Медиация дәстүрлі билер институтының заңды жалғасы бола ала ма?

«Елу жылда ел жаңа» демекші, заман ағымымен халықтың тұрмыс-тіршілігін реттейтін заңдар мен дәстүрлердің өзгеруі – заңдылық. Бүгінгі жаһандану дәуірінде адамзаттың даму үрдісіне сай жаңарып отыратын халықаралық заңнама мен жекелеген елдердегі озық үлгілер мен тиімді тәртіптер біздің қоғамның да дамуы үшін үздіксіз енгізіліп келеді. Бұл мақалада медиация – заманауи құқықтық жүйе ретінде, қазақ қоғамында ғасырлар бойы маңызды рөл атқарған билер институтының заңды жалғасы бола ала ма – соны қарастыратын боламыз.

Әуелі айта кету қажет:

Біріншіден, мұндай күрделі өзгеріс архаикаға қайтуды білдірмейді.

Екіншіден, медиацияның бұқара халық арасында кеңінен таралуы, халық толық сенетін заңды практикаға айналуы – қоғам мен мемлекеттің ниетіне тікелей байланысты болмақ.

Әрине, медиация жылдар бойы қалыптасқан сот жүйесін ығыстырып тастайды деген сөз емес. Алайда түрлі деңгейдегі істерге шаш-етектен толып жатқан соттарды айтарлықтай жеңілдететіні сөзсіз. Бірақ бастысы – қаймана қазаққа пайдасы, дұрыс дамыта білген жағдайда, ұшан-теңіз болатынына сенімім кәміл.

Билер деген кім? Би институтының тарихи мәні мен қызметтері қандай еді? Би болудың шарттары қандай болды? Қысқаша тоқталып өтсек.

Би — халықтың ішкі және сыртқы дауларын, жанжалдарын, жер, құн, жесір, мал, кісі өлтіру сынды мәселелерді әділдік пен даналықпен шешетін тұлға. Би болу – сайланатын емес, мойындалатын мәртебе. Адамның би атануы үшін үш қасиетке ие болуы шарт:

​1.​Шешендік өнер – тапқыр, ұтқыр, бейнелі сөзбен сөйлей білу;

​2.​Салт-дәстүр мен әдет-ғұрып құқығын терең білу – халықтың жазылмаған заңдарын меңгеру;

​3.​Әділдік пен парасат – ру, туыстық, байлыққа қарамай, шындықты айтып, әділінен шешу.

Би институтының тарихи мәні:

​•​Қазақ қоғамы ауызша құқық жүйесімен өмір сүрді.

​•​Билер – мемлекеттің ішкі тұрақтылығын сақтаушы, халықты тәрбиелеуші тұлғалар болды.

​•​Би сөзбен жөн айтып, халыққа насихат жүргізіп, үлгі көрсетті.

​•​Ресей отаршылдығы кезінде би институты біртіндеп әлсіреп, ХІХ ғасырдың соңы – ХХ ғасырдың басында жойылды.

​•​Бүгінде би бейнесі – қазақ даналығының символы ретінде ел жадында сақталған.

Би болудың жолы:

​•​Биді халық мойындаған, байлық немесе тектілік емес, білім мен әділдік маңызды болды.

​•​Бала кезден шешендікке, тіл өнеріне баулу дәстүрі болған.

​•​Би атану үшін жиындарда дәлелді, әділ шешім айтып, танылу қажет еді.

Қазақстандағы медиацияның тарихи негізі

Көшпелі қазақ қоғамында билер даудың шешімін моральдық-материалдық жауапкершілікпен (айып төлеу, мал беру, жерінен көшіру) аяқтайтын. Бұл тәсілдер қоғамның тұтастығын бұзбай, керісінше нығайтатын.

Қазіргі медиацияның құқықтық негізі

2011 жылдың 28 қаңтарында «Медиация туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Бұл – көне дәстүрдің жаңа кезеңде жаңғыруының заңды қадамы болды.

Қазіргі таңда медиация:

​•​Азаматтық,

​•​Отбасылық,

​•​Еңбек,

​•​Орташа ауыр қылмыстық істерде қолданылады.

Медиация Халықаралық стандарттарға жақындай бастады деуге негіз бар. Әділет министрлігінің қолдауымен жүйеленіп, Қазақстан халқы Ассамблеясы арқылы насихатталуда (этномедиация бағыты бойынша).

Әлемдік тәжірибе мен Қазақстан

Американдық заңгерлер қауымдастығының (АВА) дерегіне сәйкес АҚШ-та медиаторлар қарастырған экономикалық және әлеуметтік даулардың 85%-ы сәтті татуласумен аяқталған (vorecol.com; egov.kz).

