Türkiye Burslari бағдарламасы: Талаптары мен мүмкіндіктері

Бүгінде білім іздеген жастар үшін жолдар айқара ашық. Тіпті шетелде тегін білім алып жүрген қазақ жастары қаншама. Осындай мүмкіндік беретін бағдарламалардың бірі – Türkiye Bursları.

Türkiye Bursları – Түркия үкіметі қаржыландыратын халықаралық стипендиялық бағдарлама. Бағдарлама 1992 жылы Түркия президенті Тургут Өзалдың мандаты кезінде басталып, 2012 жылы ребрендингке ие болды. Бағдарлама Түркияға шетелдік студенттерді тарту, олардың елмен танысуы, Түрік мәдениеті мен тілін тарату мақсатында құрылған.

Türkiye bursları бағдарламасы нені қамтиды?

1. Университетте тегін оқу;

2. Бір жыл тегін түрік тілі курсы;

3. Жатақханада тұру және тамақтану;

4. Айына 300 долларға дейінгі стипендия;

5. Медициналық сақтандыру;

6. Оқуды бастау үшін Түркияға билет және университетті бітіргеннен кейін қайту билетін қамтиды.

Гранттар әлемнің барлық елдерінің азаматтарына, дәлірек айтсақ, мектептер, колледждер мен университеттердің түлектеріне беріледі. Тегін білім алу үшін жас шектеулері бар. Атап айтатын болсақ,  бакалавриатқа өтініш берушілер 21 жастан, магистратураға 30 жастан, докторантураға 35 жастан аспауы керек. Сонымен қатар, бакалавриатқа түсушілердің орташа баллы кемінде 70 пайыз болуы қажет болса,  магистратураға немесе докторантураға түсушілердің орташа балы 75 пайыздан төмен болмауы тиіс.

Сондай-ақ, Түркия азаматтары немесе Түркия азаматтығынан бас тартқан адамдар, Түркия университетіне оқуға түскендер және созылмалы аурулары бар адамдар грант ала алмайды.

Жалпы бағдарлама екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезең-онлайн өтінім беру, екінші кезең-әңгімелесу.

Бірінші кезеңге онлайн өтінім беру қаңтар айынан ақпан айын дейін жалғасады, әңгімелесуге  наурыз-мамыр айында шақыру келеді. Ал, сұқбаттасу маусым-шілде айында өткізілсе, тамыз айының басынан грант нәтижелері жарияланады. Содан кейін, тамыз айының ортасында құжаттарды жинап, авиабилеттерді сатып алып, қыркүйек айында студенттер Түркияға ұшады.

Türkiye bursları бағдарламасының ресми сайты арқылы бірінші кезеңге өтініш беріледі. Онлайн өтінім беру сауалнаманы толтырудан, құжаттарыңызды жүктеуден және эссе жазудан тұрады.

Онлайн өтінім беру үшін қажетті құжаттардың тізімі:

1. Жеке куәлік немесе төлқұжат;

2. Фото 3х4;

3. ҰБТ/КТА нәтижелері (бар болса);

4. 9-сынып аттестаты, 10 — сынып табелі және 11-сынып аттестаты / табелі немесе колледж дипломы (бакалавриат);

5. Бакалавр / магистр дипломы (магистратура және докторантура үшін);

6. SAT, IELTS, TOEFL, GMAT және т. б. халықаралық емтихандардың нәтижелері (бар болса);

7. Мектептен, университеттен және т. б. ұсыныс хат;

8. Барлық мүмкін сертификаттар мен марапаттар (бар болса);

9. Ғылыми жұмыстар мен жобалар (бар болса) керек.

Егер бірінші кезеңнен өтсеңіз, сізге хат келіп екінші кезең яғни сұқбаттасуға шақырады. Егер сіз іріктеуден өткен болсаңыз, онда сізді екінші кезеңге — сұхбатқа шақырады. Ол тек Астана мен Алматы қалаларында өтеді.

Сұқбатты бастамас бұрын 9-11 сынып бағдарламасы бойынша математика геометрия және логика пәндерінен тест алынады. Әрі қарай кезек-кезек әңгімелесуге шақырады. Сұқбаттасу бағдарламаның қабылдау комиссиясымен және аудармашылармен бірге өтеді. Бірақ екінші кезеңнің қорытындысы, яғни грант беру туралы шешім жаз айларында жарияланады.

Егер сіз грантқа тапсыратын жастан асып кеткен болсаңыз ақылы түрде білім ала аласыз. Бұл туралы Түркияға оқуға студенттерді дайындап жүрген және өзі де Түркия да білім алған Күлаш Мұрат айтты.

Түркияда білім алу Қазақстаннан біршама арзанырақ. Мысалы, мен магистратурада семестріне 46 000 теңге беріп оқимын. Ол да лираның курсына қарай  өзгере береді. Ең бірінші жылы лира 50 теңге болған соң, 70 000 теңге төлеп оқыдым. Яғни бұл лираның түсуіне байланысты жыл сайын оқудың бағасы өзгеруі мүмкін. Бірақ, Түркияда білім алу Қазақстанға қарағанда арзанырақ, – деді ол.

Жастардың талпынысы мен талабы болса, қалауына қарай шетелде білім алуға, саяхаттауға мүмкіндік мол. Тек білімді шыңдау мақсатында  мүмкіндікті пайдалананып, еңбектену қажет.  Ең бастысы, өзге мемлекетте алған білімін, Қазақстанның  даму жолына жаратса, нұр үстіне нұр болар еді.

Шынар АҚЖАНҚЫЗЫ