Бізге ағылшын сот жүйесін енгізу керек – Бауыржан Молдахмет
Мажоритарлық сайлау жүйесі бойынша Астана мен Алматыда ең көп кандидат тіркеліп, саяси додаға қатысып жатыр. Солардың ішінде Астана қаласындағы №1 сайлау округынан Мәжіліс депутаттығына сынға түсіп жатқан — Бауыржан Молдахмет.
Бауыржан Молдахметтің айтуынша, мажоритарлық сайлау жүйесі бойынша депутат болу үлкен мүмкіндік. Сондықтан да ол «Мәжіліс депутаты болсам» деген шешімге келген.
«Негізі мен саясатқа алыс адам емеспін. 18 жасымнан яғни студенттік кезеңнен бастап жастардың әр түрлі ұйымдарында белсенді болып, тіпті мәслихат сайлауына қатыстым. Ұзын сөздің қысқасы, саяси додалардың ішкі кухниясымен таныспын. 2012 жылы мәслихат сайлауына қатысқан кезде сайлауға үш күн қалғанда мені шеттетті. Ол кезде сайлауға бір үлкен кісі, жұмыссыз азамат және сайлауда жеңуі тиіс адам ғана дауысқа түсті. Төртінші болып тіркелген мені сайлауға үш күн қалғанда додадан шығарып тастады. Бұл кезде небәрі 25 жаста болдым. Содан кейін мен «Аяққа тұрып, күш жинау керек» деген шешімге келіп, кәсіпкерлік саласына бет бұрдым. Жағдайымды жасап алғаннан кейін елдің ісіне араласамын деген шешімге келдім. Қазіргі таңда президент тарапынан азаматтарға мүмкіндік беріліп жатыр және халықта да жаңа адамдарға деген сұраныс бар. Сол себепті мен осы саяси додаға қатыссам деген шешімге келдім», – дейді ол.
Бауыржан Молдахметтің сайлауалды бағдарламасы үш бағыттан тұрады. Нақтырақ айтсақ, жемқорлықпен күрес, екінші сот жүйесі және үшінші тіл мәселесі.
«Шыны керек, біздің елде қордаланып қалған мәселе өте көп. Балабақшадан бастап ауыл шаруашылығына дейінгі тізесі шығып кеткен мәселе өте көп. Бізге бұл мәселені шешпес бұрын яғни күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізбес бұрын фудаменталды өзгерістер керек. Фундаменталды өзгерістерді жасамай тұрып қордаланған мәселені шешу қиын болады. Әкімдер мен министрді ауыстырғанмен мәселе шешілмейді.
Менің сайлауалды бағдарламам үш тұғырдан тұрады. Ең бірінші тізесі шығып кеткен болса да, жемқорлықпен күрес, екінші сот жүйесі және үшінші тіл мәселесі. Тіл бір болмай – ел бір болмайды. Өкінішке қарай қазір еліміз қазақ және орыс тілді болып екіге бөлініп кеткен секілді.
Жемқорлықты жою үшін жаңадан ештеңе ойлап табудың қажеті жоқ. Мысалы дамыған елдердің тәжірибесіне қарап, солардан үлгі алуға болады. Өйткені олар жемқорлықты жою үшін адами сағат жұмсап, тәжірибеден өтті және ең бастысы өзінің оң нәтижесін көрсетті. Бізге осы тәжірибені пайдалану керек. Нақтырақ айтсам, жемқор деген презумпция енгізу керек. Мәселен шенеунік немесе кәсіпкер шамадан тыс байып жатса, сотқа шақырылып, жауап беру керек. Егер ол байлығын дәлелдей алмаса оған қарсы іс қозғалтып, тергеуші оның туыстарынан бастап жолдастарына дейінгі шоттарын бұғаттау керек. Міне осы Гонконг пен Сингапурдың тәжірибесі әлемдегі ең тиімді жол болып саналады. Нақтырақ айтсам, жемқорлықтың алдын алу шараларын жасау керекпіз», – дейді ол.
Сондай-ақ Бауыржан Мұратұлы ішкі істер министрлігін реформалау керек екенін ескертті. Ол қажет болса Грузияның сценариін алып, іске асыруымыз керек деген пікірде. Бұдан бөлек кандидат елдегі журналистика тәуелсіз болуы қажет екенін айтты. Себебі ол БАҚ тәуелсіз болмай жемқорлықпен күресу мүмкін емес деп санайды.
«Екінші ең маңызды дүние сот жүйесін өзгерту керек. Қалай болған күнде де біз өзіміз немесе туыстарымыз бен таныстарымыз түптен келгенде сот жүйесімен бетпе-бет келеміз. Мүлік дауларынан бастап, ұрып кетті, соғып кетті деген істерді сот қарайды. Мысалы қазір көптеген үмкіткерлерді әр түрлі желеумен сайлау додасынан шығарып жатыр. Осындай жағдайда бәріміздің баратын жеріміз соттан әділдік іздеу болатыны жасырын емес. Ішкі істер министрлігі мен прокуратруа тергейді, бірақ айналып келгенде шешім шығаратын сот жүйесі болмақ. Президент ақпан айында сөйлеген сөзінде 174 судияның қызметтен аластатылып, жауапқа тартылғанын айтты. Ал қаралатын істер 3 миллионнан бастап 4 миллионнан асқан екен. Қанша назар аударылып отырса да сот жүйесі көңілімізден шықпайды. Мен өзім шет елде тұрып, ондағы жағдайды жете білген соң мына мәселеге назар аудару керек деп есептеймін. Бізге ағылшын сот жүйесінің кейбір тұстарын енгізу керек. Мысалы ағылшын сот жүйесінде 200 жылда бірде-бір жемқорлық фактісі болмаған. Екі жүз жыл бойы бірде-бір жемқорлық болмауына не себеп болды деп оның сырын түсінуге тырыстым. Түбіне үңілсем оп-оңай шешілген екен. Негізі көп нәрселер қарапайым түрде шешіледі. Бірақ оған саяси ерік жігер керек. Біріншіден оған жас шектеуі болуы керек, яғни 50-60 жастан төмен адамдар сот бола алмайды. Содан кейін 15-20 жыл қызмет өтілі болуы керек. Ал бізде 25 жастағы азамат 2-3 жылдық жұмыс тәжірибесі болса, судия болып шыға келеді», – дейді ол.
Кандидат сөз соңында өзі сайлауға түсіп жатқан Астана қаласының Алматы және Байқоңыр аудандарының халқын сайлауға келіп, өзіне дауыс беруге шақырды. Сондай-ақ ол халықтың сайлауда белсенді болуы өте маңызды екенін ескертті.
Республикалық бюджет есебінен Астана қаласының сайлау комиссиясы төледі