауаптарда алдымен ауданды қалпына келтіру үшін экономикалық мүмкіндіктердің жоқтығы айтылса, бұл жолы Егіндібұлақ өңіріндегі халық саны облыстың аудандары тұрғындарының орташа көрсеткішінен 5,3 есе аздығы және өңірдің қазіргі аумағы облыс аудандарының орташа көрсеткіштен 2,9 есе кемдігі алдыға тартылған екен. Мұның барлығы негізсіз сылтау. Ауданның халқы мен аумағының көлеміне қойылған ешқандай заңды нормалар жоқ еліміздің қолданыстағы заңдарында. Анықтама үшін мынаны айтқым келеді: облысымыздағы Ұлытау ауданының көлемі 123 мың шаршы км-ге таяу. Бұл Солтүстік Қазақстан облысының аумағынан (98 мың шаршы км) үлкен. Мұндағы халық саны он екі мыңның төңірегінде ғана. Екіншіден, облыстағы Абай ауданының аумағы 6,5 мың шаршы км. Егіндібұлақ өңірінің қазіргі аумағы бұдан екі есеге таяу артық. Егер бұған Шығыс Қазақстан облысына берілген Доғалаң аулы қосылса, бұл аумақ одан әрі өседі. Сондықтан, облыс әкімінің орынбасары Серік Шайдаров мырзаның жауабы нақты дәлелдермен негізделмеген, шығарып салма жауап.
Екінші айта кететінім, аудан ашылып жатса, оның қалай аталатыны маңызды емес. Ең маңыздысы, Қаздауысты Қазыбектің ата жұртында, ұрпақтары өмір сүріп жатқан жерде тарихи әділеттілікті қалпына келтіру, кезінде теріс шешімдер негізінде жабылып қалған ауданды қайтадан ашу. Бұл – Президентіміз айтқандай тарихи әділеттілікті қалпына келтіруге, Рухани жаңғыру бағдарламасының талаптарына және біздің сұранысымызға сай келеді.
Төраға: Сөз сөйлеушіге сұрақтарыңыз бар ма?
Өмірзақ Дүйсенбеков, ауыл ақсақалы: 4 адреске жіберілген хаттарыңызға билік жауап берді ме? Нақты қандай жауап келді.
Ермек Балташұлы: Жауап облыс әкімінің орынбасары Серік Шайдаров мырзадан келді. Жауапта көрсетілген деректер негізсіз екенін жаңа айттым. Нақтырақ Қазыбек би ауданын қайта ашу жөніндегі жұмыс тобының мүшесі Алма Еркінқызы Жұмаділова толықтырады.
Алмагүл Жұмаділова, заңгер: Біз алған жауапты негізсіз деп табамыз. Себебі, еліміздің «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» заңында облыс құрамындағы облыстық маңызы бар аудан болу үшін халықтың саны немесе ауданның аумағы жайлы нақты көрсеткіштер белгіленбеген. Мысалы: қала мәртебесі үшін елді мекенде 10 мың адам, ауыл болу үшін 50 адам болуы керек екендігі көрсетілген. Ал аудан орталығы мен ауданды қалыптастыру үшін бұндай талаптар мен шарттар көрсетілмеген. Қазіргі күнде Қарағанды облысына қарасты Абай ауданының аумағы бұрынғы Егіндібұлақ ауданының аумағына қарағанда едәуір аз. Оның үстіне, бұндай күрделі және елдің тағдыршешті маңызды мәселесіне жауап беру облыс әкімі орынбасарының құзіретіне сай емес.
Басқа сұрақтар түспеді.
