Ағаш ұстасы «Ауыл аманаты» арқылы кәсібін ашты

«Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша жеңілдетілген несие алып, жұмыс істеп жатқан азаматтар баршылық. Солардың бірі Жамбыл облысы, Байзақ ауданына қарасты Ынтымақ ауылының тұрғыны Жамбыл Тілешов. «Нұрәли» жеке кәсіпкерлігінің иесі ағаштан түйін түйіп, отбасын асырап отыр.

«Ағаш кесетін және жонатын құрылғы жұмысымды жеңілдетті»

Жамбыл Төленұлы «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша Үкіметтен 4,5 миллион теңге көлемінде жеңілдетілген несие алғанын айтады. Аталған қаржыға ағаш ұстасы өзіне қажетті 2-3 станок сатып алып, жұмыс істеп жатқанын ескертті.

«Ынтымақ ауылдағы үйімнің алдындағы сарайды реттеп, соны шағын цехқа айналдырып алдым. Жеңілдетілген несиеге алған құрал-жабтықтың арқасында қазір жұмыс істеп жатырмын. Көбінесе екі немесе үш қабатты жекеменшік үйлердің баспалдағын жасаймын. Қазіргі таңда жиі тапсырыс алмасам да әйтеуір тұрақты түрде клиенттерден сұраныс болып жатыр. Жалпы «Несиемді өтей алмай қаламын» деп қорқып, алаңдамаймын. Себебі алған қаржым анау айтқандай қомақты емес. Бір қарағанда 4,5 миллион теңге әжептеуір қаржы болғанымен оған қазір қажетті құрал-жабдықтың бәрін сатып ала алмайсың. Әйтсе де Үкіметтің берген 4,5 миллион теңгесіне жұмысқа қажетті 2-3 станок сатып алдым. Ұзын сөздің қысқасы ағаш кесетін және жонатын құрылғы  жұмысымды жеңілдетіп берді.

«Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша былтыр жеңілдетілген несие алдым. Алдағы қазан айында несие алғаныма бір жыл толады. Алғашқы бір бір жыл каникул береді. Бір жылдан кейін 560 мың теңге көлемінде несие төлеймін. Одан кейін әр 6 айда бір рет 560 мың теңге көлемінде несие төлеп тұрамын. Жалпы алдағы бес жылда 4,5 миллион теңгені төлеп бітуім керек.

Несие алғанда қандайда бір проблема болмады. Бірақ өз елімізде станок шығаратын зауыт бомлағаннан кейін бұрыннан жұмыс істеп жатқан құрал жабдық сатып алғанмын. Сол бойынша түсініспеушілік болды. Бірақ кейін аудан әкімшілігіне барып, мән-жайды түсіндіргеннен кейін бұл проблема шешілді.

Бұрын басқа бір адамның қол астында 10 жыл бойы жалданып жұмыс істегенмін. Қазір «Ауыл аманаты» бағдаламасы бойынша несие алғаннан кейін қажетті станоктарды алып, өз алдыма бөлек шықтым. Бұрын жалақыға жұмыс істеп жүріп, ол жерден қажетті тәжірибе жинадым», – дейді ол.

«Баспалдақтың құны 15 миллион теңгеге дейін барады»

Ағаш ұстасының айтуынша, баспалдақ жасау ұзақ уақытқа созылады. Себебі ол ағаштан жасалған бұйымдарды өндіру оңай емес екенін ескертті.

«Ұзақ уақытты қажет еткені үшін баспалдақтың құны 1,5 миллион теңгеден бастап 15 миллион теңгеге дейін барады. Мысалы өзге бұйымдар болса, алдын ала дайындауға мүмкіндік бар. Ал баспалдақты әр үйдің көлеміне байланысты арнайы дайындаймыз. Себебі әр азаматтың талғамы және үйінің көлемі әр түрлі емес пе? Мысалы есік немесе терезе болса, белгілі бір стандард бойынша жұмыс істей бересің. Сол себепті баспалдақты алдын ала дайындап, клиет келгенде сата салмайсың. Көпқабатты үйге арнайы барып, өлшеп болған соң іске кірісесің.

Баспалдаққа тапсырысты негізінен 2 немесе 3 қабатты үй салып жатқан жеке азаматтар береді. Үкіметтің балабақшасы мен тағы басқа да нысандары ағаштан жасалған баспалдаққа тапсырыс бермейді. Мысалы бір баспалдақтың құны 100 мың теңге. Егер үйіңнің биіктігі 3,5 метр болса, 24 баспалдақ қажет. Ал 24 баспалдақ 2,4 миллион теңге көлемінде болады.

Егер осы несиені тезірек жапсам, одан кейін тағы да көлемді несие алғым келеді. Себебі ағаш бұйымдарын өндіруге байланысты жоспарып көп. Қаржы болса қымбат құрал-жабдықты сатып алып, жұмыс істеуге болады. Қаржы болса басыңа неше түрлі идея келе береді екен. Мәселен соңғы үлгідегі 8-10 миллионның станоктарды сатып алуға болады. Өкінішке қарай менің кепілдікке қоятын зәулім үйім жоқ. Сол себепті Тараз қаласындағы жатахананың кепілдікке қойып, 4,5 миллион теңге көлемінде ақша алдым. Бұл да бола жұмысымды жандандыруға көмек болды», – дейді ол.

Былтыр Жамбыл облысы Байзақ ауданының 342 тұрғынына «Ауыл аманаты» жобасы аясында 2,1 млрд теңгеге 2,5%-бен жеңілдігі бар несие берілді. Бір жыл ішінде ауылдарда жаңа өндіріс орындары ашылып, ондаған азамат екі қолға бір күрек тапты. Байзақ ауданының 342 тұрғынының бірі Жамбыл Тілешов өз кәсібін одан әрі дамытқысы келеді.

Шынар АҚЖАНҚЫЗЫ