Бұл жағымды көрсеткіштердің бірнеше себептері бар:

​1.​Қаржы жағынан тиімді – сот ісі қымбатқа түседі (service fee, адвокат гонорары – удай қымбат).

​2.​Уақыт үнемі – соттағыдай айлап-жылдап созылмайды.

​3.​Мақсаты – жазалау емес, татуластыру.

Австрия мен Словенияда даулардың 30%-дан астамы сотқа жетпей шешілген. Осы көрсеткіштер медиацияның тиімділігін айқындап отыр.

Қазақстандағы медиация ахуалы (2024 ж. дереккөздері: mediator.kz, mpc-info.kz, astanatimes.com, aequitas.kz):

​•​500 кәсіби медиатор тіркелген.

​•​1 900+ маман арнайы мектептерде оқыған.

​•​4 000+ медиациялық процедура жыл сайын, 90%-ы келісіммен аяқталады.

​•​2022 жылы – 50 000+ іс медиацияға берілген.

​•​2018 жылы – 871 000 азаматтық істің 4%-ы медиациямен тоқтатылған.

​•​AIFC арбитраж орталығында 2 780 медиациялық келісім бекітілген.

Медиациядан кім ұтады?

​1.​Қоғам мен азаматтар – жүйке, уақыт, қаражат үнемделеді.

​2.​Сот жүйесі – жүктеме азаяды. Тараптар татуласса, мемлекеттік баж қайтарылады.

​3.​Мемлекет – ішкі келісім мен тұрақтылықты нығайтады.

Соттарға түсетін жүктемені азайту:

​•​2018 ж. – 4% азаматтық іс медиациямен аяқталды.

​•​2022 ж. – 50 000-нан астам іс медиацияға берілді.

​•​2024 ж. – 4 000+ іс, 90%-ы нәтижелі.

Медиаторларды даярлау мен әсері:

​•​2024 ж. – 108 кәсіби медиатор оқу курсынан өткен.

Қоғамдық медиаторлар саны: 2017 ж. – 3 041 → 2023 ж. – тағы 1 770 қосылған.

​•​Сұраныс: 40% – отбасылық, 30% – еңбек дауларын шешуде қолданылған.

​•​Келісіммен аяқталған істер – 90%.

Қиындықтар мен себептері:

​1.​Халықтың ақпаратсыздығы – 2018 ж. 45%-ы медиация жайлы білмеген (әрине жалпы халықтың құқықтық сауатылығы мәселесі де баршылық).

​2.​ӨРҰ (өзін-өзі реттеу ұйымдары) жүйесінің әлсіздігі – 74 ұйым заңды түрде тіркелмеген.

​3.​Маман тапшылығы – әсіресе оңтүстік аймақтарда.

​4.​Сотқа арқа сүйеу – үйреншікті рефлекс.

​5.​Насихаттың аздығы – БАҚ, білім беру мекемелерінде жүйелі жұмыс болмай тұр.

Қордаланған мәселелерді шешудің жолдары:

​•​БАҚ, әлеуметтік желі, мектеп/ЖОО-да насихат жүргізу.

​•​Бірыңғай реестр құру, ӨРҰ (өзін-өзі реттеу ұйымдары) жүйесін заңдастыру.

​•​Мемлекеттік мекемелерге енгізу – Қостанай, ШҚО тәжірибелері бар.

​•​Этномедиация жобасын кеңейту.

​•​Медиаторларды мектеп қабырғасынан даярлау.

Осы тұста қосатын тағы бір маңызды мәселе – мектептерге проф. ориентацияны енгізу. Бұл не береді?

​•​Балалардың қабілетіне қарай дамуына ықпал етеді. Сәйкесінше бала мектепті бітіргенде мен кім боламын, қандай мамандық таңдаймын?, – деп басы қатпайды. Шешімін таппай жүрген көпшілікке белгілі мәселе бұл.

​•​Шешендік, әділдік, келісімге келу сынды қасиеттерді бала бойында ерте анықтауға мүмкіндік туады.

​•​Жүйелі кәсіби кадрлар қалыптасады – бұл жоғарыда айтқандай дәстүрлі билер жолына сәйкес білікті де қабілетті медиаторлардың халық сүзгісінен өтіп, іріктелуіне кепіл болады.

Сөз соңында айтарым, қазақтың билер институты – ұмыт болған мұра емес. Ол заманауи медиация түрінде қайта жаңғырып отыр. Соңғы 14 жылда заң қабылданып, қандай болса да мамандар даярланып, он мыңдаған дау бейбіт шешілді.

Алайда, сенім мен танымның жетіспеушілігі – негізгі кедергі. Қоғам дауды жеңу үшін емес, үйлесім мен келісім үшін шешуге үйренуі керек.

Медиация – билік емес, парасат жолы. Бұл жол – әрбір саналы азамат үшін ашық.

Автор: Жалғас Шыныбеков