Серік Нәбиянов, Қоянды аулының тұрғыны, ардагер ұстаз:
– Қоянды аулының халқы әлі күнге дейін ауданға барамыз дейді. Қай аудан десеңіз, Егіндібұлақ дейді. Біз балалық шағымыздан ауыр еңбек жасап, Егіндібұлақты құрдық. Егіндібұлақ экономикасы өркендеген аудан болды. Бабамыздың ата қонысы болған жер. Сіздер осы жерде табан тіреп отырсыздар. Туған жердің қасиеті осында. Бұрыннан көтеріліп келе жатқан мәселе – ауданымызды қайтарудың уақыты келді. Бұл Егіндібұлақтан қаншама Социалистік Еңбек Ерлері шықты. Халықтың саны, жер көлемі жетпейді деген сылтау ешқандай ақылға сыймайды. Егіндібұлақтың өзін-өзі қамтамасыз ететіндей экономикалық әлеуеті жеткілікті. Мысалы Теректі кен комбинаты жұмыс жасап тұр. Қоянды халқының атынан Егіндібұлақ ауданы ашылсын деп талап етеміз.
Еркінбек Қорабаев, Егіндібұлақ жастары атынан:
– Егіндібұлақ ауданын қайта ашу мәселесінде ақсақалдардан бастап орта буын өкілдері мен қатар жастардың да арман-тілегі – бір. Қазыбек би ауданын қайта ашу бастамасын Егіндібұлақ жастары атынан бірауыздан қолдаймыз. Ауданның жабылуы себебінен қалаға кетуге мәжбүр болған жастар, егер аудан ашылса қайтып келуге әзір екенін Сіздерге жеткіземіз. Сіздер жол көрсетсеңіздер, біз – жастар қолдауға әзірміз. Егіндібұлақ ауданы ашылсын!!!
Амантай Әшімханов, Н.Нұрмақов ауыл округінің өкілі:
– Біз – бір топ азамат-азаматшалар бұрынғы «Қаратау» совхозынан келіп отырмыз. Егіндібұлақ ауданын қайта ашылуы үшін қызмет етіп жатқан жұмыс тобына Н.Нұрмақов ауыл округі халқының атынан сенім білдіреміз. Егіндібұлақ ауданы ашылсын!!!
Амантай Дәуіпбаев, Егіндібұлақ аулының тұрғыны, Егіндібұлақ аулының бұрынғы әкімі:
– Біз бұл жаңадан аудан ашайын деп жатқан жоқпыз. Егіндібұлақ ауданы қайтадан қалпына келтірілсін!!! Егер аудан ашылса, бізде аудан орталығына тән барлық инфрақұрылымдар бар. Екі орта мектеп, балабақша, Мәдениет үйі, емхана-аурухана кешені, кітапхана, спорт-сауықтыру кешені, сот, полиция мекемесі, Казпошта, музей, т.б. әлеуметтік маңызы бар нысандар бар. Сондықтан, жаңа құрылыс жұмыстары бюджетке аса салмақ салмайды. Бұл да облыс әкімшілігінің жауабы негізсіздігін дәлелдейді. Сең қозғалды. Егер Егіндібұлақ ауданын қайта ашпасақ, бабамыздың атамекенін қайта жаңғырпасақ, біз – ақсақалдар келер ұрпақтың алдында қарабет боламыз. Бірлікпен ауданның ашылуына қол жеткізейік!
Гүлбаршын Жұманбаева, Балқантау аулы округінің тұрғыны:
– «Комсомол» совхозы Егіндібұлақ ауданының ең іргелі шаруашылығы болды. Ауылда тон тігу цехы, май айыру цехы, т.б. әлеуметтік нысандар бар. Кейінгі кезде қаладағы жастар ауылға бет бұрып, ауыл шаруашылығымен айналысып жатыр. Ауылда 800-дей тұрғын бар. Егіндібұлақ ауданын қайта ашылуына Балқантау аулы округінің барлық адамдары ынталы, бастаманы бір ауыздан қолдаймыз!
Жомарт Омаров, Егіндібұлақ аулының тұрғыны:
– Ел деп өскен ұл-қыздар, барлығымыз Егіндібұлақ ауданы қайта ашылуына ат салысуымыз керек. Мен көп жылдар бойы өмір сүрген Доғалаң ауылының тұрғындары Егіндібұлақтың аудан болып ашылғанын күтуде. Олар Егіндібұлаққа қайта қосылуды армандайды. Егіндібұлақ ауданының қайта ашылуын қолдаймын!
