Ұлыстың ұлы күні жаңаша тойланды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен Наурыз мерекесі биыл жаңа форматта өтті. Нақтырақ айтсақ, «Ұлыстың ұлы күні» 14-ші наурыздан басталып 23 наурызға дейін «Наурызнама» деген атаумен жалғасты. Ұлыстың ұлы күнін 10 күн тойлау қаншалықты дұрыс болды?
Жаңа өзгерістер аясында Наурыз мерекесінің логотипі бекітіліп, Көрісу күні, Қайырымдылық, Ұлттық дәстүр, Отбасы, Ұлттық киім, Жаңару, Ұлттық спорт түрлері, Ынтымақ, Бірлік, Жаңа жыл және Тазалық күндері аталып өтілді. «Наурызнама» онкүндігінде елдің барлық аймақтарында ұлттық киімдерді насихаттау мақсатында түрлі шаралар ұйымдастырылады. Сонымен қатар мәдениетті, өнерді және ұлттық құндылықтарды насихаттауға арналған бағдарламалар өткізіледі.
«Жастар жағы ұлттық киімге назар аударып келеді»
Фольклортанушы ғалым Ақеділ Тойшанұлы мемлекет басшысының бұл ұсынысына оң қарап, қолдап отырғанын айтады.
«Өйткені, бізге Наурыз оралғаннан кейін Наурыздың қандай да бір тұжырымдамасы бекімей қалған болатын. Сондықтан, Наурыз осы уақытқа дейін жасанды тойланып келді. Мен мұны зерттеуші, осы елдің азаматы ретінде газет-журналдардан бастап телеарнаға дейін талай рет айтып жүрмін. Жалпы ғалымдарымыз мен зиялыларымыз да осы мәселені жиі көтеріп жүрді. Бірақ оң бастама шешімін таппай келіп еді. Биыл көптен бері айтылып жүрген мәселені оңынан шешіліп, әжептеуір жақсы бағдарламалар қойылды. Бірақ бұл жобаны әлі де болса, жетілдіре түседі деп ойлаймын. Дегенмен «Ұлттық киім күні» аталып өтті. Оның барлығы жақсы болды. Тәлім-тәрбие тұрғысынан жақсы болды.
Мысалы, халқымыз жоғары жаққа қарап отырады ғой. Қазақ өзі басшыға бағынған, үлкенді сыйлаған халық. Айталық мысалы, Ақордада, депутаттарымыз, министрлер ұлттық киім кигеннен кейін басқалар да ілесіп киіп кетті. Мысалы, май құю станциясына барсаңызда ұлттық киіммен кассир қыздар отыр. Қазақ қыздары мен жігіттерінің ұлттық киім киіп жүргені жақсы ғой. Ұлттық киім – ғасырлар бойы келе жатқан сән-салтанаттың ерекше бір үлгісі. Ал оны арзан Еуропа елдерінің киімдерімен салыстыруға болмайды. Шыны керек, ол киіммен қыздың да ажары ашылмайды. Қыздарымыз тақия, ұзын көйлек, бешпент киіп жүрсе керемет емес пе? Енді ұзын көйлекті күнде киіп жүре алмайды. Бірақ қазақта әртүрлі киім түрлері де бар. Менің ойымша, камзол, бешпенттерімізді киіп жүрсе болады. Жастар жағы ұлттық киімге назар аударып келеді. Қыз-келіншектердің де ұлттық киімге ынтасы күшті. Осы жағдай маған қанат бітіргендей болды», – дейді ол.
«Наурызды туған күн ретінде тойлаған»
Этнограф Ұлыстың ұлы күні қарсаңында араздасқан адамдар татуласып, ортақ келісімге келгенін айтады.
«Жалпы Наурызда күн мен түн теңеліп, Жер- ана жаңарады. Түркілер күллі әлем осы уақытта жаралған деп санайды. Жер жаралып, қара тастың еріген, мал төлдейтін, алғашқы адам өмірге келген кез деп есептейді. Сондықтан осы уақытта табиғат ерекше елжіреп, мейірім төгілетін кез. Сол себепті қазақ «Самарқанның көк тасы еріген күн» деп айтады. Бірақ бір қызығы Самарқанның жанында отырған өзбектерде бұл аңыз жоқ. Оларда «Қолыжұмықтың» қара тасы еритін күн» деген сөз бар. Қолыжұмық деген әйгілі өзбектердің есепшісі. Ол ай, күнді есептеп отырады. Қолына қара тас, пышақ алып жүреді екен. Сосын міне күн мен түн теңелген күн «Наурыз» келді деп айтқан көрінеді. Сол қолындағы пышақпен қара тасты тіліп жібергенде май сияқты ериді екен. Сол себепті осылай айтқан екен. Не де болса, сол қара тастың еріп тұратынын жақсы нышанға балаған.
