Тарих азаматтарды отаншыл етіп қалыптастырады – Дәметкен Сүлейменова

Тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Дәметкен  Сүлейменованың айтуынша, Қазақстанның әр бір азаматы отаншыл болуы керек. Себебі ол азаматтардың патриот болуы мемлекеттің өсіп-өркендеуіне ерекше үлес қосатынын ескертті.

«Патриот адам пайда табуды ойламайды»

«Менің ойымша, ұл болсын, қыз болсын, азаматтардың жынысы мен ұлтына қарамай Қазақстанның азаматы деген атты алып, сол мемлекетке қызмет еткеннен кейін отаншыл болуы керек. Ал мұндай Қазақстандық патриотизмді қалай қалыптастыра аламыз? Мысалы елде әр түрлі табиғи апаттар болып жатады. Міне осындай қысылтаяң кезде азаматтар үйде босқа қарап жатпай, қолынан келгенше көмектесіп жатады. Елдің басына қиын-қыстау күн туғанда көмектесуге ұмтылған азаматтты Қазақстанның патриоты деп айтуға болады. Бұдан бөлек, өртеніп жатқан үйдің ішінен балалар мен аналарды немесе қарияларды құтқарған азаматтар кездеседі. Сонымен қатар суға батқан азаматты құтқарып, қиын жағдайға тап болған азаматқа екінші өмір сыйлаған жандар бар.

Мұндай көмекті Төтенше жағдай қызметкерлері ғана емес, қатардағы қарапайым азаматтар да жасайды. Бірақ олар «Мен керемет іс істедім» деп айғайлап, өзін дәріптемейді. Бұл жұмыс адамның еркінен тыс, жүрегінің қалауымен орындалатын дүние. 2022 жылы 3 жастағы баланы 8 қабаттан құлайын деп тұрғанда Сәбит Шонтақбаев дейтін азамат өз өмірін бәйгеге тігіп құтқарды. Бұл отаншылдық пен азаматтықтың белгісі болып саналады. Біз өмірге келгеннен кейін бұл өмірден әйтеуір бір өтетініміз анық. Бізге берілген қысқа ғұмырда халық білетін айрықша із қалдырып кету керек емес пе? Сәбит «Батыр болайыншы» деп емес, шын жүрегімен баланы құтқарып қалды. Бұл оның ары мен намысының, ең бастысы жүрегінің таза екендігін көрсетеді. Елде төтенше жағдай болғанда қол көмегінен бөлек, азаматтарға ас-суын дайындап, тіпті ақша аударып беретін оқиғалар жиі кездеседі. Тіпті кейбір жағдайда баспанасыз қалған азаматтарды үйіне паналататын қайырымды азаматтар бар. Патриот адам пайда табуды ойламайды», – дейді ол.

«Студенттерді отаншылдыққа тәрбиеледім»

Дәметкен Досмұханқызы 40 жылдан астам мектептен бастап, жоғары оқу орнына дейін ұстаздық еткен азамат. Сондықтан да ол ұстаздың оқушы мен студентті патриот етіп тәрбиелеуде үлесі жоғары екенін айтады.

«Ең алғаш Қазақстан тарихын 5 сыныптан бастап мектепте оқыттым. Одан кейін 20 жылға жуық колледж бен жоғары оқу орнында білім бердім. Жалпы жастарды отаншылдыққа тәрибиелеу әр бір ұстаздың, ата-ананың міндеті болу керек. Өзім тарих пәнінен сабақ берген кезде «Сенің отанын қалай аталады?» деп оқушыларға сұрақ қоятынмын. Балалар бәрі бір ауыздан «Қазақстан» деп жауап береді. Міне осыдан бастап баланың жүрегіне отаншылдық тәрбиенің береміз. «Ал сен осы Отаныңды қалай жақсы көресің?» деп сұрағанда бір бала маған «Әкем мен анамды, бауырымды қалай жақсы көрсем, мен Отанымды солай жақсы көремін» деп жауап берген болатын. Біз көпшілігіміз балалар кішкентай ғой деп олардың әрекетіне аса мән бермейміз. Бірақ кішкентай балалардың жүрегі үлкен болатынын мектепте сабақ берген кезде түсіндім. Сондықтан да шәкірттерді отаншыл етіп тәрбиелеудің жолдары ұстазға тікелей байланысты. Ұстаздың жүрегі үлкен болса, оның шәкірттерінің де жүрегі үлкен болады. Яғни, ондай азамат еліне қызмет етуге талаптанып тұрады.

Одан кейін жоғары оқу орнына қызметке келгенде студенттерге арнап алаштану және тарихи тағылым деген үйірме жүргіздім. Алаш арыстарының халқының болашағы мен бірлігі үшін өздерінің басын құрбандыққа тіккенін айта отырып студенттерді отаншылдыққа тәрбиеледім. Қазіргі таңда менің шәкірттерім мектептен бастап, жоғары оқу орнына дейінгі әр түрлі салада қызмет етіп жатыр. Олардың ішінде мемлекеттік қайраткер деңгейінде қызмет етіп жүрген азаматтар баршылық», – дейді тарихшы.

«Тарих еліміздің дамуына үлес қосатын іргелі ғылым»

Дәметкен Сүлейменова тарих ғылымы қоғамның өткен тарихын зерттеп қана қоймай, сонымен қатар болашаққа жол ашатынын айтады. Сондай-ақ ол тарих ғылымының азаматтарды отаншыл етіп қалыптастыратынын ескертті.

«Тарих пәні қоғамның өткенін зерттеп қоймай, сонымен қатар болашақты болжап, соған жол ашады. Тарих пәні тарихи деректерде көрініс тапқан қоғамның даму үдересі болып табылады. Сонымен бірге тарих ғылымы адамзат дамуының өте кең, ауқымды мәселелерін қарастырады. Тарих ғылымы өзінің зерттейтін пәніне қарап бірнеше салаға бөлінеді. Мысалы саяси жүйеде мемлекеттік дамудың қыр-сыры зерттеледі. Ал саяси жүйеден тыс әскери тарихта қарулы қақтығыстар мен әскери қақтығысты зерттейді.

Болашаққа жол ашады дейтініміз, болашақты болжап, соған сай әрекет етеді. Мысалы, Мемлекеттік тарих институты қазіргі Тәуелсіз еліміздің тарихын қалыптастыруға жұмыс істеп жатыр. Аталған институт еліміздегі барлық тарихшы мұғалімдерге елдегі тарихи оқиғаларды жете түсіндіріп, жас ұрпаққа қалай тәрбие беруге жол көрсетіп отыр. Негізі тарих еліміздің болашақ дамуына үлес қосатын іргелі ғылым болып саналады.

Жалпы, тарих жастарды отаншылдыққа жеке-дара тәрбиелеп қана қоймайды, одан бөлек, философия, саясаттану, мәдениеттану секілді саланың да зор үлесі бар. Осы қоғамдық гуманитарлық ғылымдар бірлесе отырып жастарды отаншыл болуға тәрбиелеп, болашаққа қандай жолмен жүруге болатынын айқындап береді. Бұдан бөлек, азаматтарды патриот болып қалыптасуына әдебиеттің атқарап орны айрықша. Себебі, тарих пен әдебиет бір бірімен өте тығыз байланысты сала болып саналады. Жас ұрпақ отаншыл болып өссін десек, тарихқа айрықша назар аудару керек», – дейді Дәметкен Досмұханқызы.