Сүйген Төлеубаев, Шарықты ауыл округінің тұрғыны:
– Біздің ауылда 1028 адам тұрады. Теректі комбинаты салған кенттің тұрғындарын қосқанда ауылда 1500 адам бар. Халық санының өсуі лезде. Мұнда тіркеуде тұрмай еңбек ететіндер қаншама. Ертең Егіндібұлақ аудан болып ашылса, халық қайта көшіп келеді. Болашақта Шөптікөлден тағы да кен орны ашылмақ. Халыққа жұмыс табылады. Ауылға жастар жағы көшіп келіп жатыр. Бос қалған үйлер қалыпқа келтіріліп жатыр. Мен өзім халықпен көп араласамын. Ауылдағы Қоғамдық кеңестің мүшесімін, мектептегі Қамқоршылық кеңестің төрағасымын. Барлық халықтың пікірі бір. Ауылда Егіндібұлақ ауданын қайта ашу туралы жиналыстар өткіздік. Жиын нәтижесінде бір де бір адам қалыс қалған жоқ. Бір де біреуі қарсы болған жоқ. Бәрі де ашылсын деген ниетте.
Мейрамбек Кенжебеков, Мәди ауыл округіндегі мектептің бұрынғы директоры:
– Егіндібұлақтың ең шалғай жері Айрықта мен 40 жылдай тұрдым. Егіндібұлақ елге белгілі шұрайлы мекен. Халқымен, азаматтығымен, мәдениеттілігімен, салт-дәстүрімен әйгілі. Бұл елдің тәрбиесі ерекше. Қазақ деген халықтың бойына тән барлық асыл қасиеттерді сақтаған. Мысалы, «Айрық» 1975 жылы жылқы совхозы болып ашылған. Сонау Курчатовқа дейін жерде жылқы өсті, қымыз әзірленді. Сол үрдісті жаңғыртуға әлі де кеш емес. Сең қозғалды. Халықтың рухы көтерілді. Қалың қазақтың дәстүрін сақтап тұрған киелі мекенді қайта қалпына келтіруге үлес қосайық. Айрық халқының атынан ауданымыз қайта ашылуын қолдаймыз.
Сіләмиден Нұркенов, Қарқаралы аудандық Мәслихатының хатшысы:
– Ассалаумағалейкум, жерлестер! Мен ең алдымен осы өңірдің – Абай аулының перзентімін. Осы жерде туып-өстім. Оқыдым. Еңбек жолын бастадым. Сондықтан, мынау көтеріліп жатқан мәселеге мен де өз үлесімді қоса кетейін.