Осы күні бүкіл адамдардың туған күні. Бізде қазақтарда жайлауда, қыстауда тудық деп халық туған күнге аса мән бермейді. Шыны керек, халқымыз жаңа жылды «жаңа жас» деп есептейді. Бір жасымыз құтты болсын, жаңа жасыңыз құтты болсын деп Наурызда құшақтасады. Бүкіл адамдардың, бүкіл дүниенің туған күні Наурыз мерекесі болып саналған. Сондықтан, ата-бабаларымыз Наурызды туған күн ретінде де тойлаған. Сондықтан осындай керемет, құдіретті кезде, күн мен түн теңеліп, құлдың өзіне теңдік беріледі екен. Сондықтан, осындай ұлы күні өкпе-назды кешіретін болған. Табиғат мейірленіп жатқанда, адамдарда да қандай бір сыз, дақ қалмасын деп осы күні көбінде ақ киім киіп жүрген. Осы күні өкпе-ренішті ұмытып жаңа адам болып өмір сүретін болған. Сондықтан, бұл мерекені ізгілік мерекесі деп санаймын. Халықтар ынтымақта болуы үшін осындай мерекелердің болуы дұрыс», – дейді ол.
«Айтыс-тартыс – ақын-жазушыға тән сыралғы әдет»
Атырауда өткен ұлттық құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ақын-жазушылардың арасындағы араздық туралы айтқаны белгілі. Араздасқан азаматтар Самарқанның көк тасы еріген кезде татуласуы керек пе?
«Негізі қазақ халқы кек сақтамаған. Егер қандайда бір адам кек сақтайтын болса, ол қазақ емес болып саналған. «Жақсының кегі – жібек орамал кепкенше, жаманның кегі – басы көрге жеткенше» дейді. Қазақтай ақкөңіл, бауырмал халық жоқ. Ал ақын-жазушылардың арасында пікір қайшылық көп болады. Тіпті олар бір-біріне сес көрсетіп, доңайбат жасауы да мүмкін. Әйтсе де мен оларды кек сақтап жүр деп ойламаймын. Адамның барлығы бір деңгейде ойлауы шарт емес. Ақын-жазушылар бірдей ойласа, онда алуан түрлілік жойылады. Бір үйдегі балалардың да мінезі әртүрлі болады. Бұл жердегі талас – идеялар таласы.
Әр адам өз ойын еркін білдіруге құқығы бар. Менің де қателесіп айтып жүрген нәрселерім бар шығар. Күдік шындықты тануға , ағаттық ақиқатты іздеуге із ашады. Қате түсініктің барлығын бір қазанға салып, тегістеймін деген пірадарлық түсінік. Ондай нәрсе өмірде болмаған», – дейді ол.
«Наурыз дінге қайшы емес»
Кейінге кезде әсіредіншілдер ұлыстың ұлы күні наурыз мейрамына қарсы пікір айтып жүр. Наурыз мейрамының дінге қайшы тұсы бар ма?
«Наурыздың дінмен де, өркениетпен де еш текетіресі жоқ. Барлық сенім өкілдері Наурызды «жыл басы» деп тойлап жатыр. Бұл адамзаттың көнеден бері тойлап келе жатқан мейрамы. Мысалы, біз жыл құсы келді деп жатамыз ғой. Жырларымызда «Шағала келмей жаз болмас, әз келмей мәз болмас» деп айтылады. Құстар жаңа жыл әкеледі деп ұққан. Енді осындай табиғаттың мерекесі болған мейрамды кезінде славян халқы да атап өткен. Яғни олар да жаңа жылды көктемде қарсы алған. Наурыздың дінге , нәсілге немесе исламға қандай да бір теріс түсінігі жоқ», – дейді ол.