Мемлекеттің басты міндеті – кәсіпкерлікті қолдау – Ерұлан Жиенбаев

Ерұлан Жиенбаев Алматы қаласындағы №3 сайлау округынан мәжіліс депутаттығына үміткер ретінде бақ сынап жатыр. Ұстаздық қызмет атқаратын Ерұлан Әсентайұлы өзінің сайлауалды бағдарламасын өскелең ұрпақтың мәселесіне арнағанын айтады.

«Рухани тұрғыдан алғанда, әлемде көшбасшы болуға лайықты әлеуеті бар қазақ ұлты өзінің тұғырына қайта қонуы үшін ұлттық құндылықтарға негізделген білім мен тәрбие  беру жүйесін жасауымыз қажет. Сонда  ғана қазақтың терең ұйқыда жатқан санасы оянып, жалқаулық, енжарлық, жемқорлық, көре алмаушылық, т.б. келеңсіз қасиеттерден ада жаңа ұрпақ дүниеге келеді. Жоғарыда мәселелерді түйіндей келе, межеге алатын 7 түйіткіл мәселерді ұсынамын. Бірінші білім жүйесін реформалау алдымен бала бақшалардан басталуы қажет. Адамның бойындағы адамгершілік құндылықтардың іргетасы бала бақша қабырғасында қалыптасады. Мектепке дейінгі балаларды жүз пайыз бала бақшамен қамтамасыз ету — мемлекет міндеті. Ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелеудің әдістемесін жасауға, бала бақшалалардың материалдық базасын кемелдендіруге қаражатты аямау қажет. Бір топты кем дегенде екі тәрбиешімен қамтамасыз ету және көмекшілерімен бірге жалақысын мұғалімдердің деңгейінен асыру өте маңызды мәселе. Екінші орта білім беру стандарты мен оқу бағдарламаларын түбегейлі ұлттық мүдде тұрғысынан толықтырылып, қайта жасалуы тиіс. Мектеп мұғалімдерінің бір штаттық жүктемесіне сай еңбекақысы  әкімдердің жалақысымен теңестірілуі тиіс. Ата-аналарда балаларына артық  шығын шығарып, жеңіл қаржы табу көзіне айналған репетиторлық орталықтарға тасу мәселесі болмауы қажет. Барлық білім мен тәрбие беру мектептерде, қосымша білім беру мен дамыту, ресми дамыту орталықтарында жүруі тиіс.

Үшінші жоғарғы оқу орындарын бітіруші студент академиялық білім мен диплом ғана емес, заманауи және болашақ технологиялардың сын қатерлеріне бейім білік дағдылармен қарулануы қажет. Студенттерге мүмкіндігінше өз кәсібін бастап кетуге мүмкіндік туғызу керек. Білім беру жүйесінде жеке меншік секторға басымдық беріп, мейілінше бәсекелес орта қалыптастыру, білім мен тәрбие берудің сапасын арттырудың алғы шарты», – дейді кандидат.

Ерұлан Жиенбаевтың айтуынша, жастар – болашақ Қазақстанның дамуы мен іргетасын қалыптастырантын стратегиялық ресурсы. Сондықтан да ол әрбір жас маманды жұмыспен қамтамасыз ету, әрбір жас отбасын баспанамен қамтамасыз ету, мемлекеттің мойнындағы басты міндет екенін ескертті.

«Төртіншіден, соңғы 5 жылда Қазақстандағы NEET жастарының үлесі 9,2%-дан 7,1%-ға дейін төмендеді. Тіпті пандемия кезінде жұмыссыздар мен жоғары білім жоқ жастардың үлесі төмендеу тенденциясын (4,9%-ға 2019 жылмен салыстырғанда) байқауға болады. Алайда, жұмыссыз жастардың әлі де бар. NEET санатындағы жұмыссыз жастарды еңбекке тарту жолын қарастырып, жұмыссыз жастардың санын азайту қажет. Бесіншіден, көпбалалы отбасыларды қолдау, ана денсаулығына қамқорлық жасау – мемлекеттің жарқын болашағына жасалған инвестициясы. Көпбалалы отбасының аналары үшін жалақысы сақталып, жарты күндік жұмыс жасау нормасын енгізілуі қажет. Отбасындағы жарты күндік балаларына тәлім-тәрбие беру жұмысы –  мемлекеттің болашақ азаматын тәрбиелеу деп қабылдануы тиіс. Көп балалы және жесір санатына кіретін аналарды қолдау мақсатында әлеусеттік жәрдемақының сомасын көбейтіп,  мектеп формасын алуға, түрлі үйірмелерге тегін қатысуға, балабақшаға баратын баласы болса, ақысын тегін жасауға,    қоғамдық көлікте тегін жүруге мүмкіндік беруді әкімдіктен талап етемін. Төрт және одан да көп балалары бар аналарға төленетін АСП сомасын арттыруды қарастыру.

Алтыншыдан, кәсіпкерлікпен айналысу, өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз ету – қоғамды дамытатын үлкен қозғаушы күш. Кәсіпкерлікті қолдау, дамытуға барлық кәсіпкерлерге бірдей мүмкіндік туғызу – мемлекеттің міндеті. Әлеуметтік инвестициялау көздерін тарта отырып, қоғамдағы мүмкіндігі шектеулі жандар мен осал топтағы азаматтарды кәсіпке баулып, жаңа кәсіп көздерін ашуға үлес қосу – негізгі мақсат. Яғни, жаңа экономикалық жағдайға бейімделген жаңа әлеуметтік бағдарламалар жасалыну тиіс.

Жетіншіден, «Қарты бар үйдің қазынасы бар». Қазыналы қариялар – тәлім-тәрбиенің қайнар көзі. Қазіргі таңда зейнеткерлікке шығу жасы 63 деп белгіленіп отыр. Зейнетақы төлемдерінің орташа базалық мөлшері 108 993 теңгені құрайды. Қазіргі таңдағы инфляцияның жоғары екенін ескерсек, бұл сома күн көріс үшін жеткіліксіз. Зейнеткерлердің жәрдемақысын көтеру қажет», – дейді ол.

Кандидат сөз соңында өзі сайлауға түсіп жатқан Алматы қаласының Алатау және Мұхтар Әуезов аудандарының халқын сайлауға келіп, өзіне дауыс беруге шақырды. Сондай-ақ ол халықтың сайлауда белсенді болуы өте маңызды екенін ескертті.

Республикалық бюджет есебінен Алматы қаласының сайлау комиссиясы төледі