Жалпы, бұл өзі – уақыты жеткен мәселе. Ешқандай бір сөкеттігі жоқ. Менің айтатыным, осы сенбіде, 11 күні ауданымыздың әкімі ауысты. Оны барлығын біліп, көріп отырсыздар. Еліміздегі қолданыстағы заңға сәйкес облыстың әкімі өзі келіп, бұрынғы әкімге алғыс айтып, алып кетті. Жаңа әкімге Мәслихаттың келісімін беруін ұсынды. Сол процедуралық сұрақтар біткеннен кейін емен-еркін депутаттармен әңгіме өткізді. Сол жерде осы мәселе де көтерілді. Ол кісінің жалпы халыққа айтқан сәлемі келесі айдың ортасында келеді осы жерге. Мұнда көтеріліп жатқан мәселені Президент жақсы біліп отыр. Енді, ондай мәселе бірден шешілмейтін белгілі, бәріміз білеміз. Бірақ, мәселені шешуде халықтың осындай сұранысы бар екенін, бұл көптің тілегі екенін, барлығын айту керек. Ал енді жаңағы айтылып жатқан себептерді: жердің көлемі, халықтың саны деген сылтауды мен де бір адамдай білемін, заңды оқып жүрмін. Ондай ұғым жоқ. Менің білетінім, екі-ақ талап бар. Ол – қала болу үшін елді мекенде 10 мыңнан кем емес халық саны болуы керек. Ауыл округі болу үшін тұрғындарының саны 50 адамнан кем емес 2 елді мекеннен тұруы керек. Заңда басқа талап жоқ. Сондықтан, жалпы бізге де жоғарыдан қарайтын жағдайлар бар. Яғни бүгінгі Қарқаралы ауданы – субвенциялық аудан. Субвенция дегеніміз – үкіметтің қаражатын көп талап етеді деген сөз. Берілген ақшаның қайтарымы аз. Бірақ ол субвенцияны азайту үшін мен айтар едім, біз осы көлемде өнім шығаруымыз керек. Жаңа менің алдымдағы лекторлар да, сөз сөйлеушілер де айтты. Біздің қазба байлықтарымызды Секең де айтып отыр. Осы өңірдің бәрінің асты бүгін қазба байлыққа өте бай. Сондықтан, осы ұсыныстарды мына жиналыстың қарарына кіргізулеріңізді сұраймын. Президент айтты ғой, кез-келген әкімнің жұмысын инвестиция тартумен бағалаймыз деп. Яғни елді өркендету үшін инвестор, инвестиция керек. Инвестор деген біздің қазіргі ұғымызда жеріміздің байлығын пайдаланып, ұрлап-тонап жайына кететін біреулер болып көрінеді. Анығында осы жердегі қазба байлықты дұрыс пайдаланып, бәріміздің игілігімізге жаратып, сонан кейін осы жерде жұмыс орындарын, барлық тиісті инфрақұрылымдарды істейтін компания немесе адамдар. Сондықтан, біз мәселені осылай қоюымыз керек. Біздің өңірге инвестиция тартылатын болса, жаңағы айтылып жатқан мәдениет мәселесі, жол мәселесі, басқа да инфроқұрылымдар өзінен-өзі шешіледі. Жаңағыдан түсетін салықтың көлемі көбейіп, осы «Алтай полиметалл» сияқты кәсіпорындардың тағы да үш-төртеуі ашылатын болса, өңірді басқару үшін ауданның құрылуына мемлекеттің өзі мүдделі болады. Айтылып жатқан Теректіде мен де қызмет істегем. Кешегі біздің мал жайып жүрген жеріміз. Бүгін тағы да барып келдім. Қандай үлкен комбинат жұмыс істеп жатыр. Мыңдаған адам. Осы жерде біздің де қойып жатқан талабымыз бар. Мысалы, Теректінің басында тұрып жатқан халықты ғана емес, өндірісте вахтамен жұмыс істейтіндерді де жергілікті халықтың санына кіргізіп, тіркеуге алса, яғни халықтың саны көбейетін болса, біраз әлеуметтік мәселе шешіледі. Өйткені, оны айтып тұрғаным, бүгінгі күні көптеген қолданыстағы заңдар жетілмеген. Мысалы, Егіндібұлақта ұдайы айтылатын мәселе мидицинаға қатысты. Бүгінгі күні медицина стандарттарына сәйкес, стационар ашылуы үшін елді мекенде халық саны бес мыңнан кем болмауы керек. Ал СДА (санитарлық-дәрігерлік амбулатория) жұмыс істеуі үшін тұрғындар екі мыңнан кем емес болмауы керек. Енді халық бізде аз. Сонда жаңағы кісілер айтқандай, адам саны кем болса, олардың денсаулығы мемлекетке керек емес пе деген сауал пайда болады. Керек. Бұл мәселені де көтеріп жүрміз. Біз Мәжілісмен, Сенаторлармен кездескенде бұл мәселені көтеріп жүрміз. Өзгеріс енгізуді талап етіп жүрміз. Сол енді жалпы айтайын дегенім. Бұл мәселеде облыс әкімінің айтқаныдай сабырлылық керек. Бұл үзілді-кесілді жоқ деген сөз емес. Бұған уақыт керек. Сондықтан, осы жерде сіздерді сабырға шақырамын. Бауырларларым, ағаларым! Біз өзімізге тән, біздің елге тән парасаттылықты, көрегенділікті, парасаттылықты танытайық. Сол кезде біртіндеп аудан да болады. Бүгінгі күні айтылып жатқан мәселе, ол – аудан басшылығының қолында емес. Тіпті облыс басшысының да қолында емес. Бұл Президенттің, үкіметтің құзіретінде. Бірақ біз ауданның керек екенін, осы талаптардың бәрін тиісті орындарға дәлелді түрде жеткізуіміз керек. Осындай жиындармен. Сонда ғана біз мақсатымызға жетеміз. Иә, маған да батады. Мына Қарқаралы да тұрып, Абайдан біреу көшіп бара жатса, мен жұртта қалғандай боламын. Өйткені кешегі әке-шешемнің, ата-бабамның маңдай тері тиген жер. Сондықтан, бәріміздің ойымыз бір жерден шығады деп ойлаймын. Ереке, мынау мына ынталы топқа сәттілік тілеймін. Енді керек көмекті мен заң шеңберінде, өзіме байланысты, өзімнің қолым жететін жерден көмектесем. Бірақ, тағы да айтамын. Әрбір биліктің деңгейінің өзіне тән функциясы бар атқаратын. Сондықтан, биліктің әр деңгейі өзінен нені талап ететін болса, соны міне істеп жатыр. Иншалла, Егіндібұлақтың қазір сіздер отырған Мәдениет үйі қандай болып еді? Біртіндеп қалыпқа келіп жатыр. Көрермендер залының орындықтарына тендер жарияланды. Оны ұтып алған кәсіпорын анықталды. Сөйтіп-сөйтіп бәрі де болады. Тек қана біз ел болып, барымызды сақтап, жоғарыда айттық қой, дүниеде ең қиын бірдеңені құрып, еселеп көбейту. Ырзығымыз еселеп көбейе берсін!
Ерғанат Қақабай, заңгер:
– Ассамуғалейкум, құрметті жерлестер, бастамамыз оң болсын! Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып жұмыс істейік! Бірлігіміз бекем болсын! Қолдаймыз!
Мирас Жолдыбай, №43 мектеп ұжымы жастары атынан:
– Ерке Егіндібұлақ халқы, киелі қарашыңыраққа жиналған қауым, қазір ауыл болып тұрған елді мекенді аудан орталығы етіп өзгерту бастамасын қолдаймыз! Менің жанымда жүрген жастар егер аудан ашылса көшіп келіп, шағын және орта бизнес ашуға дайын!
Айбек Елеусізов, Қаракөл аулы округінің тұрғыны:
– Қаракөлде бұрынғы 200 жүз үйден 30-ақ үй қалды. Аулымызға жастар қайтып келіп жатыр. Кезінде әкімшілік екі жүз мың теңгеге сатып жіберген мектепті ауыл халқы болып 1 миллион 400 мың теңгеге сатып алдық. Мен де Астанада, Қарағандыда тұрдым, соған қарамастан Қаракөлге көшіп келдім. Тоқ етерін айтқанда, ауылдан шыққан дәрігер де, мұғалім де бар қалаларда. Егіндібұлақ басында хирург те жоқ. Өткен жолы мойнымды ауыртып алып, таңдыру үшін Қарқаралыға барып жүрдім. Шалғай жатқан Айрық, Арқалық, Шөптікөл халқына жаным ашиды. Әсіресе, аяғы ауыр әйелдерге. Сондықтан, бұл – кезек күттірмейтін мәселе, ауыл халқы ауданның қайта ашылғанын қолдайды.
Әділет Жағыпар, Жұмыс тобының мүшесі
– Мені қуантқаны Қарқаралы аудандық Мәслихатының хатшысы Сіләмиден Камашұлының қолдау сөзі болды. Біздің ісіміз төменнен жоғары көтеріліп отыр. Қарқаралы аудандық Мәслихаты біздің бастамамызды қолдап, Қарағанды облыстық Мәслихатына жолдаса деген өтініш бар.
Сіләмиден Нұркенов, Қарқаралы аудандық Мәслихатының хатшысы:
– Осы бастаманы Қарқаралы аудандық Мәслихатында қарастыру үшін оны хаттама қаулысының бір пункті етіп енгізіп, аудандық мәслихатқа жолдансын.
Мақсым Алшынбай, заңгер, Қазыбек бидің алтыншы ұрпағы, Алшынбай бидің шөбересі, Айрық аулының тумасы
– Ауданды жабу қателік, Егіндібұлақ – соқыр саясаттың құрбаны болды. Қарағандының басында Қазыбек би ауданы болғандықтан, екінші аудан бабамыздың атымен аталмауы мүмкін. Сондықтан да Егіндібұлақ немесе Балқантау ауданы деп аталғанымен, орталығы Қазыбек би деп аталуы керек. Біз қолдаймыз!
Бақытжан Серікбекұлы Кәмалиев, Абай ауыл округінің өкілі:
– Абай ауыл округіне қарасты Айнабұлақ, Мыржық ауылдарының халқы Егіндібұлақ ауданы ашылуын қолдайды.
Ахмадия Сүлейменов, ардагер ұстаз, Егіндібұлақ аулының тұрғыны:
– Бұл жай бас қосу емес, менің пікірім, аудан ашылғанша өтетін жиындарды құрылтай мәжілісі деп атауды ұсынамын. Жар жиегінде тұрмыз. 1998 жылы ауданның жабылуына байланысты хат жаздым, менің хатыма жауапта уақыты келгенде ашылады деген болатын. Сол уақыт міне, келді. Өйткені, Жаңа Қазақстан құру идеясын ұсынған Қасым-Жомарт Тоқаев ұлы тұлғаларымызды ұлықтап, жабылған аудандарды қайта ашып, ерлік жасайды деп сенеміз. Еліміз шынымен Жаңа Қазақстан болғысы келсе Қазабек би ауданы ашылуы керек.
Рымбек қажы Қорабаев, ішкі істер саласының ардагері:
– Ауылдағы азаматтар білімді жігіттерді қалай елге қайтаруды ойластыруымыз керек. Жастарды ауылға көбірек тартуымыз керек.
Жиналыс төрағасы Мұхит Адамов:
– «Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні» – ауданымыздың ашылуын бәріміз бір ауыздан қолдаймыз. Халық үніне құлақ асататын мемлекет концепциясы іс жүзінде жүзеге асып, халықтың үні билікке жетеді деген үміттеміз. Қане, дауыс берейік! Жиналысқа келгендер түгел қол көтеріп, қаралған мәселелерді бір ауыздан қолдайтындарын нақтылады.
Жиналыс қаулысы:
- Қазыбек би (Егіндібұлақ, Балқантау) ауданы қайта ашылсын деген халықтың ұсынысы Президентке жеткізілсін.
2.1. Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданына қарасты Егіндібұлақ аулын аудан орталығы мәртебесіне өзгертілуіне ұсыныс жасалсын.
2.2. Қарқаралы аудандық Мәслихатының хатшысы С.Нұркеновке халық бастамасын Қарқаралы аудандық Мәслихатының кезектен тыс сессиясында қаралуын қатаң сұраймыз және сессия оңтайлы шешім шығарған жағдайда Қарағанды облысының Мәслихатына ұсыныспен шығуды сұраймыз.
- Жұмыс тобына бұдан әрі де Егіндібұлақ өңірінің халқы атынан әрекет етуге өкілеттілік берілсін.